Бақұлдасу дұрыс па?

Дүйсенбі, 16-Қаңтар 2017 / 11:48
Бақұлдасу дұрыс па?

Тумақ бар да өлмек бар деген. Хақ Тағаланың әр пендені жер бетіне сынаққа жібергендігі әу бастан-ақ қасиетті Құран Кәрімде жазылып қойған. Иманнан кейінгі асқан бағасыз нығмет пен сарқылмас несібені беретін Жаратқанның алдында бәріміз дәрменсіз, қорғансыз бейшарамыз. Әрқайсысымызға сұм ажалдың бір күні келері де ақиқат. Дегенмен, өлім аузында қиналып жатқан жанға жақындары мен ағайын-туыстарының ентелеп төніп, бақұлдасқаны қаншалықты дұрыс? Жанталасқан жанға қоштасу рәсімінің керегі бар ма ?

Жиналғандардың арасында кемсеңдеп жылап, науқастан кешірім сұрап, ажалға бір табан жақындауына ишара білдіргендердің қылығын қалай қабылдаған жөн? Осы мәселеге тоқталмас бұрын, әуелі бақұлдасу түсінігімен оның қай кезден бастап қанымызға сіңгенін біліп алсақ. Хәл үстінде жатқан науқастың дәм-тұзы таусыларын сезген жақындары науқаспен қоштасу рәсімін өткізеді. Бұл «бақұлдасу» деп аталады. Кейде мұндай арпалыста жатқан жанның өзі бала-шағасын шақыртып, ренжіткен кездері үшін кешірім сұрап, біреуден алар алашағы мен берешегі туралы сөз қозғайды.

XIX ғасырда халық ауыз әдебиетінің дүлдүлдері Әсет пен Кемпірбай бақұлдастықтың классикалық үлгісін көрсетіп кетті. Өзімен замандас, сырлас досының ауыр хәлін естіп, ақын Әсет те кезінде Кемпірбайды өлімге қиған жоқ. Оған мына өлең шумақтары дәлел.

Апырай, жауап қатпай кеткенің бе,

Алашқа атың шыққан қыраным-ай!

Сәлем ал, басың көтер, кешуіңді айт,

Адамның бірі емессің әншейін жай…

Бақи дүниеге аттанайын деп жатқан науқастың жағдайын сұрап, оған рухани демеу көрсету сонау XIV-XV ғасырларда Сыпыра жырау, Асан қайғыдан бастау алған. Бірақ олар жиылып алып, науқасты қызықтап тұрумен бақұлдасқан жоқ… «Басыңды көтер, дертті жең!» — деді. Белі бүгіліп, қауқарсыз ажалын күткендердің бойына күш-қуат беріп, қан жүгіртті, бір-ақ ауыз сөзбен медет берді.

Бүгінде бақұлдасудан бейхабар жандар көп. «Бұл рәсім туралы не білесіз?» деп сұрағанымызда, сұрауымызға жауап берген қала тұрғындарының 90%-ы бірінші рет естіп тұрғандарын жасырмады. Тосыннан қойылған сұраққа тосылмастан, тек Ақылбек Зейноллаев есімді ұстаз: «Бақұлдасудың ажал аузында жатқан науқаспен қоштасу рәсімі екендігінен хабарым бар. Бірақ жақында ғана осы жағдай өз басымнан өткенде, «Бұл рәсім бұрыннан осылай ма еді? Оның бізге керегі бар ма?» деген сұрақ мені мазалаумен болды. Өйткені ет жақыным — туған қарындасымнан айырылдым. Небәрі 25 жаста еді. Қатерлі ісік өкпе, бауырды жайлап, күн сайын көз алдымда шөгіп бара жатты. Тамақ ішуден, сайрап отырған тілден қалды. Біржола төсекке таңылды. Сол күннен бастап ағайындардың қарындасыма «ренжіткен кезіміз болса, кешір» деп, бас жағына ентелеп төніп тұрып алғандары әбден ызамды келтірді. Бұл маған ажал аузындағы адамды ажалға итермелегендей болып көрінді. Қарындасым тілсіз қалғанымен, құлақ естіп, көз көріп жатыр. Әлі жап-жас қой. Оған бұл сөздер қатты ауыр тигенін іштей сезіп, менің де ет жүрегім езіліп-ақ тұрды. Онымен әр адам қоштасқан сайын басын бұлғап, «мен әлі жазыламын, әлі-ақ аяққа тұрамын» дегендей, қарсылығын жанарынан көріп тұрдым. Бірақ мен қоштаспадым. Өйткені бауырдан айырылу, оны өлімге қию қаншалықты қиын екенін білсеңіз ғой… Осыншама ауырлыққа төтеп беру үшін кейде жақыныңды жаттай сыйлап жүрген де дұрыс шығар», — деп мұңайып қалды. …

Әңгімеміздің әлқиссасы жаны шыққан емес, жаны шығуға жақын жандар жайлы болып отыр. Мұндай кезде жақындары тарапынан нендей көмек көрсетілуі керек? Не айтылуы керек? Көкейдегі сұраққа теология ғылымдарының докторы Мұхиддин Пәттеевтің айтары мынау: «Қазақта бақұлдасып қалу деген бар. Араб тілінде мұны «талқин» десе, атам қазақ оны «иман үйіру» деп атаған. Кейбіреулер ажал аузындағы адамды дүниелік нәрсемен мазалап, өткен өмірінен келеңсіз нәрселерін еске түсіріп, немесе біреулерге ыза-кегін оятып, ақыретіне зиян келтірер сөз де айтып қалып жатады.

Сондықтан өлім аузында жатқан адамға Алланың махаббатын, өзіне сенген құлын далаға тастамайтынын, Хақ Тағаланың рақымы мен мейірімі шексіз екендігімен Жаратушыға деген иманын үйіріп, жақсы сөздер ғана айтқаны жөн. Құранда айтылғандай, «Әр жан өлімді татады» деген насихатпен науқас та, сау адам да ерте ме, кеш пе өлетінін сөз етіп, жиылған жұрт тек иман жайында айтуы тиіс. Ал расында ажал есікті қаққан болса, науқас оны өзі-ақ сезеді», — десе, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Боралдай кенті мешітінің наиб имамы Жомарт Кершеев те бүгінде бақұлдасу рәсімінде түсінбеушіліктің орын алып жатқандығын айтады.

Ажал аузында жатқан науқастың қасына жиылып алып, жылап-сықтағаннан гөрі, бас жағында отырып, «Йасин» сүресін оқып, Алланың әш-Шәфи есімін есіне түсіру керек. Жақындары «Алла дертіңе шипа дарытсын» деп, қиналғанын жеңілдеткені жөн. Сондай-ақ, оған отбасының, ағайын-туыстарының, сол секілді кіріп шыққан көрші-көлемнің қызмет көрсетуі, шөлдесе су ішкізуі, жүзін құбылаға бағыттап, оң жағымен жатқызып, кәлиманы («лә иләһа иллаллаһ», мағынасы: Алладан басқа Тәңір жоқ) айттыру сүннет. Қалай десек те, бақұлдастық рәсімінде ентелеп төніп, жиылғандардың ажалға асықтырғандай ишара білдіруі дұрыс емес. Себебі мұндай кезде науқасты көп мазаламау керек», — дейді имам.

PS: Жазмыштан озмыш жоқ деген. Пешенеге жазылған тағдырдан қашып құтылу мүмкін болса, бәріміз өз қалауымызша өмір сүрер едік… Бақұлдасудың әдемі үлгісін бірнеше ғасыр бұрын ақын-жырауларымыз көрсетіп-ақ кетті. Бірақ қазір бұл рәсімнің бабадан қалған ізгілігінен бұрын, мәні мен маңызын терең ұғына алдық па екен?..

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз