Жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын…

Жексенбі, 12-Ақпан 2017 / 10:40
Жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын…

Баршамызға белгілі, Елбасының Жарлығымен 2005 жылдың 29 қарашасында «2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Осы стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде бүгінде елімізде көптеген әйел отбасы тіршілігімен шектеліп қана қоймай, саясат пен экономикада ер- азаматтармен қатар жүр. Солардың бірі — Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева.

— Бибігүл Тишанқызы, әйел адамның облыс әкімінің орынбасары қызметіне дейін көтерілуі өте сирек кездесетін жағдай. Мұндай аса жауапты жұмысты атқару әйел адам үшін қиын емес пе?

— Жалпы, мен жұмысты ауыр немесе жеңіл деп бөлмеймін. Қандай жұмыс берілсе де, барымды салып, мұқият орындап шығуға тырысамын. Қай жұмысты да үлкен жауапкершілікпен орындауға мені қызметтестерім, басшыларым үйретті. Осы облыстың Шыңғырлау ауданына қарасты Лубен совхозындағы орта мектептің 9-сыныбын бітірген соң, нағашы ағамның ықпалымен Ақмола қаласындағы қаржы-экономикалық колледжіне оқуға түстім. Осы оқу орнын 1994 жылы бітіріп, Шыңғырлау аудандық қаржы бөліміне жұмысқа кірдім. Сол жерде 1996 жылға дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Содан кейін облыстық қаржы басқармасына қызметке ауыстым. Осы жерде жұмыс істеп жүріп, жергілікті жоғары оқу орындарының бірінде білімімді толықтырдым. Облыстық қаржы басқармасында 2011 жылға дейін жұмыс істеп, бөлім басшылығына дейін көтерілдім. 2011 жылы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына келдім. Бұл мекемеде әуелі бөлім басшысы, сосын басқарма басшысы қызметін атқардым. Сіздің басылым бетін пайдаланып, аталған мекемелерде қызмет атқарған кезімде мені көп нәрсеге үйретіп, көмек-қолдауын аямаған Асқар Хамитов, Айжан Жабалбаева, Роза Әбілқайырқызы, Лариса Николаевна, Евгений Барабашев, Сержан Шапкенов, Валентина Горбус, Раиса Еркеғалиева, Зоя Юркина секілді жүрегі кең, аяулы жандарға және білмеген жерімді үйретіп, маған қолдау көрсеткен өзге де әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Облыс әкімінің орынбасары қызметін биылғы сәуір айынан бастап атқарудамын. Бұл жұмыс та бұрынғы атқарып жүрген қызметімнің жалғасы іспетті, қаржыға, экономикаға байланысты. Өзіме жақсы таныс болғандықтан, әзірге бұл жұмыс маған аса қиынға соғып жүрген жоқ.

— Басшылық қызметте жүрген лауазымды тұлғалардың жұмысы бастан асып жатады, кейде іссапарларға да шығатын кездер болып қалады. Бұл жағдайлар сіздің отбасылық өміріңізге кері әсерін тигізбей ме?

— Басшылық қызметте жүргеніммен, менің өмірімнің өзгелерден көп айырмашылығы жоқ. Мен де өзгелер секілді, бос уақыт тауып, бала-шағаммен бірге болғанды ұнатамын. Кешке жұмыстан келісімен, барлық басқа әйелдер сияқты мен де асүйге кіріп, бала-шағама шәй-су дайындаймын, содан кейін балаларымның қасына отырып, олардың ертеңгі сабаққа дайындығын тексеремін. Демалыс күндерін бала-шағамның ортасында өткізгенді жақсы көремін. Сондай-ақ, тума-туыс, дос-жолдастардың да көңілін қалдырмағанды жөн көреміз. Бос уақытта олардың да жиын-тойларынан қалмаймыз.

— Сіз гендерлік саясатты қалай түсінесіз? Немесе сіздің басшылық қызметке келуіңізге осы саясаттың ықпалы болды ма?

— Гендерлiк саясат дегеніміз, бұл — қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi. Дегенмен, мен өзімнің осы қызметке келуімді гендерлік саясатпен байланыстыра алмаймын. Өйткені, бұған дейін де, ерте заманның өзінде біздің атабабамыз әйел-ананың ақылын, қабілетін жоғары бағалап, оларды ер-азаматтардан кем қабылдамаған. Бүгінгі таңда тек мемлекеттік қызмет қана емес, кәсіпорын басқарып, үлкен бизнеспен айналысып жүрген іскер қазақ әйелдері өте көп.

— Сіздерді жұрт «Жұптары жарасқан жанұя» дейді. Құпия болмаса, бұл жарасымдылықтың сыры неде?

— Жоғарыда айтып кеттім ғой, «менің өмір жолымда ылғи жақсы жандар кездесті» деп. Солардың қатарында өзімнің Құдай қосқан қосағым да бар. Ол кісі балаларымның тек әкесі ғана емес, менің нағыз жанашыр досыма айналды. Күйеуім мені барлық жағынан қолдап, көмектесіп отырады. Шынын айтсам, отбасылық мәселелерге онша көп алаңдамай, Үкіметтің жұмысын соншама беріліп жасауым да сол кісінің арқасы. Ол да мен секілді қарапайым отбасыдан шыққан, өте еңбекқор жан. Үйде менің бар-жоғымды білдірмей, бәрін өзі реттеп отырады. Оның да, менің де ата-аналарымыз қарапайым еңбек адамдары болды, қазіргі кезде олар зейнеткер, ауылда тұрады. Еңбекте үлкен табыстарға жетуім, біріншіден, маған ақыл-кеңесін беріп, жауапкершілікке тәрбиелеген тәлімгерлерімнің арқасы, екіншіден, үйде мені желеп-жебеп, қолдап отырған осы өмірлік серігімнің ықпалы дер едім. Баласын осындай етіп тәрбиелеген ата-енеме алғысым шексіз. Өзімнің осындай салауатты, парасаты мол жанға кездескенімді өлшеусіз бақыт деп санаймын. Әйтпесе, қаншама әйелдер парықсыз еркектердің кесірінен бақытсыз болып жүр. Сондайларға қарап, мен өзімнің тағдырыма іштей ризашылығымды білдіріп, Құдайға мың мәрте алғысымды айтып отырамын. Меніңше, отбасындағы береке-бірлік, тату-тәтті тіршілік, негізінен әйел адамға байланысты болады. Үйде береке болу үшін әйел адам ер-азаматпен еш уақытта «тақ» таластырмауы керек. Әйелдің аты — әйел, ол өзінің орнын біліп, қашан да ер-азаматтан бір саты төмен тұруы тиіс. Мейлі, тіпті «формально» болса да. Сонда әйел ұтады. Ақылды әйел ер-азаматын сыйлап, оның алдынан шықпаса, барлық нәрсені онымен бірге ақылдасып, оның шешімін өзінің қалауына сәйкестей алса, міне, ұтыстың көкесі сол! Әрі азаматыңды ренжітпейсің, әрі өз дегенің болады. Берекелі тіршіліктің, әлгі жұрт айтатын жұп жарасымдылығының барлық сыры осында. Қысқасы, мен жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын. Өз басым бұдан ұтылып жүргенім жоқ.

— Бұрын басшылық қызметтегілер балаларын өзге тілде оқытуға құмар болды. Мемлекеттік тілді менсінбейтін басшылар қазір де жетіп артылады. Сіз балаларыңызды қай мектепке бердіңіз?

— Менің екі балам бар. Ұлым да, қызым да қазақ мектебінде оқиды. Жасыратыны жоқ, менің балалық шағымда балаларды орысша оқыту «сән» болды. Жұрттан қалыспай, менің де ата-анам мені орысша оқытыпты. Бірақ бізді әжем үйде қазақша тәрбиеледі. Үйде бәріміз тек қана қазақ тілінде сөйлеп өстік. Әжемнің «өйтпе, бүйтпе, анау болмайды, мынау болмайды» деген тыйымдары көп болатын, сөзге шешен еді. Бір әулеттен тараған төрт бала да тәртіпті, кісіге қылдай да қиянат жасамайтын, еңбекқор болып өсті. Қазақы тәрбиенің бәрінен артық екенін осыдан көрдім. Сондықтан өзім де балаларымның қазақы тәрбиеде өскенін қалап, оларды әкелерімен ақылдасып отырып, оқуға қазақша мектепке бердік. Меніңше, баланың тілі өзінің ана тілінде шыққаны дұрыс.

— Қазіргі таңда бүкіл әлем қаржылық дағдарыста. Жұмысын жоғалтып, қиналып қалған адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Бұл бағытта Елбасының тапсырмасымен бірқатар бағдарламалар жасақталып, олар табысты жүзеге асырылуда. Соларды пайдалану керек. Ол үшін осындай бағдарламаларды түсіндіретін арнайы мекемелер бар, соларға барып, кеңес алу керек. Басқасын айтпағанда, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының өзі қаншама адамға нәпақа көзін тауып берді. Үкіметке қарап, аузын ашып отыра бермей, әркім өз тіршілігін өзі жасап, аш қалмаудың қамын қарастыруы тиіс. Дені сау адам әрекеттенсе, жұмыс табады. Жұмысты үлкен-кіші деп таңдамай, істей беру керек. Қазіргі уақытта қала адамдарына да, ауыл адамдарына жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік мол. Осы мүмкіндікті әрбір адамның пайдаланғаны жөн. Айналамызға қарасақ, жеке кәсібін дамытып, жап-жақсы өмір сүріп жатқан адамдар көп. Соларға ақша көктен жауған жоқ қой. Бәрі де жеке кәсібін бастап, оны дамытты. Азды-көпті тиын тапты, онысын жап-жақсы ақшаға айналдырды. Өмір сүруді, әне, солардан үйрену керек. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді қазақ. Қалай болғанда да, заманымызға сай адам болғанымыз дұрыс…

— Әңгімеңізге көп-көп рақмет, жұмысыңыз жемісті болсын!

Айша Өтепали

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз