Амангелді Сейітхан: «Әлемдік талап – спортшыдан студент шығару емес, студенттен спортшы жасау!

Бейсенбі, 26-Қаңтар 2017 / 09:37
Амангелді Сейітхан: «Әлемдік талап – спортшыдан студент шығару емес, студенттен спортшы жасау!

«Жеңісті күндерде жүздескенше!». Бұл көпке танымал, таныстыруды аса қажет етпейтін әйгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханның атақты сөзі. Қазақ спортының дамуына журналистика саласы арқылы үлес қосқан, әсіресе, тасада қалып қойған талай мықтыны жарыққа шығарған білікті маманмен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Универсиада қарсаңында тілінен бал тамып, жүрегінен сыр ақтарылатын Амангелді Сейітханмен сұхбаттасқан едік.

КЕҢЕС СҰРАЙТЫН ЕШКІМ ЖОҚ, БӘРІ БІЛГІР ШЕТІНЕН

-Амангелді аға, спорт комментаторы десе, қазақ халқының есіне алдымен сізді алатынын жақсы білесіз. Өкшеңізді басып келе жатқан әріптес інілеріңіз болғандықтан ел сіз жайында бізден сұрап жатады. Әсіресе, футбол жанкүйерлері сізді әлі күнге сағынады десек артық айтқаным емес…

-Көрермен қауым мені экранға шықпай кеткеннен кейін іздеп сұрайтын шығар. Әйтпесе, жиырма жыл болып қалды «Хабар» агенттігінде жұмыс істеп келемін. Ешқайда кетпедім. Сондай-ақ, «24 Хабар» арнасынан спорт жаңалықтарын ашып, анда-санда эфирге шығып жүрмін. Ал, репортажға келер болсақ, басшылық осы матчты немесе спорт додаларын сен жүргіз демегесін, өзім соған сұранып жүргенім жоқ. Әйтпесе, сол бұрынғыша спорт журналистикасының қазанында қайнап келеміз.

%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd

-Сәт сайын бір жаңалығы жарқ етіп тұратын спорт журналистикасының сақа маманысыз. Мынаны айтыңызшы, соңғы кездері «ізбасарларыңыз» көп сыналып кеткен жоқ па?

-Сыналатын жөні бар. Өйткені, біздің әріптестерімізден көптеген қателіктер кетіп жатады. Біз алғаш спорт журналистикасына келгенімізде алдымызда мықты мамандар тұрды. Ол –бір өзі қоғам десек артық болар, бір заводтың ба, фабриканың ба, әйтеуір, біраз шаруаның басын қайырып жүре беретін шебер Несіп Жүнісбаев. Ағамыз бәрімізді тәрбиеледі, бүгінгі деңгейге жетуімізге көп тер төкті. Сол сияқты, оның айналасы да мықты болатын. Мысалы, «Лениншіл Жасты» (қазіргі «Жас Алаш») дүрілдеткен Дүрәлі Дүйсебаев, «Егемен Қазақстанда», «Спорт» газетінде болған Қыдырбек Рысбекұлы, бұлар біртуар спорт журналистері ғой. Сайын Тұрсын ағамыз «Спорт» газетінің бірінші нөмірінен жабылғанға шейін бір орында тапжылмай қырық жыл отырды. Кәсіби шеберлігі өз алдына, ол кісінің адамгершілігі, парасаты бір-бір мектеп еді. Жады мықты Жүсіп Қисымды алып қарайық. Жүсағадан кез келген сәтте кез келген статистиканы сұраңызшы, ол айтып беретін «тірі» энциклопедия еді. Ал, енді Дендербай Егізов біздің спорт журналистикасындағы фотоның майталманы, шежіреміз. Міне, осындай азаматтардың алдын көріп өстік, тәлімін алдық. Солардың әрқайсысы өз алдына бір мектеп болса, өзің ойлай бер.

Аға, сөзіңізді бөлейін. Қазіргі жас буынды тәрбиелейтін мектеп сіздер емессіздер ме?

-Біз мектеп емеспіз. Өйткені, бізден ешкім бір нәрсе үйренейін демейді. Кеңес те сұрамайды. Бәрін біліп алған. Кемшілік осы жерде болуы әбден мүмкін. Ал, бізді жоғарыда айтып өткен ағаларымыз соқырға таяқ ұстатқандай спорт саласына үйретті. Тігісін жатқызып, кейде қатты да болсын жөнін айтып, жол көрсететін. Аға буынның айтатыны «Жарысты көр!» болатын. Қазір ешкім жарысты көрмейді, бірақ бәрі жазуға құмар. Жарыс деген тек татамидегі белдесу немесе рингтегі кездесу, жасыл алаңдағы матч емес, оған дейінгі спортшының дайындығы да соған кіреді. Біздің бір ерекшелігіміз де осы болса керек. Бұрын спортшылармен, олардың бапкерлерімен тонның ішкі бауындай жарасып, қоян-қолтық жұмыс істедік. Сол кездің жаттықтырушыларында журналистермен араласуға деген ынта болатын. Вахид Масудов, Владимир Никитенко сияқты бапкерлермен шәй ішіп отырып, мәселен, өтіп кеткен футбол матчтарының күмәнді тұсы немесе бір келіспеушіліктерді бірге көріп, әркім өзінің пікірін білдіріп, талқылап кететінбіз. Бізге солардың сенімінің күштілігі соншалық, спорт саласының майталманы ретінде қарайтын. Қазір өкінішке орай жағдай мүлдем басқаша. «Астана», «Қайрат» футбол клубтары – «жабық» командалар. «Қайрат» өздерін халықтық командамыз дейді, бірақ журналистер үшін олар – жабық. Ал, бұрын басшыларға дейін қарапайым болатын. Мінеки, спорт саласы мен журналистикасы біріккен тұста бізде нәтиже болды. Бүгін ше? Спорт журналисі өз бетімен кеткен, спортшы басқа жақта, бапкер өзімен-өзі, басшылық өз алдына бөлек, пікір алмасу жоқ. Тағы да, «Астана» командасы жайлы қоса кетейін, осы елордада клуб өздерінің жеңімпаз болғанын тойлап жатыр. Сонда өзгелерін қойғанда, не бапкер сөйлемейді, не ойыншы сөйлемейді, бәрі қашады. Сосын өз-өзімізге сұрақ қойдық: бұлар не үшін чемпион болды, кім үшін чемпион болды? Мұндай чемпиондар бізге керек пе?.. Керісінше, спорт мамандары мен журналистер шеп құрып, бірге қимылдаса, оң нәтижеге жетеріміз хақ.

ОЛИМПИАДА ТҰРҒАНДА УНИВЕРСИАДАНЫҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?

-Әңгімемізді әне-міне дегенше басталғалы жатқан Универсиадаға бұрсақ…

-Универсиада… Бұл не? Бұл – студенттердің, тағы да қайталап айтайын, студенттердің кешенді ойыны. 2017_winter_universiade_logoОлимпиада тұрғанда неге Универсиаданы ойлап тапты? Біздің елде осыны түсінетін, мән беретін біреу бар ма? Бар болса одан қандай нәтиже шығара аламыз? Айтайын дегенім мынау: студенттік спорт деген бар. Бұл сала Америкада, Еуропа мемлекеттерінде және көршіміз Қытайда қатты дамыған. Ұлттық құрама бар, студенттер құрамасы бар. Екеуі екі бөлек, шатастырып алмауымыз керек. Осының байыбына барып жатқан бізде ешкім жоқ. Өйткені, Ұлттық құрама – студенттер құрамасы, студенттер құрамасы – Ұлттық құрама болып қалыптасып кеткен. Ректор біткен Олимпиада чемпионы болған жастарды өз университетіне шақырады. Сөйтіп, әлемдік талап-тілекті, ережені өрескел бұзады. Біз студенттен спортшы жасауды емес, спортшыдан студент шығаруды қолға алып отырмыз. Шындық – осы.

-Сонда біз спортпен кәсіби түрде айналысатындарды студенттермен жарыстырып жатырмыз ба?

-Сұрағыңа толығырақ жауап берейін. Бізде студенттік спорт деген болды. Бұрынғы КазГУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) студенттер құрамасынан талай спортшы биікке көтерілді. Мен оқыған жылдары қазір өмірде бар ма, жоқ па білмеймін, шүйкедей ғана Любовь Ефимовна Коваленко деген Журналистика факультетінің кураторы болды. Сол спорттық гимнастиканы дамытуға өз үлесін қосты. Сәуле Барлыбаева сияқты талай қыздар КазГУ қабырғасында оқып жүріп, жетістіктерге жетті, жарыстарда жеңімпаз атанды. Сонымен бірге, Ольга Турчак деген жеңіл атлет өзі сол спортқа жазылып жүріп содан бір нәтиже шығарды, т.с.с. Кез келген ЖОО-да ақындардың, айтыскерлердің үйірмелері болады ғой, сол сияқты КазГУ-дың спорт клубы болды. Оны күні бүгінге дейін көптеген ағаларымыз басқарды. Бір жылдары Темірхан Досмұхамедов басқарса, кейін Қасым Мәдиев жетекшілік етті. Қазір Талғат ағамыз ҚазҰУ студенттерінің спортына бас-көз болып отыр. Елімізде мен студент болған жылдары ҚазҰУ-дың бокстан, мейлі күрестен болсын біріншілігі Қазақстан чемпионатымен пара-пар болатын. Неге? Өйткені, марқұм Әбдісалан Нұрмаханов, Либерман деген бапкерлер талай дарынды баптап, бағын ашты. Сол кездің өзінде еліміз бойынша төрт-бес жоғары оқу орнының спорт клубтары жұмыс істеді. Міне, Универсиада солар секілді білім алып жүрген студенттерге арналған.

-Яғни, студенттердің арасынан чемпион жасауға әбден болады дейсіз ғой…

-Әрине, болады. Себебі, әлемдік талап солай. Бізде бәрі керісінше. Тіпті, біздің соңғы Олимпиадада топ жарған спортшыларымыздан студенттік өмір жайлы сұрашы. Біреу ләм-мим дей алмайды. Өйткені, оларды жәй ғана бір ЖОО-ға тіркеп қойған. Бұған дейін айтқанымдай ректор атаулы құшақ жайып чемпиондарды өзіне қарай тартып алады. Мәселен, Майя Манезадан Қыздар педагокикалық университетінде кімдер сабақ береді деп сұрасаң бетіңе қарап «Аааа…» дейді. Болмаса, Илья Ильиннің бітірмеген оқуы жоқ. Бірақ, сол емтиханға келе алмай қалып еді, құлап еді деп айтып отырған бір адамды кездестірмейміз. Ал, менің тілге тиек еткен студент спортшыларым – бәрі университет қабырғасында білім алған, басынан небір қызық өткен жандар. Олардың да сессиядан сүрінген кезі болған. Спорт клубындағы бапкерлері мұғалім жағалап жүріп, қайта тапсыруға мүмкіндік алып берген, бір кездері спорт пен өзі таңдаған мамандығын қатар алып жүрген жастар еді. Солардың бірі – Ермахан Ыбырайымов. Ол да КазГУ-да білім алды. Бапкері «Әйтеуір бітірді ғой» немесе «3-ші курсқа өтті» деп қуанып жүретін. Мені Ермаханның сырын ашты деп ойламаңыздар. Бұл да болсын, шынайы естелік. Адами тұрғыдан алып қарағанда, ол оқу-жаттығу жиындарына барамын деп жүріп емтиханнан кешіккен, сөйтіп, талай рет оқуда сүрінген. Әлгі бапкерлерінің Ермаханның бітіргеніне қуанып, иықтарынан бір жүк түскендей шаттануы да тегін емес.

%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b5%d0%bb%d0%b4%d1%96-%d1%81%d0%b5%d0%b9%d1%96%d1%82%d1%85%d0%b0%d0%bd2

        «Университет» деген баскетболдан спорт клубы КазГУ атынан Қазақстан біріншілігінде өнер көрсетті. Марқұм Әзімбек Жанқұлиевтің айтыста қарсыласының «Университетіңде не бар?» деген сұрағына «Университет деген командам бар!» деп жауап бергені бар еді. Мінеки, Әзағам баскетбол клубының бар екенін айтыста тілге тиек етті.

ЖАСЫЛ АЛАҢҒА ЖАСТАРЫҢ КІРЕ АЛМАСА НЕ ПАЙДА?

-Студенттер клубында сіз де болдыңыз ғой?

-Біз оқыған жылдар Кеңес Одағының ыдыраған тұсы болатын. Сөйтіп, Ұлттық құрамамен санасатын КазГУ спортының шет жағасын көріп қалдық. Бізге дейінгі мықтыларды айттым. Студенттер құрамасына Қасым Мәдиев шақырды. Тамақтану үшін қосымша талон, үсті-басымызға киім-кешек үлестіретін. Оқу-жаттығу жиындары өтетін алаң, залдар болды. Қазір де көптеп салынып жатыр. Бірақ, соларды меніңше белгілі бір ЖОО-ның қарамағына беріп, сөйтіп, студенттер спортын дамыту керек. Сонда бұқаралық спорт өзінен-өзі дамиды. Ал, енді қатар-қатар ғимарат салып, алаңдар ашып, оны қаланың ба, басқа біреудің бе бюджетіне қаратып қойып, оған ақша төлеп кірер болса, жастарымыз спортпен еркін айналыса алмаса, кімге зиян, кімге пайда? Қытайда өтетін көптеген жарыстарда болып жүрмін ғой. Байқасаң, соларда «бірдеме Гимназиум» дейтін спорт гимназияларының, біздің тілмен айтқанда спорт институттарының ғимараттарында Азия ойындары өтіп жатады. Өйткені, олар халықаралық талапқа сай. Бізде де солай болуы тиіс қой. Яғни, Универсиаданы ЖОО-ны өткізе алатын деңгейде болуымыз керек. Алайда, оған университеттеріміздің шамасы жетпейтіні белгілі, ал мемлекет өткізе алады. Жастар спортын дамытуға жарайтын алаңдарымыз баршылық, бірақ, соны жарата аламыз ба, бұл басқа әңгіме. Өйткені, «Алматы Аренада» бүгін ертең Қайрат Нұртастың концерті өтеді, бүрсігүні тағы бір шара өтеді, т.б. Оның айдынында студенттеріміз коньки тебеді дегенге өз басым күмәнмен қараймын. Бассейндер көптеп ашылып жатыр. Бірақ, ол жерге Баландинді апарудың қажеті жоқ. Себебі, ол өзі-ақ көптің ішінен суырылып шығып, Олимпиаданы бағындырды. Қайта «жаңа Баландин» жасап шығаруды ойластыру керек. Әрине, оны жақсы түсінеміз, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Десе де, тағы да айтпағым – студенттер спортын мен көрген КазГУ спорт клубының деңгейінен асыра дамыту қажет. Біздің кезімізде күрестен өтетін КазГУ-дың ашық біріншілігі кәдімгі Қазақстан чемпионаты сияқты болатын. Талғат ағамыздың тәрбиесін көрген біздер сырттан келген мықтылармен белдесіп, барымызды салдық. Бірақ, сол кезең студенттер спортының арыны қайтып қалған уақыт еді. Сөйтіп, барлық республикалық жарыстар Алматыда өтті де, ел біріншілігінен әрі аса алмадық.

-Әдемі әңгіме өрбіген сияқты. Сұхбатыңызға көп рахмет! Универсиадада жарқын жеңістерге бірге куә болуды жазсын!

Сұхбаттасқан ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз