Жолдаудағы «қолдау» таяу арада жүзеге аса қоймайды ау…

Жұма, 10-Ақпан 2017 / 10:07
Жолдаудағы «қолдау» таяу арада жүзеге аса қоймайды ау…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауының ішінде ауыл шаруашылығы төңірегіндегі өзекті мәселелер екі жерде кездеседі. Мұның алғашқысы «Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек. Бұлар: өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар». Осы жерде агроөнеркәсіптік кешен мәселесі көтерілсе, «Төртінші. Аграрлық сектор экономиканың драиверіне айналуы керек» деген бөлігі тұтастай осы салаға бағытталады. «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз», — дейді. Бұл кең-байтақ қазақ даласының жалпы мүмкіндіктеріне негізделе отырып айтылса керек. Алайда қазірге дейін сол мүмкіндіктерді толық пайдаланып отырған жоқпыз. Қыруар кедергілер мен жоқшылық еңбек адамдарының қолын байлаумен келеді. Қысқасы, ауыл десе, ауыл шаруашылығы саласы десе, анталаған мәселелер кез келген шаруаның адымын аштырмай тұрған жайы бар. Ал Президенттің кезекті Жолдауында арнайы аталған бұл салаға Үкімет пен министрлік тарапы қалай үн қосар екен?

«Осы мақсаттарға жету үшін Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін. Субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет», — деп, Елбасы нақты көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мен өнімді сақтандыру мәселесі бізде әлі күнге дейін жүйеге түскен жоқ. Негізінен мал шаруашылығы саласына көбірек көңіл бөлініп келді. Қосымша «Сыбаға», «Пайыздық мөлшерді субсидиялау» секілді бірнеше түрлі бағдарламалар да жасалды. Сонда қаншалықты жоғары көрсеткіштерге жете алдық? Ел ішінде наразылық әлі сейілген жоқ. Мысалы, сиырға берілетін субсидия шарттары бойынша «міндетті түрде нәсілді бұқа мен 20 бас ірі қара болуы керек» делінген. Осындайда қолында 510 сиыры бар ауыл тұрғыны қарсы пікірлерін айтып жатады. «Малы көп адамдар онсызда шаруаларын дөңгелетіп жатыр, негізі көмек қаражатты малы аздарға беру керек» дейді. Кейбір пысықтар көрші-қолаңдарымен қосылып, «мал басын толтырып» жіберіп, мемлекеттен ақша алып жатыр. Былай қарасаң, шаруалар қолымен жасалатын осы «қылмысқа» мемлекеттің субсидия саясатының өзі мәжбүрлеп отырған сияқты…

Бұл жерде туындайтын тағы бір кемшілік — шетелден келген нәсілді бұқалардың да «минустары» байқалып жатқандығы… Ет пен аққа талғаммен қарайтын халқымыз қазір «жабайы сиырға» көңіл бөле бастады. Айтатын уәжі: нәсілді сиырдың еті дәмсіз, сүті нәрсіз дейді. Шетелге ет экспорттауда тиімді тұстары бар дегенмен де Елбасы армандап отырған «экологиялық таза тағамдарға қатысты «Madе in Kazakhstan» брендін қалыптастыру үшін шетелдіктердің Сементал, Голланд тұқымды ірі қараларынан гөрі Алатау сиыры мен Әулиекөл тұқымдарының бәсі жоғары ма деп ойлаймыз. Себебі бұлар қазақтың брендтері еді. Өзге түліктер де тура осы секілді, өзгелерге өзімізді таныту үшін, оларда жоқ дүниелерді ұсынуымыз керек қой. Сондықтан «субсидияларды бөлуді қайта қарау» дегенді «субсидияны ауылға таратып жіберу» науқанына айналдырып алмасақ екен дейміз. Бұл мәселеде Елбасы айтып отырған «экологиялық таза тағамдарға қатысты «Madе in Kazakhstan» бренді, сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс» деген сөзін жан-жақты қарастыру керек. Бүгінгі күнге дейін субсидия саясаты арқылы «Қазақстанның бренді» болатын жергілікті мал нәсілдерін ескерусіз қалдырып келдік. Тағы бір шешімін таппай тұрған мәселе — сақтандыру саласы. Қазір ауыл шаруашылығында сақтандыру жүйесі бар, бірақ ол ешқашан жұмыс істеген жоқ. «Әлдебір фермер шығындарын сақтандыру компанияларынан өндіріп алыпты» дегенді ешбір ақпараттан немесе ел аузынан естіген жоқпыз. Ал заң жүзінде «барлығын міндетті түрде сақтандыру керектігі» көрсетілген тармақтар бар. Алайда ол жұмыс істемейді. Өйткені ол жерге нарықтық емес механизмдер енгізілген. Осы туралы 2015 жылдың соңында АШМ-нен сұрастырғанымызда «өнімді сақтандыру мәселесі төңірегіндегі тармақтарға қатысты өзгертулерді дайындап жатқандықтарын, ол 2016 жылы іске асуы мүмкін екендігін» айтқан еді.

«Екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек», — дейді Елбасы. Шағын шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру мәселесі сөз болып келе жатқанына 3-4 жыл болды. АШМ-ның нұсқаулары бойынша «кооперативтерге бірігудің тиімді тұстары — ауыл шаруашылығы техникаларын алу, егіске қажетті тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмектерді арзан бағамен алу, онан да маңыздысы банк несиелеріне қол жеткізу үшін аса пайдалы» көрінеді. Десе де бұндай жеңілдіктердің іске асып жатқандары қанша екендігі белгісіз. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дей ме, әлде кооператив дегенде 1930 жылдардағы «күшпен ұжымдастырудың» зардабы жүрекке тигендіктен бе, шаруалар кооперативтерге бірігуге аса құлықты емес секілді. Бұдан бұрын ОҚО, Қостанай сияқты өңірлерге «түсіндіру жұмыстарымен» барған атқамінерлердің үнсіз оралғандығы да белгілі. Кейбір батыл пікір айта алатын азаматтар «фермерлердің кооперативтерге бірігуге ынталы еместігін» айтып та жүр. Оған қоса АШМ-ның үгіттей бастаған «кооперативтердің тиімді тұстарын» алғы шарт ретінде қарастырғанмен де, ол шарттар тек ауыз жүзінде ғана айтылып келеді. Қазірге дейін «Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне несие береміз» деген банкті де «тыңайтқыш пен егіс дәрілерін арзанға береміз» деген саудагерді де көрген ешкім жоқ. Сондықтан Елбасы Жолдауындағы тура осы айтылғандар алдағы бес жылды қойып, он жылда жүзеге асуы қиындау секілді. Мүмкін, өзге де тетіктерді қарастыра отырып, іске асыруға болатын шығар. Ол уақыттың еншісінде болмақ…

«Үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет», — делінген. Бұл айтылғандарға ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бұлардың барлығы бізде шетінен ақсап тұрған салалар. Астық сақтайтын қамбалардың жетіспеушілігі салдарынан қыруар астықтың «қырманда тұрып қыстан шығатынын», шетелге астық экспорттауда вагондар жетіспейтіндігін ақпарат көздері хабарлаудан жалыққан емес. Елбасының тікелей араласуымен Қытай елі бізден астық ала бастаған еді. Алайда біздің вагондарды қабылдауға олар дайын болмай шықты. Себебі ол жақта астық дерлік қаппен тасымалданады екен. Ал көкөніс қоймаларының тапшылығынан қыс бойы Қытайдан тасымалданатын «жолда пісіп келетін, химикаттарға аса бай» көкөністер мен жеміс-жидектерін тұтынуға мәжбүрміз. Сондықтан Елбасы Жолдауындағы бұл тармақтар өте маңызды. Оның артында тұтас халықтың азық-түлік қауіпсіздігі тұр.

«Төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек». Осы жердегі «еңбек өнімділігін арттыру» мәселесі Жолдаудың алдыңғы бөлігіндегі «Екінші кешенді міндеттің» ішінде сөз етілген агроөнеркәсіптік кешенді дамытумен, ауыл шаруашылығы техникаларымен тығыз байланысты болмақ. Яғни ауыл шаруашылығы саласына да роботтандырылған, автоматтандырылған, цифрлы технологиялармен қаруланғанда ғана табысқа жетуге болатындығы түсінікті болса керек. Ал қазіргі күнде мемлекет пен фермерлердің қыруар қаржысы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін шетел асып жатыр. Бұл үрдістің қашанға жалғасатынын ешкім болжай алмайды. Себебі КСРО кезінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін бірнеше зауыттар болған. Қазір ол тек тарих ретінде ғана айтылып жүр. Ал Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, зерттеумен айналысатын Алматыдағы «Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты», Қостанайдағы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру институты», Ақкөлдегі «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу проблемалары институты» институттарының қаржы тапшылығынан тоқырып тұрғандығы туралы профессор Тоқтар Әбілжанұлы осыдан 6-7 жыл бұрын мәселе көтерілген болатын. Демек, бізде базалық жүйе жоғалып кеткен жоқ, тек соны ары қарай дамытуға мемлекеттік қолдау керек секілді. Әрине, ауыл шаруашылығы саласымен арнайы айналысатын ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалар, өндіріс орындары сала-сала бойынша дербес дамымаса, олардың жұмысын аграрлық университеттердің ішінде жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл сала да ұзақ мерзімді, мол қаржыны керек етері сөзсіз. Біз сөз етіп отырған ауыл шаруашылығына арналған бөліктің алтыншы тармағында осы жағына назар аударылған екен. «Өндірістік сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек», — делінген. Ендеше, алдағы уақытта Үкіметтің назары ауады деген сенімдеміз.

«Бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 %-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет». Бұл тармаққа жеке көзқарас білдіруден гөрі, 2015 жылы 25 желтоқсанда халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газеті өткізген ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған дөңгелек үстелде сол кездегі АШМ министрі Асылжан Мамытбеков мырзаның келтірген дәйектерін еске алсақ та жететін секілді. «Кезінде сулы атыз болып кейін істен шыққан жүйені оңалту үшін, яғни Кеңес үкіметі тұсындағы жағдайға әкелу үшін мемлекеттен 1 триллион теңге қаржы бөлінуі керек. Қазір ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен жылына 30 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Соңғы кездегі дағдарыс жағдайына байланысты оның мөлшері тіпті азайып кеткен. Егер 30 миллиард теңгелік мемлекет қаражатымен есептесек, 1 триллион теңгелік шығынға 35 жыл уақыт күтуге тура келеді. Еліміз бойынша 1 миллион гектар суармалы атыз бар. Оған тағы да 1 миллион гектар суармалы атыз қосамыз деп жүргенде анау миллион гектарды тоздырып алуымыз мүмкін. Өйткені олардың да суару құрылғылары әупіріммен әрең тұрған жайы бар. Сондықтан бұл проблемаларды инвестициялық тариф арқылы шешуді ойластырып отырмыз. Тамшылатып суару технологиясын кеңінен пайдаланар болсақ, жердің құнарлылығын сақтап, өнім мөлшерін арттыруға мүмкіншілік табамыз. Осында бірнеше түрлі кедергілерге жолығамыз. Әуелі мұндай жаңалықты енгізуге шаруалар құлықсыз болмақ. Себебі арзан сумен жерін суара берген әлдеқайда тиімді, ал ағынды сумен суарудан жердің құнарлылығы тез жоғалатынын ойластырмайды. Екіншіден, жаңа технологияларды енгізуге қаржылық қуаттың жетіспеушілігі. Үшіншіден, жаңалықты дәріптеуге түсіндіру жұмыстарының ойдағыдай апарылмауы», — деген еді.

Ауылды қазақтың алтын бесігі дейміз. Сол секілді ауыл шаруашылығы саласы да ел экономикасының қан тамыры. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ширек ғасыр бойына табиғи және қазба байлықтарды ашуға басым бағыт берілгендіктен, бұл сала артта қалып бара жатыр. Ауылдар иен қалып, атыздар тозып кеткен жайы бар. Тек соңғы кездері ғана Үкіметтің бұл салаға көңіл бөле бастағаны қуантады. Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының елеулі бөлігі ауыл шаруашылығы саласына арналғаны қуантады. Алайда осындағы алдағы бағыттар мен көздеген мақсаттардың жүзеге асуы үшін әлі біраз уақыт керек-ау…

Ерқазы Сейтқали,

Сурет ©Азаттық радиосынан алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

1 Comments on “Жолдаудағы «қолдау» таяу арада жүзеге аса қоймайды ау…

  • Жолдаудағы айтылғандар келешек жоспарлар деп түсінген жөн. Алайда “5 жыл ішінде 500 мыңға жуық қожалықтарды кооперативтерге біріктіру” дегені іске аса қоймайды. Себебі халық кооперативке бірігуді қаламайды. 1930 жылдардағы аштық та осы кооперативке күшпен біріктіруден болғанын ұмытпайық!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз