Бар сенім мен үмітім – ұрпағымда!

    1978 жылы 1 мамырда бұрынғы Семей облысы, Шар ауданы, Кезеңсу ауылында дүниеге келген. 1999 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетін аяқтаған.  Алматы қаласында тұрады.

     Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты. «Сары гүл», «Жүректегі ағыстар», «Көңіл көктемі» атты жыр кітаптарының авторы.

 

                       Туған елім

Анық басып жүрсем де жұрт алдында,

Намысыңды туған ел,

жырта алдым ба?

Аманаты халқымның-бабаларым,

Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда!

Туған елім,

Көрсеттің құрметіңді,

Өтей алар ма екенмін міндетімді?

Көңілімде көк байрақ желбіреуде,

Қыран болып сүйсем бе күн бетіңді?!

Жаппар ием!

Ризамын,

бас ұрылды,

Алшысынан түсірдің асығымды.

Туған елім,анамдай аялаймын,

Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды!

Иә,сүйем,

сүйемін,

тағы сүйем,

Жүрмін әзір өмірдің ағысымен.

Қызғалдақтай құлпырар қыздарым бар,

Ұлым ертең сүйінер «барысымен».

Туған елім,

мәңгілік берік шынар,

Туған халқым өзіңе серік,сыңар.

Топырағың болсам ел,арманым жоқ,

Өзегінен тіршілік өніп шығар…

*************

Алыстама

Бір кездері сен нәзік, көркем едің,

Жүрегімді сезіммен өртеп едің.

Уақыт өтті,

Көкте едік,

жерге түстік,

аңсамаймыз біз енді ертегі елін.

Бақытымның өлшемі Өзің екен,

         Сұқтанды ма жандардың көзі бөтен?

         Өмір деген өртеніп сүю деуші ек,

         Сөйтсек, өмір – сабыр мен төзу екен.

Білер болсаң,

байлығым, берекемсің,

Сеніменен күнде бақ ере келсін.

Шаңырақтың шаттығы – сәбилерім,

ал Арымның ақ туы сен екенсің.

            Бір кездері от едім лапылдаған,

            Болашаққа жасаушы ем батыл қадам.

            Мен де өзгердім.

           Жан жарым, бірақ … бірақ,

          Сенен артық кім бар-ау жақын маған?!

Өсірейік екеуіміз арыс бала,

Қол ұстасып кетейік ғарышқа да.

Жалғыз жүрсең өмірде адасасың,

Ерке құсым,

Жанымнан алыстама!

******                                   

Ақтарылу

Кешірімді бола біл,

көңіліңе кір алма,

Сүйген құлға сый арнар мейірімді бір Алла.

Қараңғылық сейілді,

арайлады  таң күліп,

Кеш те болса бас қойдым құдай сөзі — Құранға.

Қандай едім бұрында,

Болғандаймын тірі «өлік»,

Құбылаға бет бұрдым басқан жерге гүл өніп.

Бүкіл жолдар бір жерде тоғысқаны секілді,

Рахаттандым бар ойым Жаратқанға тіреліп.

Сезесің бе?

Бар ғалам уысында Иенің,

Сол иенің алдында құл боп басты иемін.

Керуен-керуен көш кеткен мәңгі мекен жақтанбыз,

қонағымыз  бес күндік өмір деген жүйенің.

          Бұл күнде де мен кейде жоғалтамын өзімді,

         Тырнап-тырнап ашамын ұйқы қысқан көзімді.

Хаққа ғашық әрбір жан

шөлде өскен құрмадай,

Тасымайды қуанса,

қиындыққа  төзімді.

Көңіл — құсым шырылдап Жерұйығын іздеген,

Үйде құл боп иіліп, мырза болам түзде мен.

Адамзатқа елші боп келген нәби — шын үлгі,

Мұсылмандық — тура жол,

Жаратушы бізбенен!

********

                                   Балама сыр

Мен түбінде қайтамын,

Жарға барам,

Ал одан сәл бұрындау Шарға барам.

Туған жердің топырағын жастық етем,

Менен қалған жолды сен жалға, балам!

         Ал, қазірше керекпін сүйікті елге,

         Елің үшін бақ пен құт жиып терле.

        Қанаттары қайырылған қыран құс ем,

        Мен жетпеген жетші сен биіктерге.

Алуан түрлі жүйрік бар менен де елде,

Бәлкім бір күн айналам өлеңдерге.

Мейлі, алтын күн батыстан шықса дағы,

Мен бармаған сүңги біл тереңдерге.

Хикметті бол

толы іші қазынаға,

Бұл өмірден түңілме, қажыма да.

Ырыс пенен ынтымақ елде деп біл,

Қай күнде де халықтан ажырама.

Бала кезден сырласам жиі өмірмен,

Жаратқанға құл боп бас иемін мен.

Көздің нұры, жанымның бөлшегісің,

Сені, балам,

осылай сүйемін мен!

************

Сен кеткелі

Сен кеткелі құлазуда көңілім,

Жүрегіңмен тоқтағандай өмірім.

Қайғы-мұңға жан дүнием жаншылды,

Ал, сырт көзге күдірейген бөрімін.

Сен кеткелі көтермедім басымды,

Енді менің кім сүртеді жасымды?

Бұл дүниеде қайдан сені табамын,

«Құлыным» деп кім сипайды шашымды?!

Сен кеткелі кеудем толды өксікке,

Теңіздерім айналғандай көлшікке.

Асыл анам кірмейінше жұмаққа,

Алла, менің көңілімді көншітпе!

Сен кеткелі өкпем қысып, тарылды,

Ажал менің әкетіпті «барымды».

Опыр-топыр, бір жеміс те қалдырмай,

Біреулер кеп тонағандай бағымды.

Сен кеткелі ой сан саққа бөлінді,

Ұлың да енді көп ойлайды өлімді.

Тағдыр мені бір бұрышқа тастады,

Сығып-сығып шығарғандай сөлімді.

Сен кеткелі жүрем босқа сабылып,

Әкем кетіп, өзің боп ең бар үміт.

Енді мені шығарып сап көзімен,

Келерімді кім күтеді сарылып?

Сен кеткелі есеңгіреп аспаным,

Теректер де көтермей тұр бастарын.

Бар кезіңде қадырыңды білдік пе,

Өмір деген осылайша,

қас-қағым…

************

                                Жанайқай

                         (Ылғи жұмыстан қайтып бара жатқанда көшенің

                        бір бұрышында темекі тартып тұратын қазақ қызын көремін.)

 

Күнде өтемін жаныңнан,

Шылымнан у тарады.

Өткендей от, жалыннан,

Жаным жанып барады.

Арттырасың мұңымды,

Қазылғандай молам мың.

Қыз тұтатса шылымды,

Азғаны ма қоғамның?

Жанға салсаң сен сызат,

Шылым емес дауасы.

Алматының сенсіз-ақ

Тарылуда ауасы….

Кеттім бейне құздардың

Құрдымына құлдырап.

Түтінінен қыздардың

Болашақ тұр бұлдырап.

Қайғы қалсын тасаңда,

Қыр гүліндей жайнашы.

Қыз дегенің қашанда

Аналардың айнасы.

Айықсаңшы дертіңнен,

Бақыт күнге басташы.

Қазақ қызы, өтінем,

Темекіңді тасташы?!

Шылым деген айтар ем,

Сәні емес қой еріннің.

Басқа жолмен қайтар ем,

Ол жақтан да жеріндім..

Темекіде сары у бар,

Қарашы бір сыйқыңды.

Шылым сорған арулар

Бола алмайды сүйкімді!

**********

Қыз — нәзіктік, сұлулығы солмайды,

Тұнығымыз лайға айналса, сол — қайғы.

Сұлуы көп, жылуы жоқ  бұл қоғам,

Арулары арақ ішсе оңбайды.

Ана азса көгімді бұлт торлайды,

О, Жаратқан! Көрсетпеші ондайды.

Анасы көп, панасы аз бұл заман,

Аналары масаң жүрсе сорлайды!

Әжелерсіз қатарымыз толмайды,

Әзәзілді шайтан ғана қолдайды.

Әжелерден арақ иісі мүңкісе,

Шаңыраққа бақыт құсы қонбайды!

**************************

Алматылық теңеулер  

Қыстан шықтым киілмеген бөріктей,

Енді міне, гүлдеп тұрмын өріктей.

Кей сәттерде тығырыққа тірелем,

Төле биде кептелген көп көліктей.

Мына қала құтты мекен, қоныстай,

Қала әкімі жап-жас мырза, болыстай.

Күліп келген жаһандану дәуірін,

Тосырқаймын лағман жеген орыстай.

Тереземнен қуанып таң жиі атты,

Арықтардай тамырда қан жиі ақты.

Мен асқақпын, еңселімін трамплиндей,

Биікпін мен Есентай молл сияқты.

Шалды көрсем ойнап жүрген қызымен,

Жыр толғаймын Мөңке бидің ізімен.

Өзге тілде шүлдірлесе бауырым,

Жалға алынған пәтердейін мүжілем….

Көктөбеге ерте жеткен көктемдей,

Көңілдегі көрікті ойлар көк белдей.

Дайын асқа тік қасық боп кеттім-ау,

Саябақтан дән теретін кептердей.

Анау жігіт тауда өскен құлжадай,

Темекісі ТЭЦ-те тұрған мұржадай.

Ерте тұрып келе жатам жұмысқа,

Мега жақта маң-маң басқан мырзадай.

Жырларым бар кезек күткен нөпірдей,

Бұл өлеңім әрең жеткен өкілдей.

Абыр-сабыр болып жатсам метродай,

Құламасам болды бір күн көпірдей..

Бұл қалада бақытты күй кешемін,

Көшелермен бұлттай болып көшемін.

Күннен-күнге Алатаудай тыныстап,

Мың жасаған Алматыдай өсемін!   

*******************************

Шереметьево  әуежайында

 

Мәскеудің күні күліп тұр,
Тіршілік қызу жүріп тұр.
Жазылмай жатқан жырларым –
Кеудемде талай сүлік тұр.

Ұшақтар ұшып-қонуда,
Жұртшылық табло торуда.
Құшағын жайған әуежай
Жайылып жастық болуда.

Біреулер мұңға батыпты,
Біреулер таңдай атыпты.
Сөйлейтін ұлттық тілінде,
Орыстар қандай бақытты!

Алматым қалып жырақта,
Толды ғой басым сұраққа.
Әуежай жайлы қоныстай,
Үйіңдей емес бірақ та…

Жолаушы біткен арадай,
Бұл жер бір бөлек қаладай.
Жанымды жеумен отырмын,
ҰБТ-дағы баладай.

Уақыт та сусыр құмдайын,
Әуежай үнін тыңдайын.
Бір қазақ көрсем қуанам,
Әкесін тапқан ұлдайын…

Қарсы ала бергін ел келсе,
Ақ қанат құстар жемделсе.
Шереметьево, қош енді,
Айналып қайта келгенше!

*******************************************

Қайран біздің…

Хақтың өзі сөз салған таңдайына,

Бегзаттығы жарасқан тал бойына.

Қайран біздің Алаштың алыптары,

Сыймай кеткен жалғанның маңдайына.

«Оян!» сөзі бар елге жайылғандай,

Оянбасақ болар ед жайым қандай?

Қайран біздің Алаштың арыстары,

Бір-ақ сәтте барлығын жай ұрғандай…

Зұлмат кезді ойласам жылап алам,

Кейін көңіл сынығын құрап алам.

Қайран біздің Алаштың арда ұлдары,

Әрбір сөзі бір діңгек құламаған!

Енді бүгін рухым тұр асқақтаған,

Мәңгілікке тұр бізді бастап далам.

Қайран біздің Алаштың ардақтары,

Сталин түгіл ажалға қас қақпаған…

Үміттерді үзілген жалғап алам,

Ерлер жолын жалғайтын бар ма балаң?!

Қайран біздің Алаштың асқарлары,

Күн туғанда құныңды даулап алам!

 

«Серпер» сыйлығының лауреаты, ақын: Саят Қамшыгер.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған