«Жалтақтап,жағымпазданғанша» – «Үкілеп үміт артқан» халқыңды ойлан!

Сәрсенбі, 04-Қаңтар 2017 / 12:13
«Жалтақтап,жағымпазданғанша» – «Үкілеп үміт артқан» халқыңды ойлан!

Адамдық!, – деген қайда кеткен,

Сынамай, сөкпей сіз біз десетін?

Не күн туды? басыңызға демеңіз,

Бір бірімізді күндеп, «із кесетін!

                                                                                  Автор

«Алмас қылыш қынға тоқтайды – Адал жандар шынға тоқтайды», -деген қазақтың мақалы бар. Сондай-ақ, «Аларың қалса да – айтарың қалмасын», -деген бір тәмсіл сөз барды. Мен неге мұны айтып отырмын?! Күні кеше-ақ халқы үкілеп үміт артып сайлаған Парламенттегі «кейбір» депутаттарымыздың,әсіресе соңғы кездегі «Орынсыз жағымпазданатын!», «жағымсыз қылықтары» дүйім жұрттыңжүйкесін жұқартып, наразылығын тудырғаны белгілі. Бұл жағдай «Жатқан жыланның құйрығын басты»-ның кері болды деуге болады. Олай дейтінім, бұқара халық бүгінгі биліктегі кейбіреулер  ойлағандай сауатсыз, мәңгүрт тобыр емес қой! Кімнің де болсын  жаман мен жақсыны, ақ пен қараны айырарлықтай сауаты бар!

%d0%b1%d0%b5%d0%b7%d1%8b%d0%bc%d1%8f%d0%bd%d0%bd%d1%8b%d0%b9Парламенттің киелі мімберінен «жағымсып – жағынудың», «патшаға табынудың» «екіжүзіліктің» үлгісін көрсетушілердің алдыңғы легінен көрінгенХуаныш Сұлтанов ағамызбен,бірнеше жүздеген мың оқырманы бар Фейсбук әлеуметтік желісін жаптыруды талап еткен Бекболат Тілеухан Қанайұлы бауырларымыз,осы жағымсыз қылықтарымен халық алдында өздерінің «тірнектеп жиған» абырой беделдерін айрандай төкті деуге болады.Халықтың бұларға деген наразылығы жайлы жазылған сын пікірлерді, тек осы әлеуметтік желінің өзінен-ақ мыңдап оқуға болар еді. Бұл жайлы депутаттарымыз өздері де көріп біліп отырған болар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, бұл жерде солардың ішінен қысқаша екі-бір ғана мысал келтіріп көрелік…

Белгілі қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталыұлы:

Мен Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да. Ол Дінмұхамед Қонаевты тақта отырғанда мақтап, тақтан түскенде Колбинге ұнаймын деп сынағандардың бірі! Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ (1987ж.) пленумында іс пен сөздің алшақтығын, саяси сенімнің төмендігі, саяси тәкәпарлық, менмендік, құр мадақ биліктің беделін түсіретіндігін айта келіп, %d0%b0%d0%b9%d1%82%d0%b0%d0%bb%d1%8bҚуаныш Сұлтанов былай деген еді: «Осы тұста менің ойыма мынадай сұрақ оралады: бірінші басшылықтың атағын аспанға көтерген кім? Көптеген белгілі басшылар, өздері Орталық комитеттің мүшелері,жылдан жылға үдете түсті, әуелі «құрметтіден» бастап, сонан соң не себепті «аса құрметтіге», одан кейін «көрнекті қайраткерге» айналдырды? Халықтың арасында қандай  пікір туғызды, жастарға қандай үлгі көрсетті?». («Социалистік Қазақстан», 17март, 1987жыл.) Ал президентті жарыса мақтаған депутаттар бүгін жастарға қандай үлгі көрсетіп отыр? «Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген осы емес пе? Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды. Президент те қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, мақтатып отыр дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну қауіп деген сөз шыққан.Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары , өзімізді өзгемен салыстырып бағалайды, арзан сөздерге  алданбайды. Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білу саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр», – деген профессор ағамыз, бүгінгі Палмаменттегі бір ғана кейіпкеріміздің бар болмысын бағалай отырып, біздің жоғарыдағы тұлғалардың саяси  мәдениетінің жетіспеушілігін «Соқырға таяқ ұстатқандай» етіп, өзінің ой пікірінде ашық жазыпты. Елдің, халықтың тағдырын шешеді деп сенім жүктеген депутаттарымыздың сиқы осы болса, бұған не деуге болады, ағайын?!Әлемдегі талай елдің парламент, сенат депутаттарының отырысын қарап отырсақ, біздегідей жаппай жалаң сөз қуып, жалтақтап – жағымсып жатқандарды көрмейміз. Керісінше, елінің, халқының тағдыры үшін, қоғамы мен жеке бастарының ар тазалығы үшін, қызыл кеңірдек болысып, жаға жыртысуға дейін барып жататынын талай көрдік! Алайда, біздің депутаттарымыздан ондай қызу іскерлікті әзірге көрдік деп айта алмаймыз. Барлығының дерлік айтатындары, тек жеңіс пен жетістігіміз ғана. Немесе, біреулеріміздің ғұмырымыз жетпейтін болашақтың қияли ертегісі! Сөз бен істің айырмашылығы жер мен көктей! Бізде депутаттарымыз қызу талқыға салып, түбегейлі біржақты шешімге келтіретін, кезек күттірмес мәселелер шаш етектен десек те болады. Бірақ, депутаттарымыз ондайға белсене барып жатқан жоқ. Отырыстарда, өздерінің кейбіреулерінің алаңсыз мүлгіп ұйықтап алатындарындай, жалаң сөздері мен халықты сендіріп алдаусыратып қойып, қоғамды да өздеріндей тыпа-тыныш мүлгітіп қойды! «Сен тимесең мен тимен», – дегендей, өздерінің жайлы орындарында отырып алып,«Мүлгіген өлі қоғамда» өмір сүру, асарын-асап жасарын жасаған кейбір депутаттарымызға ыңғайлы болғанымен, бұл ең бергісі еліміздің жаңаша серпінмен бұдан да қарқынды дамуына,күн санап ластанып бара жатқан қоғамымыздың тазаруына, халық тірлігінің бұдан да жақсарып түлеуіне кері әсерін тигізіп отырғандығы айтпаса да белгілі жағдай! Сол үшін де «Енем саған айтамын, қызым сен тыңда!», -дегендей, Қуаныш Сұлтанов ағамызға бағыттай отырып,өз ой пікірімді бұл жерде ашық айтайын!

Құрметті Қуаныш Сұлтанов аға!

Сіз сонау совет заманында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып, кейіннен біраз жылдар дипломатиялық қызмет атқарып, 2001 жылдан бері қайтадан бірде сенат, бірде мәжіліс депутаты болып келе жатқан қазіргі депутаттарымыздың ішіндегі ең тәжірибелі адамдардың бірісіз. Халық сіздердің сіңірген ұшан-теңіз еңбектеріңізді жоққа шығармайды, әрине. Еңбектеріңізге лайықты сый-сияпаттарыңызды да алған адамсыздар. Кезінде өзіңіз «жалт беріп жағынып, тәу етіп табынған» Мемлекет және қоғам қайраткері, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың; «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.» -дегенін,  сіз бізден де жақсы білесіз! Сіз сол кемеңгер ағамыздан үлгі алмадыңыз ба?! Халық сіздерді сыйлайды, құрметтейді. Сіздер еліміздің тәуелсіздігінің нығаюына, өркендеп дамуына, гүлденіп көркеюіне зор үлес қосқан адамсыздар. Сол үшін де халық бүгінге дейін сіздердің сол еңбектеріңізді елеп,сіздерге құрметпен қарап келді. Алайда сіздер соңғы кездері,сол халықтың құрметіне лайық бола алмағандарыңыз өкінішті-ақ!

%d2%9b%d1%83%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d1%88Әр нәрсенің шеті, шегі деген болмай ма?! Елбасын қолдауларыңызға ешкім де қарсы емес. Әрі, Елбасымыз қолдаушылар мен сіздер сияқты «жағымсып жақтаушылар мен жалаң мақтаушыларға» да кенде емес! Елбасымыз: «- Мені қолпаштап мақтағандарыңызды тоқтатыңыздар, мен ондай сөзге алданатын жаста емеспін!!!», -дегенді Тәуелсіздік мерекесінің жиынында да қайталап айтқаны естеріңізде шығар! Шын мәнінде бүгіндері ісі де, жасы да «Қарттар үйіне» лайық болып бара жатқан «Парламент үйі» -аттыкиелі орынды,енді бұдан әрі қорламаңыздар! Ол орын сіздердің осы қылықтарыңыз сияқты ойларыңызға келгенді қаусап, еріккеннің ермегі болдыратын орын емес! Ол – Ел тағдырын шешетін киелі орда, қасиеттіорын! Сол үшін де оған лайықты білімді жастарға өз қадірлеріңізбен орындарыңызды босатып беріп, «Бейнеттеріңіздің зейнетін көріп» немере-шөберелеріңіздің жанында алаңсыз ғұмыр кешкендеріңіз абзал болар еді! Бұл сөзім сол Парламенттегі «Асарын асап – жасарын жасаған», өзіңіз сияқты ел ағалары,бүгінде жасы 80 -ге келген Владислав Косарев, жасы 75-тен асқан Розақұл Халмұрадовтан бастап, жастары 70-тен асқан Уәлихан Бишімбаев, Төлеш Кенжин, Шалатай Мырзахметов, Қанат Саудабаев  және Алдан Смайыл сынды ағаларымыздың да құлақтарына алтын сырға демекпін!!!. Сіздердің саналарыңызға сіңген Кеңес дәуірінің идеалары мен «Атақ аброй үшін жағымсып – жағынудың» үлгі өнегелері, бұдан былай бүгінгі жас мемлекетіміздің болашағы үшін, әрі жас мемлекетіміздің болашақ иегерлері жастарымыз үшін де құт әкелмесі хақ! Жаңа мемлекетке жаңаша идеамен, жаңаша көзқараспен қарап, сергек ойлап, серпінді жұмыс жасайтын жастар қажет!!! Осыны түсініңіздер, құрметті ағалар!!!

Қадірменді Бекболат Тілеухан Қанайұлы бауырым!

Мен сіз жайлы мағлұматтардан толық хабардармын десем де болады. Шынымды айтсам, халық арасында атақ абыройыңыз да, беделіңіз де өзгелерден анағұрлым биік, нағыз ұлтжанды деп танылған азаматсыз. Алай да, сол қадір қасиетіңізді, өзіңізді құрметтейтін халық алдында әп-сәтте-ақ шайып алғаныңыз, өкінішті-ақ! Сіз (05/12/2016 ) -да өткен «Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестігі және дамуы мәселелері %d0%b1%d0%b5%d0%ba%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82туралы» Мәжілістегі Үкімет сағатында фейсбук желісінің Қазақстанда саяси аренаға айналып кеткеніне қынжылыс білдірдіңіз. Оны Baq.kz. –тен оқып білген бұқараның өзіңізге деген наразылығы мен қарсылығын, осы желіден өзіңіз де көріп біліп отырсыз! Сіз: «Баяғыда мінбеге шығып, сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегің, қоғамда пікір айтатын беделің болуы керек еді. Баяғыда, ең болмаса пікір айту үшін 100 қойдан 101 қозы алуың керек болатын. Ал қазір ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болатын заман туды. Шексіз майдан басталып кетті. Тізесіне ноутбугын қойып ойына келгенін жаза береді. Еліне құрметі қалған жоқ. Мұның бәрі, біріншіден, мәдениеттің жоқтығынан. Тектіліктің болмауынан деп ойлаймын. Мысалы, фейсбук АҚШ-та отбасымен балық аулауға барғандары секілді демалыстарының суретін салатын әлеуметтік желі болып саналады. Ал, бізде, Қазақстан қоғамында бұл саяси аренаға айналып отыр. Осыны ауыздықтау үшін не істеу керек деген мәселе Ақпарат министрлігінің алдында тұр», -дедіңіз! http://qamshy.kz/home/show/13243

Міне, қандай сорақылық! Осылай айтуға халықтан ұялмадыңыз ба?! Әлде сол халықты «Айтқанға көніп айдауға жүре беретін надан, мәңгүрттенген тобыр деп ойладыңыз ба?!». Кезінде марқұм Заманбек Нұрқадыл ағамыз: «Ақылды билік – наразы халықтың себебімен күреседі, Ақымақ билік – наразы халықтың өзімен күреседі!», -деген екен. Осыған қарап сіздердің деңгейлеріңізді де шамалау қиын емес-ау.. «Сақ адам сандығын бекіте алады. Есті адам тілін тия алады. Бірақ, ешкім ойын тия алмайды.», -деп Шәкарым бабамыз бекер айтпаған ғой! Жалпы елдің зиялысы да, тірегі де сіздер ғана емес қой! Сіздердің деңгейлеріңіздегі зиялылар елімізде жүздеп, мыңдап саналатынын ұмытпаңыздар! «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін – Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» -демекші, халқының қадірін біліп оны құрметтемесе, оларға пайдасы тимесе, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып олармен санаспайтын болса, ондай депутаттардың халық үшін қажеті қанша?! Ал, мұндағы сіздің шамбайыңызға тиіп отырған әлеуметтік желідегі бірнеше мыңдаған халықтың еркін өрбіткен ой пікірлеріне келсек, ол –  біздің бүгінгі қоғамымыздың шынайы бет-бейнесін айқындап, саралап-салмақтап отырған «халық» атты «әділ- таразы» екендігін сіз басқалардан да артық біліп, түсінуіңіз керек еді!!! Елімізді өркендесін, дамысын деген билік,сіздер сияқты халықты надандыққа, қараңғылыққа итермелемейді! Керісінше, олардың пікірлерімен санасып, сол халықты толғандырып жүрген мәселелерге дендеп көңіл бөлмес пе еді!.. «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» -демекші, мынау халықтың арқасында жайлы орынға жайғасып алған соң, ойымызға келгенін істейміз  десеңіздер оңбай қателесіздер! Сіздердің көздеріңіз екеу болса, халықта миллиондаған көз бар! Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бергі ширек ғасырда, ғасырға татырлық жетістіктерге жетті десек, ол – Елбасымыздың салиқалы саясатын бір ауыздан қолдап, Елбасымыздың тірегі болған осы халықтың адал еңбектерінің, төккен маңдай телернің нәтижесі екенін ұмытпаңыздар! Қай елде болсын қоғамды құратын да, керек десеңізоны күйрететін де сол халықтың өзі екенін естен шығармаңыздар! Сөз соңында айтарым: Әйгілі ғұлама Лұқпан хакім бірде баласына былай деп өсиет айтқан екен: «Ұлым, даналық немесе хикметке жеткің келсе – жүрегіңді өлі күйге душар етпе, міскін көрсең бірге отыр, адамдарды мақтауға арналған мәжілістен қашық жүр, төмен адамдарды қадірле, құлды азат ет, ғаріпке пана бол, пақырға қолыңды соз. Осылай жасап дағдылансаң, көлденең қауіп-қатерден аман жүресің, бұл амалдар соғыссаң құралың болады, жалаңаш қалсаң шапаның болады.», -деген екен. Сондай-ақ, «Өмір атты теңіздегі басты шырағың – адамдығың. Одан айырылсаң, бағыт-бағдарыңнан айырылғаның, жолыңнан адасқаның!», -деп  Әкім Ысқақ ағамыз айтқандай, адамдық деген ұлы қасиеттеріңізді жоғалтпаңыздар, ағайын!

«Кейде, бір минуттық сабырлығыңыз – сізді жүз күндік өкінуден құтқаруы мүмкін», -деген Қытай халқының нақыл сөзі барды. Сол айтқандай, сіздер сияқты елдің, халықтың тағдырына жауап беретін тұлғалар, әрбір істе қызбалыққа салынбайсабырлық танытып, «Әліптің аяғын бағып», -дегендей ойланып сөйлеудің еш артығы болмас еді! Мен сіздердің еңбектеріңізді жоққа шығарып сынап-мінейін деген ойдан аулақпын. «Тасада жатып тас атқанша» айтарымды Ақсақал ретіндеашық айтқаныма түсіністікпен қарарсыздар деп сенемін! Бұған оқырман қауым да өз ой пікірлерін ашық айтып қоса жатар деген үміттемін!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

16 Comments on “«Жалтақтап,жағымпазданғанша» – «Үкілеп үміт артқан» халқыңды ойлан!

  • Қарақат

    Үшеуінде оңдырмапсыз.Әсіресе анау Бекболатты…Сіздің жазғаныңыздан кейін бір нәрсе деу қиын.Осы мақаланы оқып,көзі ашық Бекболат ойланса болды….

    • Мақала тек екі депутат-қ. Сұлтановпен Б.Тілеухан туралы. Ал А. Айталы ағамыз Қ. Сұлтановты аяйтындығы…, жағымпаздықтың сорақылығы туралы жазған

  • Ақын Көкше

    Бізде жасалған шаруа бар, бірақ соншалықты мақтануға әлі ерте деп ойлаймын.Тілдің жайы әлі саяси ойынның құрбаны,істі сеніп тапсырған шенділерде ынсап жоқ, жемқорлық кәдімгідей бір жүйеге қойылған. Қара халықтың басында ылғыйда, кімге немді беріп қандай шаруамды реттеп алсам деген ой жүреді. Жоғарыдан ұлтымыздың сапасына қатысты іс әрекеттерді көріп отырған жоқпыз. Кейде қазақ жалқау деп жатады, онымен келіспеймін. Оларды дұрыс жұмысқа жолатпайды, мүмкіндік бермейді.Нәтижесінде қазақ-охрона, құрылысшы, пәтер жалдаушы ретінде көрінеді. Менің ойымша қазіргі мемелекетіміздің ұстанымына қарасақ, қазақ туадан еңбекқор, саясаткер болуы керек секілді.Бұл жерде талдап айтып жатудың қажеті жоқ, қара халықты жігерлендіріп, қолдайтын кез әлдеқашан жеткен деп ойлаймын. Жалпы елдің бірлікте тату болғаны бәрімізге керек. Ал ешбір нәтиже жоқ, ылғый күту, төзу, ол не нәрсе?. Тіптен ең құрығанда тілдің жайы мен жемқорлық мәселесін жоя алмадық ғой деген арман бар. Автор мақтау мәселесіне келгенде асыра сілтейтінімізді тілге тиек еткен. Жасыратын несі бар кейде теледидар көріп отырып, кіретін тесік таппай жер шұқыйтынымыз бар. Жалпы сын ашық әрі шын болса нәтижелі болады деп жатады ғой.

    • Көптің ойынан шығатын мақала екен, “Нәтижесінде қазақ-охрона, құрылысшы, пәтер жалдаушы ретінде көрінеді” осы күйге қалай жеттік деген ой мені де мазалайды,қызыл дипломмен ХҚК орталығында отырған қаракөз қыздарымыз қаншама 65000 айлықпен, ал бұл жұмыста басқа ұлт өкілдері жоқтың қасы , жер алып тірнектеп үй салып жүрген де қазақ баласы, өз елінде.жетімнің күйін кешіп, айта берсе әңгіме көп, мақала авторының” Халық сіздердің сіңірген ұшан-теңіз еңбектеріңізді жоққа шығармайды, әрине.” деген пікірімен келісу де қиын сияқты,оны жер дауы туындаған кездегі ағамыздың бірауыз сөз айта алмай қашқақтағанынан көргенбіз. Депутаттар да ел қатарлы жұмыс жасап ,маңдай терімен күн көруі керек сияқты,сонда ғана халықтың жағдайымен санасатын болады .Неге депутаттарды сала-сала бойынша сайлап,өз саласында жұмыс жасап ,арасында шақырту арқылы мәселені талдап алып,қайтадан елге жіберіп отырмайды,иіріп астанаға жинап алып жағдайын жасап,”халықтың үстінен” күн көргізбей… Ел қатарлы айлық алсын, астанаға іс-сапармен барсын, менде мұндай идеялар көп. Елбасына ұсыныс қылып айтар едім …

  • Нышанбек Курсакбай Улы Суйншибаев

    Оларға үміт артқандар барма екен?! Ал, мен олардан да, биліктен де үміт үзгенмін!

  • Марат Жалгасбаев

    Толық,оқып шықтым.Кадр бәрінде – шешеді,деген Сталиннің даналық сөзіне Нұрсұлтан Әбішұлы назар аударып қана қоймай мән беруі керек.Кадр таңдау саясатына,бүгінгідей жауапсыздықпен қарағанда немесе төзбаған қолғап сияқты ауыстыра бергенде,2 дүниежүзілік соғысты жеңе алмайтын еді,экономиканы дамыта алмайтын еді.Ол кісі,біліміне қарамай,адамгершілік ары таза,адал ниетті адамдарды қамқорлығына алды,адал еңбегін әділ бағалап биікке көтерді.Оның себебі,адал ниетті адам;кез келген жағдайда саяси шешімді дұрыс қабылдайды

  • Жамел Қабдығали

    Бір қылығың еске түскенде молаңның басына барып өлгім келеді, енді бір қылығың еске түскенде тереңірек қазып, қайта көмгім келеді…депті марқұм жолдасы туралы Ғабең…..
    Бекеңнің өнері, ұлтжандылығы керемет еді… ханға қарсы шықпау керек деген пəлсапаны ұстады ма..қимайсың ондай айтқанына… Қ.Сұлтанов ағамыз туралы ештеңе айтпаймыз, білмейміз өйткені..

  • Қарақат Саурықтегі Сағатбекқызы

    Тыңдар құлақ болса,жетесіне жеткізіп жазыпсыз.

  • Адаймын

    Багдал есиминде келиспеген екен сег кимсин… сандалбайсын сени жазушылар одагынын мушеси деген атка лайык емессин ау.. . Сен шириген жумырткасын Бекболат агамда не ошин бар… албасты неме не жазып карыккылдын жазган шимайынды ешкимде окымайды далбаса… казакка бир пайдан жок кыртубай бос белбеу рухани сокыр кешше. Бекболат агамнын тырнагынада тамайсын. Пайдасынан зиянын коп казакка .

    • Қарақат Саурықтегі Сағатбекқызы

      Адаймын .. деген бауырым тым артық кеткен жоқсың ба? Өзіңнің мұндағы айтып жазғаның өзіңе жөн болып тұрса мейлі жаза бер. Біреудің ар намысына тию, оны былағаттап даттау қылмыс екенін біліп қой бауырым! Құқық қорғау органдары арқылы сені тауып арыма тигенің үшін жауапқа тарттырудың қиын емесін есіңде сақта бауырым. Мен Бекболат бауырымның арына тиетіндей жаман сөздер жазбадым. Тек, аңдамай сөйлеудің кесірінен абыройын төгіп алғандығын баса айттым. Әр нәрсеге сабырлық танытып үйренгенің жөн болар, бауырым!

    • Бағдал Ақынұлы

      Адаймын .. деген бауырым тым артық кеткен жоқсың ба? Өзіңнің мұндағы айтып жазғаның өзіңе жөн болып тұрса мейлі жаза бер. Біреудің ар намысына тию, оны былағаттап даттау қылмыс екенін біліп қой бауырым! Құқық қорғау органдары арқылы сені тауып арыма тигенің үшін жауапқа тарттырудың қиын емесін есіңде сақта бауырым. Мен Бекболат бауырымның арына тиетіндей жаман сөздер жазбадым. Тек, аңдамай сөйлеудің кесірінен абыройын төгіп алғандығын баса айттым. Әр нәрсеге сабырлық танытып үйренгенің жөн болар, бауырым!

  • Бағдал Ақынұлы

    Кешірім өтінемін! Жазған пікірім Қарақат Саурықтегі Сағатбекқызы қарындасымыздың атынан мұнда түсіп кетті, қателігіме түсінікпен қарауларыңызы өтінемін!

  • арман зейнеткер.

    Жағымпаздар әсіресе бастарын белсенді көтере бастады менің ойымша; біздің Ельбасы қыздарыма орнымды тапсырмаймын деп жариялағаннан кейін. Енді ағайындар түсінген шығарсыздар…..???

  • Қ.Сұлтановты аға дегім келмейді. Менің ағам – намысты, адал, кемеңгер және иманды адам. “Вечный депутат” Сұлтанов ағамның басқан ізіне тұрмайды, ондай “мазақ” маған аға емес.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз