КРЕДИТТІҢ 16 КЕСІРІ

Дүйсенбі, 02-Қаңтар 2017 / 11:19
Айдары: Әлеумет
КРЕДИТТІҢ 16 КЕСІРІ

 

  1. Кредит алу – денсаулыққа зиян.

АҚШ ғалымдары кредиттік қарызға батудың күйзеліс пен торығуға әкеп соғатынын дәлелдеді. Америка зерттеушілері кредиттік проблемасы жоқ замандастарына қарағанда, несиесі бар жастардың ГИПЕРТОНЯ мен психикалық қиындықтарға көбірек шалдығатынын, көп қарызы бар адамдардың инсульт алуға бейімділігі 15%-ға артық болатынын анықтаған.

  1. Кредит алу – қарызға бату. Жыл өткен сайын кредит алудың жолы тым жеңілдеп барады. Қолма-қол проценттік қарызға бату үшін табыс туралы анықтама да сұрамайтын болды. Қолында паспорты бар кез келген адам тұрмыстық несиені оңды-солды ала алатын жағдай орын алып отыр. Ақырында, адамның табысы алған кредиттерін жабуға жетпейді де, өмірлік борышқа батады. 2014 жылдың қаңтарында ғана елдегі банктік жүйеде өтеу мерзімі өткен кредиттердің сомасы 588 миллиард (!) теңгеге артып шыға келген. Жалпы 5,4 триллион теңгенің кредитінің уақыты өтіп кеткен.
  2. Кредит алу – өзара алдасу. Дұрыстап, мән беріп есептесе, әрбір кредиттің қайтару төлемақысы сол соманың өзіне тең. Осыны біле тұра, кредит алушы «маған мына несиеге алынған тұрмыстық бұйым арзанға түсті» деп өзін өзі алдайды. Банктер болса, нақты қайтарылатын проценттің толық көлемін (тиімділік коэффициент) жасырады, кредиттен болатын шын қауіптерді өз мүдделері үшін айтпайды. Алдасудың ақыры – моральдық, материалдық зардап шегулерге жалғасатынын өмірден көріп жүрміз
  3. Кредит алу – басыңды бәйгеге тігу. 2 жыл бұрын Дүниежүзілік Банк Қазақстанды «жұмыс жасамайтын» кредиттер көлемі бойынша әлемдік рейтингтің №1 орнына шығарған. Әрбір таратылған үшінші кредит уақытында қайтпайды. Бұл жай статистика. Ал осы қайтарылған-қайтарылмаған кредиттердің тұңғиығында басы бәйгеге тігілген миллиондаған тағдырлар тұр. Отбасы бұзылған, суицид жасаған, жұмыстан кеткен, туыстарымен қарым-қатынасын үзген, кредитін қайтару үшін қылмыс жасаған, тіпті дене мүшелерін саудаға салған, талай-талай қайғылы оқиғалар. Бұл қайғылы оқиғалар кредитпен байланыстырылып тіркелмейтіні түсінікті.
  4. Кредит алу – банктерге басыбайлы «тұтқынға берілу». Кредит алғанға дейінгі жалған үміттер несие келісім-шартына қол қойған сәттен күл-паршасы шығады. Кредит алушы психологиясы сондай, көп ретте қарыздың ақыры туралы ойлана бермейді. Ол кезде нәпәқасынан жырып ай сайын банкке ақша беріп тұрып, не үшін төлеп жатқанын ойлануға мұршасы болмай қалады. Ол әлі проценттік қарызынан құтылған жоқ, кредитке алған мүлкі сынық, компьютері жұмыс жасамайды, соғып алған көлігі жөндеуде, өзі жұмыстан шығып кеткен, т.т. болуы мүмкін. Бұл – банктерге тұтқын болудың басы ғана.
  5. Кредитті кредитпен жабу – сордың зоры. Ортақ базаның қалыптаспауы, жалған құжаттар, банк ішіндегі жемқорлық немесе әртүрлі «таныстықтар» Қазақстан жағдайында бір адамның басында бірнеше банктен алған кредиттің болу жағдайын туындатып отыр. Кредиттік қарызбен есептесу адамға оңай ақша сияқты болып көрінеді де, адам өзінің, отбасының басына түсіп тұрған қауіп бұлтын шын бағалай алмай қалады. Кредитіңді кредитпен қайта қаржыландыру (рефинансирование) – өзі онсыз да аз емес проценттік қарызыңды тағы да арттыру, тиісінше, сорға бату.
  6. Кредит алу – «түйеқұсқа» айналу. Өзіне қауіп төнгенде басын құмға тыға қоятын түйеқұс туралы аңыз сізге таныс болар. Өмірде кездескен ірілі-ұсақты проблемаларын кредитпен шешкісі келетіндердің де жағдайы дәл осындай. Алайда, бұдан төніп тұрған қауіп жойылып кетпейді, керісінше, ол одан сайын күрделене түседі. Жағдайға шынайы қарайықшы, өзімізді кредитпен «бақытты» өмір сүріп жатырмыз деп басымызды «құмға тығу» – жетістік те, шеберлік те емес. Ақыры бір сәтте құмнан басты шығаруға тура келетіні анық. Банктер қандай жағдаймен болсын, берген миллиондарын сығып алуға, «түйеқұсты» сойып жеуге әзір.
  7. Кредит алу – диагноз. Кәдімгі сырқат. Аса қатерлі және кейбір жағдайларда тым жұқпалы. «Көршім алғанда, мен ала алмаймын ба?» дейтін жалған намыс пен «оңай» көрінетін ақшаға бой үйрету. Кредитті рәсімдеудің жылдамдығы мен жеңілдігі, тіпті банкке бармай карта арқылы қарызға бату схемалары арқылы аз-аздан кредит алып үйренген тұтынушы біраз уақыттан кейін өзінің кіріс-шығысын есептей алмай, банкке толығымен экономикалық тәуелді болатын жағдайға жетеді. Кез келген жағдайда, тіпті ол керек болмаған кезде де, есіне түсетін «кредит алу» туралы вирусты ой өмірді шынайы бағалау мүмкіндігін жояды.
  8. Кредит алу – жалған еркіндік. Ақшаны (қайсыбір материалдық жағдайларды шешуде) еркіндіктің эквиваленті деп қарастырсақ, қарызға алынған кредит – есірткінің жалған ләззат сезімін беретіні сияқты жалған эйфорияға түсіреді. Банк жеке тұлғаның төлем қабілеттілігін көріп, «ал, ал, ала түс» дегенде, сол тұтынушының қамына жұмыс жасап жатыр деп ойлайсыз ба? Әлбетте, жоқ. Керісінше, иненің ұшына адамдар өздері топ-тобымен сұранып барып жатыр. Жылына 730% үстеме ақымен берілетін кредиттерді естімедіңіз бе? Сізге айтпады ма? Бұл «микрокредиттер» деген атпен жарнамаланып жатқан несиелердің нақ өзі.
  9. Кредит алу – өз еркіңмен қауіпке қадам басу.Кредит алған жан өзіне, отбасына, ата-анасына, баласына, туыс-туғанына жұмсай алатын қаржысынан қысып, банкке ай сайын, кешіктірмей, бір тиынын кемітпей төлейді де отырады, төлейді де отырады. Кәдімгі қамыт. Ықтимал қауіптер жағдайында (қаза, мүгедектік, жұмыстан босап қалу, апат, т.т.) да жекелеген жеңілдіктер болмаса, негізінен барлық жауапкершілік пен тәуекел кредит алушының мойнында. Төлем мерзімі жақын қалған сәттен бастап, банк қызметкерлерінің үйге, жұмысқа хабарласып маза алуы басталады. Мерзімі кешіге түссе, жақындарыңызға, әріптестеріңізге, жұмыс орнына банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып ескерте бастайды. Іс насырға шапса, сотқа жетсе, қаржылық шоттарыңыз жабылуы, шетелге сапарлауға тыйым салынуы, әрі қарай мал-мүлкіңіз тәркіленуі мүмкін. Осындай ми ашытар тірлік сізге қажет пе?
  10. Кредит алу – қоғамдық қауіп. Біз осы кредиттерден қарапайым тұрғындар ғана зардап шегіп жатқандай көреміз. Банктер де уақытында қайтарылмаған несиелермен бас қайғы. Бір ғана мысал жетіп жатыр. «БТА банктің» өтеу мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген кредиттері – 2 триллион 073 миллиард теңге немесе барлық таратқан несиелерінің 87%-ы (!)
  11. «Кредит алу – ақымақ әрекет». Бұл біздің сөз емес, маркетолог, іскерлік кітаптардың авторы (USA) Сэт Годиннің пікірі. «Сен алмай-ақ қойса да болатын кредитті қарызға алуыңмен өз өміріңді қиындататын ақымақ әрекет жасайсың». Себебі кредит ойлануға да ерік бермейді. Әрі қарай қалай қадам басуға болатынын да ойлауға, ойлануға болмайды. «Бәрі осылай жасап жатыр». «Әлем осыған құрылған». «Біреулер басқаша айтса, оларға сенбе де, тыңдама». Әне!
  12. Кредит алу – қысымда жүру. Кредиті бар адамның күні құрсын. Ол үнемі қаржылық қысымда жүреді. Сіз ұнаса да, ұнамаса да, кредитті өтеу үшін жұмыс орныңыздан айрылмауға тырысасыз. Қарапайым да күрделі тізбекті білесіз ғой, жұмыстан кетсең, не болады? Мүлікті тартып алса ше? Коллекторлар тобы жұмыс орнына келсе ше? Іс сотта қаралса ше? Енді сіз жұмыс орныңызды ауыстыру туралы шешімді де өзіңіз қабылдай алмайсыз. Алған кредитіңіз билік етеді. Психологиялық қысым туралы сөз айтпай-ақ қоялық. Кредитке жоламағанда, бәрі басқаша болуы мүмкін еді.
  13. Кредит алу – зұлымдық шеңберіне кіру.Қиын болса да, ақиқатты мойындау керек. Қасиетті Құран Кәрімде «Алла сауданы халал, өсімді харам етті» («Бақара», 275-аят) делінген. Жаратушы Алла жаратылғанның жайын, оған ненің жақсы, ненің зиян екенін жақсы біледі. Ендеше, адам баласына өсімқорлыққа негізделген кредитте күмәнсіз зиян, қауіп және кесір бар.
  14. Кредит алу – шынайы қарым-қатынастарды жоғалту.Бұл баптың екі жағы бар. Біріншісі, жалпы адамдармен болған қарым-қатынастағы шынайылық. Кредиті бар адам «несием себепті тойыңа бара алмадым, саған көмектесе алмадым» деп айтпайды ғой. Сосын жалғандыққа құрылған сылтаулар іздей бастайды. Осылайша, бұл шынайылықтан ажырап қаламыз. Екіншіден, жеңіл кредит алудың мүмкіндіктері – өмірге шынайы қарау қағидаларын бүлдіреді. Айталық, жеке тұлға көлік алғысы келді. Бірақ оны алатын ақшасы жоқ. Алдағы 2-3 жылдық уақытта да табысы көбейгелі тұрған жоқ. Көлік алу туралы ой келді. Келесі қадам қандай болуы керек? Дұрысында табысты ұлғайту немесе шығындарды қысқарту жолдары ізделуі тиіс. Мүмкін дәл осы сәтте «маған көлік қажет пе?» дегенді де ой елегенінен өткізу керек шығар. Жоқ. Көбі ештеңені өзгертпей, кредитпен көлікті болғысы келеді. Бұл жағдайға шынайы қарау емес. Себебі, бұл алдамшы сәттің артында ұзақ жылғы мойынға салынған қаржылық қарыз қарғыбауы жатыр.
  15. Кредит алу – бағаны қымбаттауға үлес қосу.Қазақстанға ипотека келмей тұрғандағы (2000 жылдарға дейін) және келгеннен кейінгі (2000 жылдардан бері) жылжымайтын мүлік бағасы қалай өсті? Әртүрлі факторлар айтылады, алайда, мұнда дәл осы проценттік ипотекалардың қомақты кесірін ешкім жоққа шығара алмайды. Сол сияқты кредитке байланған кәсіпорын шығаратын өнімнің бағасында да, лизингке алынған қоғамдық автобустардың жолақысында да кредитке төленетін үлес бар, салынып жатқан үй, алынып жатқан көлік, тұрмыстық техника, азық-түлік, жанар-жағар май бағасының 15-20%-ы, тіпті одан да көп бөлігі сол кредиттерді жабуға жұмсалып жатыр.

Қорытынды орнына. Кредит алмаңыз, алып қойсаңыз, тәубе етіп, кіріс-шығысыңызды жедел есепке алып, тезірек құтылуға асығыңыз, енді жоламаңыз және жақындарыңызды да кесірі тимес үшін кредиттен аулақ болуға үндеңіз. Алдағы уақытта «кредитке жоламау жолдары» төңірегінде аталған тақырыпқа қайта ораламыз.

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық

мешітінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз