Астана келіссөздерінен не күтеміз?

Жексенбі, 22-Қаңтар 2017 / 08:57
Астана келіссөздерінен не күтеміз?

Астанада Сирия бойынша келіссөздер ертең, яғни, 23 қаңтарда өтеді деп белгіленген. Дүние жүзіне танымал бұқаралық ақпарат құралдарында Астананың аты жиі аталып, Қазақстан Президентінің ұйытқы болуымен, Ресей, АҚШ, Түркия және Иранның қолдауымен бас қаламызда Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері арасында өтетін келіссөздердің нәтижелерін халықаралық қоғамдастық тағатсыздана күтуде. Сирия соңғы бес-алты жылда әртүрлі күштердің геосаяси текетірес алаңына, аймақтағы тұрақсыздық пен терроризмнің басты таралу ошағына айналуы бекер емес.  

Бір кездері Араб елдері арасын­дағы ең ілгерішіл, дамыған Сирия мем­лекеттілігіне орны толмас залал келтіріліп, қоғамдық-саяси инсти­тут­тардың быт-шыты шығып, қалалары мен инфрақұрылымдары, тарихи мұрасы қиратылып, халқы жік-жікке бөлініп, босып кеткен.

Сирияда рим, христиан, аббасид, салжұқ, осман дәуірлеріне жататын тарихи ескерткіштер жойылды. Сонда жерленген ата-бабаларымыз – ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби мен Египет пен Сирияның XIII ғасырдағы билеушісі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыстың да мазарлары қараусыз қалды.

2011 жылы аймақта «Араб көктемі» деген ұранмен кең тараған қоғамдық наразылық шаралары басында бейбіт сипат алғанымен, өзге саяси күштердің араласып, іріткі салуымен үкімет пен халық арасындағы қақтығыс тұтанып, азамат соғысына алып келген. Кейінірек ішкі соғыс аймақтық және халықаралық күштердің қатысуымен гибридтік, аралас соғысқа айналып, тек Таяу Шығыс қана емес, сонымен бірге, Еуропа, Түркия, Африка, Орталық Азия сияқты басқа да аймақтарға қауіп төндіре бас­тады.  Сирия соғысында жарты миллион кісі өліп, сириялықтардың көршілес елдерге бас сауғалап жаппай көшуі үлкен халықаралық мәселеге айналды.

«Араб көктемі» саяси-әлеуметтік ахуалдың нашарлауынан бастау алғанымен, Сириядағы ішкі жағдайдың ушығуына аймақтағы идеологиялық және конфессияаралық бәсекелестік себеп болды. Радикалды ұйымдардың ықпалымен жастар арасында діни экстремизм идеялары кең тарады. Геосаяси мақсаттарды көздеген алпауыт және аймақтық мемлекеттер соғысушы тараптарға, өз жақтастарына қарумен, қаржылай және моральдық қолдау көрсетті. АҚШ, Еуропалық Одақ, Түр­кия, Сауд Арабиясы, Қатар қарулы оп­по­зицияны, ал Ресей мен Иран Дамаск үкіметін қолдады.

2015 жылы Ресей Федерациясы Сирия аумағына өз әскерін енгізгелі бері соғыстағы әскери тепе-теңдік Сирия үкіметінің пайдасына күрт өзгерді. 2016 жылғы көктемде және күзде Женева, Вена және Лозанна қалаларында өткен келіссөздер, сонымен бірге, АҚШ және Ресейдің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының кездесулері екі жаққа пайдалы болғанымен, мардымды нәтиже бермеді. Тараптар арасында терроршыл топтарды оппозициядан ажырату жөнінде сенімсіздік пен бір-бірін айыптау көп болғандықтан, Сирия келіссөздері тығырыққа тірелді.

2016 жылғы тамызда Ресей мен Түркия арасындағы саяси дағдарыс Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың да жеке үлес қосуымен өз шешімін тапты. Санкт-Петербургте қол қойыл­ған Ресей-Түркия келісімі Таяу Шығыс­тағы геосаясат пен қауіпсіздік жүйесіне өзгерістер алып келді. Екіжақ­ты маңызды келісімнің артынан Түр­кия өз қауіпсіздігін қорғау мақсатын­да Сирияның солтүстігінде «Евфрат қал­қаны» атты әскери операция жүргізуге кірісті. Ал кейбір оппозициялық топтар Алеппо маңынан әл-Баб маңына ойысты. Ресей мен Түркия толығымен қоршауға алынған  Алеппо қаласынан бейбіт тұрғындар мен қарулы оппозицияны қала сыртына шығару операция­ларында маңызды рөл атқарды.

Желтоқсан айында Ресей, Түркия және Иран Мәскеуде қабылдаған декларацияда Сирия мемлекетінің зайырлы сипаты, жерінің тұтастығы баса айтылды. Кейін Қазақстанға Сирия бойынша келіссөздерді Астанада өткізу туралы ұсыныс жасалды. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның аталған бейбіт келіссөздерді өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Астанада өтетін келіссөздің 9 ақпанда Женевада БҰҰ деңгейінде ұйымдастырылатын келіссөз үшін пайдалы болуы мүмкін. 29 желтоқсанда Түркия мен Ресейдің бастамасымен Сирия үкіметі және оппозиция арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойылды. Кейінірек аталған келісім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, бірауыздан қабылданды.

Одан бері атысты тоқтату режі­міне бірнеше мәрте қауіп төнгеніне қара­мастан, Сирия қарулы оппозициясының тоғыз-он екі тобы Түркияның және тараптардың ықпалымен Астанаға  келуге келісімін берді. Астана келіс­сөз­дерінің негізгі мақсаты – атысты тоқтату режімін нығайту, халықаралық байқаушыларды аймақтарға жіберу сияқты саяси емес, әскери мәселелерді шешу. Сондықтан Қазақстанға келетін оппозиция өкілдерінің басым бөлігін әскери кадр­лар құрайды. Оппозицияны «Жәйш әл-Ислам» тобының жетекшісі Мұхаммад Аллуш бастап келетін болды. Бұл кандидатураны, жалпы, Астанада өтетін кездесуді «Сириядағы келіссөздер жөніндегі жоғары кеңес» те сырттай қолдайтынын мәлімдеді. Қалған «Ахрар әш-Шам» сияқты алты топ әліптің артын бағып, атысты тоқтату режімін «жартылай» қолдап отыр деуге болады. Олар Идлиб маңындағы террорлық топ деп танылған радикалды «Жәбхат Фатх-әш-Шам» жасақтарына жақындығымен көзге түскен.

Жалпы, Астанада өтетін келіс­сөз­дерге әртүрлі көзқарас айтылуда. Негізі, араб және шетелдік сарапшылар алдағы кездесуге байланысты күмән немесе үміт білдіріп отыр. Мысалы, «Чазам Хаус» зерттеу орталығының маманы Лина Хатиб атысты тоқтату әскери ойынның бір бөлігі деп пайымдаса, Чарльз Листер Сириядағы соғыстың әлі тоқтамағанын айтып, оппозиция жағдайдың өзгеруін күтетінін айтты.

Араб қоғамына келсек, әрине, дүние жүзінің басты қақтығысына айналған Сирия мәселесінің жуырда оңай шешіле салатынына ешкім сенбейді. Дегенмен, бейбіт арабтардың басым бөлігі Сирияда соғыстың тезірек аяқталып, қантөгістің тоқтағанын күтіп отыр. Араб басылымдары соңғы бір ай көлемінде Астанада өтетін келіссөздерге айрықша көңіл бөліп, қарама-қайшы сараптамалар ұсынуда. Мысалы, «Әш-Шарқ әл-Аусат» атыс­ты тоқтатудың гарант ел – Ресейдің өзі үшін маңызды екенін жазса, «Рәй-әл-Яум» ыдыраңқы оппозиция үшін Астанаға барып, келіссөз үстеліне отырудан басқа амал жоқ екенін айтуда.

«Orient-news» оппозициялық порталы Астанадағы кездесуге қарсы тараптың жеңімпаз, ал оппозицияның жеңілген тарап ретінде қатысатынын алға тартып, соңғысының өз талаптарын батыл түрде айта алмайтынын жазды. Басылым Астанадағы кездесуде Сирия төңкерісі талаптарының толық ескерілмейтінін, қарсы тараптың ұстанымын күшейтетінін, тіпті оппозицияның Астанаға капитуляцияға қол қоюға бара жатқанын айтады.  Портал Астанаға келетін оппозициялық топтардың Дамаскінің әскеріне қосылып, ИШИМ мен «Фатх-әш-Шам» террорлық ұйымдарына қарсы соғысқа қатыстырылып, одан әрі бөлшектену мүмкіндігін тілге тиек етті. Себебі, террорлық топтарға бірлескен шабуыл ұйымдастырылған жағдайда радикалды топтарға бүйрегі бұратын көтерілісшілерге де қиын болатыны белгілі.  Топтар радикалды және радикалды емес екі топқа бөлінуге мәжбүрленуі мүмкін. Сондықтан автор Сириядағы соғыс әлі жалғасады деп санайды. Көптеген тараптар АҚШ-тың жаңа президенті Д.Трамптың билікке келуін күтіп отыр десек, жаңылмаймыз.

Астанада жоспарланған келіссөздер Сирия мен Таяу Шығыс тарихындағы сапалы секіріс және дәнекер нүкте болу мүм­кін­дігі де айтылуда.

«Әл-Ахбар» газеті Астана келіс­сөз­дерінде күрделі халықаралық және аймақтық салдарлары болатын мәселелердің қаралатынын, кездесу нәтижелерінің саяси шешім жолын жаңа белестерге бастап, Сирия соғысының тағдырын өзгертуі мүмкіндігін жазды. Басылым үш мемлекеттің ықпалымен өтетін кездесудің аймақтық және халық­аралық саяси жағдайдың келе­шегін анықтайтынын көлденең тартты. «Reuters» те Сирияның аталған үш ел­дің ықпал алаңдарына бөлінетінін айтты. Қазір үш елдің сарапшылары арасында Сирияға байланысты пікір­таластар жүріп жатыр.

Сириялық саясаттанушы Хисам Шуайыб «Xinhua» агенттігіне берген сұхбатында «Астана келіссөздері – сая­си шешімді іздеудің нәтижесі. Яғни, келіссөздер Ресей, Түркия және Иран арасында жүрді. Бұл келіссөздерге Түркияның қатысуы да аса маңызды» деп мәлімдеген. Шуайыб «Біз қазір халықаралық, аймақтық жағдайдың түбегейлі және шынайы өзгеруінің алдында тұрмыз. Егер басқа да топтар оқ атуды тоқтатса, Астана келіссөздері Женева келіссөздерінің алдында саяси картаға айналар еді», деді.

Сириялық саясаттанушы Махир Ихсан қазіргі жағдайдың Астана келіс­сөздері үшін әлі пісіп-жетілмегенін алға тартады. «Бұрынғы кездесулерге қа­рағанда, Астанада өтетін кездесу күрде­лі болғанымен, қазіргі саяси ахуал және майдандағы жағдай келіссөздер үшін қо­лайлы емес», деп топшылайды ол. Оп­позиция өкілі Ала Арафат «Астана өтетін келіссөздер дағдарысты тоқтату үшін тарихи мүмкіндік болғандықтан, сәтті аяқталуы тиіс», дейді.

Қалай десек те, Астанада өтетін кез­десуден байқаушылар көп нәрсе күтпе­генімен, келіссөздердің өтуінің өзі бей­бітшілікке қарай жасалған ал­ғаш­қы әрі маңызды қадам екенін мойын­­дайды. Араб және шетел­дік басылымдарда Астана келіссөз­дерінің көп талқылануы соның айғағы. Демек, халықаралық қоғамдастық та, Сирия қақтығысына қатысушылар да тұрақсыздықтан, соғыстан қажығаны аңғарылады. Соғысты тоқтату үшін шешімді қадамдарға бару қажеттілігін әлем де түсініп отыр. Сондықтан мәсе­лені алпауыт елдердің қатысуымен шеш­кен жөн. Соған орай келіссөз алаңы ретінде Астананың таңдалуы да кез­дей­соқ емес. Бұл Елбасымыздың халық­аралық шиеленістерді шешудегі бітім­герлік рөлі мен зор беделінің көрінісі.

Қазақстан Сирия мәселесінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары шең­берінде саяси түрде шешілгенін қалай­ды. Әлбетте, Сириядағы саяси дағ­дарыстың халықаралық, аймақтық және тағы басқа білінбеген қырлары бары анық. Дегенмен, аталған кездесулердің елі­мізде өтуі бітімгерлік және көпжақты дип­ломатия жүргізіп отырған, жуыр­да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметіне кіріс­кен мемлекетіміздің қауіпсіздігі, айма­ғымыздың тұрақтылығы, ұлттық күшін арттыру үшін айрықша маңызға ие.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,

шығыстанушы

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз