Дендер – ұлылар жатқан ұлы мекен

Дүйсенбі, 06-Ақпан 2017 / 00:40
Дендер – ұлылар жатқан ұлы мекен

Мінкен де мінкен, мінкен ер,

Бұл сықылды неткен ер?!

Құралайдың күнінде

Еркек қойдай бөлініп,

Көлденең жатқан Жайықтан

Қырқарланып өткен ер.

Күншығыстың астында,

Күнбатыстың тұсында

Қарындасым бар-ды деп,

Қабырғасын сөксе де,

Қанын судай төксе де

Қайыспас қара нар-ды деп,

Маңдайынан күн өтіп,

Жауырынынан жел өтіп,

Күн астымен жеткен ер!

Біз неткен ер, неткен ер? –

Сергелдеңмен өткен ер.

Ойыл менен Дендерден, 

Сағыз бенен Жемдерден

Одан да талып өткен ер.

Бұл- қазақтың хас батыры, дара тұлға Махамбет Өтемісұлының өлеңі. Ақын өлеңінің бір тармағына іліккен Дендер Атырау өңіріндегі елді мекен. Жақсылар мен жайсаңдар шыққан қасиетті топырақ. Осы Дендерде – Индерде Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырына орныққанына 25 жыл толуына орай жасалып жатқан жұмыстардың қатарында ел қорғаған батырлардың есімін әспеттеп, ерлігін бүгінгі ұрпаққа жете таныстыру шаралары жетіп артылады. Соның бірі-Махамбет Өтемісұлының биік рухына бағытталған талғамы биік шаралар.

1803 жылы Ішкі Бөкей ордасы,  Нарын құмында дүниеге келген-қазақтың көрнекті батыры Махамбет Өтемісұлының ел қорғаған ерлігі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталған. 1836-1838 жылдары Қазақстанның батыс аймағындағы халық көтерілісін ұйымдастырған өр рухты ақынның арманы туған елінің азаттығы еді. Қандыкөйлек жолдасы, мұраттас досы Исатай Тайманұлымен бірге халық көтерілісін ұйымдастырып, елінің азаттығы үшін күрескен қайраткер ұлдың өзегін өртеген өкініштің оты туған халқының патша езгісінде қалып, өзін-өзі ұмытып, мәңгүрттене бастауы. Ержүрек батырдың асқан өжеттікпен жұлқына шығып, қозғалысты бастауы да билік пен қарапайым халық арасындағы ушыққан жағдайдың қалпына келе ме деген үмітінен туған ұшқын. Ұшқыннан от лаулап, оттан әлемет өрт-жалын шығып, жан-жағын құрсаулап тастауы-қазақ тарихының беттеріндегі тағы бір қастерлі парақтың ашылуына мүмкіндік туғызғандығын біреу білсе, біреу білмеді.

«Батыр болып тумайды». Бұл – халық сөзі. Батырды дүниеге әкелетін анасы болғанмен, оны батыр жасайтын халық. Батырлыққа итермелейтін өжет ұлдың елге деген үлкен сүйіспеншілігі.

Табиғатынан өжет болып өскен Махамбеттің ана сүтімен бойына дарыған қасиетінің бірі-өжеттігі, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы. Ақынның бір өлеңіндегі «Қарада да қара бар, хан ұлы басып өткісіз» деуі осының дәлелі.  

Тәрбиесінің негізі еркіндікті қалаған өр ақынның  мұсылманша, орысша да хат танитын сауаттылығы оның ерте есейіп, ой-өрісінің  қалыптасуына себепші болған іждағатты әрекеттің бірі. Бойына біткен алапат күш-қуат, білсем деген талпыныс, көрсем деген құлшыныс, жетсем деген арман асау мінезді өжет ұлдың жастайынан елдік істерге араласып, биік-биік мұратты мақсаттарға қол жеткізсем деген арман отының ерте тұтануына себепкер. «Мен, мен, мен едім, Мен Нарында жүргенде, еңіреп жүрген ер едім» деген дауылпаз жырлар осы ойымыздың бір түйініне тиянақ болғандай. Өмір ағысымен арпалысып, жағаласып жататын қоғамдағы күрмеуі қатты, шешілуі қиын әлеуметтік мәселе жастайынан ел билігіне қиядан көз тіккен ақынның жанын жеген жайттардың бірі. Өз елін еміреніп сүйген есіл ердің ерліктің от-жалынына оранып өсуі де мүмкін халқын сүйген патриоттық сезімінен туған болар. Өлең-жырдың ақ бесігінде әлдиленіп өскен ақынның асқан дарын иесі екендігін халқы ерте кезден мойындап, талантының шыңдалуына рухани демеуші болған. Орақ тілді, от ауызды  сөз шеберінің батырлығы, ақындығы, даналығы, даралығы қосылып, үлкен бір тарихи тұлғаға айналды. Бұл – тарихи шындық.

Шыққан тегі кіші жүз байұлы ішіндегі ру тақтасы-Жайық-Беріш. Атасы Құлмәлі де, әкесі Өтеміс те өз дәуірлерінің сөз білер айтулы кісілері болған деседі тарих көзі.

Махамбеттің отты жырларын қилы заманның қиын-қыстау өткелдерінен өткізіп, бұл дәуірге жеткізген, ел арасындағы есімі алысқа кеткен белгілі ақындар аузынан жазып алып, қағаз бетіне түсірген қазақтың көрнекті ұлы, аяулы тағдыр иесі, профессор  Халел Досмұхамедұлы.

Махамбеттің батырлығы-елінің қорғаны болса, ақындығы-күш-қуаты, күйшілігі-көтеріңкі көңілі, сазгерлігі-жайма шуақ өмірі болған десек, қателеспейміз. Тарих бетіне маржан болып төгілген «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Терезе», т.б. күйлері-ақын заманының зары мен мұңы. Қазақ сахарасында күмбірлеп жүрген бұл өнердің мәңгілік мұраттың биігінде тұрғаны ақиқат. Ал, 1908, 1912, 1925 жылдары Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрген ақын шығармаларының жиынтығы елдің рухани мұрасына кірістірілген қымбат дүниелер. Бұл дүниелердің болашағының ұзақ болуы-ақынды сүйіп, қадірлеген елінің тілек, ниетіне байланысты. Үлкен жүректен шыққан кесек шығармалар бабымен күтіліп, ұсталынса-жарқыраған сом алтындай халқының қадесіне жарай берері ақиқат.1939-89 жылдары 8 рет жеке кітап болып шығып, күллі қазақ балалары оқитын білім шаңырақтарының оқыту бағдарламаларына енгізілген ақын шығармаларының өмірінің қуаттылығы, ұзақтығы-тағы бір қуаныш.

«Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен жастайынан ақындық өнерді, өрлік пен ерлікті бойына сіңірген көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Дарыны мен талантына жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды, орақ тілді сөз шебері ғана емес, сонымен бірге, ол ақберен батырлығы, даналығы мен дәулескер күйшілігі арқасында да даңққа бөленді. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген ол жазған хаттарымен айқын аңғартады. Махамбет-халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы кетеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны» деген тарихи толғам көрнекті батырдың кескін-келбетінің, сом тұлғасының, батырлық бейнесінің шынайы суреттелуі-бүгінгі жас ұрпаққа батыр туралы үгіт, насихаттың толық жеткендігін көрсеткен әдемі тәртіп қағидасы.

«Еділ менен  Дендерден, Сағыз бенен Жемдерден, онан да талып өткен ер… »,- деп жырлаған  ақберен ақындықтың, ерен ерлік пен кемел кісіліктің үлгісін көрсеткен Махамбеттің исі қазақ үшін ортақ болуымен қатар дендерліктерге етене жақындығы рас. Шынында ақын Махамбеттің талай-талай ақиық  жырлары осы өңірде дүниеге келіп, әрі күйші, әрі композиторлық талантындағы өзекжарды шығармалары осы топырақта күмбірледі.

Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев Махамбет күй өнері туралы: «Махамбет күйінің бір бояудан тұрмайтынын қапысыз тани алатын шығармалардың санатына «Жұмыр қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Махамбеттің аты өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, осындай сұңғыла азаматтың сезімінен сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының құймасы-күйлері неге ұмытылсын!»,-деген пікірі сұңғыла жазушының батырдың бір талантына берген жақсы бағасы.

Мәңгі өлмес екінші өмірі Индер ауданымен тікелей байланысты батырдың кіндік қаны тамған, мәңгілік қонысы болған Қараой жазығы қасиетті дендердің бір белесінде. Аудан орталығынан 45 шақырым жерде жатқан бұл мекен осы топырақтан шыққан ұлы тарихи тұлғалардың атамекені. Жергілікті халық  ерекше қадірлеп, құрмет тұтатын бұл мекен жақсылар мен жайсаңдардың, тарландар мен таланттардың, көсемдер мен шешендердің табаны тиіп, таланты шыңдалып, даралығы танылған қасиетті топырақ. 

Тағдырлы ақынның алғаш жерленген жерін жақсы білетін Құрақ Бектұрғанов есімді азамат Жайық өңірінің перзенті.1913 жылы  әкесі алты жасар Құраққа «күндердің күнінде ел игілігіне керек болар» деп, батырдың бейітін көрсетіп, Құран оқып, басына белгі ретінде қамшының сабын тығып кетеді. Осы оқиғаны куәгер көпшілікке жеткізген соң, аудан басшылары және ғалым Қажым Жұмалиев, ақын Тайыр Жароков ақынның басына белгі орнату жайында ұсыныс жасайды. Жұртшылық қолдаған орамды шаруаның ыңғайы оңынан оралып, 1959 жылдың күзінде Махамбет бейітіне ескерткіш белгі қойылып, ақынның суретінің тұсына бір шумақ өлеңі жазылды. Ескерткіш-белгінің авторы қолы шебер қарапайым құрлысшы А.Новиков.

1966 жылдың жаз айында батырдың сүйегі антрополог ғалым Ноэль Шаяхметовтың басшылығымен қазылып алынып, зерттеу үшін Алматыға жіберілді. Он жеті жылдан соң, 1983 жылдың  15 мамырында М. Өтемісұлының  сүйегі  Қараойдағы орнына қайта жерленді. Көпшіліктің көңіліне бір үміт, бір күдік ұялатқан бұл істің қадамының қайырлы болғанына қатты қуанған ел-жұрт осы күнгі шараға тұтас қатысып, өздерінің игі тілектерін білдірген. Аудан орталығынан, барлық елді мекендерден, еңбек ұжымдарынан, мекемелер мен мектептерден, көрші облыстан ағылған қалың жұртшылық осы шараға жұмылған жұдырық болып атсалысып, игілікті істің келешекте қанат жаюына шынайы тілектестігін білдірген. Батырдың туған жеріне қайта оралған қуанышты күні ақын өмірі, ерлігі, шығармашылық өнері жайлы мазмұнды баяндамалар оқылып, оннан астам киіз үй тігіліп, ас берілді.

Елінің бақытты болашағы үшін өмірін оққа тіккен Махамбеттей өр мінезді ұлға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Ақынның есімін ұлықтау, шығармаларын насихаттау мақсатында жылма-жыл 15 мамырда Индер ауданында Махамбет поэзиясы күндері өткізіліп тұрады. Бұл шара бүгінгі жас ұрпақтың халқына қорған болған батырдың мәңгі өлмес ерлігін танып, білумен қатар, шығармаларының шынайылығын танып, білуіне жасалған бір қадам. Аудандық мұражайда ақынға арналған бұрыш,  1960 жылы Жарсуат ауылындағы орта мектепке берілген бабаның аты, 1988 жылы мектеп алаңында алматылық сәулетші Әйнековтің жетекшілігімен батырға орнатылған ескерткіш, Махамбет Өтемісұлы жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткізілетін спорттық сайыс-қазақ халқының батырдың биік рухына деген көрсетіп келе жатқан үлкен құрметі.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы ретінде  ашылған Махамбет атындағы  даңқ мұражайының жұмыс  жасап  тұрғанына да біраз жылдың жүзі болды. Аудан көлеміндегі ауыл, елді мекендерге Махамбет есімі берілген көше аттары, оның жыл өткен сайын дауысының биіктеп, биікке самғауы біріншіден, батыр ерлігінің мәңгілік құндылыққа айналуы десек, екіншіден елдік игіліктердің өркен жаюының бір көрінісі. «Біз-Махамбет ұрпағымыз» өнер фестивалі, «Махамбет-ұрпаққа ұран, жыры-мұра» газет авторларының шығармашылық бәйгесі, ақын жырын орындаушылардың «Топтан озған тарланбоз» сайысы, жыл сайын өткізілетін аудан мектептері мен кітапхана, мәдениет үйлеріндегі  поэзия кештері мен Махамбет оқулары ел болашағы-жастардың ақын өмірін тереңірек білуге, әлі де жете оқып түсінуге ынталандыратын игі қадамдардың бір шоғыры болмақ.

Аудандық редакциядағы әдеби бірлестікке ақын есімі беріліп, «Дендер» газетінде жарияланған жылдың ең үздік материалдарына  Махамбет атындағы сыйлық беріліп тұрады. Махамбет күйлерін үйреніп, облыс, республика сахнасына ең бірінші шығарған да  дендерліктер.Екі жыл сайын  жастар арасындағы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Махамбет  оқулары» шарасы болашақ ақындардың қалыптасуына бірден бір ықпал ететін игілікті шаруа.

1986 жылы республикалық «Отырар сазы» оркестрі  Махамбет жатқан Қараойда Н.Тілендиевтің басқаруымен  келіп берілген  концерт-Дендер тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі. Күнтізбесіндегі осы мазмұндас ірі тарихи оқиғалардың бірі-1995 жылы Қараойда ақынның басына тұрғызылған көрнекті ескерткіш. Маңғыстаудың ұлутасынан биіктігі 12 метрлік тұрғызылған жәдігер бүгінде республикалық деңгейде қорғауға алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Зәулім ескерткіштің авторы маңғыстаулық шебер К.Демесінов.

Қазақ батыры, көрнекті қайраткер, арқалы ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдың тойы ЮНЕСКО шешімімен 2003 жылы Атырау қаласында тойланғаны ел-жұрттың есінде болар. Ауқымы кең, мазмұны күрделі әлемдік деңгейде дүбірлеп өткен шараның біраз бөлігін облыстың аудандары ұйымдастырды. Солардың бірі- Индер ауданында өткен «Махамбет Өтемісұлы-күрескер, ақын және сазгер» атты ғылыми-практикалық конференция. Республиканың түкпір-түкпірінен келген академик, ғалымдардың тың тақырыптағы баяндамалары ақынның шығармаларына жаңа дәуірдегі зерттеулер деп танылды. Осы рухани дүниелердің  қатарындағы академик-жазушы З.Қабдоловтың баяндамасы терең мазмұнымен жұрттың есінде қалған. Айтулы мереке күндері Дендер орталығында баба барельефі орнатылды. 2013 жылы  «Казреставрация»  мекемесінің Махамбет мазарына жүргізген қайта өңдеу жұмыстары-көпшілік қуана қабылдаған мақсатты шаралардың бірі.

      2016 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Егемендіктің тұғырына орныққан еңселі елдің алдында тұрған ауқымды шаралардың деңгейі телегей-теңіз. Теңіздің тамшыдан құралатынын ескерер болсақ, Махамбет бабамыздың басында жасалып жатқан шаруалардың бірқатары сол теңіз тамшыларының бірі. Көптен бері ұсыныс ретінде айтылғанымен, қолдау таппай келе жатқан мәселенің бірі- Махамбет баба мазарына бастап апаратын жолдың жарамсыздығы. Бұл жайт батыр басына еліміздің жан-жақтан келетін қонақтары мен туристері үшін өте қолайсыз.

Сол сияқты ескерткіш басына тоқ желісін орнату,болмағанда күн энергиясын пайдаланатын жарық көздерін қосу, батыр жатқан жерді көгалдандыру үшін жақын жердегі канал бойынан су тарту жұмыстарына да көлемді қаражат керек. Артизан құдықтарын қазып қосымша су көздерін іздеу керек пе? Бір сөзбен айтқанда, мамандардың ақыл кеңестері қажет. Қасиетті мекенге арнайы қыдырып келген қонақтар үшін қонақ үйдің жоқтығы, демалыс орнының ұйымдастырылмауы-қанша рет айтылғанымен түйіні шешілмеген өзекті мәселе ретінде ашық қалып отыр. Махамбеттей ел қалқаны болған тарихи тұлғаны еске алу шараларында ауылдық жерлерде арнайы сахнаның жоқтығы-шешімін таппаған мәселенің бірі. Қазіргідей жағдайда бұл мәселелер оңай, бір күнде шешіле қоймасы анық. Дейтұрғанмен, Атырау облысы – донор облыс, көптеген шетелдік фирмалар жұмыс жасап жатыр. Бұл мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешілу жолдары ізделсе, бағдарламаларға енгізілсе деген ұсыныс бар.

         «Көп түкірсе, көл болар». Бұл – халық нақылы. Нақылдың түбінде терең ой бар. Ойдың түбінде игілікті іс жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні-кезінде еліне қамқор, қорған, қалқан болған батыр Махамбет Өтемісұлының есімін мәңгілік ел жүрегінде сақтау мақсатында қажетті игілікті іс-шаралардың барлығы орындалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Алып анадан туады, халықпен бірге өседі. Олай болса, қазақтай қайсар халық тұрғанда Махамбеттей батырдың мұраларына ерекше назар аудару қажет. 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз