Жетіміңді аяла, жесіріңді тастама!

Жексенбі, 08-Қаңтар 2017 / 13:04
Жетіміңді аяла, жесіріңді тастама!

«Ұлттың өмірі адал, сенімді және қайырымды болғанда ғана қауіпсіз болады».

Дуглас, Америка қайраткері

Бүгінде жер-жерлерде қайырымдылық  шаралары көптеп  жүргізілуде. Осындай қайырымды іс жасауда ақтөбеліктер үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Жақында ақтөбеліктер атаанасыз балалардың тұрғын үй жинақтарына  қомақты  қаржы  аударуда бастама көтерді. Облыс басшысы  Бердібек Сапарбаев өзі үлгі  көрсетіп, бір балаға екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Қайырымдылық аясында үндеу жарияланды. «Тәуелсіздіктің дәмін әр тұрғын сезіну керек!» деген ұранмен ұйымдастырылған шараға түрлі саланың өкілдері қатысты. Осыған орай, облыс әкімі барлық шенеуніктерді, кәсіпкерлерді мұқтаж жандарға көмек қолын созуға шақырды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің қаржысы есебінен екі тәрбиеленушіге  пәтер рәсімделді. Жалпы  акция барысында 223 жетім баланың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшоты 6,1 мың теңгеге  толықты. Әрине,  ақшаға бәрін  сатып ала  алмасың  анық. Кейде  мұндай  жандардың тұлымын сипап, бұрымын айналсаң да  сауап. Осы орайда Ақтөбеде жастар балы ұйымдастырылды. Өңірде алғаш рет жастарға «Жас Ақтөбе» сыйлығы тағайындалды. Қандай  жарасымды!

Атымтай жомарттардың бұнысы зор үлгі-өнеге

Мұндай сауапты істі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы — «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығы да жасады. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның компаниялар тобы әлеуметтік дамуға қатысты барлық мәселе бойынша жергілікті билікпен тығыз әріптестікте жұмыс атқарып келеді. Ембілік мұнайшылар жақында қиын жағдайда қалған көпбалалы отбасыларға көмектесу үшін бір күндік жалақыларын аударды. Мұнай нарығындағы қазіргі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, олар аз қамтамасыз етілген жандардың басына түскен қиындыққа немқұрайлы қарамайтынын дәлелдеді. «Ембімұнайгаздың» жұмысшылары өткен жылы да Атырау қаласындағы төрт отбасыға көмектесіп, бір күндік жалақыларын аударған болатын. Олар жаңбырдан үйлерін су алған отбасылар мен үйінде мүгедек балалары бар төрт отбасының баспанасын жөндеуден өткізіп, жалғызілікті бір зейнеткерге жаңадан тұрғын үй тұрғызып берді. Адамға адамның қадірі осындайда білінеді.

Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді немесе мұндай қайырымдылық шаралары азайып барады деп жиі айтып жүрсек те, ортамызда нар жігіттердің бар екендіктері көкейге үміт ұялатады. Осы тұрғыда Шымкент қаласында өткен «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясының қоғамдық мән-маңызы зор. Мүмкіндігі шекте улі азаматтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту және оларға көмектесу мақсатында ұйымдастырылған бұл ісшара әсіресе қалталы азаматтарға жақсы ой салуы тиіс. Үлгі ретінде ІІІымкент қаласындағы «Отау строй» компаниясының атқарған игілікті істерін атап өтсек деймін.

Кезінде Елбасымыздың «Кемтар бала ларды әлеуметтік медициналық қорғау ту ралы» заңына сәйкес АИТВ (ВИЧ) індетіне шалдыққан балаларға берген көмегін ерек ше атап өту абзал болар еді. 2006 жылы Оңтүстіктегі 180-ге жуық бала медицина мамандарының салғырт-салақтығы салда рынан жұқпалы ауру жұқтырғаны белгілі. Сол сәтте мұңға оранған балалардың құқын қорғау мақсатында «Балаларды ЖҚТБ-дан қорғау» қоғамдық қоры құрылған болатын. Орталықта заңгер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар қызмет көрсету қолға алынды. «Ақпараттық-оңалту орталығының» барлық бөлмелері жиһаздармен жабдықталды. Онда ұлдарға бөлек және қыздарға бөлек арналған, жасауы түгел бөлмелер дайын далды. Мұндай қайырымдылықты сол тұста жүрегі жұмсақ жандар ғана жасайтын еді. Орталықты жеке қаржысына салып берген жомарт жүректі, мейірімі мол абзал азамат Қайрат Молдасейітов болатын.

«Отау стройдың» елге жасаған қайырымдылығына қарап отырып, компания басшысының адамгершілік қасиеті мен дархан пейілін бірден түсінесіз. Компанияның демеушілігімен қасиетті Түркістан қаласында 16 пәтерлі тұрғын үй салынып, барлық пәтерлердің кілті баспанасыз жүрген мүгедек жандарға бөлініп берілді. Жалпы, пәтер сыйлау елімізде бар болғанымен, көп пәтерлі тұрғын үйді басы бүтін мұқтаждарға беру елімізде бұрын-соңды болмаған қайырымдылық іс еді.

detstvo

«Тайғанға таяныш бол!»

Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел едік. Қазақ қоғамында жетім болудың да, жесір болудың да бүгінде өзіндік шарттары қылау бере бастады. Бауырмалдық қасиет — қанымызда бар құндылық. Соңғы кезде болып жатқан ел дегі өзгерістер тарихи тамырымыздың әлі амандығын көрсетеді. Мына жағдайды қарбалас жылдарда кеткен кемшілік деп бағалайық. Жетімін жылатпаған ел болып қалғанға не жетсін! Қазақы қанымыздағы қасиет — бауырын сыртқа теппеген. «Қазақстан» ұлттық арнасының бастамасы бүкіл елге ой салып отыр. Мәселе Парламентте қаралды, қазір бұл көкейкесті түйіннің көп мәселелері оң шешімін тапқандай.

Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген әйгілі ақын Сәйф Сарайдың «тайып бара жатқанға таяныш бол» деген қанатты сөзі Елбасының ел-жұрттың еңсесін тіктеп қана қоймай, еңкейгенге қолын созатын, жығылғанға жәрдем беретін қайырымдылық қасиетін айшықтап тұр деуге болады. Мемлекет басшысының тарихи тұлғасымен қатар айтылып, ажырағысыз ұғым ретінде бекіген Қазақстан халқы, Тәуелсіздік, Астана сияқты ұлағатты сөздердің қатарын бүгінде «Президент және қайырымдылық» деген сөз тіркесі орынды толықтыра түседі деп есептеймін. Мемлекет басшысы таяуда Бес институттық реформаның аясында «Қайырымдылық туралы» Заңды бекітті. Елбасының өз еңбектері үшін алған қаламақыларын түрлі қорларға аударғаны туралы халық бұқаралық ақпарат қүралдары арқылы хабардар. Айталық, биылғы көктемде өзіне табыс етілген «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының 600 мың доллар қаражатын «Милосердие» ерікті қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына бөліп бере отырып, Президент әлеуметтік бастамаларға жанжақты қолдау көрсетудің маңызды екендігін атап көрсетті.

Қазақстан Президентінің бұл қайырымдылық шарасы бірінші емес. Өткенде Шешенстанда болғанымызда ел астанасы Грозный қаласында біздің Президентіміздің осындағы жетім-жесір жандарға өз қаржысына салып берген үйінде болдық. Олардың қазақ басшысына ықылас-пейіл дері ерекше екен. Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген сөз бар. Сол ұрпақ мемлекеттің ертеңгі алтын діңгегі болуы тиіс деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұл мен қызды білімді де білікті, озық ойлы етіп тәрбиелеу мақсатында қолдан келген бар жақсылықты жасап келеді. Болашақты бекемдеп, келешекті кемел ету ісіндегі мақсат-міндеттер жыл санап өз шешімін табуда. Дүниеде балаға шынайы махаббатпен жасаған жақсылықтан артық ештеңе жоқ. Күні кеше 2016 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері, Азия чемпио ны, былғары қолғап шебері Василий Ле вит Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі үшін білім депозитін ашты. Боксшының мұндай қайырымды қадамы білімді ұрпақ тәрбиелеуге жасалған шарапаты мол шара болып отыр.

Ұлы далада ежелден орныққан адамгершілік пен жомарттық қасиеттері біздің рухани мәдениетімізді биіктетіп, ұрпақтан ұрпаққа ізгілікті мұра етіп қалдырудың жарқын жолына айналды. Бүгінде елде мұндай қозғалыстың өрбіп келе жатқанына, оған мемлекеттік органдар да, жеке тұлғалар да ынталы екендігіне көз жеткізе аламыз. Солардың ішінде шоқтығы биігі — Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашылық жасап отырған «Қайырымдылық керуені» ұлттық науқаны. Тұңғыш Президент күніне арнап он күн бойы еліміздің бар өңірінде өткізілген бұл науқан аясында әлеуметтік тұрғыдан дәрменсіз адамдарға, науқас балаларға, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық ұйымдары, меценаттар қайырымдылық көмек көрсетті. Тереңіне үңілсек, бұл науқанның мақсаты жаһандық даму жылдамдығына ілескен коғамда адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді ояту, қайырымды адам, қайырымды ел болуға үндеу екенін аңғарамыз. Әр жыл сайын Қор ел азаматтарының өз армандары мен идеяларын жүзеге асыруға көмектесудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Қазақстан қайырымдылық индексі бойынша әлемде 101-орында. Елімізде халықтың 1 пайызға жуығы ғана қайырымдылық шара ларымен айналысады екен.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылында көптеген толайым табыстарға жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген салиқалы саясаты санамызды өсіріп, өрісімізді кеңейтіп, абыройымызды асырғаны анық. Ең бастысы, біз Тәуелсіздік жылдарында басты құндылықтарымызды анықтап алдық. Бұл өз кезегінде мақсатымыздың айқындығын, алда тұрған міндеттердің нақтылығын аңғартса керек. Осы мақсат-міндеттердің барлығы қоғамымыздағы келісім мен татулықты нығайтуға бағытталғанын ескерер болсақ, онда біз қоғамдық институттардың жұмысын жүйелі әрі сауатты түрде ұйымдастыруға назар аударғанымыз жөн. Қайырымдылық шараларын көбірек жасауға бүгінде «Аяла» қайырымдылық қоры бастамашылдық танытып отыр.

Ермек Жұмахметұлы

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз