Мектептегі «мама» немесе арсыз қызыңды тый, қазақ!

Сейсенбі, 03-Қаңтар 2017 / 23:57
Мектептегі «мама»  немесе арсыз қызыңды тый, қазақ!

 Төлен Зәрубайұлы Тілеубай.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Кеншоқы ауылында туған.

1999 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді.

Қарағандыда жаңадан жарық көрген «Сана», республикалық «Астана ақшамы», «Жас қазақ» газеттерінде, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Үкіметтік басылымдар редакциясында қызмет етті.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Публицистикалық мақалалары бірқатар жинақтарға енген.

«Еуразия сақинасы» атты Еуразия жастарының ақпараттық форумының, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің әдебиет аталымы бойынша дипломанты. «ШАБЫТ – 2003» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» аталымы бойынша Гран-При иегері.

 «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. 

 2006 жылы «Өлке» баспасынан «Аласапыран Америка» атты тұңғыш кітабы жарыққа шықты.

2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанадағы «Bagorda» баспасынан «Тәуелсіздік – тұмарым» атты жинағы басылып шықты.

                                                                                 15056273_1485746708108097_3194498647606412574_n

 ELANA.KZ  сайтына  алғаш  жарыққа шыққанынан  бастап-ақ  тілекшімін. Алдағы уақытта қаймана қазақ тұшынып оқитын оқырманы көп БАҚ-тардың біріне айналуын тілеймін. Сонымен қатар, өзім де автор ретінде осыған титтей де болса үлесімді қосқым келеді. Осы мақсатта қоғамға ой салар сараптамалық мақалаларым мен журналистік зерттеулерімді жолдадым.

             Құрметпен,Төлен  Тілеубай

                                                                                                                                     Сөз басы

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, әлемде жыл сайын 15-19 жастағы 16 млн-ға жуық қыздар және 15 жасқа толмаған 1 млн-ға жуық жасөспірім қыздар «ана» атанады. Мұндай жағдай халықтың табысы төмен және орташа елдерде орын алады екен. БҰҰ-ның халықтың қоныстануын зерттейтін қорының (ЮНФПА) дерегі бойынша, әрбір апта сайын дамушы елдерде 20 мың кәмелеттік жасқа толмаған қыздар бала туады. Сөйтіп, бір жылда бұл көрсеткіш 7,3 млн. адамға жетеді, соның ішіндегі 2 млн-ы – 15 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар. Бүкіл әлемде жүктілік пен бала туу кезіндегі асқыну 15-19 жас аралығындағы қыздар өлімінің екінші себебі болып табылады. Жыл сайын 15-19 жастағы 3 млн-ға жуық қыздар қауіпті түсікке ұрынады. Жасөспірім қыздың баласы 20-24 жастағы әйелдің туған баласынан гөрі көбірек көз жұмады.

Мектептегі «маманың» жасы жасаруда

Қазақстанда жасөспірімдердің 10 пайызы 14 жасқа дейін (!), 50 пайызы  – 19 жасқа дейін жыныстық қатынастың «дәмін татады»! Жыл сайын еліміздегі 15-тен 19 жасқа дейінгі 20 мың қыз жүкті болып, соның ішіндегі 10 мыңы – түсік жасатады екен. Мұндай масқара, сұрықсыз статистика жақында елорданың Сарыарқа аудандық прокуратурасында өткен жиында айтылды. Шындығында «Не істеу керек?» деген сауалға жауап іздеудің орнына басқосуға жиылғандар кінәліні іздеді.

2016 жылдың қаңтар-ақпан айында әлі 16-ға толмаған 4 жасөспірім ойнақтап жүріп от басыпты. Сорақысы сол, бұл Сарыарқа ауданындағы екі айдағы көрсеткіш. Атап айтарлығы, оның екеуі қалыпты отбасынан шыққан бала. Сарыарқа ауданының аға прокуроры Марат Байболатов зұлымдықтың түп-тамырын әлеуметтік желіден көреді. Өз ойын ол былай жеткізді: «Жасөспірім қыз әлеуметтік желіден үлкен еркекпен танысады. Кейінірек оң мен солын айырмайтын қыз сезімге қарсылық таныта алмай қалады. Кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа (ол екіжақты келісім арқылы болса да) түсу – қылмыс екенін жұрттың бәрі біле бермейді. Бірақ баланы жәбірлеуге қатысты мұндай бір ғана іс сотқа дейін жеткен. Қалған оқиғада екі тараптың бітісуімен тіпті, азаматтық некеге отыруымен аяқталған». Прокурорлар бұған тосқауыл қою үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, ерте жүктілік тобына бейім жандарды анықтамақ.

Айтпақшы, педагог-мамандар жасөспірімнің жүкті болуына мектептің 0,25 пайыз кінәсі бар деген дерек келтірді. Сөз кезегін алған Астана қалалық білім басқармасы басшысының бірінші орынбасары Бағлан Сматаева: «Неліктен мұндайда бірден мектепті кінәлаймыз кетеміз? Жұрт мектеп директорын жазалауды талап етеді, ал ата-анамен қашан жұмыс істейміз?» деп айқайлап жіберді. Әрине бұған жиылған жұрттың 95 пайызы (мектеп директорлары) дуылдатып шапалақ ұрды. Қызық болғанда, жүкті болған оқушы қыз мектеп басшылығы үшін демографиялық және кадрлық бомба көрінеді! Өйткені мектептегі «маманың» кесірінен педагог-психолог жұмыссыз қалады. Оған қоса «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей, мұғалім атаулы оқушының жүкті болғанын түсіне алмай дал. Өйткені олар мектеп партасында балаға ізгілік, ақыл, білімнің дәнін себеді, бірақ жыныстық қатынас туралы ләм-мим деп ауыз ашпайды. Мұғалімдердің тіпті тыйым салынған тақырыпқа қарсылығынан валеология деген пән жабылып тынды. Сайып келгенде педагог қауымы арифметикалық тәсілмен есептеп, жүктілік жағдайында мектептің бар-жоғы 0,25 пайыз кінәсі бар, қалған пайызына ата-ана мен қоғам кінәлі деген дәйек келтірді.

Дәрігер-маман пікірі бұдан бөлектеу. Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс акушер-гинекологы Халида Шәріпованың пікірінше, сұрықсыз статистика мектепте жыныстық қатынас, жасөспірімнің жүктілігі, түсік тастау және оның зияны туралы пән енгізуге қажеттілік туғызуда. «Жасөспірім қыздар тек қауіпсіз жыныстық қатынастың ережесін сақтамағаннан жүкті болмайды. Мұның тағы бір себебі – ерте некелесу. Мыңдаған кәмелетке толмаған қыздарды күйеуге береді,- деді ол басқосуда. – Дәрігерлер жасөспірім ағзасында асқыну мен ауытқу жоғары болатынына қарамастан, білікті медициналық күтім арқылы нәрестені сау күйінде туғызуға мүмкіндік барын айтады. Оның үстіне қыз баланың түсік жасатудан гөрі бала тууы ағзасына пайдалырақ. Сондықтан мектепте жүктілік орын алған кезде қыздың жасы емес, оны әлеуметтік қолдау аса маңызды».

Халида Көбентайқызы бұл мәселені «Жас қазаққа» былай түсіндіріп берді: «2015 жылы Астана қаласы бойынша кәмелетке толмаған 25 оқушы қыз босанды. 2014 жылы бұл көрсеткіш 60 адамды құраған. Яғни мектептегі жүктіліктің азайғанына қуануға тиіспіз. Меніңше мектеп партасында отырған қыздың жүкті болып қалғанына ұялудың  қажеті жоқ. Оқиға орын алған екен, ол қызға көмектесу керек. Мысалы, шетелде мұндайда тұтас әлеуметтік көмек жүйесі жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметші жасөспірім анаға қиын жағдайдан өтуге, психолог және заңгермен байланыс орнатуға көмектеседі. Яғни қоғам қиын жағдайға тап болған адамға, оның туған баласына жәрдемдесуге бар күш-жігерін жұмсайды. Еуропаның кейбір елінде жасөспірім аналар ай сайын 600 еуро жәрдемақы алып, көптеген жеңілдікті пайдаланады. АҚШ-та жас аналар үйі желісі жақсы дамыған. Ал бізде бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілмейді».

Шындығына келсек, біздің қоғам мезгіл мәселесін әрі-бері талқылаудан аса алмайды. Сонда мұның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сауалдың жауабын Марат Байболатовтан сұрадық. «Бұл мәселе шешімін табуы үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет,- деді ол. – Ең алдымен елімізде жасөспірімнің жүктілігі үшін жауапкершілікке тартуды ойластырған абзал. Мәселен мектеп психологының жауапкершілігі. Біздің қолымызда мынадай факті бар. Жасөспірім қыз жүктілігінің 30 аптасында дәрігердің көмегіне жүгінген. Яғни 9 ай жүкті болып жүріп, бала туатын кезде денсаулық сақтау басқармасына барған. Сонда 9 ай бойы не мектеп инспекторы, не психолог, не сынып жетекшісі ештеңе білмегені ме?!. Бұл – біріншіден, мектеп психологының қателігі. Екіншіден, үйдегі ата-анасының жіберген қателігі. Мысалы, қазір жасөспірім алкогольдік сусын ішсе немесе түнде үйінде болмаса ата-анасын жазалауы мүмкін. Бірақ ерте жыныстық қатынасқа түскені үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Бізде мынадай да факті бар: бір жасөспірім қыз екі рет: 2014 жылы және 2015 жылы түсік жасатқан. Демек ол белсенді түрде жыныстық қатынасқа түсіп жүрген адам. Олай болса, оның ата-анасын жазалау мәселесін көтеруіміз керек». Ал бұл мәселе туралы қоғамның ойы қандай?

Тақырыптың тұздығы: Жұрт не дейді?

Светлана Жалмағамбетова, мемлекет және қоғам қайраткері:

Меніңше, бар кінәні ең алдымен отбасынан іздеу керек. Қызға қырық жерден тыйым отбасынан басталады. Кейбіреулер: «Қазір әйелдер күні-түні жұмыс істейді. Қараусыз қалған қыздар жаманшылыққа ұшырауда» деген пікір айтады. Бұзылатын қыз күні-түні күзетіп отырсаң да бұзылып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін анасы қызына дұрыс үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Әр қыз бала анасына қарап өседі. Анасы әдепті, тәрбиелі, парасатты болса, қызы да солай болып өседі. «Сен осындай бол» деген сөзді күнде қайталағаннан қыз бала ығыр болады. Қызға темірдей тәртіп керек. Анасы өз қызымен тіл табыса білуі шарт. Ондай қыз ана сөзіне құлақ асады, оны сыйлайды. Бос жүретін, түнде қыдыратын, үйіне уақытында келмейтін қыз жүкті болады. Арлы, еңбекқор, тәрбиелі әйелдің қызы артық сөз сөйлемейді, артық жүріс жүрмейді. Ананы да, әкені де сыйлайды. Жүкті болған қызы үшін әр ана өзін кінәлауы керек

.15871687_1554963367853097_6348999082242385816_n

Дина Нұрсерікқызы, ата-ана:

Меніңше, кейбір ата-ана өз баласын өзі бүлдіреді. Баласы кітап оқымаса да, қымбат қалта телефонын сатып әпереді. Ол телефонда не көріп, оқып отырғанын қадағаламайды. Үйде жалғыз отыратын бала ғаламтордан неше түрлі жаман киноны көреді. Соған еліктейді. Сондықтан балаға бақылау орнату керек. Атап айтарлығы, ауыл баласы мен қала баласының мінезі екі бөлек. Ауыл баласы аздап болса да кітап оқиды, ата-анасына шаруаға көмектеседі. Қала баласы күні-түні телефонда не компьютерде ойнап отырады. Сабақ тапсырмасын ғаламтордан көшіре салады. Математика есебін есептегіш құралмен шығарады. Ойлау қабілеті дамымайды. Жалқау бала жамандыққа бейім тұрады. Екіншіден, теледидар күн сайын 13-14 жастағы оқушы қыздың жүкті болып қалғанын айтып, қақсап жатады. Бұл дұрыс емес. Жаман ақпараттың өзі бала санасына әсер етеді. Меніңше, қазір ата-ана да, мектеп мұғалімі де бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлгенін абзал. Мұғалім дегенімнің себебі, бала 5-6 сағат мектеп партасында отырады. Жаман қылықтан сақтануды сол жерде көбірек айтқан ләзім.

Талғат Найманбайұлы, Астанадағы 35 мектеп-лицейдің директоры:

Жасыратыны жоқ, қазір кейбір ата-ана мен баланың қарым-қатынасы нашарлап кетті. Бәрі деп көпке топырақ шашудан аулақпын. Бір-біріне деген бауырмалдықтан гөрі қасқыр сияқты қарайтын болды. Соның арқасында көп бала қараусыз қалуда. Ондай бала не істейді? Ермек іздейді. Ғаламтордан лас ақпаратты, жаман киноны көреді. Өзі сияқты еріккен баланы іздейді. Ал ата-анасы күніне бір рет болса да: «Әй, балам, екеуміз сөйлесейік. Мынау не, қандай нәрсені ермек етіп жүрсің?» деп сұрамайды. Кеңес беріп, телефонын қарамайды. Сөйтеді де болар іс болған соң, кінәліні іздейді. Айта кетейін, мектепте жыныстық қатынас туралы жаңа пән енгізудің керегі жоқ. Биология сабағында мұның бәрі айтылады. Бұдан бөлек ұлдармен және қыздармен ай сайын өткізетін сынып сағаты бар. Психологтар да жиі-жиі тренинг өткізеді.

Әсия Хайруллина, Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:

 Елімізде жыл сайын орташа есеппен 3 мың кәмелетке толмағандар некеге отырады. Бұл бірнеше мәселе туындатып отыр. Біріншіден, бала туу жасөспірім қыздың денсаулығына зиянын тигізеді. Қазір бізде дінге бет бұрғандар көбеюде. Сол себептен жастайынан қызды күйеуге береді. Екіншіден, жүкті болған жасөспірім білім ала алмай, жұмыссыздар қатарына қосылады. Ата-анасы оның денсаулығы мен болашағына жауапты болуы керек. Алайда жүкті болған жасөспірімнің ата-анасы «басты жауына» айналады. Болмысымыз сондай. Көп жағдайда өмірден сүрінген қызды кінәлап, одан теріс айналамыз. Ал ондай қыз түсік жасатады не үйінен безеді. Не өмірмен қош айтысып, асылып қалады. Не туған баласын қоқыс жәшігіне тастайды. Алматыдағы тастанды баланың 30 пайызға жуығының аналары – 18 жасқа толмаған қыздар. Егер жасөспірім қыз мұндайға ұрынбасын десе, ата-анасы оның жыныстық сауаттылығына көңіл бөлсін.

 Сөз түйіні:

   Қалай десек те дауасыз дерттің арыны қатты. Ұлтымыздың ажалы содан болып жүрмесін. Онсыз да рухани экспансия күннен күнге күшейіп, қазақ батыстың лас мәдениетін «жұтып» жатыр. Ұлттық тәрбиеден ажырап барамыз. Қырық үйден тыйым көрмеген қыз, ата дәстүрінен тәлім алмаған ұл көбейді. Қыздың ары – елдің, ұлттың ары деген түсінік жойылып бара жатқандай. Қапы қалма, қазақ! Ұятсыз ұлыңды, қылықсыз қызыңды дер кезінде тыйып үлгер!!!

                                                                                                                                                                                                                                                       Төлен Зәрубайұлы ТІЛЕУБАЙ Астана

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Өмір сабақтары

Facebook парақшамыз