Арсыз «ағашкалар» неге жазаланбайды?

Дүйсенбі, 23-Қаңтар 2017 / 11:25
Арсыз «ағашкалар» неге жазаланбайды?

Елімізде көптеген нәзік жандылар қауымы жұмыс орындарында басшылар тарапынан жыныстық қысым көргенімен, құзырлы органдарға шағымдануға жасқанады. Қайткенмен, жан бағып жүрген орны болғандықтан, үнсіз қалуға мәжбүр. Қызметтік мансабын асыра пайдаланған шенеуніктерді айтпағанда, әкім-қаралармен тізгін ұстаған мектеп директорларының мұндай әрекетін естіп-ақ келеміз, бірақ жіпсіз байлаулымыз…

Алысқа бармай-ақ, жақында ғана өзім куә болған бір оқиғаны баяндасам деймін. Жұмыстарыммен бір мекемеге бас сұққанмын. Директордың қабылдауын күтіп тұрғанымда, шашы ода-дода, қолында еден жуғыш таяқшасы бар, өрімдей жас қыз ентігіп жылап кірді. Сағат кешкілік 16-17 аралығы еді. Екі көзі білеудей болып ісіп кеткен әлгі қыз жүзін төмен салып, менен «сіз директорға келіп тұрсыз ба?» деп сұрады. — Иә… — Рұқсат етсеңіз, мен сізден бұрын кірейінші, көп бөгелмеймін, — деп жылап жіберді.

— Не боп қалды? Неге жылайсыз? — деп жөн сұрадым. Бойжеткен болса, директордың орынбасары қызметін асыра пайдаланып, әлімжеттік көрсететіндігін алға тартты.

— Бар кінәм оқымағандығым, еден жуушы болғаным ба? Менің мұңымды кім тыңдасын?.. Осы күнге дейін үндемей келдім. Енді шыдай алмаймын, — деп ызаға булықты…

Бұл мен куә болған бір оқиға ғана. Айтылмай, жазылмай жатқандары қаншама… Құқық қорғау органдары кінәлілерге ешқандай шара қолданбағандықтан, әділетсіздіктің шырмауында қалып, қыз-келіншектер өз еркімен үн-түнсіз жұмысынан кетіп жатыр. Дөкейлерді айыппұлмен жазалау да түк емес. Қытайдың қатаң саясаты секілді өлім жазасын берсе де артықтық етпес. Бұлай деуге Анар есімді әлгі қыз секілді қаншама қаракөздердің тағдыры себеп болып отыр. Басшылар тарапынан жыныстық қысым көретін әйелдерге қатысты арнайы заң шығуын, Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен толықтырылуын білікті заңгер Абзал Құспан да қолдаймын деп отыр. «Заң тек қана басшылармен шектеліп қалмауы керек. Қысым ашық және жабық формада, тіпті қоғамдық орындарда бірін-бірі мүлдем танымайтын адамдар арасында орын алып жатады. Егер заң қабылданар болса, шетелдік азаматтар мен жұмыс берушілерге қатысты арнайы бір бөлімі болғанын қалар едім. Оған жаза санкциясы ретінде айыппұл, басқа да жазалардан бөлек, елден депортациялауды да қосуды ұсынамын. Әйелдің намысы — елдің намысы. Қазіргі таңда материалдық жағынан таршылық көрген әйел адамды материалдық қызықтыру, алдау арқылы жыныстық қарымқатынасқа тарту әрекеттері көбейіп барады. Шет тілін білетін көрікті қыз-келіншектердің қайсысымен жолықсаңыз да айтатындары сол. Ол азаматтардың ашу-ызасын туғызып, болашақта елдің әр аймағында жергілікті деңгейде күш қолдану әрекеттеріне ұласуы мүмкін. БАҚ бетінде көп талқыланбаса да, Атырау облысында шетелдік компанияда жұмыс істейтін қазақ жастары мен шетелдік жұмысшылар арасында болған қанды оқиға ел аузында. Яғни мемлекеттің бұл шаруаға араласатын, реттейтін кезі келді. Алайда қазіргі таңда арнайы заң, құқықтық база болмағандықтан, намысы тапталған көптеген әйел адамдардың құқығын қорғау мүмкін емес», — дейді заңгер. Өкінішті-ақ…

ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Нұрымов Ермек: — Мұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, әлемде өріс алған. Өз нәпсісіне ие бола алмаған басшылар немесе әріптестер түрлі айлатәсілдерді пайдалана отырып, төсек қатынасына шақырады. Арасында ер-азаматтар да мұндай қысымның құрбаны болып жатады. Негізінен, басшы немесе әріптестер екі әдіспен ғана мұндай әрекетке барады. Оның біріншісі өзінің лауазымын асыра пайдаланып, қол астындағы қыз-келіншектерді қорқытып-үркіту арқылы ұстаса, екіншісі басшы тарапынан сол қол астындағы қызметкерлеріне сендіру арқылы жүзеге асады. Яғни бірінші мәселе бойынша, жұмыстан қуу, басшыға бағынбау немесе айлықтан қысқарту деген сияқты көптеген әлеуметтік жағдайларды алға тартады. Ал екіншісінде керісінше, «жұмысыңда қызметтік мансабыңды өсіремін, жалақыңды көтеремін» деген алдау-арбау әдісі қолданылады. Бұл келісімге қыздар немесе жігіттер қауымы өз қызығушылығымен не әлеуметтік жағдайы үшін ғана барады. Кейіннен олар шарасыздан «моббинге» ұшырайды.

«Моббинг»  дегеніміз не?

«Моббинг» — қол астындағы қызметкерді кезекті жұмыстан шығару, қорқыту, тәртіп бойынша, ұжымдағы жұмысшыларды аңду түрінде психологиялық зорлық-зомбылық формасы. Яғни бұл стреске, депрессияға, фобияға, түнгі ұйқы мен ас қорыту жүйесінің бұзылуына алып келеді. Нәтижесінде жұмысқа қабілет жоғалады.

ШЕТЕЛДЕГІ ЖАЗА САНКЦИЯЛАРЫНА ТОҚТАЛСАҚ:

Дамыған елдерде мұндай әрекет бола қалса, бас бостандығынан айыру жазасымен қоса айыппұл төлетеді. Нақтырақ айтсақ, Дания мемлекетінде мұндай қысым қылмыстық кодекстің «Жыныстық қылмыстар» деген тарауына жатады. Аталмыш заң бойынша әйел затына жыныстық тұрғыдан зорлық көрсетілген болса, төрт жылға темір торға тоғытылады. Ал Швейцарияда қыз-келіншектерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлегендерді 1 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімде жазаласа, Францияда жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің кез келген түрі «агрессия» деп танылады. Яғни қызмет бабын асыра пайдаланған басшы бір жыл түрмеге қамалып қана қоймай, 100 мың франк айыппұл төлейді. Сол секілді Испания мемлекетінде де нәзік жандыларға қол салғандар 12-24 демалыс күні мерзімінде қамалады. Израиль заңы бойынша, үш жыл, ал Болгарияда алты жылға дейін бас бостандығынан айырады екен. …Жыныстық қысым дегенде, бірден басшының азаматшаны төсек қатынасына шақыруы деп ұққан боларсыз. Ендеше, одан бөлек әйел затының сырт келбетіне қатысты сөздер, тесіле қарау, сыйлық жасау мен ел алдында ерсі қалжыңдармен әжуалауды қосып қойыңыз. Қала берді хабарлама жіберу, бопсалау, тіл тигізу сынды зорлық-зомбылықтар да жоқ емес. Құқық қорғау органдарының бұл мәселеге қатысты ешқандай статистикалық мәліметі болмағанымен, арнайы зерттеу нәтижесінің 70%-ды көрсетуі олар үшін жабық тақырып екендігін дәлелдейді. Бұл мәселе соңғы кездері кең ауқымда белең алғандықтан, зардап шегушілердің жан дүниесі туралы сөз қозғамау мүмкін емес.

ДӘЛ ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙ ОРЫН АЛСА, ҚАНДАЙ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ШАРА ҚОЛДАНУ КЕРЕК?

Біріншіден, сен үшін бұл соңғы жұмыс емес екенін білу. Екіншіден, ар-намысты ойлау. Үшіншіден, денсаулыққа зиян келетінін естен шығармау. Төртіншіден, дер кезінде шешім шығару», — дейді психолог. Әлемнің алпауыт елдерінде әйел затының ар-намысына тигендерге қандай жаза қолданатындығын жоғарыда атап көрсеттік. Өкінішке орай, елімізде осы мәселе ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысының талқылауымен ғана шектеліп отыр. Яғни осыдан-ақ бұл бағыттағы саясатты жетілдіру мен кінәлі азаматтарды жауапқа тарту мәселесі нормативтік-құқықтық акті бойынша әлі жетілмегендігін аңғару қиын емес…

PS: Біз көргенімізді, көптен көкейде жүрген ойды айттық. Нәпсісін тия алмаған басшыларға бір заңның болмағаны өкінішті, әрине… Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ бұл жағдай ертең сіздің қарындасыңыздың, әпкеңіздің, қызыңыздың басына келмесіне кім кепіл?! «Шенді ағашкалардың» қалтасы қалың екен деп, тісіміз батпай қашанға дейін үнсіз отыра бермекпіз?..

Жұлдыз Әбіл

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Баланы бақытты етудің 5 жолы

Facebook парақшамыз