Бауыры теңбіл көк бөрі

Сәрсенбі, 15-Ақпан 2017 / 16:02
Айдары: Әдебиет
Бауыры теңбіл көк бөрі

(Әжем Жүмәдишаның әңгімесінен)

Он жасар баласын ерткен жігіт ағасы құм шағылмен жаяулап келеді. Қалың сексеуілдің іші толған аң. Қоян, түлкі, қарсақ… Бұларды көрген сайын баласы сес көрсетіп, қолын сермеп, жасқап, аналардың тұра қашқанын қызық көреді. Адам аяғы сирек басатын бұл түкпірдің тіршілігі тіптен басқа, тіптен өзгеше секілді.

— Көке, бұлар не жейді? Бір-бірін жей ме? — дейді баласы. — Күштісі әлсізін жейді де, — дейді әкесі. — Күшті болған жақсы ғой, иә? — Күшті болған емес, адал болған жақсы. Баласы ойланып қалады. «Адалы қайсысы? Түлкі адал емес, қу. Қарсақ та жыртқышқа жатады. Сонда адалы қоян болғаны ғой. Өй, қорқақ қоянды адал деп…» Әлден соң кеш батқан. Ыстық жалын қайтып, ауа салқын тартқан. Қарауытып көрінген сексеуілдің қисық бұталары ертегінің шіреніп тұрған батырлары секілді. Ай шыққан. Жұлдыздар жымыңдайды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Осылайша бұлар құм шағылды кешіп жүре берер ме еді, қайтер еді? Тек алыстан жеткен қасқырдың ұлыған даусына екеуі де елең етті. Әкесі болса: «Бұл қайдан жүрген қасқыр? Түнге қалғанымыз дұрыс болмадыау! Жарайды, жалғыз қасқыр не істей қояр дейсің, тәйірі!» — деп ойлаған. Баласы болса: «Қасқыр қарсақ сияқты қашпайды. Тіпті одан адамдар да қорқады», — деп ойлады. Ұлыған үн тағы шықты. Бұл жолы біреу емес, бірнешеу секілді. Және жақын маңнан шығатындай. Бәлелер демнің арасында қалай көбейіп кеткен, бірін-бірі қалай тауып, қалай қосылған десеңізші! Бала әкесіне жақындау жүрді.

— Қорықпа, — деді әкесі. — Қаңғырып жүрген ит-құстар да. Енді бір қырды ассақ, Қожанның ескі қорасына жетеміз. Қонып қалсақ та болады. Нағашыңның ауылына ертең шығамыз. Алайда қасқырлар көп күттірген жоқ. Көздері от шашып, шоғырланып келді. Енді «осылар үшін келген екенбіз ғой» дегендей айналсоқтап, аңдып, жақын жүр. Иен далада түн жамылып жүрген екеуін тым қорғансыз, оңай олжа көретіндей. Әкесі болса, қолындағы құрығын көтеріп, айғай сап, айбат шегіп еді, әккі қорқаулар қорқа қоймады. Қайта ерегіскендей арқа жүндерін тікірейтіп, тістерін ақситты. Аш бөрілер көбейе түсті. Үш-төртеу еді, енді онға жақындағандай. Саны өскен сайын қылықтары да өзгеріп, қауіпті бола бастаған. Ырылдап, сес көрсетеді. Аппақ азулары пышақтай. Оңтайы келсе бас салуға дайын.

— Көке! Көке! — деген баласының үрейлі даусынан тұла бойы мұздап қоя берді. — Көке! Мыналар бізді тірідей жейді. Әкесі болса құрықты оңды-солды сілтеді. Тым болмаса біреуін сұлатса, екпіндері басылар ма еді дегені. Өңі өрт сөндіргендей. Қасқыр қоршайды деп кім ойлаған? Алайда қасқырлар қаймығар емес. Бір шегініп, қайта ұмтылып, жер тарпып, аңдысып алған.

«Қорықпау керек, — деді әкесі әлгіде ғана баласына айтқан сөзін іштей қайталап, — қорықпау керек! Бұл қорықса, баласы қайтпек? Бұл қорқаулармен соңғы демі біткенше айқасар, соңғы демі таусылғанша шайқасар. Тек Алла Тағала баласының тәнін талағанын көрсетпесін! Ондай сұмдықтың беті аулақ». Бала әкесінен екі елі ажырамай жүр. Әкесі әбден ашынған. Ештеңеден тайынар түрі жоқ. Баласын қалқалап, жақын келген қасқырды құрықпен жасқап, алдырар емес. Бірақ бұл айқас қаншаға созылмақ? Бұл қаншаға шыдамақ? Баласы болса бауырына тығылғандай. Әрі қарай күтпеген оқиға болды. Әкесі жалақтап жүріп, қасқырларды бір шегіндіріп тастады да, жалма-жан үстіндегі көйлеген дар еткізіп айырды. Айырды да жалма-жан құрық басына байлады. Белінен құтысын алып, ішіндегі бар майын құрық басындағы шүберекке аудара салды. От жағамыз ба деп ала шыққандары еді, енді мүлде басқа кәдеге жарағандай…

Қасқырларды тағы бір қаймықтырған әкесі қалтасынан оттығын іздеді. Лап еткен оттан қасқырлар ыршып түсті. Қаншама жаужүрек болса да, тайсалысып қалғандай. Әкесі болса лаулаған отты бастарынан айналдыра айқайға басып, айбат шегіп, жақындау тұрған бір-екі бөріге тап-тап берді. Аналар тымтырақай. Отын алаулатқан әкесі қиқу салып, бірде шалт бұрылып, бірде қалт тоқтап, ышқына айғайлап, жыртқыштардың зәреқұтын ұшырды. Мұны көріп, баласы да ес жиған. Әкесіне қосылып айғайлағысы келіп еді, даусы шықпады. Дегенмен қауіп-қатердің артта қалғанын екеуі де ұққандай. Әкесі ашкөз қорқауларды қуып тастағанына, баласының алдында боркемік болмағанына қуанады. Баласы әкесінің ойда жоқта амал тапқанына, бөрілерді бездіріп жібергеніне риза. Осылайша аш бөрілермен айқаса жүріп, арпалыса жүріп, бұлар діттеген қораларына да жетті-ау. Бұл кезде құрық басындағы алау да азайған. Маймен бірге шүберек те жанып кеткен. Қолдарында қалғаны күйелеш-күйелеш құрық қана. Ащы тері шыққан әкесі қораға жеткен соң, ағаш есікті айқара ашып, «Кір!» — деген. Бұл табалдырықтан аттай бере құрықты ішке құлаштай лақтырып, есікті сарт жапты. Осының бәрі қас пен көздің арасында болғаны соншалықты, бір топ қасқыр көз алдарында ғайып болған екеуді іздеп, апыр-топыр.

Оңай олжадан айырылып қалғандарына сенбейтіндей. Кенет сырттағы қасқырлар шуласып кетті. Араларына үлкен арлан, көшбасшы көкжалы келген. Зор даусынан адам шошырлық. Жолындағының бәрін жайпап өтіп, қарсы кездескен қаншықтың бірін шаңқ еткізді. Осыған дейін түк бітірмеген қорқауларға рақымы жоқ дүлей күш кеп қосылғандай. Қасқырлар қайта құтырды. Бәрі ызалы. Қораның сыртында саңылау іздеп, аласұрып жүр. Алқынған, арсылдаған дыбыстары жан түршіктіреді. Бір-бірін жұлып жердей. Сақылдаған тістерінен аза бойың қаза болады. Бұларды түз тағыларынан бөліп тұрған нәрсе — тас қабырға ғана. Көк тастан қаланған тас қабырға алынбас қамал секілді. Осыны сезген әкесі баласын жұбатты.

— Не де болса қорықпа! Жарай ма? Шулаған немелер тас қабырғаны тесіп кіріп алсын! Таң атқанша шыдаймыз. Таң атқан соң кетеді бәрі құйрықтарын қысып…

— Неге кетеді? Күндізден қорқа ма? — Әрине, қорқады. Қасқырлар да қорқады, балам. Өзінен қорықпағандардың бәрінен қорқады. Әкесінің сөзі баласына дем бергендей. Жүзіне қан жүгіріп, жан шақырғандай. Сөйтіп, екеуі жайбарақат әңгімемен отыра берер ме еді, қайтер еді, бірақ төбеден шыққан сықыр екеуін де елең еткізді. Гүр еткен арлан даусы енді жоғарыдан естілген. Ішке кірудің амалын таппай аласұрған арлан аласа қораның төбесіне ырғып шығыпты. Осал жер іздегендей. Білеу ағаштары сирек түскен, тал шыбықпен жабылып, үстіне лай құйылған қораның төбесі тайдай қасқырдың салмағына төтеп бере алмай сықырлап тұр. Арлан ақыры осал тұсты тапқандай. Арғы бұрышты бұрқыратып қаза бастады. Мына қалпымен теспей тынбайтын түрі бар. Алған бетінен қайтпайтын дүлейдің өзі. Ендігі жерде тас қора да қорған болмайтындай. Не істерін білмей тұрған әкесі жалт-жұлт еткен өткір кездігін шығарып, алақ-жұлақ. Не де болса төбеден түсетін қаскөймен шешуші шайқасқа шықпақ. Кәдімгі жекпе-жек. Осы сәт әкесі есіне түскендей, дереу қолына күйелеш-күйелеш құрықты алды. Алды да, жіңішке тұсын таңдап, кездігімен кертіп-кертіп жіберген. Ақыры құрықтан жарты кездей таяқ кесіп алды.

«Мә, — деді таяқты бұған ұстатып жатып, — менің айтқанымды бұлжытпай істе!». Түк түсінбеген баласы басын изей салды. Бұған тіреліп тұрған не барын білмей аңтаң. Төбеден қатқан лай кесектері, ағаш қабыршықтары төгіліп түсіп жатыр. Жылтжылт етіп арланның жалпақ табаны да көріне бастаған. Болар-болмас саңылауды үңгіп, кеулеп, кеңейтіп жатыр. Бір қарағанда жыртқыштың бұл қылығы ақылға симайтындай көрінсе де, бұлардың көз алдында болып жатқан нағыз шындық еді. Ары қарай айқас басталды да кетті. Әкесі бұл кезде еркін кіріп-шығып жатқан арланның бір аяғына жармаса кеткен. Жармаса кетіп, бар салмағымен төмен тартқан. Қанша мықты болса да, қарулы жігіт қойсын ба, көкжалды тырп еткізбеді. Содан соң сирақты мығымдай ұстаған күйі өткір кездігімен қан-жоса қылып, тіліп жіберді.

— Сұқ ана таяқты! — деді бұған сирақтың тесігін керіп тұрып. Өң мен түстің арасында тұрған бала таяқты сирақтың тесігіне сүңгітті де жіберді. Сирақтан қан саулап ағып тұр. Тайдай арланның жан түршіктірер үні түнгі аспанды осып өтті. Құйқа тамырыңды шымырлататын жыртқыштың даусы талай қырдан асқандай. Бұлқынған, жанталасқан арланның ащы даусы тау-тасты күңіренткен. Қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеуір бір кезде қансыраған қасқырдың даусы бәсеңдей бастаған. Әдепкі бұлқыныс жоқ, жантәсілім етер алдындағы болмашы қарсылық секілді. Төбеден қан тамшылады. Жып-жылы қызыл тамшылар бетін айғыздап жатса да, әкесі селт еткен жоқ. Осыған дейін бастан кешкендері әбден сансыратып тастағандай. Баласын бауырына алып, жанға жайлы белгісіз бір сезім құшағында. Үрей мен қорқыныш енді мақтаныш сезіміне ұласқандай. Күн көтерілгенде әке мен бала далаға шыққан. Әкесі төбедегі қасқырды көріп, жағасын ұстады. Тайдай көк бөрі қылжиып жатыр. Басы дөңбектей. Езуі үңірейіп, тілі салақтап қалған. Құлағы серек. Тұмсығы ұзын, азулары пышақтай. Қылшығы көп бауыры теңбіл екен. Ұсақ-ұсақ дақтарға ұқсайды. Әкесі жерге түсіріп, терісін сыпырды. Иығына салып, жолға шыққанда көк бөрінің терісі жерге сүйретіліп келе жатқан еді. Осы оқиғадан кейін бұл өңірден қасқыр атаулы ауып кеткен екен деседі. Бауыры теңбіл көк бөрі баласының түсіне көпке дейін кіріп жүрді.

Қамбар Керейқұлов

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз