Неке – отбасы негізі

Бейсенбі, 16-Ақпан 2017 / 11:34
Айдары: Ошақ құты
Неке – отбасы негізі

Отбасының мемлекетті құраушы фактор екені белгілі. Кемеңгер бабаларымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Халқымыз «ақ неке», «адал неке», «адал жар» деген ұғымдармен отбасының, некенің қасиеттілігін ардақтап келеді. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан қоғамда отбасын құру, оны сақтау мәселесі өзектілігін ешқашан жоймақ емес.

Қазіргі кездегі кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтарлық жағдай болып отыр.

Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Неке ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс. Құранда «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар»делініп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді [1]. Мұхаммед пайғамбар да «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы нәрсе екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.  Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны ертеден белгіленіп, діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілгендіктен олардың отбасы баянды бола алды.

Ислам құқығында отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Неке қиюдың өз шарттары бар. Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек. Екіншіден, екі куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адам. Үшіншіден, қызға сұраған сыйын беру (мәһір).

Некесіз екі жастың қосылуына ислам діні қатаң тыйым салады. Яғни, некесіз отбасы, отбасынсыз неке болмайды. Қазіргі кейбір жастардың жақын қатынасқа некесіз барып, некелесуге немқұрайлылық танытуы алаңдатарлық жағдай болып отыр. Олардың мұндай әрекетке баруына «азаматтық неке» мәселесі де мұрындық болып жүр. Мұндай неке мемлекеттік органның да тіркеуінен өтпейді, діннің талаптарына да бағынбайды. Бастауын батыстан алатын азаматтық некеде ешқандай жауапкершілік болмайды. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Дәм-тұзы жарасып жатса ғана үйленудің қамына кіріседі, ал бір-бірінің ойынан шықпай жатса бір-біріне сай емес екендіктерін айтып, оп-оңай түрде айырылысып кете салудан тартынбайды. Қазір осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегіп жатыр. Оның салдарынан мыңдаған отбасы бұзылып, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Жезөкшелік пен азғындық әрекеттер артып, қауіпті аурулар пайда болуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын ислам діні болса неке қиюды діннің талабы етіп қояды.

Кейінгі кездері шариғаттың шарттарын бұрмалап, дұрыс орындамай, әйелін оп-оңай талақ ету жөнімен қаракөз қыздарды мазақ етуші «діндар» жігіттердің саны көбейді. Олар ұрпақ сүйіп, үлгілі отбасы құруды көздемейді, нәпсісінің қалауымен қыздарды қорлау әрекетіне еркін барады. Осылай зардап шеккен қыздар жігіт өзінің намазхан екенін айтқандықтан оған сенгендігін алға тартады екен.

Хадисте «Үш нәрсемен қалжыңдап ойнауға болмайды: неке, талақ және ант» деген. Исламда рұқсат берілгенмен неке бұзу құптарлық іс емес. Қандай жағдай болса да отбасын сақтауға екі тарап та күш салуы тиіс. Әрбір адамның бойында кемшілігі бар, оны кешіре білу де дініміздің бір ұстанымы. Осыған қатысты хадисте «Мұсылман ер мұсылман әйеліне кек сақтамасын. Оның бір мінезін ұнатпаса, басқа бір мінезін ұнатады» [2] дейді пайғамбарымыз. Әйелмен жақсы-қарым қатынас жасаудың көркем мінез екенін де пайғамбарымыз нақты көрсетіп берді: «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларыңәйелімен жақсы қарым-қатынас жасағандарың» [3]. Мұхаммед пайғамбар әйел қауымына жақсы қарауды қоштасу құтпасында ерекше тапсырып, дүниеден өтер алдында да өсиеттеп кеткен. Ал, әйел адамға қатысты «Ерін разы қылып бұл дүниеден өткен әйел жәннаттық» [4] дейді.

Исламда ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүруі мүлдем мүмкін болмаған жағдайда ғана ажырасуға рұқсат беріледі. Онда да бірден талақ айтып, ажыраса салмайды. Әйел белгілі ғиддет мерзімін күтеді. Бұл мерзімді олардың келісіп, татуласуы үшін қарастырылған жағдай деп бағалауға болады. Бұл мезгіл өтіп, екі жақтың жарасуы мүмкін болмаған жағдайда ғана түпкілікті ажырасады. Яғни, талақ үкімі жанұяны бұзу үшін емес, керісінше жанұяның беріктігі үшін қолданылады. Демек, «талақ» сөзі атүсті қарап, қалжыңға айналдыратын нәрсе емес.

Қазіргі некеге қатысты мәселелердің бірі – некені жасырын қию мәселесі. Кейір еркектердің арасында шариғат жолымен неке қиғанын алға тартып, жария етпестен бірнеше әйелмен отасып алғандар кездеседі. Бұл мәселенің дұрыс шешімі ислам құқықтық жүйесінде нақты көрсетіліп, белгіленген. Мұхаммед пайғамбар «Жария ету – үй болғандықтың белгісі», «Шариғатқа теріс үйлену мен шариғатқа сай үйленудің аражігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету» деген. Бұл сөздердің мәнін түсінудің еш қиындығы жоқ. Баршаға жария етіп, елдің батасын алып құрылған шаңырақтың мүшелеріне үлкен жауапкершілік түседі. Жасырын қиылған некеде жауапкершілік әлсіз болады. Құқығы заңмен қорғалмайтындықтан бұл жерде де зардап шегушілер аналар мен балалар болары анық. Еліміздің заңнамаларына сәйкес отау тігетін екі жас азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тіркелуі тиіс. Бұл қандай да бір қиын жағдай туған жағдайда азаматтардың құқықтарының қорғалуы үшін өте маңызды. Қазір еліміздегі мешіттерде неке қияр алдында АХАТ органдарының неке куәлігі талап етілетіндігі де ең алдымен болашақ отбасының бүтіндігін қамдағандықтан туындап отыр. Осындай ресми некеден соң діни неке қиылады.

Қазақтың салтында некені қиюдан бұрын көптеген жөн-жоралғылар (атастыру, құда түсу, қалың беру т.с.с.) атқарылады. «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мәтелдер қазақ халқының некеге терең мән беріп, байсалдылықпен қарағанын байқатады. Ұлы данагөйіміз Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңіндегі

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен
Мінезіне көз жетпей көңіл берме!» –

деген ақыл-өсиеттері қазір де өміршең, аса маңызды.

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» –

деген өлең жолдарындағы ар да, ақыл да, ұят та имандылықтан бастау алатын қасиеттер. Бұл жерден де қазақтың сүннетке беріктігіне айқын көз жеткізуге болады. Өйткені, пайғамбарымыз бір хадисінде «Еркектер төрт түрлі талғаммен жар таңдайды. Бірі әйелдің байлығына бола үйленсе, енді бірі тегіне қарап таңдайды. Үшінші бірі сұлулығына сүйсініп қосылады. Сендер әйелдің діндарлығына қараңдар, әйтпесе ұтыласыңдар» деген.

Зайырлы сипаттағы мемлекетімізде отбасындағы әрбір азаматтың өздеріне тиесілі құқықтары «Неке және отбасы құқығы» туралы Заңмен қорғалады. Қоғамдағы әлеуметтік институттардың бірі отбасы болса,  отбасының өзі – жеке бір тәрбие институты.  Өйткені, адам дүниеге келген сәтінен бастап адами құндылықтар мен ізгі қасиеттерді осы отбасында сіңіріп өседі. Ата­­-ананың баласына беретін тәрбиесінің орнын басқа ештеңе толтыра алмайды.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халықтың өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән ерекшелігінің бір көрінісі олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Сонымен қатар, қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруы да оның өзіндік маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Қазақтың ер азаматтары нәзік жанды қосағын сыйлай білді, әженің өнегеге толы сөздерін саңасына сіңіріп өсті, аналарын «жұмақ ананың аяғының астанда» деп ардақ тұтты, қызы мен қарындасын арым, аз күнгі қонағым деп, алтынның сынығына балап, еркелете білді. Ұлын шаңырағымның иесі, тұяғым деп бағалап тәрбиеледі. Мұның барлығы қазақ халқының отбасы құндылықтарына үлкен мән беріп қарап, жоғары деңгейде дәріптей білгенін көрсетеді.

Отбасында мейірімділікке, адалдық пен жауапкершілікке сусындап өскен бала да үйде алған тәрбие өнегесіне байланысты болашақта түтіні түзу, босағасы берік, болашағы нұрлы жанұя құруға жауапты міндет деп қарайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп көреген халық сол үшін айтқан болар.  Бұл туралы Елбасының: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзі отбасы құндылығын ерекше айқындайды.+

Қорыта айтқанда, неке қию – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін ұлттық мәселенің бірі. Отанды құрайтын отбасы құндылықтарының бұзылуына жол бермеу  еліне жанашыр әрбір азаматтың міндетіне айналуы тиіс.

  1. Зарият сүресі, 49
  2. Мүслим, Рада, 61; 2/1091
  3. Әт Тирмизи, Сахих хадис
  4. Тирмизи, Рада, 10

Ақбөпе Қанатқызы

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз