«Сол бір жыл» (Әңгіме)

Жексенбі, 15-Қаңтар 2017 / 16:14
«Сол бір жыл» (Әңгіме)

Бағынұр деп аталатын кеншілер қаласының орталық емханасында жасы елуден енді ғана асқан Ою есімді әйел төсек тартып жатыр. Уақыт неткен жүрдек еді. Монғол елі астанасының іргесіндегі осы бір жаңа қалаға оның оқу бітіріп келіп, түтін түтеткеніне де міне, биыл бақандай жиырма жеті жыл толыпты-ау.

Оюдың бүкіл өмірі осы қаламен сабақтас. Өмірлік жарымен де осында бас қосты. Ұлы мен қызы да жас қала Бағынұрмен бірге өсіп, жетіліп бақыттарын тапты. Жолдамамен келіп, алғаш сәулет бөлімінде жобалаушы инженер болып қызметке тұрса, бүгінгі күні қала мэрінің білдей бір орынбасары. Білімі мен білігінің арқасында зор құрметке бөленді, қысқасы, Ою өте бақытты әйел. Жар таңдауда да қателеспеген. Күйеуі нағыз асыл жан. Әйел біткеннің армандайтын бір ер азаматы болса, дәл осы Оюдың жарындай-ақ шығар.

Сырттай қарағанда, Оюдың шынында да төрт құбыласы түгел дерсің. Бірақ, қою қара қасының астындағы мөлдір қара көзінде тереңнен тартып тұнжыраған белгісіз бір мұң бардай көрінеді де тұрады. Мінезінің тұйықтығын, айналасына соншалықты ашылып сөйлей бермейтінін жұрт оның өте еңбекқорлығымен, жұмысбастылығымен байланыстырып жатады. Қызметте де, отбасында да еш жамандық атаулыны көрмеген, «тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар» дерсің. Бүкіл өмірі тек қана сәттіліктен тұратын әйелде нендей мұң болушы еді, бақыттан ғана басы айналмаса. Айналасындағылар Оюды осылай ғана қабылдайды. Тек бірі ақын, бірі суретші жақын араласатын екі құрбысы ғана «сенің қос жанарыңда жан баласына айтылмаған терең бір жұмбақ сыр бар» деп қоймайтын.

Кейде қолқалап сұраса да сыр ашқан емес. «Көріпкел болсаңдар, бал ашып біліп алмайсыңдар ма? Көңілімде еш құпия сыр жоқ» дейтін. «Біз шығармашылық иелеріміз, адамды көзінен танимыз» деген кездерінде де «Мен жай инженер емеспін, сәулетшімін. Мені қалай өнер адамы демейсіңдер? Үнемі ойланып жүретіндіктен сырт көзге солай көрінетін шығармын».

Осылай десе де кейде зілдей ауыр ойдың тұңғиық тереңіне батып кететіні бар. Расында, менің ішкі сырымды жұрт жүзіме қарап оқи бере ме екен. Бірақ, пәлен жыл бойы отасқан байым ештеңе демейді ғой. Аузын ашса, жүрегі көрінетін күйеуінің еш бөтен ойы болмайтынын ол әрдайым сезеді.

Соңғы бірер жылда тұла бойын меңдеген дерттің дауасын іздеп бармаған жері жоқ. Шетелдің неше түрлі емханалары мен талай білікті дәрігерлеріне қаралған. Шипа боларлықтай ештеңе табылмайтынына көзі жеткен, тікелей келген ажал екендігін де іші сезген. Алғашында, қатты үрейленген. Талай ұйқысыз түндерді өткізді. Өмірмен тым ерте мәңгілікке қоштасатынына налыды, қатты өкінді, күйеуін, балаларын, ет-жақындарын, дос-жарандарын қимай жылады-сықтады. Қазір бәрінен суынып, түңіліп кеткендей. Күн өткен сайын бұл дүниеден алыстап бара жатқандай. Енді, оған бәрі бір секілді. Уақыт озған сайын бұл өмірді жат көріп, ажалдың келіп алып кетуін ғана күтетіндей.

Төсек тартып жатқан екі айда ол өткен жарты ғасырлық өмірін жіпке тізіп көрмек болды. Бірақ, ой шіркін, айналып келіп сол баяғы 1979 жылды ғана шиырлай береді. Тек сол жылды сағына сарғайып еске алса ғана асқынып кеткен ауруын ұмытып, ерекше бір рақат сезімге бөленетіндей көрінеді де тұрады. Тіпті, отыз үш жылдан кейін де дәл мұндай сезімде боламын деп кім ойлаған. Енді, ойлап отырса, өмірінің көп уақыты қарбалас қызметпен, беймаза күйбің тірлікпен қас-қағым сәтте зу етіп өтіп кеткен тәрізді.

Ою бір отбасының жан дегенде жалғыз қызы. Әке-шешесі бұдан да өзге ұл да, қыз да сүймеді. Темір жол саласында үлкен қызметтегі әкесі үй бетін көруі сирек. Анасы жалғыз қызының қамымен үй шаруасымен ғана айналысқан жан еді. Ою бала кезінен молшылық көріп, ішкені алдында, ішпегені артында, үлде мен бүлдеге оранып дегендей еркелеп өссе де тәрбиелі, ақылды қыз боп бой жетті.

Орта мектеп бітіретін жылы Оюдың әкесі өзге қызметке ауысты да олар туып-өскен Дархан қаласымен қоштасып, елдің қиыр шығысындағы Чойр атты қалашыққа қоныс аударды.

Бұл көш алғашқыда Оюға оңай тимеді. Он жыл бойы тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастарынан алысқа кетіп, мүлдем бейтаныс ортаға тап болмақ. Орта мектептің соңғы сыныбының екінші тоқсаны басталғанда жаңа жерге табан тіреп отыр. «Ендігі сыныптастары қандай балалар болады, олармен таныс-біліс боп үйіреніскенше қай заман» деп жаңа мектептің табалдырығын аттағанша, уайымдаған еді.

Сынып жетекшісіне еріп, кең кабинетке кірген. Сабақта отырған барлық оқушының көзі бір өзіне қадалғанда, екі беті ду еткендей болғаны дәл қазіргідей ойға анық. Мұғалім нұсқаған партаға келіп жайғасқанда, толқындалған қап-қара шашты, жарасымды киінген, сымбатты ақ құба балаға көзі түсті. Екеуі бір сәт көз түйістіріп, бір-біріне сынай қарасып қалыпты.

–        Қадамың құтты болсын! – деп, жымиған баланың тартымды жүзі біртүрлі жылы ұшырап көрінгендей болды.

–        Рахмет! – деді де, жайғасты.

Парталасы тәрбиелі, оқу үлгерімі де айтарлықтай, өзі ақын дегендей тәуір бала болып шықты. Есімі тосындау естілгендей болды да жадында сақтай алмады. Қайталап сұраудан ұялды. Үзілісте ол ұлдармен бірге шығып кетті. Оюды сыныптас қыздары ортаға алып, танысып-білісіп жатыр. Бәрі де биязы мінезді ақ жарқын құрбылар болып шыққаны көңілге үміт ұялатты. Олармен тез тіл табысып кете аларына Оюдың көзі жеткендей болды.

Таңертең сабаққа баруға үйінен шыққан. Мектепке дейін әжептәуір алыс. Бұл қалашықта қоғамдық көлік атаулы болмайды екен. Тас төселген жолмен тартып келе жатыр еді, артынан біреу жақындап келіп қатарласа кетті. Жалт қараса, кешегі парталасы.

–        Қайырлы таң, Ою!

–        Қайырлы таң…кешірші, атыңды ұмытып қалдым.

–        Оқасы жоқ. Алғаш танысқан жұрттың бәрі сөйтеді. Атым Мейрамбек!

–        Ой, қандай қиын есім? Маярумбик. Дұрыс па?

–        Жоқ, Мейрамбек. Тілің келмесе жай ғана Бек дей бер.

–        Жарайды, солай жеңіл екен. Бұл сонда қандай есім, өзі?

–        Қазақша ғой. Мен қазақпын.

–        А, солай ма? Ұқсамайсың ғой. Олар көк көз болушы еді ғой. Оның

үстіне сен монғолша тап-таза сөйлейсің. Дарханда қазақ көршілеріміз болды. Олар монғолша мүлдем бөлек әуенмен сөйлейтін. Сен оларға ұқсамайсың.

–        Мен өзіме ғана ұқсаймын.

Екеуі қосылып күліп алғаны бар. Осылайша, үйлерінің бір бағытта болуы да Оюды Мейрамбекпен жақындата түскендей болған. Аз ғана уақыт ішінде ол екеуі егіз қозыдай жарасып достасып кеткен. Мейрамбектің үйі Оюдікінен біршама арырақ. Ол жерде қатарлас «А» сыныбында оқитын Чимэг деген монғол қыз бен Серхан деген қазақ бала екеуімен көршілес тұрады екен. Олармен де жақын танысқан Оюдың қуанышында шек болмады. Сабақтан соң төртеуі қатарласып мектептен бірге шығады, таңертең бірге барады. Әңгімелері де жарасып, өзара жақсы тіл табысады. Алғашқы қар жауған күні төртеуі жас балаша қуанып, қармен атысып, жаңа түскен ұлпамен бір-бірінің бетін жуып та  ойнағандары бар.

Өстіп жүріп тоқсанның қалай аяқталғанын да білмей қалыпты. Бүкіл сынып болып келе жатқан жаңа жыл мейрамын қарсы алу кешіне қатысты. Би кешінің жүргізушісі парталасы Мейрамбек. Ән-би, музыка аспаптарында өнер көрсететін орындаушы оқушыларды таныстырғанда, кезекті би әуендерін ойнатарда да күйтабақтағы ансамбль мен эстрада жұлдыздары туралы қысқаша мәлімет беріп, ерекше тартымды сөздерімен дүйім жұртты елең еткізеді, сөзінің соңын төрт жол өлеңмен өрнектеп аяқтайды. Барлық оқушы мәз-мейрам болып ду қол шапалақтайды, қоғадай жапырылып билейді.

Парталасының шешендігі мен алғырлығына Ою да қатты тәнті болды. Топпен бірге билеп жүріп әлсін-әлсін көз тастап қояды. Бірде музыканың мұғалімімен әлденені сөйлесіп тұрғанын, енді бірде жастар комитетінің хатшысымен бірдемені ақылдасып жатқанын көреді. Бүгінгі кеште оны бейне бір нұрлы әлемге айналған перештедей елестетті.

Кезекті рет бір оқушы ән салғаннан кейін кеш жүргізуші вальстің «ақ танц» түрін жариялай келе «бұл жолы бойжеткендерге қолайлы мүмкіндік беріледі, өздеріңнің ең жақсы көретін бозбалаларыңды биге шақыруларыңа болады» дегенді қосып қойды.

Осы сәтті қалт жібермейін деп шешкен Ою жүргізушіге қарай бет алған. Қырсыққанда дәл жақындай бергені сол еді, Аяз Атаның қасындағы «Ақша-Қар» – сегізнші сыныпта оқитын сұңғақ бойлы бойжеткен Мейрамбекті іліп әкете қалғаны. Сол жерде тұрған жастар комитетінің хатшысы жігіт Оюды өзін биге шақырды деп ойласа керек, қолын созды да вальске үйіріп әкетті. Би арасында «Маған көрсеткен құрметің үшін қаладан жаңа келген сұлу қарындасым саған рахмет!» деп қояды әлгі, хатшы жігіт. Парталасын көздеп барып, кездейсоқ ұрынғанын ол қайдан білсін.

Қызық болғанда, кейін өзінен бақандай алты-жеті жас үлкен әлгі хатшы жігіт жатып кеп қырындап, азар да безер болып зорға құтылғаны бар.

Хатшымен билей жүріп Мейрамбек жаққа қараумен болды. «Ақша-Қар» екі қолын оның иығынан асыра жаздап, тіпті, мойнын орап алардай құшақтап алған баяу ғана тербеліп, үздіксіз бірдемелер айтып жатыр. Мейрамбек әдеттегі байсалды қалпынан айнымаған күйі ақырын ғана бас изеп қояды. Мейрамбектің ішкі ойын біліп болмайсың. Барлық достарымен бірдей қарым-қатынас жасайды. Ешкімді бір-бірінен артық-кем санамайтын секілді көрінеді. Мінезі ашық-жарқын сияқты  болғанымен, сөзінен, жүзінен ештеңені «оқып» біле алмайсың, тұла бойы  шешілмейтін бір жұмбақ. Ою оның өзін ұнататынын сезеді. Бірақ, сүйе ме, сүймей ме дегенге келгенде басы қатады. Сүйеді дейін десе, ол Оюмен ғана емес, өзге құрбыларының бәрімен қарым-қатынасы бірдей сияқты көрінеді. Сүймейді дейін десе, өзіне деген әлде бір жылылықты сезгендей болады.

Кейде «мен осы босқа дәмеленіп жүрген жоқпын ба, оның алыста тұратын сүйіктісі бар шығар» деп те күдіктеніп қояды. Сөйтсе де, оны өзінен басқаға тағы қимайды.

Ою үшін вальстің музыкасы тым ұзаққа созылғандай, небары үш-төрт минуттың өзі ай-жылдарға ұласып кеткендей көрінді. Тез аяқталса екен деп асыққан сайын жалғаса беретіндей. Оның үстіне Мейрамбекті биге шақырамын деп барғанда ана бір «Ақша-Қардың» алдын орап кеткені, өзінің екі ортада қайдағы бір хатшысымақ кәрі жігітпен кездейсоқ жұптасып қалғанына қапаланды.

Таусылмастай көрінген музыка да бітті, Ою сол маңнан ұзамай Мейрамбекке жақынырақ барып тұрып алды. Кезекті орындаушыны жариялаған соң Мейрамбек те Оюдың қасына келді.

–        Көңіл-күй қалай, Ою?

–        Онша емес. Сені «ақ танцқа» шақыруға келіп едім, «Ақша-Қармен» бірге қашып кеттің – деп бұртия қалды.

–        Жүр, ендеше! Өзім-ақ шақырайын!

Махаббат лирикасын тамылжыта шырқаған отандық әншінің әсем әуезді әніне ырғала билеп жүр. Осы әуен аяқталмаса екен деп тіледі. Өмір бойы құшағында болсам деп армандады. Біртіндеп жақындай берді. Ыстық демін сезгенде тұла бойы балқып кеткендей болды. Мейрамбектің жүзіне қараса, сол баяғы маңғаз кейпімен бейтараптау ғана жимыйып қояды. Әжептәуір ұзақ ән секілді еді, тым тез аяқталып кеткендей сезілді.

Одан кейін де екеуі бірнеше рет жұптасып биледі. Ою сол кездегі ерекше сезімін дәл қазір де бастан кешкендей болғанда еріксіз күлімсіреді.

–        Езу тарттыңыз ғой, денсаулығыңыз жақсарған шығар, – деп үн

қатқан ұлының даусы естілгенде ғана есін жиғандай болды. Келіні мен ұлын әлде қашан кетіп қалды деп ойлаған еді. Олар палатада әлі отыр екен.

–        Екеуің қайта беріңдер. Мен жақсымын. Немерелеріме қараңдар.

–        Біріміз қалайық. Түнде жалғыз қалай…

–        Ештеңе етпейді. Әлгінде әкелеріңді де қайтарып жібердім. Ол да

қалғысы келіп еді. Мұнда мейірбикелер бар ғой. Мені олай-бұлай болып кетеді дейсіңдер ме? Еш алаңдамаңдар.

–        Жоға, ол не дегеніңіз…

Ұлы мен келіні кеткен соң тағы да ойға шомды. Оңаша жатып қана осылай Мейрамбекпен бірге өткен күндерін еске алудан өзге ешбір қызық бұл дүниеде қалмағандай. Осыншама жылдардан кейін соңғы кезде неге оны еске ала беретініне өзі де аң-таң. Неге дені сау, денесі ширақ кезінде оны шарқ ұрып іздемеді? Осыдан жиырма жыл бұрын оның тарихы отанына кетіп қалды дегенді естіген. Мына тұрған Алматы жердің түбі емес қой. Сыныптас досымды іздеп келдім десе, ешкім де оны сөге-жамандамас еді ғой.

Бұл өмірге бір разы жан болса, Ою ғана шығар. Отбасы, бала-шағамен қатар қызметтің де қызығын бір кісідей көрді. Енді, өлім аузында жатқан шағында өмірінің ең бір қымбат сәті жарқ етіп қана жырақта қалған онсегіз жасы ғана іспетті сезіле береді. Жанына жақын естелігі де, қуаныш сезім сыйлайтыны да сол бір жыл. Төсек тартып жатқанда бұл да бір көңілге медеу әрі құпиясы мол жұмбақ әлем.

Сонымен, мектеп кештігінен екеуі бірге шыққан. Ертеңнен бастап он күндік қысқы демалыс. Ою таңғы пойызбен жолға шықпақшы. Туған қаласындағы нағашы жұрты анасы екеуінің келіп қайтуын өтініпті.

–        Бек, сен осында боласың ба?

–        Мен ертең кешкі пойызбен шығамын.

–        Қайда барасың?

–        Үйіме, әке-шешеме, бауырларыма. Олар да мені сағынған шығар.

–        Сенің үйің осында емес пе?

–        Жоға, бұл әпкем мен жездемнің үйі ғой. Мен Чойрдан жүзден астам

шақырым жердегі шахтерлер аулынанмын ғой. Ол жерде онжылдық мектеп жоқ. Сосын, осында келіп оқып жатқан жайым бар.

–        А, солай ма? Мен сені өзім секілді бір үйдің жалғызы шығар деп

ойлаушы едім. Нешеусіңдер сонда?

–        Тоғызбыз. Мен екіншісімен. Бірақ, ұлдың тұңғышы боламын.

–        Қандай тамаша. Көпбалалы отбасыларға қатты қызығамын … – деп,

Ою ауыр күрсінді.

Жаңа жыл қарсаңындағы қарбалас күн. Қапалақтап қар жауғанымен күн тымырсық. Бетті қаритындай қатты аяз да жоқ. Түрлі тақырыптағы әңгімеге тартып, баяу ғана аяңдап келе жатса да, үйінің маңына әлде қашан келіп қалыпты. Бірақ, Ою кіруге асықпады. Жақындай келе тұра қалып сөзге тартып әңгіме-дүкен құрғысы келеді. Бектің де асығатындай ештеңесі көрінбейді. Әңгімелері жарасатыны соншалық, бір тақырыптан келесіге өтеді де, сағызша созылып, өзінен өзі өрбіп кете береді.

Шешесі үйінен шығып, Оюды екі рет шақырды. «Қазір-қазір» дейді де, асықпай әңгімелесіп тұра береді. Тіпті, таң атқанша, пойызға шыққанша тұра берер еді, бірақ, үшінші рет шақырғанда анасынан бір, қасындағы Бектен екі ұялып, амалдың демалыстың созыла түскенін қалаушы еді. Енді, тезірек Чойрға жетсем деп асығады. Жатса да, тұрса да Мейрамбек есінен кетпейді. Оның айтқан әр сөзін жіпке тізгендей ғып ой елегінен өткізеді. Астарынан өзіне деген махаббат сезімінің ізін көргісіз келеді. Бірақ, үміт артарлықтай ештеңенің ұшығы шықпайды. Ол да мені өлердей сағынып жүр ме, әлде, есіне де алмай ма екен? Демалыстан қайтып барғанда мені көре сала «Оюым менің, сені қатты сағындым. Саған өлердей ғашықпын» десе ғой деп армандайды.

Оның айтқан әрбір сөзі көкейінде сайрап тұр. Тіпті, жатталып қалғандай ма, қалай? Пойызда келе жатып, оның айтқан әлде бір әзілі есіне түсіп кеткенде тоқтаусыз бір күлгені бар. Маңайындағы жолушылар таңдана қарасып, анасы тіпті, шошып кетті.

–        Саған бірдеме жабысты ма, не болды, жаным?

–        Жоға, анашым! Жай әншейін, бір күлкілі оқиға есіме түсіп кетіп…

Сонымен, Чойрға да келіп жетті. Әкесінің шофері күтіп алып үйіне жеткізген. Алыс жолдан келсе де шаршамаған секілді өзін сергек сезінді. Әке-шешесіне кешкі ас дайындап, зыр жүгіріп жүр.

Қызының үйге келген соң қабағы ашылып, арасында әндетіп көңілді жүргеніне анасы да қуанып қалды. Он күндік демалысында, пойыздағы тәулікке таяу сапарда да дәл мұндай көңілді көрінбеген еді. Үнемі ойға шомып, томаға-тұйық томсырайып келген болатын. Енді, қуаныштан ажары бал-бұл жайнайды. Бұл қылығын анасы жақсылықтың нышанына балады.

Ою үшін қазірдің өзінде Мейрамбекпен бір ауамен тыныстап отырғаны, ертең онымен жүздесетінінен асқан қуаныш жоқ еді. Түннің бір уағына дейін ұйқысы келмеді. Таңертеңгі кездесуін, бір партада қатар отыратынын ойлағанда жүрегі тынымсыз соғып, кеудесін әлде бір қуаныш кернегендей болады.

Таңертең алдын ала келіскендей-ақ екеуі аулада ұшыраса кетті. Ою ай-шай жоқ, құшағына барып күмп етті. Мұндайды күтпеген Мейрамбек алғашқыда сасып қалғанымен, қызды қапсыра құшақтай алды. «Сені қатты сағындым, Бек! Өте жақсы көремін, сені!».

Мейрамбектен күткен сөзінің өз аузынан қалай шығып кеткенін аңғарғанда қатты ыңғайсызданып та қалды. Жігітінің жүзіне қараса, Бек сол баяғы жұмбақ жымиысымен түк болмағандай қарап тұр.

Мектепте әдеттегі тірлік. Демалыс бойы бір-бірін көрмеген құрбылар у-шу боп табысып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып дегендей әне-міне дегенше сабақ та өте шықты. Кешкісін бүкіл сынып болып бәрі жаңадан келген бір фильмді тамашалау үшін кинотеатрға барды.

Кино бітер-біткенше бір бірінің ыстық алақанын қысып отырып, жүрек лүпілдерін тұла бойларымен сезінгендей болды. Фильм де махаббат лирикасы тақырыбы бойынша жасалған әсерлі туынды болып шықты. Бәрінен бұрын Бектің де өзін сүйетіндігіне көз жеткізуі Ою үшін баға жетпес зор қуаныш еді.

Оның ыстық құшағына еніп, алғаш рет сүйгізген сол бір қыстың кешін дәл бүгін болғандай-ақ еске алды. Бір бірін көре сала ұнатып, екеуінің де жүрегінде махаббат оты лаулап жанғанын сол күні білісіп, сырларын ақтарысқан болатын.

Сыныптас достары, бүкіл мектеп, тіпті мұғалімдерінің өзі екеуінің егіз жүрекпен жұптасқанын біліп болған. Екеуінің бір біріне лайық жандар деп есептегендіктен, оған таңданған да ешкім болмады.

Көктеммен бірге мектеп бітірудің, оқуға түсудің қам-қареті басталған. Барлық пәнге қамшы салдырмайтын Ою математикаға осалдау Бекті алға сүйреумен болды.

Әке-шешесі әлде бір жаққа кеткен күні екеуі түннің бір уағына дейін Оюдың үйінде отырып емтиханға дайындалды. Ою арасында дәмді етіп тамақ пісіріп, екеуі бірге отырып тамақтанды. Бек оның өте шебер аспаз екенін мақтады.

–        Өмір бойы сенің тамағыңды істеп, осылай бір дастархан басында

отырсам, еш арманым болмас еді – дейді, Ою.

–        Иә, ол енді, екеуіміз үшін қол жетпес арман емес қой.

Түн ортасы ауғанда Бек кетуге қамданған. Ою оны жібермеді.

– Мен жалғыз қорқамын. Сен қасымда болады ғой деп күндіз Чимэгке де айтпаған едім. Қонып кет!

Шам сөндіріліп, екеуі құшақтасып қатарласа жатқан. Армансыз аймаласып, сүйісті. Бірақ, Бек оған тиіспеді. Шексіз құштарлығы мен құрық тимеген асау атша тулаған сезімді ақылмен тұсаулап шектеп қойғанына өзі де таңданған болар. Бір бірін тас қып құшақтаған күйі таң бозарып ата бастағанда екеуі де сілейе қатып ұйықтап қалыпты. Неткен адал да таза пәк махаббат еді деп, Ою сол бір сәтті  әлі күнге дейін өкіне еске алады.

Балалық екен ғой, екеуінікі де. Дегенмен ол да шынымен адалдықтың, тазалықтың белгісі ме екен? Өзі қатарлы талай құрбыларының әңгімесінен естігені бар еді. Жігіттер ләззат сезімге батып, қыздардың балалық шағын ұрлаған соң ізім-ғайым жоғалады деп. Бек олардай болмады. Шын жақсы көрсе де, құшағында бәріне даяр, қандай қадамға барса да көнуге ынтызар сұлу арумен тар төсекте құшақтасып жатса да тиіспеді, әдептен озбады. Мұндай әдеттен тыс әдептіліктің сырын Ою кейін білген еді.

Мейрамбек неше жерден жақсы көрсе де, Оюды өмірлік жар ете алмайтынын білген екен. Өйткені, өз ұлтының салт-санасы мен дініне берік әке-шешесі тұңғыш ұлының қалқа қызымен тұрмыс құруына ешқашан жол бермейтін де еді. Ес білгелі құлағына құйып келе жатқаны да осы болса не шара? «Егер қалқаның қызымен үйленсең маңайымды баспайсың» деген екі сөйлемейтін бірбеткей әкесінің айтқаны Мейрамбек үшін бұлжымайтын заң болса керек. Сондықтан да, Оюдың тұнығын лайлап алып, кейін онымен үйленбей кетуді қылмыс санағанын ашық айтуға сол сәтте батылы бармаған. Өзі де жақсы көретіндіктен тағы қимаған да шығар.

Өстіп жүргенде, екеуінің қарым-қатынасының сыныптас достардың шеңберінен асып кеткендігін Оюдың шешесі де білген. Ұлты бөлек, діні жат жанмен үйленуге ол кісі де үзілді-кесілді қарсы боп шықты. Ал, Оюдың әкесі қызына жақтасты, кімді қаласа, соны таңдасын деген сыңай танытты. Шешесі алған бетінен қайтпады. Екеуін қатар отырғызып қойып, «екеуің де әлі жассыңдар, өмір алда, саған қазақтың бір қызы, саған қалқаның бір жігіті табылады. Жай ғана сыныптас дос болып қала беріңдер» – деп талай рет айтты. Ою көнбейтінін үзілді-кесілді айтып салды:

–        Керек десеңіз, биыл мектеп бітіреміз, күзде екеуіміз де Мәскеуге

барып, университетте оқимыз. Сол жақта үйленеміз. Бес-алты жылдан кейін балалы-шағалы болып елге оралсақ, бізге ештеңе істей алмайсыздар!

Ою расымен де сондай ойда болды. Ал, Мейрамбек үлкендердің алдына келгенде біртүрлі күмілжіп, кібіртіктей береді. «Мұның не?» десе, «Ою жан! Несіне асығамыз, бәрін уақыт көрсетеді ғой» деп тайсақтайды. Мұнысына ит жыны келген Ою онымен бір ай бойы сөйлеспей қойғаны бар. Мейрамбек те қырсыққан пәле екен, артқы партаға ауысты да, сабақ тараған соң ұлдармен бірге қайтатын болып, қақиып жүріп алды.

Ақыры, оны татуласуға Оюдың өзі шақыруға мәжбүр болды. Емтихандар аяқталып, мектеп бітірген. Енді, жоғары оқу орындарына құжат тапсыру үшін үздік оқитын түлектердің бәрі аймақ орталығы Шанд қаласына келген. Ою мен Мейрамбектің келіп тоқтаған үйлері бір кіреберісте көршілес болып шықты. Әр түлек үш пәннен емтихан тапсырып, белгіленген межеге жетсе, қалаған мамандығы бойынша Ұланбатырдағы, Мәскеудегі, Иркутсктегі университеттерге жолдама алады.

Алғашқы емтиханнан екеуі де сәтті өткен. Одан сүрінген ұлдарды дереу әскерге әкетіп, қыздарға ауылшаруашылығына, өнеркәсіп орындарына жолдама беріліп, жұмыс берушілері сол сәтте жинап әкетіп жатты. Мейрамбек, Ою секілді жоғары оқу орындарына үміткер болып, сәтті қадам жасағандар армияға және еңбек майданына жолдама алған сыныптас достарын шығарып салумен жүрді. Балалық шақтарын бірге өткізген мектептес, сыныптас дос-құрбылар бір бірін қимай жыласып-сықтасып айырылысып жатты. Емтиханнан тыс кездерде Ою мен Мейрамбек күні бойы бірде теміржол вокзалына, енді бірде автобекетке барып, дос-құрбыларымен қимастықпен қоштасады.

Кешкісін аулаға шығып, түннің бір уағына дейін қаланың саябағында бірге серуендеумен жүріп, қабылдау емтихандарын да аяқтады. Ою сәулетші мамандығы бойынша Мәскеуге, ал, Мейрамбек кинорежиссерлікке оқу үшін Ұланбатырға жолдама алды. Қуаныштары қойындарына симаған қос ғашықты осы жолдамалар шын мәнінде екі жаққа айырып жіберді.

Ауылына одан бір күн бұрын қайтқан Бекті қала вокзалынан қимай-қимай қоштасып, шығарып салғаннан кейін қайтып көрген жоқ. Бірнеше рет хат жазған. Онысы Бектің қолына тиді ме, тимеді ме одан да бейхабар. Мәскеуде бір жыл тілдік дайындықтан өткен соң Ою жазғы каникулда елге оралған. Туған ошағына оралып, әке-шешесімен қауышқан. Бірер аптадан кейін шахтерлер ауылына жол тартты. Алып-ұшып жеткенде жер сипап қалғандай күй кешті. Мейрамбектің үйі екі апта бұрын елдің солтүстігіндегі өзге қалаға көшіп кеткенін Чимэг пен Серханнан естіді.

Мейрамбекпен бір институтта оқитын Чимэгпен үш күн бойы әңгіме-дүкен құрып, алғашқы махаббаты жайында сыр шертті, оның жай-күйінен хабардар болып, шері тарқағандай болды…

Қызығы мен қуанышы таусылмайтын студенттік жылдар да бәйге атындай шауып өте шыққан. Мектепте қатарлас оқығандар мен сыныптастарымен жолыққанда ғана Мейрамбек жайында бір хабар еститін. Оның өз ұлтынан қыз алып, тұрмыс құрғанын естігенде оңашада отырып, ағыл-тегіл жыласа да бақытты болуына ғана тілектес болды. Кейін елден біржолата кетіп, тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударғанын да естіген.

Оның енді өзін ешқашан іздеп келмейтінін, екеуінің жолы әлдеқашан екі жаққа айырылғанын білген соң әбден күдер үзген. Өзін құлай сүйген, соңғы үш жыл бойы қыр соңынан қалмаған қалқа жігітімен некелескен. Бек түсірген фильмдердің бірін де қалдырмай көретін. Кинодан оның жүзін көрмесе де, режиссер деген сөзден кейін жазылып тұрған есімінің өзі көңіліне ерекше жылы сезім ұялатушы еді. Кейіпкерлер арасынан кейде өзін іздейтіні де бар еді. Соңғы жиырма жылда мүлде хабарсыз кетті. Құрбыларының айтуларына қарағанда, ол сол кеткеннен мол кеткен. Күні бүгінге дейін елге ат ізін салмапты.

Қазіргі күйі мынау. Өлім аузына жақын келіп тұрса да, балғын балалық шағында сол бір жылы тағдырдың жазуымен қауышып, өлердей сүйсе де, балдай шырын дәмін тату маңдайына жазылмаған алғашқы махаббатын сағына сарғаюмен еске жатқаны.

Кеше ғана ол Ұланбатырдағы құрбысы Чимэгті шақыртқан. Ол ертелеп шығып, қазіргі сәтте Бағынұрға келіп жеткенін он-жиырма минутта емханада болатынын хабарлаған. Өзін біртүрлі сергек сезінген соң дәрігердің қарсылығына қарамастан басын көтеріп орнынан тұрды.

Чимэг екеуі шұрқырасып табысқан. Құрбысы ауыз жаппай айтып жатыр. Бектің Алматыда тұратынын, бір киностудияда режиссер екендігін, әлеуметтік желідегі парақшасын тауып, чатына хат қалдырғанын, бірақ, әлі жауап болмағанын айта келе:

–        Кино түсірумен қарбалас болып жүрген шығар. Жауап болысымен

сенімен дереу байланыстырамын. Телефон нөміріңді де, скаипыңды да  беремін – деді.

Қатты толқып көзіне жас алған Ою орнынан тұра бере сылқ етіп құлап түсті. Чимэг жалма-жан басын сүйеп, жанұшыра дәрігерді шақырды.

–        Ою саған не болды?

–        Бек…мен-ің… мәңгі… – деуге шамасы зорға келген Ою ақырғы ретауыр күрсінді де, мұң торлаған қос жанарын мәңгілікке жұмып, соңғы демін үзді…

 Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

1 Comments on “«Сол бір жыл» (Әңгіме)

  • Мұңлы махаббат, көзге жас үйірген сезім, жан дүние арпалысы.Тоғыспаған тағдырлар, өз бақыты үшін күресе алмаған күйрек мінездер. Салт- дәстүрден аттап өте алмағандар емес,ескі көзқараста қалғандар емес,өмірге ақылмен қараған қазақ жігітінің қабылдаған берік шешімі.Осындай болу керек деп тәрбиемен жазылған тамаша әңгіме. Мазмұны шексіз ойға батырады, Түйіні терең әңгімеде роман желісі бар…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk