Көзінше мақтау, немесе «Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой…»

Сәрсенбі, 04-Қаңтар 2017 / 08:08
Айдары: Иман нұры
Көзінше мақтау, немесе «Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой…»

Өзін үнемі басқалардың қолпаштағанын, қошамет сөз айтуын, әр ісін мақұлдап, оң қабақ танытып жылбырап тұруын тілеп тұратын пендешілік қылықты Пайғамбарымыз да ұнатпаған. Сол себепті болар, бірде бір кісіні жер көкке сыйғызбай мақтап жатқан көпшілікті көргенде ақиық Елші(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой» деген екен. Сірә, мақтаған сайын ол адам бара-бара ісініп-кебініп тәкаппарлыққа салынады, ал тәкаппарлық оны тозаққа сүйрейді ғой деп аяушылық білдірсе керек.

***

Пайғамбарымыз басқа да хадистерінде бұл турасында «Бір-біріңді мақтаудан абай болыңдар. Ол мақтамен бауыздағанмен тең»; «Бір діндес бауырыңыздан бір нәрсе сұрағанда, оны мақтамаңыз. Бұл оның белін сындыру», «Мақтауды жақсы көру – адамды соқыр әрі керең қылады. Өз кемшіліктерін көрмейді. Ақыл айтсаң тыңдамайтын болады» деген. Расында да, жұрттан мақтау көп естіген жанның құлағы бітеліп, көзін шел басатыны белгілі. Ондай жан мақтау сөзге әбден семіргені сонша, алда-жалда біреу оған бір кемшілігін айта қалса, «ел байқамағанды сен байқап қалдың ба» дегендей дереу шамданып, ашушаң мінез көрсететін болады. Тіпті әлгі адамды өзіне жау көріп қалуы да ғажап емес.

***

Пайғамбарымыздың хадистерін өмірлік ұстаным деп білген сахабаларымыз да мақтау сөз, қолпаштау, қошаметтен барынша бойларын аулақ ұстаған. Хазіреті Омар бірде өзін мақтай жөнелген біреуге ашуланып, «Сен мені де, өзіңді де құртпақсың ба?!» деп ұрысқан екен. Тағы бірде бір ғұлама кісі өзіне мақтау сөзді үйіп-төккен біреуге «Сен мені қалай мақтайсың?! Мені жақсы танымайсың да ғой. Жоқ, ашулы кезімде мені сынап па ең, жоқ, менімен сапарлас болып па едің, әлде маған бір нәрсені аманаттап мен оған қиянат жасамап па ем?! Өзің іші-сыртын жақсы танымайтын адамды қалай мақтайсың?!» деп оны сөйлетпей тыйып тастаған екен.

***

«Көзінше мақтағанша, көтеріп отқа таста»; «Қыранмын деп мақтанба, жаюлы тұрған тор бар, Батырмын деп мақтанба, қазулы тұрған ор бар»; «Мақтаншақтың үйі қысыр сиырдан айран ұйытады»; «Дос сыртыңнан мақтар, дұшпан көзіңе мақтар»; «Ақымақ кісіні мақтасаң – ақылынан айырылады, Ақылды кісіні мақтасаң – көп ойланады» деп халық даналығында тілге тиек етілген осы мақтанудың кесірін жақсы білгені болар, ертеде Қытай басшысы өздерін маңайындағы елдердің біреуі мақтай қалса, дереу жақсы-жайсаңдарын жиып алып «Ежелден жау көршілес ел бізді мақтап жатқан көрінеді, қане, қай жерде қателік жібердік, жақсылап ойланайықшы» дейді екен.

***

Осы тұста мына бір ғибратты мысал да кісіге ой саларлық. Бірде Харұн Рашит пен данышпан Шақиқи Бәлхи әңгімелесіп отырса керек. Бір мезет патшаға данышпан оқыстан былай деп сұрақ қойыпты:

-Патшам, ұшы-қиырсыз шөл далаға тап болдыңыз. Неше күн жүріп шөл қысып өліп бара жатқан жайыңыз бар. Алда-жалда алдыңыздан біреу шығып:

«Бір жұтым су берем, ажалдан аман қаласың. Бірақ маған байлығыңның жартысын бер» десе берер ме едіңіз? Патша ойланбастан:

«Қу жанымнан қымбат па, берер едім»,- депті.

Данышпан: «Дұрыс айттыңыз»,- деп, артынша,- «Уа, патшам»,- депті,- сіз ол суды ішкенмен әлден уақытта дәрет қысып өлер болдыңыз. Өздігіңізден шамаңыз келер емес. Әлден уақытта біреу келіп «Маған қалған жарты байлығыңды бер, ішкен суыңды қайта сыртқа шығарасың» десе берер ме едіңіз?

Патша: «Иә, бермеске амал бар ма?»,- депті.

Сонда данышпан «Әй, Харұн! Ендеше, басыңа іс түскенде ішіп қайта сыртқа шығарған бір жұтым су құрлы құны жоқ байлығыңа есіріп, ешқашан мастанушы болма!»,- деп үлкен ой салған екен.

***

Расында да қолдың кірі байлыққа бола адамның мақтана қоятын жөні жоқ. Өйткені байлық та, кедейлік те адам баласы үшін – бар болғаны сынақ. Мұң-мұқтажға қарассын, сауап алсын деп берген байлық адамды қайта тәкаппарлыққа, кедейлерді адам құрлы көрмейтін өркөкіректікке ұрындыратын болса, онда ол байлық иесінің соры ғана. Бұны Мәшһүр Жүсіп бабамыз өз өлеңінде өте әдемі ұқтырған:

Көңілді шын ниетпен қойсаң аққа,
Тура жол, түзу бастар оңған жаққа.
Біреуді бай, біреуді жарлы қылған,
Пендесін әр күйменен сынамаққа.
Бай-кедей – бәрі бірдей Құдайға құл,
Біреуді кем қып қойған, біреуді мол.
«Бай кедейге ауыссын, қарассын» деп,
Шеберлікпен жаратқан құдіреті сол!

Иә, байлық – сынақ, сол себепті адам өзімен әкелмеген, кетерде өзімен бірге ала кетпейтін байлығына мақтанбауы керек. Күн сайын астаң-кестеңі шыққан мына дүниеде көп жыл тірнектеп жиған дүние-мүліктің бір-ақ күнде көзден бұл-бұл ұшатыны көз көріп, көңіл түйіп жүрген жайт, тіпті бір зілзаламен-ақ көзіңізге ыстық көрінген дүниеңіздің бетін топырақ жасыруы таңғаларлық емес. Басынан бағы тайған шақта, бақ-дәулеттің іске аспай қалатынын жақсы білген данышпандар осы себепті артқа «Адам ештеңенің де мәңгілік егесі емес, уақытша күзетшісі ғана» деген мәні терең сөз қалдырған екен.

***

Кеше бір тамшы судан жаралып, ертең өзін кәрілік, ауру-сырқау, өлім, қабірде құрт-құмырсқа күтіп тұрған пенденің бүгінгі қысқа уақытында өз бойындағы артық қасиеттерін айтып мақтануы да ақылға қонымсыз. Бұл жайында Ыбырай Алтынсары /1841-1889/ бабамыз былай дейді:

Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа!
Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.

Иә, ең көрікті етіп жаратқан пендесі Жүсіп пайғамбар да, Зылиха сұлулар да қанша сұлулықтарына қарамастан түбі ажал құшқан. Сұлулықтары оларды ажалдан арашалап қала алмаған. Ендеше, адамға Аллаһ көрік берсе, оған мақтанып, өзгелерге мұрын шүйіргеннен гөрі дұрысы ажарсыз адамдарға қарап, Аллаға шүкіршілік ету болса керек.

***

Асыра мақтау ешқашан да адамды жақсылыққа апармаған, керісінше күнәға батырған. Осыдан болар пайғамбарымыз бірде сахабаларына «Мәриямұлы Исаны мақтағандай мені мақтауда тым шектен шықпаңдар. Мен бар болғаны Алланың құлы әрі Елшісі ғанамын» деп ескерткен еді /Тирмизи, әш-Шәмәил, Б.172./. Расында да, Иса пайғамбарды асыра мақтаған христиандар оны Құдайдың ұлы деуге дейін барып, адасушылыққа ұрынған. Алайда, бұл дегеніңіз өмірі ешкімге жақсы сөз қимау дегенді білдірмейді. Пайғамбарымыз бір кісінің жақсылығын көргенде, оны оған айту керектігін, өйткені сіз айтқан жағдайда ол адамның жақсылық жасауға деген құлшынысы артатындығын білдірген. Бұл өз кезегінде халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенімен мәндес.

***

Мұхаммед пайғамбарымыз ған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мақтау сөз естігенде «Я, Алла Тағалам! Мына айтылған сөздерге еріп, желігіп кетуден сақта! Оларға белгісіз тұстарымды кешіре гөр! Мені олар айтқаннан да жақсырақ қыла гөр!» деген дұғаны айтуымызды қалауда. Біле білгенге бұл дұғаның терең мағынасы бар екені аян. Кей адамның өзін-өзі мақтауы сырттай оғаш көрінетіні де белгілі. «Өзін мақтау – ауамен қарын тойдыруға ұқсайды» деп Имам Бұхари мысал еткен бұл жағымсыз қылықты халқымыз да жаратпаған. Жанқұтты шешен оны надандыққа балап былай деген: «Надандықтың белгісі – өзін-өзі мақтайды. Көкірегі соқырға, өмірде таң атпайды»

***

«Мақтау – жел сөз жанға қас, қошаметшіл шығарған», «Сыпыра жақын, сұм құрбат, мақтанмен алды мазамды» деп кейіген Абай атамыздың да мақтау естуге еш құмартпағаны байқалуда. Өзін-өзі мақтауды ол ақымақтыққа балап, өлеңінде былай дейді:

Мақтанады өзгелер мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп.
Ол кеткен соң артынан күліп қалар
Антұрғаннан Құдайым сақтасын деп.
Ақымақ өзін мақтап былжырайды,
Шамаңа өлшеп сөйлесең нең құрайды.
Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!

Расында да жарықты – жарық деп жұртқа жар салудың не керегі бар? Ел оны өзі-ақ көрмей ме? «Іс бітті, қу кетті» деп аяқталатын «Қарға мен қу түлкі» мысалында түлкі қарғаны аузындағы ірімшігін алу үшін мақтайтындығын еске алсақ, демек, мақтаудың да тегін болмайтынын сезу қиын емес секілді. Ибраһим атамыз оны «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап» деп ескерткен.

Бұл пікірді Шәкәрім бабамыз да қостаған:
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса соны айтып ермек үшін.

***

Иә, біреуді мақтау не өзі мақтанудан адам барынша сақ жүргені дұрыс. Өмірде «Бүгінгі – дос, ертең – жау, Мен не қылдым, япырым-ау?!» деген жағдайлар да жиі кездесіп жатады. Ел бүгін жер-көкке сыйғызбай мақтаған жанның ертең халықтың қазынасынан қарын тойғызып жүрген алаяқ екенін, ұсталып түрмеге түскенін, шынтуайтында халыққа жаны ашымайтын қарақан басының қамын күйттеуден аса алмай жүрген бейбақ екенін естігенде, жаға ұстап жүрген жайттар аз ба?!. Осындайда көпті көрген, аузы дуалы данышпан бабаларымыздан Шал ақынның айтқанымен еріксіз келісесіз:

Біреуді жақсы деме сен,
Біреуді жаман деме сен.
Бұл дүниеден өткен соң,
Шын дүниеге жеткен соң,
Көтеріп көрге салған соң,
Көр қараңғы болған соң,
Кімнің жақсы- жаманын,
Бір жаратқан Хақ білер!

Рас, шын мәнісінде кімнің жақсы-жаманы Есеп күні о дүниеде білінер. Ендеше, бұл дүниеде жұмыр басты, екі аяқты көкірегі былғаныш пендені жер-көкке сыйғызбай мақтау орынсыз болар, одан да «Барлық мақтау бір Құдайға ғана жарасады» деген мұсылмандық танымды бәрінен биік қойғанымыз дұрыс-ау. 

Құдайберді Бағашар, 
дінтанушы

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз