Жалғыздық – жаза ма, әлде рухани кемелдік белгісі ме?

Бейсенбі, 16-Ақпан 2017 / 15:39
Айдары: Діл
Жалғыздық – жаза ма, әлде рухани кемелдік белгісі ме?

Адамзат қоғамы дамыған сайын әлеуметтік проблемалар да ушыға түсті, – адамдар кәдімгі қарапайым, адами қарым-қатынастардың жетіспеу­шілігінен зардап шегуде. Бұрынғы адамдар үшін де  жалғыздық өте қорқы­нышты болды, өйткені, ол қоғамда жападан-жалғыз өмір сүру азапты, қиын, қауіп-қатерлі еді. Ол кезде адамдар тек бірігіп, қауымдасып тіршілік кешкенде ғана тірі қалды. Тек ұжымдасқанда ғана шаруашылық жүргізуге, жауға қарсы тұруға, өмір сүруге болатын.

Ал, қазіргі ғылыми-техникалық жетістіктер, инновациялар, жаһандану және т.с.с.табыстар қоғам мүшелерінің арасындағы тығыз байланысты әлсіретті, жоюға дейін жеткізді. Қазір жетістікке жету үшін ұжым болып жұмысқа кірісу міндетті емес, – айталық, мәдениет, жоғары технологиялар, ғылыми зерттеулер саласында. Мұның өзі жалғыз өмір сүру салтын одан әрі  ынталандырады: ол адам социуммен тығыз байланыссыз-ақ табысқа жете алатынын біледі. Әрине, әрбір индивид қарым-қатынасқа, контактіге бару қажеттілігін сезінеді, тек бұл қажеттілік, мұқтаждық басқа күйге түсті, өзгерді, түрленді, жалған форма алды. Оның ішінде әлеуметтік желілер, интернет мүмкіндіктері, коммуникацияның өзге де түрлері арқылы қажеттілікті қанағат­тандыруға болатындай көрінетіні заңды. Мұндай  псевдоеркіндік қалыпты өмір салтына айналады, олар кейде, тіп­ті, отбасылық байланыстарды үзеді, дәс­түрлі  құндылықтардан жерітеді. Олай болса, жалғыздық жағымсыз құбылыс па, жоқ әлде қалыпты жағдай ма? Ол тұлғаның ішінде ме, жоқ оның айналасында ма? Міне, осы және өзге де осы тақылеттес сұрақтар көп ойға жете­лейтіні анық.

Осы бір көпқырлы әрі жұмбақ құбылыс (грек тілінде phainomenon – «құбылыс», болған, бар нәрсе деген мағынаны білдіреді, яғни, айрықша, сирек оқиға немесе ерекше қасиеттерге ие адам) бұрыннан бар болғанмен, оған деген көзқарастар қай кезде де әртүрлі. Біреулер оны теріс құбылыс, жамандық деп біржақты қабылдауға бейім, ал екіншілері жалғыздық адам үшін қалыпты жағдай, оның пайдасы көп деп есептейді. Абайдың қара сөздерінде айтылатындай: «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?» (37-сөз). Ал, жалғыздықты игілік санайтындар үшін әрбір адам өз еркімен бір уақыт жалғыз қалып, өзімен өзі тереңдеп ойға шомуы қажет. Бұл іспетті жалғыздықты қалау өзгелерден оқшаулануға, даралануға  ұмтылудың бір түрі (Сартр). Немесе, үшінші көзқарас жалғыздық адам болмысының бір бөлшегі, қаласа да қаламаса да әр адам бұдан қашып құтыла алмайды деген пікірге кеп саяды. Біз жалғыз болып туылдық, жалғыз өлеміз, бұған көну керек, тіпті, ең жақын адамыңның өзімен толық үйлесім табу мүмкін емес. Жеке басыңа түскен азапты жүгіңді басқа біреуге артып қоюға болмайды, оны тек өзің көтеруге міндеттісің.

Жалғыздыққа деген мұндай көзқарас философиялық ой-толғамдармен ұштасып жатыр. Айталық, философия ғылымы жал­ғыздық сезімінің бастауына, оның те­рең­де жатқан болмыстық және рухани негіздеріне үңіледі. Мұнда оның төрт өлшемі, бейнесі көрсетіледі: космостық, мәдени, әлеуметтік, тұлғааралық жалғыздық.

Ғарыштық жалғыздық  – адамның әлемнен, ғаламнан, табиғаттан алшақтауын сезінуі,  оның «өмірлік бағдарламасының» іске аспауы, оны қоғамның елемеуі, өз ізін қалдырмауы жайлы ойлар мазалайтын рухани хал. Мәдени жалғыздық – индивидтің өзі өмір сүріп отырған нақты мәдени орта жөніндегі құндылықтары, идеалдары, түсі­ніктерінің айналадағы адамдардан қолдау таппауы. Оған, бәлки, басқа жақтан қоныс аударып келуі, қоғамның қайта бағдарлануы (төңкеріс, реформалар), әке мен бала жанжалы, ескі мен жаңаның күресі себеп болуы мүмкін. Не болмаса, жеке тұлғаның интеллектуалдық деңгейінің жылдам дамып кетуі, сөйтіп жақын адамдарымен тіл табыса алмауы да әсер етеді (Мартин Иден синдромы). Әлеуметтік жалғыздық – адамның қандай да бір топтан шығып қалғанын сезінуі немесе топқа кіре алмауы. Мысалы, жұмыстан шығу, зейнетке шығу, командадан шығып қалу, қуғын-сүргін көру, жаңа ортаның қабылдамауы, т.б. Әлеуметтік жалғыздыққа, әсіресе, балалар мен қарттар тез ұшырағыш келеді.

Әлеуметтік жалғыздыққа тап болу­дың зиянды салдары басым. Әлеу­меттен тыс қалған адам өзін тастанды, лақ­тырылған, ұмытылған, сыбағасыз қалған, жоғалған, керексіз сезінеді. Бұл өте азапты сезім, жақын жандарымен  байланыстарының үзілуіне мүлдем болмауы, өзін үнемі қолайсыз сезіну, өткеннен бас тартып, болашақтан баз кешудің ортасындағы хал, алдағы күн­нің белгісіздігі. Өзін ешкімге керексіз сезінген кезде өмірінің құнсыздығы жайлы ойлары ілесе жүреді, мұндай сезімдер сары уайымға әкеп соғады. Америкалық  зерттеушілердің мәліметі бойынша, өз ортасынан оқшаулануға тап болған адамдардың иммундық жүйесі әлсірейді, ол тәндегі теріс өзгерістерді жеделдетеді, ауруға шалдыққыш келеді. Оқшаулану ұзаққа созылған сайын денсаулыққа әсері де күшейе түседі. Психологтардың жүргізген зерттеулеріне сәйкес, адам бойындағы жалғыздық сезімі миды басқаша жұмыс істеуге мәжбүрлейді, ми­дың электрлық белсенділігі өршіп, ол бейне экстремалды жағдаятта жүрген адамға ұқсайды, сәт сайын айналасынан қауіп-қатер күтеді. Олар, тіпті, өлім қаупіне жақын өмір сүретіні де содан. Өйткені, жақындарынан жырақ қалған адам бейсаналы түрде социум тарапынан қатер сезінеді және одан қорғанады, жан-жағындағылардың бәрі жат, дұшпан көрінеді. Бұл адамдардың жалғыздықты субъективті сезінуінің мы­салы.   Жалғыздық оның ақыл-ойын билеп, барлық жерден қауіп-қатер көруге итермелейді және өзін-өзі сақтау тетігін күшейтеді. Сол себепті, әлеуметтік жал­ғыздыққа тап болған жандар өз мінез-құлқын және басқа адамдарға көз­қарасын қайта қарауға тырысуы қажет деп есептейді ғалымдар. Мұндай жағдаят ұзақ уақытқа созылса, неврозға әкеп соғуы ықтимал.

Философиялық мағынадағы жалғыздық феноменінің келесі түрі – тұлғааралық жалғыздық – адамның басқа бір нақты, жалғыз және қайталанбас тұлғамен (туысы, досы, сүйіктісі) рухани байланысының жетіспеушілігі немесе оны жоғалтып алғанын сезінуі. Бұл терең психологиялық күйзеліспен қатар жүретін сезім, орны толмас өкініштің дерті. Жесір қалу немесе ажырасқаннан кейінгі бейдауа көңіл-күй. Тіпті, бір отбасында, бірге өмір сүріп те жалғыздықты бастан кешетіндер бар. Осы тұрғыда психолог ғалымдар жалғыздықтың екі типін көрсетеді: 1) эмоционалдық – жан жақындығының, жылуының жоқтығы, махаббат пен жұбайлық қатынастардан тыс өмір; 2)  әлеуметтік – индивид үшін маңызды  достық,  әріптестік байланыс­тар мен қандай да бір ортақтық сезімінің болмауы. Қазіргі қоғамда  жұбайлық өмірден тысқары қалған көптеген қыз-келіншектер мен ер адамдар өз теңдесін, серігін таппауы, кездестірмеуі немесе жоғалтып алуы себепті жалғыз өмір кешуге мәжбүр екені рас. Екі нұсқа үшін де ортақ тұжырым, – демек, жалғыздық индивидтің әлеуметтік өзара әрекеттестігінің, байланысының же­тіс­пеушілігі нәтижесінде пайда болады. Бірін­ші тип бойынша, нақты адамға (ер немесе әйел) мұқтаждық, адами қатынастарда сенімді адамды таба алмау, тілектерінің орындалмауы; екіншісінде – әлеуметтік қатынастың қолжетімді ортасының болмауы, қызығушылықтары бір, мақсаттас-мүд­делес адамдарға мұқтаждық. Кел­ті­ріл­ген тұжырымдардың негізінде адам жалғыздыққа ерікті түрде, яғни, тұлғалық қасиеттерінің ықпалымен не болмаса мәжбүрлі түрде, социумның әсерімен түседі деген ой түюге болады. Мысалы, кейбір адамдар өзін топпен, тобырмен бірдейлендіруге саналы түрде қарсы. Алайда, мұндай саналы түрде жалғыздықты таңдау әлеуметтік ортадан қашуды білдірмейді, бұл – рух еркіндігі, жанның жалғыз қалуды аңсауы, қалауы. Бұл негізінен шығармашыл тұлғаларға тән. Шығармашыл адамдар жалғыз қалуды  шабыт алудың, еркіндіктің, қуаныштың көзі деп есептейді. Мұндай жалғыздық  – жасампаз күш. «Ғылым көпке келген жоқ, бірден тарады» (Абай). Өз ортасынан, айналасындағы адамдардан ақылы артып туған тұлғаға бұл пайдалы да, өйт­кені, көбінесе айналасы оның еркіндігін шектейді, шығармашылыққа берілуіне кедер­гі жасайды.

Рухани биікке көтерілген сайын, адамның жан-жағында өзін түсінетін адамдардың, ортасының азаятыны түсі­нікті. Мұндай феноменді жалғыздық деуден гөрі, жалқылық, даралық деген жөн сияқты. Әлбетте, даралық та  жалғыздықтың бір түрі, бірақ, ол негі­зінен сол адамның өз қалауымен болады және ол одан ләззат, шабыт алуы міндетті. Қай дәуірде болмасын, өз ортасынан ерекшеленіп туған адамдар әулие, данышпан, ойшыл, атақты ғалым, т.с.с. ұлы адамдардың өмірі осылай өткені тарихтан белгілі. Данышпан адам үшін өзін айналасынан оқшаулану, айналасынан безіну, жалғыз қалу – рухани кемелденудің, өзін-өзі жетілдірудің, өз бойындағы бүкіл қабілеттерін толық жү­зеге асырудың бір шарты. Адамзат қоғамын алға жетелеген бүкіл жаңалық атаулы соны ойлап тапқан адамның жалғыз қалып, жайлылықта ой кешкен шабытты сәтінде дүниеге келген.Бұл үшін ол күнделікті күйкі тіршіліктен, оның кейбір қызығынан (қалыпты адамдар үшін қызық саналатын) бас тартады, болмыс-бітімін жалғыздықпен үйлестіре өмір кешеді. Оның айналамен қарым-қатынасының дәнекері, адамдармен, тірші­лікпен байланыстырушысы – оның туындылары, ғылыми жаңалығы, еңбегінің нәти­жесі. Демек, дана адам жалғыз болса да, сол болмысымен-ақ бүкіл адаммен біртұтас ғұмыр кешеді.

«Мен кіммін? Мен не үшін бармын? Кім үшін өмір сүрем?».  Адам жалғыз қалған кезде ғана өзіне осы сұрақтарды қоя алады және бұл үшін адам белгілі бір рухани деңгейге жету керек. Адам өмірінің мәселесі, өмірдің құпиясы мен тылсымдығы, өз «менінің» ар жағынан бүкіл адамзатты көру – дара туғандардың еншісі. Осындай философиялық тұрғыдағы жалғыздық феномені  – өзінің ішкі әлеміне үңілудің тәсілі, өзін табуы, тануы. Бұл негізінен кемел адамдар үшін қажетті және маңызды қасиет, ішкі еркіндіктің өлшемі. Дарынды адамның жалғыздығы шығармашылыққа қуат береді, айналамен өзара қатынасына игі әсер ететін құбылыс. Жалпы, трансцендентализм өкілдері интеллектуалдық оқшаулану идеясын қолдайды, тұлғаның шығармашыл күштерін белсенді ету үшін жалғыздықты таңдауын мақұлдайды. Данышпан адамдар жалғыздық сәтін жиі бастан кешу арқылы тұлғаға айналады, оның қайталанбас, ерекше қасиеттері дами түседі. Бұл – рухани тереңдік бел­гісі. Өзінің физикалық жаратылысынан көтерілуге ұмтылу, пенделікке сыни көзқарас оны өзгертуге итермелейді, мысалы, аскетизм – адамның тәни қажет­тіліктерінен биік тұруы, пенделікке бас имеуі – рухани өсудің көрінісі. Бұл, әсіресе, діни тәжірибеде жиі кездеседі, ай­талық, Қожа Ахмет Яссауидің өмірдің мәнін нәпсіні тыйып, рухани тазалық пен ақиқат құндылықтардан іздегені мәлім. Ол өзінің адамдық қадірін терең түсініп, парасаттылық пен кемелдік мәртебесіне жету үшін ғаріптікті – жалғыздықты таңдады.

Қазақ «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дейді.Тура мағынасына салсақ, талантты адамдарды құдайға теңеу жиі кездеседі («Поэт, ты – царь. Живи один..». Пушкин). Бұл олардың ұлылығын, өзгелерге ұқсамас даралығын, ерекшелігін мойындау. Нағыз таланттар қай кезде де жалғыз. Абай Құнанбайұлы «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» десе, ғұмы­рының соңғы жылдарын жалғыздықты серік етіп өткізген Шәкәрім: «Қауымнан қаштым қағылып, Оңаша өмір сағынып, Жасымда біткен тағылық, Осы екен ғой асыл да. Ойға оңаша жер керек» деуі жаратылысындағы жалғыздықпен үйлесім тапқан жанының, сыры терең болмысының ерекшелігін, өзгеге ұқсамайтынын көр­сетеді. Осылайша, адамның өзімен-өзі тіл­десе білуі, жалғыздықты қабылдай білуі саналы, кемеліне келген оқшаулану деп танылады және бұл тұлғаға тән қасиет. Тұлға адамның өзімен өзі қалуы, тілдесуі мән-мағыналы, пайдалы, ол үрейден мүлде аулақ, тіпті, оның жаны жалғыздықтан жайлылық сезеді. Бұл оның ерікті қалауы. Ал, жалғыз қалу қорқынышқа, ішкі қайшылыққа алып келсе, онда мұндай адамның жалғыз қалуы өзі үшін қауіпті. Бұлайша жалғыздыққа тап болу оның пато­логиялық сипатын білдіреді, оның себептері саналуан. Айталық, от­­ба­­сындағы қарым-қатынастың дұ­рыс еместігі, әлеуметтік дағдыларды же­тік меңгермеуі, мейірімнің аз болуы, ішкі «мен» мен ортаның арасындағы қай­шылық және т.с.с. Диалогы монологқа айналған жандар, өз қайғысын, мұңын ешкімге тіс жарып айтпай жасыруға мәжбүр болу, жан-жағынан ешбір қам­қорлықты сезінбеу, қолдау таппау, міне, жалғыздық сезімінің ең ауыр, дерт­ті жағдай деп қабылдануы осыған бай­ланысты. Осындай психикалық күрделі жай-күйге түскен адамның қауым­нан, отбасынан, нақтылықтан қа­шық­тауын сезінуі, бұл ақыр соңында тұл­ға­ның дисгармониясына, азапқа, өз «менінің» дағдарысына әкеп соғады. Жал­ғыздықтан қашып, арзан, жалған қызық­­шылықтарға – ішімдік, құмар ойындары, нәпсі қалауы, т.с.с. беріліп кететіндер де осы қатардан шығады. Өз  ойла­рымен оңаша қалудан қорқатын адамдар жалғыздықтан қорғаушыны ойын-сауықтан іздейді. Паскаль, тіпті, соғысты, авантюраларды да адамдар белгілі бір мақсатқа жету үшін жасамайды, бұл өзінен өзі қашудың белгісі дейді. Сондай-ақ, суицидке баратындардың кө­бісі әлеуметтік жалғыздық дерті басына түскен адамдар.

Кейбір адамдар өзінің ерекше екен­дігін әсерлеп, өзін жоғары бағалап, дарын­дылығын өз санасында жасап алып, басқа әлемнен әдейі бөлектенуді құп көреді. Ондай адамдар жақсы көру, сүю, жаны ашу сезімдерінен ада, менмен, тәкаппар келеді.  Оның бойында мекерлік, екіжүзділік пайда болады, кәдімгі отбасы-ошағы бар жандарды, достары көп адамдарды түсінбейді, оларға іштей қызғана қарайды, бірақ, сырттай мойындамайды. Мұндай жалғыздық – адамның осы дүниедегі өз орны мен өмірінің мәнін жете түсінбеуі, айнала әлем­мен үйлесімге келе алмауын білдіреді. Әри­не, әрбір адам өз іс-әрекетін өзі дербес таңдауға қақылы, өз таңдауы үшін өзі жауапты, десек те, оқшаулану, басқа адамдармен қатынастан өз еркімен қашу, көбінесе өзінің жеке басына ғана көңіл бөлу, нарциссизм – әлеуметтік-психологиялық дерттің, жалғыздықтың аномияға  айналуының көрінісі. Кейде «мен жалғыз емеспін» деп, өзін өзі алдау, иллюзиямен өмір сүру жиі кездеседі. Бұл кейде бала кезіндегі зәбір-жападан, кемсітушіліктен қорғану механизмі ретінде пайда болуы да мүмкін. Оның емі – жалғыз қалғаныңды мойындап, мінез-құлқыңды, айналамен қарым-қатынасыңды түзеуге талпыну, жалпыға тән қасиеттерді меңгеріп, топпен бірдей тірлік кешуге дағдылану. Ал, топқа сіңісе алмаған адам жалғыздықты, демек, еркіндікті таңдап, саяқ өмір сүруге келіседі. Алайда, онсыз да әрбір адамның ерекше, қайталанбайтын жан иесі екенін ескерсек, көптен бөлектенбей, бірге өмір сүру, отбасын құру, қартайғанда балалары мен немерелерінің ортасында отыру, жақын достары болудың өзі бақыт екенін тым кеш түсінетіндер, өкінішке орай, көп.

Жалғыздықтың өзгеше бір түрі – билік­тегі жалғыздық. Саяси биліктің шыңы­на шыққан адамдардың жалғыздықты сезі­нуі заңды құбылыс. Бұл, бір жағынан, лауазымына байланысты жауапкершілік жүгін арқалауына келіп тіреледі. Шешім қабылдаудың да өзіндік азабы бар. Кеңес­шілер көп болғанмен, оны таңдап-таразылау билік иесінің өз мойнында.

Жалғыздық – қазіргі ХХІ ғасырдың дерті, әсіресе, ол урбандалған, дамыған елдерге тән құбылыс. Миллиондаған тұрғыны бар қалада тұрып та адам өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Бүгінгі қоғамдағы жалғыздықтың тереңдей түсуіне ықпал ететін себептер көп: біркелкі қалыпты (стандартталған) өмір, интеллектуалдық деградация, айналадағы адамдармен бай­ланыстың әлсіреуі, яғни, қарбалас тірлік, жұмысбастылық, уақыт-ақша ритмі және т.с.с. Тіпті, «ғаламтордағы өмір» деген түсінік пайда болды. Достарың да виртуалды, қарым-қатынастың бәрі интернет арқылы жасалады, әлеуметтік желі – ой-пікіріңді бөлісетін басты орын. Бұрынғыдай барыс-келіс, аралас-құраластық, шын мәнінде сиреп барады. Достарыңмен, туыстарыңмен, тіпті, бірге тұратын ең жақын адамдарыңмен байланыс шектеулі. Бұл үрдіс заманауи қоғамның жаңа проблемасын туғызды – индивидуализмге орын жоқ, мұнда әлеуметтік стереотиптер кең таралған, адам социумда өзімен бірдей, өзінен аумайтын, құндылықтары ұқсас адамдар арасында өзін жалғыз сезінеді. Мұның соңы неге апарып соғарын дәл болжау қиын. Осылайша, жалғыздық феноменінің қыры мен сырын тізбелеуіміз тегін емес. Мұның бәрі нақты адамның өмірге қана­ғаттанбауының себептерін талдауға, осындай ауыр жан жағдайынан шығуға тырысуына көмектеседі. Салдарды жою үшін алдымен оның себебін білу керек. Әйтпесе, жалғыздықтың  салдары ауыр – тұлғаның күйзеліске түсуі, депрессия, суицидке бару, экзис­тенциалдық вакуум, қоғамға қарсы мінез-құлық көрсету. Тіпті, демографиялық зияны да барын жоққа шығаруға болмайды.

Сонымен, жалғыздық адамдардан ерікті-еріксіз алшақтағаның үшін берілген жаза ма немесе керісінше, рухани және жеке тұлғалық өсудің көзі, бастауы ма? Бірақ, жалғыздықты жеке адамның проблемасы деп қарастыру да, оны теріс құбылыс деп жоюға ұмтылу да біржақтылыққа ұрындырары сөзсіз. Ең алдымен,  жалғыздық – адамның ішкі ахуалының құрамдасы, тұлғаның өзіндік санасы және өзін өзі тануы үшін қажетті аса маңызды феномен деген жөн. «Адам о бастан жалғыз, ол өзінің ойы мен сезімдерін өзі ғана түсіне алады, жалғыздықтың бастауы – адамның өзінде» дейді ойшылдар (Камю). Бірақ, мұнда да  шектен шықпаған жақсы. Айталық,  бір сәткі жалғыздықтың жағымды жағы бар, – жанның керегін алу, тазару, өз ЭГОңды қалыпқа келтіру, заттар әлемінен, адамдардан алыстау, – рухани жаңару үшін қажет. Бұл өзіңмен өзің кездесу сәті, қуанышты хал, қалыпты (стандартты) мінез-құлық шарттарынан босанудың бір тәсілі. Жағымды жалғыздық адамға қажетті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді, олар – сыртқы әсерлерге төзімділік, ақыл-ой ерекшелігі, мейірім, өзін сүю арқылы адамдарды сүю, бағалау және т.б. Дегенмен, жалғыздық дүниені танудың құралы бола отырып,  мақсатқа айналмауы тиіс, әйтпесе адам қалыпты өмір сүру дағдысынан айрылады, күйзеліске ұшырайды. Тіпті, атақты талант иелерінің өзі шығармашылықпен бетпе-бет қалудан қанша ләззат алғанмен де, жан жалғыздығынан азап шегіп өткендері жасырын емес. Осылайша, жоғарыда айтылғандай, оқшаулану мен жалғыздық екі бөлек нәрсе. Саналы түрде жалғыздықты таңдағандар – тұлғалар. Оларға оқшаулану – тоғышарлық ортадан құтылу үшін керек. Бұл – тұйықталу емес, нағыз биік үйлесім, рух тазалығы. Бұл – әлемнен қашу емес, соған апаратын жол. Бұл – өзін  өзі танудың шарты, жетілдірудің жолы. Бұл – нағыз шығармашылық адамының болмысы, – өзінің сүйікті ісімен айналысқан адам жалғыз болмайды, оның өмірі мән-мағынаға толы. Ал, әлеуметтік, еріксіз жалғыздық езіп-жаншиды, жегі құрттай жейді, онда еш мағына жоқ. Шынайы «мен» мен идеалды «меннің» сәйкессіздігіне тап болған науқас түрі – невротик білікті кәсіби маман тарапынан көмекке мұқтаж екендігін түсінуі қажет. Яғни, жалғыздық адамның рухани өміріне тән нәрсе, сонымен бірге, ол әлеуметтік құбылыс. Кейде осындай әлеуметтік жалғыздыққа тап болған адам қарым-қатынас тапшылығының орнын толтыру үшін үй жануарларын – ит, мысық, тотықұс және т.с.с. асырап, қиял күшімен де серік табады.

Иә, адам жалғыз туады, жалғыз өледі, ой-пікірі, сезімі, шешім қабылдауы, – өзіне ғана тән, сол үшін де ол жалғыз. Әрқайсымыздың сырт көзден таса, ешкім білмейтін жеке әлеміміз бар. Ол біздің жанымыздың тым терең түкпірінде жасырынып жатыр. Кей-кейде өзіңмен-өзің оңаша қалып, сол түкпірге үңілгенді ұнатамыз. Бірақ, бәрібір де адам толық жалғыздық жағдайында өмір сүре алмайды, ол – қоғамдық жаратылыс иесі. Достық, махаббат, қарым-қатынас іспетті қоғамдық өмірдің басты құндылықтары адам өмірінің мән-мағынасын құрайды.Адам өзінің әлеуметтік табиғи тілектеріне орай ұжымда, қауымда өмір сүруге ұм­тылады, оның іс-әрекеті мен санасы да соған сәйкестенеді, бұл қоғам үшін де пайдалы. Ал, жалғыздық феноменінің мәніне терең бойлау, түсіну оның жағымды жағын қабылдап, теріс салдарын жою, жалғызбасты күн кешудің әдетке, өмір салтына айналып кетуін болдырмауға ден қою.

Дина  Имамбаева,
әлеуметтанушы

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз