Күйеуіне риза емес әйел бедеулік ауруына жиі ұшырайды

Жексенбі, 12-Ақпан 2017 / 00:10
Айдары: Ошақ құты
Күйеуіне риза емес әйел бедеулік ауруына жиі ұшырайды

Қазақстан репродукция медицинасы қауымдастығының 2016 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, елімізде жұбайлардың 15 пайызы балалы болмаған. Дәрігерлер бедеуліктің 70 пайыздық жағдайда емделетінін айтады. Ал психоаналитик мамандардың пікірінше, одан толықтай айығуға болады. Бедеулік диагнозы екі жыл жыныстық қатынаста бала сүйе алмаған жұптарға қойылады. Әйелдің бірнеше рет түсік тастауы да бедеулік болып есептеледі. Бұл дерт көп жағдайда жұптың толыққанды өмір сүруіне кедергі жасайды. ДДҰ мәліметінше, 40-50 пайыз жағдайда бедеулікке күйзеліс себеп болуы мүмкін. Көңілкүйлік және тән денсаулығы арасындағы байланысты сараласақ, көңіл-күй күйзелісі тәннің ауруға деген сезгіштігін арттырады; созылмалы күйзеліс жасырын депрессия мен иммундық жүйенің супрессиясына соқтырады. Көңіл-күй эмоционалдық күйзелісі мен депрессия иммундық жүйені тұншықтырып қана қоймай, гормондық бұзылуларға алып келеді. Нәтижесінде ішкі органдар ауыра бастайды.

Психологиялық бедеуліктің нақты себептері мен салдары

Психоанализдің негізін салушы Зигмунд Фрейд тән ауруының психосоматикалық механизмін сипаттаған болатын. Невроз кезіндегі көңіл-күйдің қозуы соматикалық проблемаларға әкеліп соқтырады. Біздің тәніміздегі аурулар – санамызда өз шешімін таппаған проблемалардың нәтижесі. Бұл проблемалар әлі күнге дейін шиеленісіп тұрғандықтан, адамға тән арқылы белгі береді дейді ол. Бедеулік те сол белгілердің бірі. Психолог-психотерапевт Людмила Шурдук бедеуліктің мынадай негізгі психологиялық себептерін атап көрсетеді: адамның жоспарланбаған бала ретінде тууы; әйелдің анасына деген жасырын агрессиясы; әйелдің өз өмірі үшін қорқуы; әйелдің ерлерді жеккөруі немесе қызғануы; әйелде еркек гормондарының көп болуы және тағы басқалар. Маман бұл себептерді былай деп түсіндірді. Әйел адам жоспарланбаған бала болып туса, ол отбасын құрғанда балалы бола алмай қиналады. Бұл сценарий жиі қайталанып тұрады. Анаға деген жасырын агрессиясы да осыған алып келеді. Кей әйел өз өмірі үшін қорыққандықтан, бала туудан бейсаналы түрде бас тартады. Ал босанудан қорыққан әйелдің эндокриндік жүйесі де өзгеруі мүмкін. Бұл өз кезегінде әйелдің жөнсіз құсуы мен анорексияға шалдығуы арқылы көрініс табады. Әр адамға анасының жүктілігі мен босану үдерісінің қалай өткенін білу маңызды. Себебі, бала туар кезде оттегі жетіспей қиналған болса, ол есейе келе бейсаналы түрде өлімге деген құштарлықты сезінеді әрі бедеулікке шалдығады. Алғашқы сәтсіз жүктілік, көмусіз қалған сәби, жоқталмаған сәби, баланың ата-ана махаббатынан ерте айырылуы – мұның барлығы да бедеуліктің психологиялық себептері. Адамның бала сүйе алуына өмірдің алғашқы жылдарында қасында болған адаммен қарым-қатынасы тікелей әсер етеді.

bg8

Психологиялық бедеулікті қалай емдейді?

Бедеуліктің психологиялық себептері болатыны туралы психоаналитик Анна Мергенбайқызы да айтады. «Физиологиялық себептің өзі психологиямен тікелей байланысты. Қазақта «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген мәтел бар. Мұнда «психоанализ», «психология» деген сөз жоқ. Бірақ соны меңзейді. Яғни, бедеу адамдардың жыныстық мүшесі ауырып тұр. Балалы болуға қиналып жүреді. Неге балалы болмады? Әдетте бедеу жандар медицина мамандарының көмегіне жүгінеді. Денсаулығын қалпына келтіргенімен, тағы да бала таба алмай қиналады. Әрине, психологиялық себептерге келу үшін бірінші медициналық көрсеткіштердің барлығынан өтіп шығу керек. Содан кейін ғана психологиялық себептерді емдеуге кірісеміз. Физиологиялық немесе соматикалық ауру дегеннің өзінде де, «Неге оның дәл осы жері ауырып тұр?» деген сұрақ туады. Тереңірек іздесек, себебі психологияда жатыр» дейді маман. Ол бедеуліктің психологиялық себебінің қандай болатынын түсінуге көмектесетін бірнеше мысал келтіреді.

1-мысал. Бір әйел 16 рет түсік тастаған. Соңында оның күйеуін жақсы көрмейтіні анықталды. Оқушы кезінде сыныптасына қатты ғашық болған. Сол жігітке тұрмысқа шықсам деген арманы орындалмаған. Балалық шағындағы сезімі қайта-қайта есіне түсіп, бейсаналы түрде қазіргі күйеуінен бала сүйгісі келмейді. Соңында келіншек осы фактіні мойындап, ақырында ұлды болды.

2-мысал. Бір-бірін жақсы көретін жұбайлар 13 жылдан кейін балалы болады. Бірақ әйел перзентханада жатқанда күйеуі ішімдікке салынып, басқамен жүріп кеткен. Себеп бұлардың бір-біріне деген шексіз махаббаты. Яғни оларға үшінші адам қажет емес. Отағасында «әйелімнің өмірінде тек бір ғана еркек болуы тиіс» деген ой қалыптасқан. Әйелін өзінің сәбиінен қызғанған.

3-мысал. Тұрмысқа шыққанға дейін әйелде барлығы тамаша болады. Оқуын бітіріп, жұмыс істеп, қызметте өскісі келді. Отбасын құрған соң мақсаттары орындалмайды. Күйеуі оны оқытпай қояды. Іштей қатты өкпелі әйел күйеуін бала таппай жазалайды. «Бедеулік жатыр болмаған жағдайда ғана емделмейді, мұнда еш психологиялық себеп жоқ», дейді Анна Құдиярова. Ал емделу тәсіліне келсек, мұнда басты препарат – сөз, психоаналитик мамандар бедеуліктің психологиялық-индивидуалдық себебін анықтап, символдрама сынды тәсілдердің көмегіне жүгінеді. Бедеуліктің тек психологиялық проблемалар салдарынан болатынына келіспейтін мамандар да бар. Алматы қаласы №4 қалалық ауруханасының гинеколог-дәрігері Айгүл Тұрсымбетова оның негізгі үш себебін атайды: алғашқы сәтсіз түсік, инфекциялық және гормондық аурулар.

«Көп жағдайда бұл дертке әйел түсік тастағаннан кейін шалдығады. Қазір түсік тастау оңай болды. Бұдан өзге жыныстық жолмен берілетін инфекцияның түрлері өте көп. Адамдар аса мән бермей, оны асқындырып алады. Нәтижесінде бедеулікке шалдығады», дейді Айгүл Тұрсымбетова. Гинеколог емдеу үрдісінің ұзаққа созылатынын айтады. Алдымен анализ нәтижелері талданып, артынша емдеу шаралары басталады. Ал психолог маманға тек екінші дәрежелі бедеулікке шалдыққан әйелдерді бағыттайды.

«Анализ нәтижесіне орай ем тағайындалады. Әйел адамның бойында еркектің гормондары көп болса, ол бедеулікке шалдығады. Мұндайда медициналық препараттардың көмегіне жүгінеміз. Науқасты психолог маманға жиі бағыттаймыз деп айта алмаймын. Мысалы, әйел үлкен мерзімде түсік тастап өзіне келе алмай жүрген болса, ойланбастан психоаналитикке жібереміз. Әдетте бедеуліктің психологиялық проблемаларын талдауға уақыт жұмсамаймыз. Бізге ғылым көмектеседі. Көп мәселені ЭКО оңай шешеді. Ал бұл жерде үлкен қаржы рөл атқарады. Бедеулік 99 пайыз жағдайда емделеді деген пікірге қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Аталған қиындықтың физиологиялық проблемаларын жоюшы маман ретінде оны 70-80 пайыз жағдайда емдеуге болатынын білемін», дейді гинеколог.

Психологиялық бедеулік саласында еңбек етіп жүрген маман Э. Фордтың айтуынша, әрбір бедеу әйел өз еркімен бала туғысы келмейді. Олар аналарына деген агрессия мен ерлерге деген жеккөрініш сезімінен арылған кезде ғана балалы бола алады. Яғни, әйел мен еркек бейсаналы немесе саналы түрде балалы болудан бас тартқандықтан, бедеулікке шалдығады. Десе де, бедеуліктің себебі әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Оны тек адамның психологиялық мәдениеті мен маманының біліктілігі шешпек. Ал қай саланың маманын таңдайтыны әр адамның өз еркінде.

Қарлыға БҮЙЕНБАЙ

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз