Ноғайлар қазақтың бір бұтағы еді ғой…

Сәрсенбі, 15-Ақпан 2017 / 00:36
Айдары: Тарих
Ноғайлар қазақтың бір бұтағы еді ғой…

Ауылымызда менің бала кезімде қалың қазақ ішінде жалғыз ноғай апамыз болды. Әкемді жақсы танушы еді және әкемнен көп жас үлкен болатын. Үйі өзеннің бойында әрі сол арада өзеннің арғы бетіне шығатын аспалы жол болатын. Әкем жұмысқа бара жатқанда, қыс болса: «Әй, Әмірбек, Бейсенғазыны жіберсеңші, үйдің қарын күреп берсін», — дейтін. Көктем болса бақшасын салуға көмектесуші едім. Сабақтан кейін күрегімді арқалап барып, үйінің төбесінен бастап, есігінің алдын кеңейтіп күреп тастайтынмын. Сонан соң, ноғай апамыз келіп, үйіне кіргізіп сүт қосып қоюлап шәй беретін.

Үйі тап-таза, бөлмелердің көп жерін өзі тоқыған шілтермен, кестелермен көмкеріп қоятын. Мені өз баласындай жақсы көретін. Өзі аппақ адам еді. Жас кезінде өте әдемі әйел болғаны білініп тұратын.

— Апа, сіз тек қазақ тілінде ғана сөйлейсіз. Ноғайдың өз тілі жоқ па? — дейтінмін. 6-7 сынып оқушысымын ғой. Әр нәрсеге қызығып, білгім келіп тұратын.

— Балам-ау, ноғай дегеніміз қазақтың бір бұтағы емес пе, біз де осы жұрттың руына жататын елміз.

Шынымен де, ноғай дегеніміз кімдер? Қазақтың найман, қоңырат, керей секілді бір тайпасы ма, әлде дәстүр, тілі бөлек орда ма? Найманның барлас руынан шыққан атақты Темірланның үш рет күйрете жеңген соққысынан есеңгіреп қалады. Кезінде Батыл хан (Бату) құрған қыпшақ-қазақтардың Алтын Орда империясы ХІV ғасырдың соңына таман ептеп ыдырай бастады. Оның есесіне сол тұста Алтын орда әскерінің қолбасшысы Ноғай батырдың (зерттеуші ғалым М.И Артамановтың кейбір жазбаларынан) әскерлерінің құрамына енген біраз тайпалардан құралған мемлекеттік бірлестік пайда болды. Ноғай батырдың атымен аталған бұл шағындау қағанат, сонау Еділден Ертіске дейін, сондай-ақ Каспийден бастап, солтүстіктегі Түмен (Тюмень) қаласы аралығындағы аса кең өлкеде көшіп-қонып жүрді. Астанасы Жайыққа жақын орын тепкен Сарайшық қаласы болғаны белгілі. Кезінде қытайлардан қырғын тапқан жоңғар хандығының аз ғана бөлігі қазақ даласын басып өтіп, 1632 жылы Еділ жағасына келіп бас сауғалады. Олар ақырғы бар күшін салып ноғайларды ығыстырып шығаруға тырысты. Қалмақ хандығы құрылып, оны торғауыт тайпасының Дайшын тайшысы биледі және Ресейге ресми түрде бағынышты болды.

Әсіресе қалмақтың Аюке ханының тұсында Ноғай ордасына тыныштық бермеді. Олар шегіне-шегіне Қара теңіз солтүстік жағалауындағы жазық далаға қоныс тепті. Кіші Ноғай және Үлкен Ноғай Ордасы бірігіп, бұлар да Ресей мемлекетінің құрамына өтті. Дегенмен, көшпелі орда өз дегенін істейді ғой, Ресейдің шеткі қалаларына шабуылдап, алым-салық алып, тонап кетіп отырды. Ақыры Ақ патшаның бұйрығымен Суворов әскері Ноғай ордасының тас-талқанын шығарды. Миллионнан аса халық қырылды. Ешқандай аяушылық жасалмады. Ноғайлардың қалғанқұтқаны (150 мыңдай түтін) түріктерге барып тығылды. Азшылық бөлігі қазақ даласына қашты. Сөйтіп, олардың осы бөліктері түріктер мен қазақтарға сіңіп кетті.

Ордасын Дешті-Қыпшақ жеріне тіккенде ғой, мұндай мүшкіл халге түспес еді. Әйтпесе, Алтын орда империясының құрамындағы бір тіл, бір дәстүрдегі қоңырат, қият, найман, үйсін, керей, қаңлы, дулат, арғын, жалайыр, алшын тағы басқа тайпалар секілді, қазіргі уақытта бірігіп қазақ елі болып отырар еді-ау. Зерттеуші ғалым М. Артамановтың «Они были туркоязычными. Если честно говоря, они тоже были одной частью казахской национальности» деген сөзі шындыққа саяды. Атақты «Едіге» жырын шолып отырып ноғайлардың қаншалықты қиын кезеңдерден өткендігін елестетесің.

Бала кезімде ноғай апамның «біз де қазақтың бір бұтағы емеспіз бе?» дегені әлі күнге дейін құлағымда тұр.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз