Көптің көңіліне кірбің ұялатқан – көлеңкелі сыйлықтар!

Сейсенбі, 10-Қаңтар 2017 / 12:57
Көптің көңіліне кірбің ұялатқан – көлеңкелі сыйлықтар!

Бұл менің ғана емес – халықтың пікірі!

Бүгінгі қоғамымыздың қазанында қайнап, ел ішінің сан алуан тірлігімен етене араласып жүрген «Ақсақал», журналист ретінде халықты толғандыратын көкейкесті көптеген мәселелердің баршылық екендігіне күмәнім жоқ. Мен бұған дейін де ондай мәселелердің бірнешеуін сараптап жазғанмын. Біздікі, бұқара халықтың сөзін  билікке жеткізу! Билік оны қаперіне ала ма, жоқ па ол жағы бізге де беймәлім. «Төпелей берсең төре де өледі!» -нің керімен,  «Айта, айта Алтайды – Жамал апа қартайды!»-ның кебін киіп жүрген бізде, еш жазық жоғы баршаңызға аян. Енді осы жерде, «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойы» қарсаңындағы халыққа үлестірілген, «Сыйлықтардың»  маңыздылығы жайлы, кеңінен ой толғауыма тағы да тура келіп отыр.«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», -демекші, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі қарсаңында, «Ала қойды бөле қырыққандай», «Үлкенді кішілі, үстем биліктің» «көзді жұмып» оңды-солды таратқан«СЫЙЛЫҚ!»- тары кімдердің намысына тиіп, кімдердің көкейіне кірбің ұялатпады дерсіз?! Осыған байланысты халық арасында туындағанөкпе іренішті орынсыз деп айта алмаймыз. Неге?!«Ерім дейтін ер болмаса – Елім дейтін ер қайдан тумақ!»дегендей, еліміздің алуан түрлі саласында еселі еңбек еткен азаматтарымыз бен азаматшаларымыз болмаса, өзгелерге үлгі боларлықтай ұрпағын тәрбиелеп қоғамымызға қомақты үлесін қосып келген аналарымыз болмаса, бүгінде біз мақтанышпен жар салып жария етерліктей жетістіктерге жетпеген де болар едік! Әрине, жетістікке жету үшін әркімнің сыйлық алуы міндет емес. Алайда, «Алмақтың да салмағы бар» -дегендей, әркімнің елі үшін төккен терінің өтеуі ретінде, мемлекет тарапынан оларды ынталандыратын сый-сияпаттың болуы да міндетті, әрі ол болып та келген. Әлбетте, бір қызығы ол сыйлықтар бүгінгідей «басшы – қосшыларға», «жалтақ – жағымпаздарға», немесе «еселі еңбегі бар үлкендерін ысырып қойып, бесіктен белі шықпаған сарыауыз балапандарға» үлестіріліп келмеген-ді. Еліміздің әрбір даталы мерекелерінде мемлекет және министірліктер тарапынан берілетін үлкенді кішілі сыйлықтар, әр кезеңдерде әркімнің еткен еңбектерінің үлес салмағына қарай беріліп келгендігі баршаға аян. Осылайша әділетті түрде табысталған сыйлықтар, сыйланушыларына мемлекет тарапынан өзіне үлкен сенім жүктелгенін сезіндіріп, олардың ары қарай құлшына еңбек етулеріне үлкен жігер қайрат беріп келген. Жалпы, адамдарға көрсетілетін қомақты құрметтер мен сыйлақтар тек ол адам үшін ғана емес, бергісі соны көріп соларға ұқсап бағуға талпынатын ұрпақтарына, арғысы болашақта «Мен де осындай атақ-абыройлы адам болуым керек», – деп алдына биік мақсат қоятын жастарымыз үшін де, өте маңызды екенін біз ұмытпауымыз керек.

nil

Халық айтса – қалт айтпайды!

Қоғамды құратын да, оны реттеп тәртіпке келтіретін де сол қоғамның иесі –  «бұқара халық» болуға тиесті. Алайда, шынтуайтына келсек, біздің бүгінгі әділетсіз «үстем билік» оған мүмкіндік беріп отырған жоқ! «Тура биде туған жоқ», -деп әділдігімен «қара қылды хақ жаратын» бұрынғының би төрелерінің қазақ дәстүріне қалдырған «сара жолы» көзден ғайып болғалы қашан?! Қайран бабаларымыздың солайша қалдырған талай-талай «сара жолдары», бүгінде сүрлеуі жоқ сүреңсіз «көмескі соқпақтарға» айналғаны өкінішті-ақ! Біз өткен бабаларымыздың бізге қалдырған үлгілі істеріне, ұлы адамдардың ұлағатты сөздеріне құлақ аспай, «Мәңгілік ел» бола қаламыз деу күпірлік болар еді. Тарихқа көз салсақ, әр замандардағы патшаның да, болыстардың да халқына көрсеткен «үстемдігі» опа берген емес. Осы орайда, Қадыр Мырза Әли ағамыздың: «Мансапқорлар кресло үшін ар-ожданын да, намысын да сатып жүре береді. Мемлекет қайраткерлерінің бәрі бірдей көсем, бәрі бірдей кемеңгер десек, қателесеміз. Өз халқын өзі тобыр санайтын топас патшалар тарихта көптеп кездеседі. Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқарып жүрген елеулі азаматтарға шейін, бір де біреуін жатырқамайды. Бірақ ол екінің біріне бұйырмайтын, адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет», -дегені еріксіз ойға оралады! Билік тек халқымен билік, билейтіндей халқы болмаса ол – кімдерді билеп төстемек. Сол биліктегілер дандайсымай халқымен қоян-қолтық араласып, олардың мұң-мұқтажыларына құлақ асып, пікір ұсыныстарын қабылдап қанағаттандырмайынша, өз істерінен береке таппасы да анық! Енді, жоғарыда айтқандарымыздай осы сый-сияпаттар туралы халықтың пікіріне жүгініп көрелік!

Мұхамбедия Ахметов:

Бүгінде ҒАЛЫМ-ның құны фонограммамен сахынаға шығып жүрген орташалау эстрадалық әншіден төмен.Микрофонның арқасында «Жұлдыз» атанып жүргендер Әміре Қашаубаев пен Мұхиттың құдыретті дауысын не қылсын. Мүшайраға қатысып, тақпақ жазып оқып берген ақынға «джиф» мінгізіп, баршаға жар салып жария етеміз. Орташалау бір актер театр сахынасында немесе бір-екі кинода «ұлы образды» сомдаса болды «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» болып шыға келеді. Ал, бүкіл ғұмырын математика, физика, химия, медицина, ветеринария тағы басқа ғылым саласына сарп етіп, дүниежүзі мойындайтындай нәтиже берген кейбір ғалымдарымыздың мерейлі сәтін елемейміз, елесек те «жетім қыздың тойындай» етіп өткізе салатынымыз неліктен? Жә, профессорлар, академиктер бірдеме қылып көзге түсер, ал ғылыми атағы жоқ, өмір бойы бала оқытудың азабын арқалаған қарапайым мұғалімге, немесе күн демей түн демей ажал ауызынан талайды аман алып қалған хирургке неге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ бұйырмайды?

Алмабек Ақтайлақұлы

Егер дәрігер мен ғалым жоғары жетістік көрсетсе, ол, қоғамға көрсетті. Мемлекеттік сыйлық біреулерге қызмет еткендерге беріледі. Ол біреулер өздері бір біреуге қызмет етеді. Қысқасы, ондай атақты алғандардың өздері арзандап қалады.

Гүлшат Ақбаева

Қазірге қоғамның бас идеялогиясын дәл айттыңыз. Бізде одан басқа идеялогия жоқтың қасы. Осыдан келіп, жас ұрпақты жылтыраққа құмар, ішіп жегеніне мәз, мақтаншақ, өзімшіл, парақор, жағымпаз, екіжүзді «тұлғаларды» тәрбиелемекшіміз бе?! Жас ұрпақтың көретіні де, білетіні де міне осы!

Ақберен Елгезек

Мемлекеттік мекеме- мектепте сіңірген еңбегі де, болашағы да әлі алда, жап-жас әншінің есімімен мәжіліс залын атау деген не жаңалық тағы?! Төреғали бауырымның талантына түйірдей шүбам жоқ. Бірақ, бұл қазақта елге еңбегі өлшеусіз сіңген, атаусыз жатқан қаншама тұлғалар бар ғой. Соны мектеп директоры неге ойламаған…

Марал Оспанова

Қайрат Нұртасқа не үшін сондай марапатты берді, басқа лайықты адам  Қазақстаннан табылмады ма екен? 40  жыл хирург болып күні-түні еліне адал еңбек еткен менің жарыма неге бермеді?….. Міне, бұл қоғамның белсенді зиялы азаматтарының пікірлерінің бір парасы ғана. Мұндай пікірлерден мысалдарды мыңдап келтіруге болады. «Халық айтса қалт айтпайды» деген осы!!! Мұның жауабын, бүгінгі биліктегі көкелер бере жатар! Біздікі, халық көкейінде жүрген күрмеуі берік «көкейкесті» мәселені солардың «таскерең» құлақтарына жеткізу ғана. Меніңше, билікте тыңдар құлақ болса, халықтың оларға айтары көп-ақ!!!  Баршаларыңызға баянды да бақытты ғұмыр тілеймін!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз