Жасөспірім неге өзіне қол салады?

Жексенбі, 15-Қаңтар 2017 / 12:00
Айдары: Ошақ құты
Жасөспірім неге өзіне қол салады?

2014 жылы Астанадағы бір ғана Сарыарқа ауданында жасөспірімнің өз өмірін қиюына ұмтылған 6 оқиға тіркелген. 2015 жылы осындай 20 оқиға тіркеліп, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Ал 2016 жылдың қаңтар-ақпан айында 5 оқиға болып, оның біреуі жасөспірім өліміне әкеліп соқты. Мұндай қорқынышты статистиканы жуырда елордалық прокурорлар жариялады. Қоғамның төбе шашын тік тұрғызған осы мәселенің мәнісіне терең үңілмек болып, Астанада «Жас қазақтың» конференциясын өткіздік. Оған Сарыарқа аудандық прокуратурасының қызметкері Жаңагүл Дәрібаева, №60 мектеп-лицейдің бастауыш пән мұғалімі, психолог-маман Бақытгүл Рымтайқызы, №35 мектеп-лицейдің ұстаздары Алтынай Теміртасқызы мен Жанат Құсайынқызы, «Құқық» қоғамдық қорының психологы Ольга Саратова, «Нұр Астана» орталық мешітінің найб-имамы Әділхан Иманәліұлы, бір топ жасөспірім қатысты.

Жас қазақ: Жаңагүл Қайыргелдіқызы, Сіз соңғы кезде жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары өсіп бара жатқанын айттыңыз. Мұның негізгі себебі неде?

Жаңагүл Дәрібаева: Иә, жасөспірім суициді өсіп келеді. Салыстырып айтсақ, 2015 жылдың қаңтар-ақпанында Сарыарқа ауданында жасөспірімнің өзіне-өзі қол салуына ұмтылған 3 оқиға болса, биылғы қаңтар-ақпанда 5 оқиға тіркелді. Біреуінде ол қайғылы жағдаймен аяқталды. Жалпы сипаттама берсек, суицидке көбінесе отбасылық-тұрмыстық мәселе себеп болады. Мектепте психолог пен мұғалім оқушылармен жұмыс істейді. Өкініштісі сол, мектеп психологы мазасызданған баланы көргенімен, оны шұғыл көмек көрсету бөлмесіне апара алмайды. Ол жолдама береді, бірақ апару-апармау бала ата-анасының өз еркінде. Шындығына келсек, көптеген ата-аналар бұған немқұрайдылық танытады. Сол себептен ата-аналарға дәріс жүргіземіз.

Жас қазақ: Шындап қарасақ, жасөспірімнің өзіне қол салуына қоғамның еті өліп барады. Сұмпайы статистиканы көргенде басымызды шайқаудан әрі аспаймыз. Газет мінберін пайдалана отырып, қоғамға дендеп бара жатқан осы дерттің себебін, болдырмау жолын айтсаңыздар.

Бақытгүл Рымтайқызы: Меніңше, ең алдымен бұған компьютерлік ойындар кінәлі. Қазір ғаламторда баланы қатігездікке, қиялилыққа үйрететін ойынның түр-түрі бар. Ол баланың ойлауын тежейді. Қияли етеді. Ойында қатыгез кейіпкерден ұтылып қалса, қатты қиналады. Компьютер әлеміне кіріп кеткен бала сыртқы ортамен байланысын үзеді. Өз әлемінде өмір сүреді. Ондай баланың сыныпта досы болмайды. Ал жұмысбасты ата-ана бұған көңіл бөлмейді. Әсіресе толық емес отбасынан шыққан бала осыған бейім. Қазір қыз бала «Монстр Хай» қуыршағымен, ұл бала «Человек-паукпен» ойнайды. Суретін салып, макетін жасайды. Қатігез кейіпкерге ұқсағысы келеді. Меніңше, баланың көңілін басқаға бұру керек. Компьютерде баланы мейірімділікке, қайырымдылыққа тәрбиелейтін ойындар жасап шығарсақ. Қазақ кейіпкері көп мультфильм шығару керек. Сонда біз баланы, жасөспірімді жаман нәрседен құтқара аламыз.

Алтынай Теміртасқызы: Мұндай жаманшылықты болдырмау үшін екі нәрсеге көңіл бөлуге тиіспіз. Біріншісі – отбасындағы ұлттық тәрбиеге оралу. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп қазақ бекер айтпаған. Әкесі ұлының, анасы қызының тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлсін. Қыз бала анасымен сырлас болуы керек. Шешесі оның болашақ ана екенін құлағына құйып отыруы тиіс. Қазіргі баланың мінезі тұрақсыз. Шырт етіп, тез ренжіп қалады. Ондайда ерекше көңілмен қараймыз. Қиын отбасынан шыққан баланың психологиясы бұзылады. Мұндайда ата-ана мен мұғалім, психолог пен инспектор бірлесіп жұмыс істегені жөн. Біз әдептілік, имандылық мәселесін тәрбие сағатында көп әңгімелейміз. Мүмкін, арнайы сағат бөлу керек шығар. Екіншісі – мемлекет деңгейінде жүзеге асырылатын шаралар. Қазір қит етсе суицидке ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы кінәлап жатады. Бұл дұрыс емес. Теледидар, ғаламтор желісі баланы бұзатын жаман нәрсеге толып тұрғанда оған тосқауыл қою қиын. Меніңше, теледидар, ғаламтордан адам өлтіруді, асылып қалуды, жабайы эротиканы көрсететін киноға тыйым салатын кез жетті. Жалаңаш тәнді, ұятсыз қылықты насихаттайтын ресейлік арнаның бәрін бұғаулап тастау керек. Қалың көрермен ынтығып көретін түрік, үнді, кәріс топтамасы да ұлттық тәрбиеге кері әсер етеді. Оның орнына тәрбиелік мәні бар мультфильм, қазақша кино қойған абзал. Сонда суицид деген сұмдық сөзді аз еститін боламыз. Бұл жаңадан жасақталатын Парламент депутаттарына, министрлерге халықтың атынан аманат ұсыныс.

Жас қазақ: Ғаламтор демекші, жуырда астаналық прокурорлар «В Контакте» әлеуметтік желісінен суицидті ашық насихаттаған топтың барын анықтаған. Осы топ мүшелерінің арасында елордалық оқушылар да болған. Жаңагүл Қайыргелдіқызы, Сіздер бұған қандай да бір шара қолдандыңыздар ма?

Жаңагүл Дәрібаева: Біз әлеуметтік желілерге, әртүрлі сайттарға үнемі мониторинг жүргіземіз. Мысалы, өзіміз «В Контакте», «Фейсбук», «Инстаграмда» және т.б. ғаламтор ресурстарда тіркелгенбіз. Ондай сайттарды жиі анықтаймыз. Әуелі сол сайтты қолданушы кім екенін білу үшін өзіміз тіркелеміз. Жетекшісімен виртуалды әлемде «достасамыз». Егер сол топ шынында суицидті немесе қандай да бір сексуалды бейнематериалды насихаттайтынына көз жеткізсек, өзімізден жоғары тұрған прокуратураға хат жазамыз. Немесе сотқа шағым арыз түсіреміз. Прокуратура мен сот әлгі сайтты не әлеуметтік желідегі парақшаны жабады. 17 наурызда ведомствоаралық жиын өткізіп, «В контакте» желісіндегі топқа қатысты ақпаратты мектеп директорларына жеткіздік.

Жанат Құсайынқызы: Біздегі үлкен мәселенің бірі – балаға, жасөспірімге, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беретін жеке арнаның жоқтығы. «Балапан» арнасы сұранысты толық қамтамасыз етпейді. Суицид деген сұмдыққа бала ұрынбас үшін, қазақша отбасылық арна ашуымыз керек. Сол арнадан қазақы тәрбиеге қалай оралудың жолдарын көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қазіргі жасөспірім теледидардан әншінің, актердің өмірін әңгімелейтін арзанқол шоудан шаршады. Оның орнына отбасылық құндылықты насихаттайтын тартымды бағдарлама ашайық. Балалар қызығатын ойын-сауық, танымдық бағдарламаны көбейтуге болады ғой. Оған ата-ана мен баланы бірге қатыстырса. Жалғыз басты анаға кеңес беретін, жол нұсқайтын, жұртты жалықтырмайтын нәрсені көбірек көрсетсе деймін. Өйткені көбіне өзіне қол жұмсауға бейім тұратындар – толық емес отбасының балалары.

Жас қазақ: Әділхан Иманәліұлы, «Құран-Кәрімде»: «Өздеріңді өздерің бір құрдымға жіберетін жерге тастамаңдар» деген аят барын білеміз. Бұл орайда Алла-Тағаланың «Құран-Кәрімде» не деп ескерткенін, ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу-ғалейһи-әссәламның хадистерінде не деп өсиет айтқанына тоқталсаңыз.

Әділхан Иманәліұлы: Алла Тағала «Құран-Кәрімде» «Ниса» сүресінің 29-30-шы аяттарында былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңді өлтірмеңдер. Шүбәсіз Алла сендерге өте мейірімді. Кімде-кім осы айтылғанды қасақана істеп, шектен шығып, өзіне һәм өзгелерге қиянат жасайтын болса, біз оны шыжғырып азаптау үшін қуатын бір Алладан өзге ешкім білмейтін алапат отқа тастаймыз. Бұл Алла үшін оп-оңай нәрсе». Қарапайым тілмен айтсақ, дене Алла-Тағаланың бізге берген аманаты. Аманатқа қиянат қылуға болмайды. Мұхаммед салаллаһу-ғалейһи-әссалам пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім өзін темірмен өлтіретін болса, сол темір (пышақ, айбалта және т.б.) кірген жерінен азаптап тұрған халінде тозаққа тастаймыз. Кімде-кім у ішіп, өзін өлімге тастайтын болса, біз сол халінде оны тозаққа тастаймыз» дейді. Қазақта өзін-өзі өлтірген адамға жаназа да оқылмайды. Оларды мұсылман зиратына жерлемейді. Не себептен жақсы отбасында өскен баланың өзі суицидке ұрынуда? Себебі, ол Алла-Тағаланы жақсы көрмейді. Жаратқанның ата-анадан да асқан мейірімді екенін түсінбейді. Меніңше, бір жағынан Құдайдан қорыққан, екінші жағынан Алланы шын жақсы көрген адам мұндайға бармайды. Мысалы, қызға ғашық болған жігіт оның әсем қылығын, көркем мінезін ұмыта алмайды. Ойлай-ойлай жүрегіндегі махаббаты күшейе береді. Сол сияқты біз Алла-Тағаланы көп ойлайтын болсақ, оның мейірімі шексіз екенін, ал азабы ауыр екенін түсінеміз. Баланы жастайынан имандылыққа тәрбиелейік. Тәрбиенің қайнар бұлағы – «Құран» мен Мұхаммед с.ғ.а. пайғамбарымыздың хадистері. «Ата-ананың өз перзентіне беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» деген хадис бар. Баланы еркелетіп, өз еркіне жібермей, жаманшылықтан тыйып отыру керек. Егер бала күніне ғаламтордан қайдағы бір роликті, теледидардан үнді, түрік топтамасын көрсе, оның түбі күнәлі іске алып баруы мүмкін. Иманның бір пайдасы – адам жүрегінде үміт отын өшірмейді, еңбекке баулиды. Еңбексүйгіш адам ешқандай қиындыққа мойымайды. Ал үміт нұры өшкен жан қиындыққа шыдамайды. Суицидке апаратын жол — үмітсіздік.

Жас қазақ: Ольга Валентинқызы, жасөспірімді өзіне қол жұмсауға не нәрсе итермелейді? Кәсіби тәжірибеңізде осы дерттің қандай нақты себебін анықтадыңыз?

Ольга Саратова: Көп жағдайда мұндай жаманшылық жасөспірімнің мінез-құлығына қатысты орын алады. Сондықтан үйдегі ата-анасы, мектептегі мұғалімі, психолог пен кәмелеттік жасқа толмағандардың инспекторы баланың мінез-құлығын жіті қадағалауы тиіс. Ол біреумен жанжалдасты ма? Психикасы сау ма? Кейде ата-анасы жасырғанмен ондай кемшілік жасөсіпірім шағында көрініс береді. Сондай-ақ, жасөспірімнің гормональдық өзгеріске ұшырауын да ұмытпаған жөн. Демек, жасөспірім шағындағы бала қорғансыз. Не нәрсеге де бейім. Суицид орын алғаннан кейін кеш болмас үшін оның алдын алу маңызды. Ол үшін не істеу керек? Әуелі ата-ананы ақпараттандыру керек. Осы жерде суицидке бастайтын бірнеше факторды айта кетейін. Біріншіден, баланың отбасында қараусыз қалуы. Көбінесе балалар отбасында өздеріне көңіл бөлінбейтініне шағымданады. Отбасын асыраймын деп алатаңнан қара кешке дейін жүгіретін ата-ана баласына қарауға мұршасы болмайды. Отбасынан жылу көрмеген бала соның орнын толтыруға ұмтылады. Жүріс-тұрысы, мінез-құлығы өзгереді. Қандай да бір нәрсені қолдана бастайды.

Екіншіден, қазір көп бала әлеуметтік желілерде «отырады». Желіде қандай бір іс-қимыл қалай жүзеге асырылатынын тәптіштеп көрсетеді. Сондықтан баланың қай желіде отырғанын үнемі қадағалау қажет. Оның кіммен хат жазысқанын, нені оқып-үйренгенін әке-шешесі білуі тиіс. Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігін арттыратын әрекет керек. Олар отбасын құрып, баланы туған соң дұрыс тәрбиелеуге міндетті. Үшіншіден, отбасындағы кикілжің. Мысалы, әкесі не анасы жұмыстан босап қалып, материалдық жағдай нашарлады делік. Оның балаға әсер ететіні сөзсіз. Кейде ашушаң әке не шеше баласын ұрады. Яғни, отбасындағы шиеленістен бала зардап шегеді де, суицидке ұмтылады. Үшіншіден, мектептегі жүктілік. Тығырықтан шығатын жолды таппаған жасөспірім қыз не өзінің қан тамырын кеседі, не у ішеді. Бұл әке-шешесі толық бақылайтын нәрсе. Төртіншіден, ата-ананың өз баласына қысым жасауы. Біз кейбір жасөспірімнен: «Мен өз әкемді жек көремін» немесе «Мен өз анамды жек көремін» деген сөзді естиміз. Кейбір ата-ана баласын жас күнінде өзі қолы жетпеген нәрсеге баруға мәжбүрлейді. Ондай қысымға қарсылық білдіргісі келген бала жаманшылыққа ұрынуы мүмкін. Қорыта айтарым, егер әр отбасында әке мен шешенің арасында дұрыс қарым-қатынас болса, мектепте қолайлы орта болса, ондайда ешқандай бала суицидке ұрынбайды.

Осы тақырып бойынша Астанадағы «Құқық» қоғамдық қорына арнайы бас сұғып, бірнеше жасөспірімнің өз ой-пікірін жазып алдық. Сол пікірлерді оқырман назарына ұсынамыз:

Болат, 15 жаста: Меніңше, жасөспірімнің мұндай жағдайға ұрынуының себебі көп. Мысалы, үлкеннің не мұғалімнің ұрып-соғуына шыдай алмауы мүмкін. Ондайда күйзеліске түскен баламен ешкім сөйлеспесе, тығырыққа тіреледі. Үйдегі ата-анасы ішімдікке салынса, осындай жағдай болуы мүмкін.

Арыстанбаб, 16 жаста: Мұндайға бару нағыз ақымақтық. Ойлау қабілеті дамымаған адам ғана осылай істейді. Иманы, сабыры бар адам бұған бармайды. Алайда баласын қысыммен ұстайтын, ұрып-соғып тәрбиелейтін әке-шеше де бар. Олар баланы ешқайда жібермейді. Достарының арасынан ұрып-соғып алып кетеді. Ондайда әлгі бала қатты күйзеледі. Өзін барлық ортада ыңғайсыз сезінеді. Сол кезде көмектесу керек. Әйтпесе кейін кеш болады. Бұл жерде компьютерлік ойынның да әсері көп. Оны жасөспірім көп ойнайды. Кәдімгідей оп-оңай адам өлтіріп, көлік айдап кете бересің. Кей бала «реальный» өмірде де осындай болса ғой деп армандайды.

Асылхан, 17 жаста: Мұндай жаманшылық ойланбаудың себебінен болады. Ойлану үшін тәрбие керек. Жақсы тәрбие алмаған әр жасөспірім мұндайда қорғансыз. Әрбір баланың әкесі жас кезінен ұлына жақсы мен жаманның айырмашылығын айтып отыруы керек.

“Жас қазақ” газеті, 29 сәуір, 2016 жыл.

ТӨЛЕН ТІЛЕУБАЙДЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ТАҢДАУЛЫ МАҚАЛАЛАРЫ

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз