Cенімнің салмағы немесе саңлақ сардар жайлы жеті түйін

Сәрсенбі, 25-Қаңтар 2017 / 09:06
Айдары: Тұлға
Cенімнің салмағы немесе саңлақ сардар жайлы жеті түйін

Бірінші түйін

…«Тұлпар қорада тұрса да, көңілі далада тұрады» – деген атам қазақ, еркін жұртымның, бодансыз қазағымның жиырмасыншы қысы жақындаған сайын сандығымның түбінде қос дипломым сарғайып, шаң қауып жатса да, «Көппен көрген ұлы той ғой» деп, елмен бірге болып, ермен қатар жүріп қалған мырза-көңілім Арқаның төріне – Астанаға қарай алаңдай берді…

…Қай заманда да күшті қуатымен алған, мықтыға бәрі жарасқан. Қазақ – тектінің таралғысы. Біз орасан ойлап, ірі тураймыз: қазақ ала тақия киіп, келілеп алжұмыр сатпайды, саудаға ден қойса – шойынжол қайыстырып, есеп-қисап қылады; қазақ тамның төбесіне сасық сарымсақ өсіріп, ала сөмкемен тасымайды, бел шешіп кіріссе – сауда-көліктерінің керуені кеден бекеттерін кептеп тастайды…

Қазақтың киелі топырағы – Ер Түріктің туған бесігі, ата қонысы. Қазақ жұрты – кеудесін ешкімге басқызбаған тәкәппар Тұранның төл иесі. Қазақтың жайсаң даласы – Алты алаштың алтын кіндігі. «Аттың бәрі тұлпар болмас, құстың бәрі сұңқар болмас», қазақтай өр кеуделі, жасын жігерлі жұрт жердің бетінде санаулы ғана…

Қаһарман қазақ баласы басына қаншалықты қияпат-зомбылық туса да, Тұран топырағын тастап, қиырға қия баспаған. Жат жерден – жақсы өмір, бөтен беткейден – баянды бақыт іздемеген. Ақырғы қасық қанын текті топырағына сіңіруге пейіл болған. Ата-бабамыз да, ата-анамыз да, аға-апамыз да бізді тектілікке тербиелеп, ізгілікке ұйытқан, ірілікке үйреткен…

…Бағзы бір заманда бір сұлтанның екі құлы қыстың суығында қожайынынан қашып кетеді. Әр жерде түнеп, шаршап демалғанда, қашқынның біреуі астына шөп-шалам төсеп, бойын суықтан жасырады екен де; екіншісі, жеткен жерінде ештеңеге қарамай, құлай кететін көрінеді. Көп ұзамай, қашқындар қолға түсіп, еліне әкелінеді.

«Қашып жүріп, өзін күткен кім? Күте алмаған қайсың?» – деп, сұрайды сұлтан. Қашқынның біріншісі: «Өзімді күткен менмін. Аз күн болса да, адамша демалып, жан тынықтырдым» – дейді. Екіншісі: «Қашып-пысқан кісі жанына жайлы жағдайды қайдан ойлайды, мен бұйырған жерде аунай кеттім?!.» – деп жауап береді.

Сұлтан өзін күткен қашқынға бостандық беріп, екіншісін: «Өз басының қадірін білмеген адам, өзгенің де қадірін түсінбейді» – деп, жазалаған екен…

…Осы оқиғаны ойласам, менің санама он жеті жыл бұрынғы жағдай орала кетеді. Бір қарағанда, қатардағы қарапайым жағдайдай көрінгенімен, арада біраз қар еріп, су аққаннан кейін тереңіне үңілсем, кейде адамның ғұмырлық ұстанымдары қалыптасуы үшін бір ғана оқиғаның немесе жалғыз ауыз сөздің өзі жетіп-артылатын сияқты.

…Менің қазақ Үкіметі аппаратының қызметкері кезім. Кеңестің қирағанына бес көктем өтсе де, орыстың ойранының тазаланып үлгермеген кезеңі еді. Үкімет кеңсесіндегі келімсектердің кеудесі басылып үлгермеген. Жетпісті алқымдаған жөйттің кексе қатындары талтаңдап, үкіметтің даңғарадай дәлізге сыймай, нар атандай теңселеді. Бұлардың не сиқыры барын қайдам, әйтеуір, қазақ көкелерімізді ұршықша үйіріп, көбелекше қалбалақтатып қойған…

Бірақ, кешегі комсомол-жастардың жетекшісі, Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтей рухы мықты, белі бекем, азулы қазақтарға тістері батпайды. Әлімжеттік жасайтындары мен секілді оң-солын танып үлгермеген өрімдей қазақтың баласы. Қазақты көктей солдыруға бекінген орыстың шовинизмі мен жөйттің массонизмі – алаш арыстарының кезеңінен бастап, жетпіс жылдан астам уақыт жүргізген «жылан жорығынан» әлі бас тарта қоймаған.

Бір күні тағы кезекті штат қысқарту басталды. Тағы да «ең жас» деп, маған шүйлікті. Аз-маз өз күшіммен «аман қалуға» талпынып едім, онымнан ештеңе шықпады. Сосын, «Барар жер, басар тауға» балама табылмағасын, Иманғали Тасмағамбетовтың қабылдауына бардым. Нартәуекел!..

Әйткенмен, Имекеңнің көмекшісі Аманияз: «Бастықпен жаңа сөйлестім, көңіл-күйі жоқ!» – деп, көңілімді су сепкендей басты. Қайтесің, «Жазмыштан – озмыш жоқ», пәсейген күйде далаға беттегенімде, Тасмағамбетов қарсы алдымнан шықты. «Қалайсың? Маған келдің бе?» – деп, сұрады қағылез Имекең көңіл-ауанымды дөп басып. Қапелімде кібіртіктеп қалдым…

«Не бұйымтай?» – деп, Тасмағамбетов төтесінен сұрады, кабинетінде. Жағдайымды айттым. Телефон тұтқасын көтерген Иманғали сұқбаттасқан адамына батыл сөйлеп, батырып айтты: «Қазақтың қолы өз ауызына жаңа жетті. Ес жидық, етек жинадық, мемлекет басшысын сайладық. Енді қазақ үшін басы ауырып, балтыры сыздайтын, елдің басшысына шынайы жаны ашып, қолғабыс ететін азаматтар керек!..». …Телефон тұтқасын орнына қойған Тасмағамбетов әупірім уақыт ойланып отырып: «Иә, біз осындаймыз?!.» – деп, қабағын шытқандай болды.

«Нағыз жігітте екі өнер болады: атқанда – жығады, айтқанда – ұғады!» – депті, қадам замандағы қарияларымыз, сөз жоқ, қызмет баспалдақтарымен арындап өсіп, абырой-беделі үздіксіз биіктеп келе жатқан Тасмағамбетовке қарсы уәж айтуға жүрек жұтқан батылдық керек. Менің мәселем шешілді. Алғысымды айтып, есікке беттегенімде, жастардың жетекшісі: «Есіңде болсын, қадіріңді білмеген жерге, қадам баспа!» – деді…

Имекеңнің осынау ғибратты сөзі – Мұстафа Кемал Ататүріктің бір уәжін ылғи еріксіз есіме түсіреді. Мұстафа Кемал Ататүрік – өзі түрік, түбі түркі, тарих тезінде тізелеп қалған Түрік елін тік тұрғызып, жалпақ жұртын жинақтап, ұлтын ұйытып, ел қатарына қосқан тұлға.

Бірде Ататүріктің шақыруымен Ұлыбритания королі Түркияға келіп, қонақ болыпты. Бұл кездесуге Ататүрік жан-жақты дайындалады. Өзін тамаша қошеметпен қарсы алған Түркия басшысына риза болған ағылшын патшасы: «Кемал паша, менің Сізге алғысым шексіз! Мен өзімді туған елімде жүргендей сезініп тұрмын!» – дей бергенде, бір даяшының аяғы шалынып, ыдыстар күл-парша сынып, ыңғайсыз жағдай туады. Сонда Ататүрік сабырмен ғана: «Ғафу етіңіз, мен түрік ұлтына көп нәрсені үйреттім. Бірақ, біреуге малай болуды, құл болуды үйрете алмадым!» – депті…

Имекеңнің сол бір мұңлылау кейіпте айтқан тобықтай түйін сөзі де әлі күнге дейін құлағымды. Қашанда «Ер – елдің жау жағының қалқаны, жел жағының қорғаны» болған ғой, Имаш ағаның қоштасардағы сөзі бүкіл өмірімнің жол көрсеткіш шырағындай маған бағыт сілтеп, адастырмай, әлі күнге дейін алға сүйреп келеді…

Тәрбие түзу болғанымен, тегің кемшін, болмысың болбыр тартса – бұл да бір бітпес қасырет. Қарабайыр қасиетсіздік пен тапыраң тексіздік – біздің табиғатымыздан тыс, болмысымызға бөтен, жаратылысымызға жат. Қазақ бағынса да – шағынбаған, бодан болса да – бодау болмаған, құр болса да – құл болмаған, қалай болса да – малай болмаған жайсаң жамағат!

Мерейімізді тасытып, мейманасымыз асатын кешенің өсиеті аз емес, бізде. Бекет Ата Піріміз: «Киелі өсиет – елдің қазығы, ұрпақтың азығы, әруақтың есігі, иманның бесігі, Құранның өңі, шариғаттың белі, тектіліктің төлі! Бұрмалаған пенде – Елдің шөлі!» – депті.

…Әттең, қазір жақсы – өшкен, жаман – өскен кертартпа-кәззәп, кесапат кезеңге тірелсек – тағдыр-талайымыздың жазуы шығар, жұмыссыз қалсақ та – жалынатын, тиынсыз болсақ та – табынатын жайымыз жоқ, ешкімге.

Екі қолға – бір күрек. Тайсалмайтын бір жүрек. Күрек – қалмасын, жүрек – талмасын! Күш-қуат кемімесін! Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылаған ұрпақтың ұлықты ұланының қарымы жетпесе де – қадірі кетпесін!.. Кім не десе, о десін – қазіргі қазақ кешегі сайын даланың төсін тескен саңлақ сақтардың сарқыты, қайсар ғұндардың ғибраты, қасиетті көшпендінің көзайымы!..

Екінші түйін

Жасыратыны жоқ, қазақ елі еркіндікке жеткен тоқсаныншы жылдары қазақ жастарының басшысы да, үлгісі де Иманғали Тасмағамбетов болды. Мемлекет басшысы коммунистік партия мен комсомол тарихтың сахнасынан біржола кеткенде, И.Тасмағамбетов үшін арнайы «Мемлекеттік жастар комитетін» құрды. Сол тұста: «Қызметтік лауазым – адамды емес, адам – қызметтік лауазымды көріктендіреді» – деген, тұжырым пайда болып, қалыптаса бастады. Елбасымыз Атыраудан аттай қалап, Алматыға әкелген жас жігіт Иманғали өзінің іскерлік қабілетімен, білім-білігімен, азаматтық келбетімен көптің көңілінен шықты…

…Алып ғасырдың алмағайып ақырғы жылдарының аптап ыстық бір жазында Алматыдағы үйсіз-күйсіз ауыл жастары өздерінің тұрғын-үй мәселелерін шұғыл шешуді талап етіп, Алматыдағы Ескі алаңда аштық жариялап, күндіз-түні жатып алды. Күн артынан күн, апта соңынан апта өтті. Жастардың қатары он еселеп өсіп, қаланың барлық үйсіздері шоғырлана бастады. Іс насырға шабуға айналды.

Жастардың жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовке де сын сағаты туды. Бұрын-соңды тәжірибеде кездеспегендіктен, бұл шиеленістің шешімін ешкім көпке дейін таба алмады. Тек, Иманғали ғана: «Әзір тұрған пәтерлер жоқ, сондықтан, жастарға жеке үй салуға жер телімдерін беру керек» – дегенді айтты.

Сол кезеңде Алматы облыстық комсомол ұйымының сектор меңгерушісі болған мен республика комсомолының бірінші басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовке: «Заманбек Қалабайұлы, тіркеуі жоқ, үй-күйсіз қазақ жастарына қаладан жер бөліп беруді тәжірибеге енгізсек деймін. Қазақтың топырағын жаудан қорғауда осы қыздар мен жігіттердің ата-бабалары да қандарын төкті ғой. Бұларға бермеген жерді – кімге береміз? Мәселенің бұдан басқа шешілу жолын көріп тұрған жоқпын!» – дегенін есітіп, айызым қанып, разы болып едім.

«Сыбырлағанды құдай естімейді ме?» – демекші, қазақы қасиеті мен ұлтшылдық ұлағаты кез келген қазақтан асып түсіп, тасып-жығылатын Тасмағамбетовты осы күні сан сиқырлы саясаттың жалалығы мен қаралығының құрығына қамалған базбіреулер Алматыдағы «Шаңырақтың» «шатағына» шырмап, «Бақайдың» дауына батырғысы келіп, бос әуре, құр қоқан-лоққыға еріп жүрген сияқты. Қазақтың қоңыр ауылының бар қадір-қасиетін бойына тереңдей сіңіріп, тілі де, ділі де, діні де, табиғаты да қазақилыққа тұнып тұрған қазақтың қара баласы Иманғалидың туған ұлтына қарсы шыққанына, санаға симайтын мұндай мылжың-сандыраққа – есі дұрыс, бауыры бүтін, Имекеңнің болмысымен аз-кем таныс адам сенбейді…

…Атыраудағы әкімдік қызметінде Иманғали қалада ең зәулім мешіт салғызды. Тасмағамбетовтың: «Мешітті кісінің есімімен атамаңдар!» – деген талап-өтінішіне «қарамай», жұрт қазір осы ең үлкен ғибадат орынын «Иманғали мешіті» деп атайды. Аудандар мен ауылдарда да Тасмағамбетов мешіттерді көптеп тұрғызып, кесенелерді жөндеуден өткізді. Қараусыз қорымдарды қоршатты. Мәжіліс арқылы қорымдардың мемлекет қамқорлығына алынуына ықпал жасады. Қаланың ең ірі көлік көпірін салды. Мемлекет басшысының алғысын алған Атырау көпірінің құрылысынан кейін-ақ көпір салу – еліміздің түкпір-түкпірінде үрдіске айналды

Қазіргі адамдардың бір-бірімен сирек араласып, мейірімінің азайып, кісікиіктеніп бара жатқанын аңдап-алаңдаған Иманғали адамдар жүретін аспалы көпір салуға кірісті. «Көпірдің ұзындығы ұзақ болғандықтан, екі жағалаудан ағылған адамдар қатар жүріп, бір-бірімен танысатын болады, сөйлесіп-шүйіркелеседі, бауырмалдығы артады…» – деп тұжырымдады, Тасмағамбетов.

Иманғали – Атырау алқабының алыс ауылдарына оқтай түзу тас жолдар тартуды қолға алды…

Иманғали – Каспий теңізі жағалауындағы Әзербайжан, Иран, Ресей мемлекеттерінің дипломатиялық корпустарын шулатып, әрі нәпақасын балық барымталығымен тапқандармен жағаласып жүріп, атыраулықтардың атышулы балығын заңды жолдарымен өздеріне толық қайтарды…

Иманғали – Америка құрылығының, Еуропаның, Қытайдың баспасөз құралдарының «құрығына ілігіп», қазақтың ауасын ластап жатқан осы елдердің мұнай компанияларына дүниежүзілік қалыптасқан тәжірибелерге сүйеніп, көлемді мөлшерде айыппұлдар салдырды…

Анасының сүтімен, атасының қанымен сіңген қымбат қасиеттері – Тасмағамбетовке қазақтың тілін, ділін, дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын және рухани құндылықтарын терең түсініп, қай қызметінде де жәдігерлерді қызғыштай қорғауына ықпал етумен келеді. Оның тікелей бастамасымен ұлтымыздың мақтанышы Бейбарыс Сұлтанның топырағы Арыстан Баб кесенесіне әкелініп, белгісі қойылды…

Пайғамбар үмбетінің басты сауаптары: мешіт тұрғызу, жол төсеу, көпір салу, құдық қазу, ағаш егу болса, біреулердің бұған шамасы келмейді, шамасы бар кейбірінің – иманы жетпейді.

Иманғалидың иманының беріктігі барлығына жетті. Аталған сауаптардың қай-қайсысын да дабыра-дүрмексіз, айқай-шусыз, сабырлы салиқалылықпен іске асырды.

…Біреулер Тасмағамбетовті «тастай қатты» деп жатады. Қатты болмай қайтсін – нақақтан-нақақ тасадан тас атып жатса…

Келесілері Тасмағамбетовті «құрыштай қатаң» дейді. Қатаң болмаса – халқы қатардан қалып, өркениеттен кенжелеп қалмай ма?!.

Үшіншілері Тасмағамбетовті «темірдей қатал» деп атайды. Қатал тәртіп – тазалық пен жинақылыққа, жігерлілік пен рухтылыққа, жауапкершілік пен шыншылдыққа, кәсібилік пен көрегендікке тәрбиелейді…

Қадым бір заманда қазақтың дауылпаз жырауы Доспамбет ақау жүректі қатайтып, жақау жігерді жанитын жалынды жолдар қалдырыпты, артына…

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен,

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен,

Тобыршығы биік жай салып,

Дұспан аттым, өкінбен,

Тоғынды сарты нар жегіп,

Көш түзедім, өкінбен,

Ту құйрығы бір тұтам,

Тұлпар міндім, өкінбен,

Туған айдай нұрланып,

Дулыға кидім, өкінбен!

Ал, жақын әңгімелесіп, жылы сырласа қалсаң – Иманғалидің мінезі жүзімнің иліккен бұтағындай жұмсақ. Қоңыр дауысынан, ақылды сөздерінен, мейірімді көздерінен ыстық бауырмалдық, айрықша ағалық қамқорлық, рухани жақындық пен жылылық сезінесің. Хакім Абай айтқан «рухани жақындық» осындай-ақ шығар-ау…

…Құнанбай қажы Абайды «үлгі-өнегесін көрсін» деп, досы Қаратай шешенге жақын ұстаған ғой. Бірде Қаратай ақсақал Абайды уәжден ұтпақ болып: «Біздің заманымыз Пайғамбарға жақындау, сондықтан, сенің дәуіріңнен артық!» – депті. Сонда, жас Абай мүдірместен: «Пайғамбарға туған әкесінен жақын бола алмайсыз ғой, Қареке, ал, оның әкесі дінге кірмеген кәпір болатын. Ендеше, ең абзалы – рухани жақындық қой» – деп, ұстазын сөзден жығып кетіпті.

Шариғатта уәде етілген: «Қарапайым адамды – Хақ Тағаланың жеті қабат көкке дейін көтеретіні» рас шықса, Иманғали шарықтаған биікке көптің көз-жанары жетпейтін болды ғой. Баяғыда бір ақжаулықты әжеміз айтқан екен: «Өзім «жоқтау» білмеймін, «жоқтау» білгеннің – шалы өлсін!» – деп. Басқаны қайдам, мен білетін Иманғали – сөздері сары майдай жұмсақ, көңілі құлап, сеніміне кірген кісіге ішкі сырларын шын жүрегімен, шынайы пейілімен бүкпессіз ақтаратын, барынша ашық-жарқын қазақтың қара баласы…

Сол қазақтың Иманғалидай қара балаларының қойны-қонышы байлыққа лықа толы кең-байтақ атамекені – қазір жақынның да, алыстың да; достың да, дұшпанның да көзқұртына айналды. Бүгінгі биліктегі қазақ тіліне кекірейе қарап, тек орыс пен ағылшынша шүлдірлеген «өркениетсымақ» көркеуделерге ерік берсең, жеріміздің күллі қазынасын сыртқа пұлдап, қазақты ит қосып қуып-тентіретіп, тезек терігізіп жіберер ме еді, қайтер еді?!.

Құдай қолдап, Иманғалидай қайсар да қайратты, нағыз қазақи жігіттердің адуынды күш-қуатымен, өркени білім-білігімен, ыстық ынта-жігерімен ғана қазақтың киелі топырағы мұртын балта шаппай, тұтас сақталып отыр…

…Бүгінгі жаңа заманның әкіміне іскерлік аздық етеді, тынымсыз, толыққанды, жаңа технология жаңалықтарынан жарты адым қалыспайтын ілкімді ілім-білім қажет. Оқ бойы оза шауып, ойын оңынан, шаруасын соңынан орамды атқаруға дағдыланған Иманғали Нұрғалиұлы әрдайым әріптестерінің алдында. Атыраудағы, Алматыдағы, Астанадағы ең үздік технологиялық тәсілдермен, өркениет сәулетіне сай тұрғызылған, көз жауыңды алатын зәулім шынылы ғимараттар мен мың бұралған аспалы көпірлер Тасмағамбетовтен бұрын-соңды қазақ топырағында болған емес. Мұндай тосын жаңғыртулар мен қабырғалы өзгерістер ортақ отарбадағы ортанқол әкімнің қолынан келмейді…

Бағзы бір уағыздың ғибраты айтады: «Йеменде құрма ағаштарын басқаша егіп, мол құрма жинайтын көрінеді. Біз ағаштарымызды бабаларымыздың бұрынғы әдісімен егейік пе, әлде, Йемендегідей етіп егейік пе? – деген сахабасының сұрағына, Хақтың елшісі былайша жауап беріпті: – Біразын бабаларымыздың тәсілмен, қалғанын йемендік әдіспен егіңдер. Жақсы құрма берген әдісті тұрақты қолданатын боламыз!»

Тынымсыз іздену, ілім-ғылымға үздіксіз ұмтылу, тәжірибе үйрену, жаңалыққа жарғаққұлақ болу – адамзатты өркениетке жетелейді. Жаңа серпін, тың жаңалық, таңсық жоба, сергек бастаманың қай-қайсысы да адамдардың жүректерін жылытып, жандарына шаттық-нұрын құяды, үміті мол ертеңге жетелейді…

…Атыраулықтарды еңсені басқан ескі үйлерден, көк мұзды кесіп өтетін көпірсіз өзеннің қаупінен, аяқ алып жүргісіз мибатпақтан құтқарған Иманғалидың Алматыдағы «Тасмағамбетовтың көпірлері» – оңтүстік астана жұртшылығының кеудесін ашып, тынысын кеңейтті. Алматының көшелері мен ғимараттары ажарланды, аулалары тазарып, жолдары бүтінделді. Табанында кептелген ғасырлық қоқыстарынан тазарып, жағалаулары жаңарған Алматының ерке өзендері ерекше құлпырды. Бау-бақшалардың әдемі де әсем орындықтары демалушылардың көз-қуаныштарына айналды…

…Тұрса – күлкісін, жатса – ұйқысын ұмытып, толассыз ізденіп, жан-тәнін сарқа еңбектенген Тасмағамбетовтей білікті басшы бүгінде ілеуде біреу ғана… Өнерге шын ғашық, ғылымға шынайы құштар Иманғали тәуелсіздіктің жиырма жылының ішінде жанына жақын әлеуметтік саланың өкілдерін ынтық құшағына қысып, ыстық ықыласына бөлеуде алдына қара түсірген жоқ…

Үшінші түйін

…Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қабылдау бөлмесіне еліміздің кезкелген түкпірінен телефон шалады. Әділдік іздеген адам шыр-пыр болып, міндетті түрде Иманғали Тасмағамбетовпен жолығуы керектігін айтады. Бұл мәселенің Астана қаласы әкімінің құзырына мүлдем жатпайтындығы көбіне ойларына кіріп-шықпайды…

…Иә, қай заманда да қараша халық қара қылды қақ жарған жаужүрек перзенттерінен ғана әділдік іздеп, араша сұраған. Таңдаулы тарландарының жоғары лауазымын емес, биік беделін қымбат көрген.

Расында, еліміздің өңірлеріндегі күрмеуі қиын санқатпарлы мәселелер – Астана әкімінің билігінде емес. Бірақ, қабырғалы қазақтың: «Құлыным, Иманғали!» – деген сеніммен соққан ғазиз жүрегінің дүрсілінен артық қандай қымбат құдірет бар?!. Қазақта әкім аз емес, ал, Тасмағамбетов жалғыз ғой… Ай түнде керек екен, ақыл күнде керек екен!..

…Ғұн менен Түркі тұқымы,

Замана жалын жұлқыңдар!

Асыл текті ҰЛЫҢ мен,

Артық туған жұртың бар!

БІЛГЕ білген жол басын,

Аспан асты… ол да – сын!

Қадамың ТОНЫ бек қолдап,

КҮЛТЕГІН қаған қорғасын!

Ақ таңдар атып жылымшы,

Шуаққа, жұртым, жылыншы!

…Тоқсан ат таптап шапса да,

Тұлпарың келсін, БІРІНШІ!!!

…Сірә, ұлтқа, отанға деген сүйіспеншілік – елдің Елордасынан басталады. Астана – еркін қазақ елінің жүрегі. Елордаға әкім болып тағайындалғанда: «Астана – Қазақстан сөзінің символы. Астана – Назарбаев есімінің символы. Астана – келешекке қол созған қала. Алдында орасан міндеттер тұрған қала. Бұл қаланың әкімі болу – шексіз жауапкершілік» – деп тебіреніп еді, Иманғали Нұрғалиұлы.

Астана – әрбір қазақтың жүрегінің лүпілі. Қазақтың жүрегінің дүрсілі – қазақ тілі, деп соғады. «Ауылына қарап, азаматын танимыз», қазір Астананы қазақы әкімнің басқаратыны – әуежайынан бастап, тұла бойында айқын байқалады.

Имекеңнің қазақи қасиеті мен ұлтшылдық ұстанымы да ұзақ жылдардың тезінде қалыптасты. Кешегі кеңестің тұсында қызыл бесжұлдызды қалқан етіп, орыстың басқа ұлттармен қабат қазақты да «Балғасымен жаншып, орағымен орып тастап» (Мұстафа Шоқай), аяусыз жаншығаны жасырын емес. «Шегірткеден қорыққан – бидай екпес» демекші, жастайынан бойындағы ұлттық намысы айрықша атойлаған Иманғали қай жерде де қазақтың мүддесін қолдан бермеді.

Тіпті, Имекеңнің жастық шағындағы бір уақиғаны былайша қызбаланып әңгімелені бар: «Студенттік өмірім Орал қаласында өтті. Ол кезде бодан елміз, орыс ағайындардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған шағы. Әлі балаң көңілміз, күнұзақ Жайықтан балық аулап келе жатып, шөлдегесін бір орыс әжейден ауыз су сұрадық. Бірақ, бізге су берген орыстың кемпірі біз су ішкен ыдысты жалма-жан алысқа лақтырып жіберді. Қазақтың суы мен наны қайдағы бір кірмелерге адал да, ауызы арам болғаны ма, сонда?!. Осы көрініс менің жүрегімде мәңгілік сақталып қалды...». Бәлки, Имаш ағаны бүгінгі қазақтың өнері мен мәдениетіне қамқоршы етіп, ұлтының мүддесін қорғауына тәрбиелеп-тәлімдеген – балаң жүрегінде шеменделген осындай оспадарсыз отаршыл жағдайлар ма екен?!.

…2008 жылдың жылымық сәуірінде қазақтың: «Жақыныңды жаттай көр, жат жанынан түңілсін!» – деген өсиетімен өскен Елбасымыз ылғи дауылы соғып, құйыны бораған ең қиын-қияпат істі Тасмағамбетовке тапсыратын дағдысымен, Алматыдағы жылы орнынан жұлып алып, Иманғалиды Арқаның арқар ауып кететін Аңырақайына апарып салып жіберді…

Еңсесі биік, еңбегі ерен Елбасымыздың ілкімді іс-әрекеті құстың патшасы, қанаттының сұлтаны – қайсар қыранның қылығына ұқсайды. Қырандар кісінің көз жанары жетпейтін көгілдір аспанмен таласқан өте зәулім биіктерге шарықтап көтеріліп, балапанын төмендегі жартастарға тастап жібереді екен. Балапан байғұстың жан-иманы қалмай, шықылықтап-шыңғырып: «Өлдім-ау!» дегенде, әлгі қыран көз ілеспес жылдамдықпен атқан оқтай зулап, төменге қарай ағызып келіп, жартасқа соғылуға жарты елі қалған қас-қағым сәтте балапанын асқан ептілікпен іліп алып, қайтадан жоғары қарай көтеріліп, самғап кететін көрінеді. Сөйтіп, балапанын ержүректілікке, ептілікке, қайсарлыққа тәрбиелейтінге ұқсайды…

Елбасының қатаң да болса – әділ, ауыр да болса – кәміл тәлім-тәрбиесінің арқасында Иманғали құрыштай шынықты, темірдей тартылды, қорғасындай қатайды. Министр кезінде де, Атырауда да, Үкімет басында да, Мемлекеттік хатшы болғанда да, Алматыда да уақытпен санаспай, салмағы зор, жауабы мол міндеттерін мүлтіксіз атқарды.

Қалт айтпайтын халық: «Әкім Тасмағамбетов түн ұйқысын төрт бөліп, түннің жарымында қаланың маңызды құрылыстары мен құрылымдарын өзінің жеке көлігімен жиі аралап, жұмыстардың барысын өз көзімен көріп, пысықтап-бақылайды екен. Өзі де ұйықтамайды, жұртқа да тыным жоқ...» – дегенді жиі қайталайды. Құсұйқылы сергек әкім, Елорданың жұмысшылары мен құрылысшыларының түн ұйқысын төрт бұзып, Астананың іші мен айналасын қисапсыз күл-қоқыстан тазартып, көгалдандыруды жедел қолға алды да, құрылыс қарқынына дем берді.

Адуынды Арқаның тапыраң табиғатына төтеп беріп, Астананың жаңа инфрақұрылымдарын қалыптастыруға шұғыл кіріскен Тасмағамбетов күллі әлемге әйдіктеп көрсететін Астананың 10 жылдық мерейтойын небәрі он екі жетінің ішінде әзір етуге тиіс болды.

Дүниежүзі елдерінің басшылары күтілген мерекелік шаралар халықаралық деңгейде өткізілуге тиіс. Осындай орасан шаруаларды он екі жұмада атқаруға бола ма? Ең арғысы, Астанада такси тасымалының өзі жолға қойылмаған екен, көлік тапшы.

Күтпейтін кезекті мәселе: кер маралдай керілген Есіл суының артықшылығын пайдаланып, өзен көлігі шаруашылығын ұқыпты ұйымдастыру болатын. Ерке өзенде мамыражай серуен құрып, саяхат жасайтын арнайы катерлер мен су үстінде жүзетін жылжымалы мейрамханалар салуды іскер асыру қажет.

Бәрінен маңыздысы: Астананың 10 жылдық мерейтойының қонақтары Қазақ елінің жаңа Елордасының әсемдігі мен әдемілігіне сүйсініп қана қоймай, Еуразия кіндігінің ең тарпаң да танымал жұртының аса ірі ғасырлық жобаларды атқара алатын асау-артықшылығына, сайын даланың сардар-елінің сарқылмас күш-қуатына таңдай қағып, шынайы көзі жетуге тиіс.

Міндет – мүмкін еместей ауыр, шаруа – шаш жетпестей шаш-етек…

Күні кеше үкіметтің үкілі көшін сүйреген Иманғали Нұрғалиұлы өзін-өзі іштей қайрап, ауыр ойларды алысқа қуып, Елбасының сенімін селкеусіз ақтауға бел буды. «Қазақстанның жас астанасын салу – теңдесі жоқ, ең амбициялық жобалардың бірі. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі ғой!» – деген Иманғали Тасмағамбетов келешекті болжаған көрегендік істің ілкімді ілгерілеуі үшін Елбасына өзіндей іскер іні – көргенді көмекшінің қажеттігін терең түсінді…

Ақылдың қазына-көмбесіндей қарияларымыз қадап кетіпті: «Ісіңді көпке бер, көпті құдайға бер!» – деп. Мерейтой мәресіне жетті. Көрген көзге – сену қиын болды, айтқан тілге – жеткізу ауырға түсті. Әлем патшаларына тәбәрік қылып-көрсеткен текті де тәкәппар сұлудай жасанған, тізгінін Тасмағамбетов ұстаған айбынды Астана – адамзаттың жержүзіндегі кезкелген астанасымен терезесі тең дәрежеде дүркіреп, жұлдыздай жарқырады…

Талас жоқ, елімізді ертеңге жетелейтін де, Елбасының еңсесін еселейтін де, қазақтың – тұлпардай текті, сұңқардай епті, жебедей ұшқыр, қанжардай өткір – иманды Иманғалилары ғой! Көңіл тоқ, тұжырым осы болды…

Төртінші түйін

Зейнолла Қабдолов! Ғибратты ғалым. Ұлттың ұстазы…

…Ағам жоқ, қазір арамызда. Жүрегіміз жоқтайды, жанымыз сыздайды, сөзін сағынамыз, дауысын аңсаймыз. Зейнолла ағамның әулетінде әлгі: «Бай еді, батыр еді!» – деп, көпіртіп, бос күбі пісіп жататындай ешкім болмапты. Бірақ, ертеде өз ауылының сыйлы, ауыл арасындағы анау-мынау дау-дамайды шешетін арғы атасы – Көпжан деген кісі болған екен. Көпжан атамыз бай болмапты, батыр болмапты, дегенмен, тілге шешендігімен шен-шекпенге жетіпті. «Ақылы алғыр, сөзін өткізетін адам» болған деседі.

Зейнолла ағамның сөзге үйірлігін, ойының ұтқырлығын, қаламының жүйріктігін, тіл уытының қанықтығын: «Сол үлкен атасынан жұққан-ау?!.» – деп топшалайды, Зекемнің бәйбішесі Сәуле апам…

…«Тілдің уыты» демекші, бірде «Алматы» демалыс үйінде бір ірі шығарманың «шылбырынан ұстап, жалына жабысып» жатқан Зейнолла ағам маған: «Қатпары көп құпиямды айтсам, қырық рулы елге жете ме деп қауіптеніп отырғаным…» – деді…

Ә дегенде, ағамның сөз ауанын аңдай алмадым. Өзім Ғылым академиясының Экономика институтында ғылыми жұмыспен айналысып жүргенмін. Зейнолла ағама: «Менің ғылыми жетекшім Кенжеғали Сағадиевпен бір ауыз сөйлессеңіз!» – деген бұйымтаймен келгенмін, ойымның бәрі экономикада, ғылымның күйбең-тірлігінде…

Ал, Зейнолла аға кенет қанаттанып кеткендей: «Сен есепке жақын адамсың ғой, айтшы, мысалы, Имаш жайлы қанша том кітап жазуға болады?» – деп, сұрады. Мен қайдан білейін: аттың басын тартсам – азырқануы мүмкін, көпіртіп жіберсем – көңіліне келіп қалуы кәдік?!. Үндемедім…

Сосын, ағамның жүзі жарқырап, жас баладай қутыңдап, асығыс-үсігіс: «Жарайды, жұмысыңды қорғауыңа барамын, сол «ғылым кандидаты» болған күні әлгі сұрағымның жауабын айтасың. Уақытың мол: ойлан, есепте, санаға сал, жүрекке «тыңдат»! Имаш ағаңдай адам – мың жылда…» – деп барып, сөзінің артын шолақ қайырды…

…Зейнолла ағам дүниенің есігін Атырау алқабының ең қиянындағы Қызылқоға ауданына қарасты Жалғызағаш дейтін жерде ашыпты. Жастайынан өлеңге құштар болыпты. Сегізінші класта ғой деймін, ағам «Түнгі найзағай» деген тырнақалды өлеңін жазыпты. Сол өлеңі Сәуле апамда әлі күнге дейін сақтаулы…

Сұрапыл соғыс кезінде айтысқа да белсене қатысыпты. «Өзімді әлдеқандай ақын сезініп едім, балалық-шалалық екен» – дейтін, ағам. Көп ұзамай, өзінің ұлықтаған ұстазы, қазақтың ақиық ақыны Хамит Ерғалиев дереу прозаға ауысуына кеңес берген көрінеді. Қазір үлкен ақынның адаспағанына да, шалқар шәкірттің шатаспағанына да қанық көзіміз жетті…

Иә, Зейнолла ағам аса сырбаз кісі еді. «Ойлы адам орнықты келеді, Озбыр адам зорлықты келеді» демей ме, табиғаты өте сабырлы болатын. Күллі ғұмырын қазақтың тілі мен әдебиетіне құрбан қылды. Қазақтың жолында, халқы үшін, ұлтының өнері үшін жанын қиған асылдарды да қатты қадір тұтатын.

«Ахмет Байтұрсыновтың тіліне таң-тамаша қалып: «Ойпырмай, бұл не қылған сұңғыла адам, бір сөзді он мәрте құбылтады да, жазды да. Қазақтың тілін одан артық білетін пенде жоқ шығар..» – деп отыратын, дегенді айтты Сауле апам…

Зейнолла аға қазағын өлердей жақсы көрді. Бірде: «Қазақтың бірі – Имаш қой, ендеше, қазағымды қалай жақсы көрмеймін?!.» – деп, түпкі ойын дөп басып айтса, келесі бір әңгімесінде: «Қазақ – құдайдың кең жаратқан жұрты ғой, оның жаратылысында мін жоқ, бірақ, көпшілік болғасын, кем-кетік болмай тұрмайды» – деп, ұлтын ұсақтықтан арашалап алатын.

…Ағам «аттанғалы» бері, Сәуле апам жүдеу тартты. Шүкір, тамағы сау, ойы анық, сөзі қанық, сырқаудан аман. Бірақ, құр сүлдерін сүйретіп жүрген секілді көрінеді. Қайтсін, титтейінен тел қосылып, күллі тағдырын бірге өткізген өмірлік сыңарынан, ғұмырлық сырласынан ажырап қалу оңай ма?!.

Апам аңдап басып, бәсең сөйлейді. Барлық ой-жүйкесі, сана-сезімі тәулігіне жиырма төрт сағат бойы бір адамды жоқтап, бір адамды аңсап тұратын тәрізді. Тұрса – есінен, жатса – түсінен кетпейді…

«Қазір бір мидай шөл далада, құба құмның ортасында қаңбақпен бірге дала кезіп, ауызы кеберсіп, ерні кезеріп, әзер ілбіп келе жатқан жалғыз жолаушы сияқты сезінемін, өзімді…» – деп, көңілі босайды, апамның. – Тұрмыс-тіршілігім де, сағаттарымның бәрі де, құдды, тоқтап қалған секілді, жан дүниеме бір нәрсе жетпейді де тұрады. Бір қарағанда, айналамда балаларым жүр, тамақ тоқ, киім көк – бәрі бар, бірақ, екінші жағынан, ештеңе де жоқ тәрізді, кең дүние тарылып, қаңырап қалғандай – бір жалғыздық кернейді де тұрады…

Түскі шәйда жас келінім сынық жүзіме қарап, елеңдей берген соң: «Бір нәрсе жетпей тұрады…» – десем, тамақ па, әлде, киім бе деп, түсініп қалды. Ал, маған Зәкеңнің дауысы жетпейді, Зәкеңнің: «Әй, Сәуле!» – деген, жалғыз ауыз сөзі жетпейді»

…Зейнолла ағам өмірінің ақырғы кезеңінде инсульт алып, ауруханада ұзақ жатты. Тілден қалды. Ауруханаға да қайталап түсе берді. Сәуле апам айтады: «Бір күні Зәкем палатаның сыртқы есігіне ұзақ тесіліп қарап жатты. Бір нүктеге қадалды. Мен иығынан ұстап едім, зорға тілге келіп: «Шіркін, қазір ана есікті айқара ашып, осында Имашжан жарқырап кіріп келсе ғой!» – деп, біраз жымиып, көңілденіп жатты. Сірә, Иманғалимен бірге болған, сырласқан кездері есіне түсті-ау…».

Шындығында, сөз зергері, қазақтың асыл жаратылған бір абзал ұлы, академик Зейнолла Қабдолов ағам Иманғали Тасмағамбетовты шексіз жақсы көрді: шаң жуытпай, шыбынын қағып; сөз жуытпай, уытын шағып отыратын еді.

Кім білсін, бәлкім, тілі сөйлеуге көнбей, ұзын айлар төсекке таңылып, үн-түнсіз тапжылмай жатқанда, ой-түйсігі ұзақты көріп, қиянды шарлайтын Зейнолла ағам Имашын уайымдап, оның қым-қиғаш қызметінің қауіп-қатеріне қайғырып, «шаршап-шалдығып, қиналып-қамығып» жүр-ау деп, іштей таусылып, бордай езіліп жатты ма екен?!.

Зейнолла ағам ауруханада жатқан ұзақ күндердің бірінде тілі сөйлеуге әзер көніп, өзінің өлең шығарғанын айтады. Сәуле апам ағаның талпынысына қуанып кетіп: «Кәне, Зекем, тыңдап көрейік!» – дейді.

Сонда бір ауыз сөз айту үшін судай аққан борша-борша қара терге малшынған, қазақтың қара сөзінің падишахы, менің асыл текті, адал жүректі Зейнолла ағатайым жансыз тілін орасан зорлықпен әзер «тірілтіп»:

«Имашым, менің, Имашым!

Жалғанда жалғыз қимасым!» – деп, жүрегін жарып жіберердей әрең босаған көзінің кермек жастарын төгіп-төгіп жіберіпті…

…Адамға деген неткен зор махаббат, десеңші!..

Бесінші түйін

Ел басқарған азаматтың азабы бар…

Тасмағамбетовтей турашыл да, тарпаң тұлғалардың азабы бес батпан. Батпан азапты апай төс, аяққап кеудемен көтеру – әркімнің пешенесіне жазылмайды. Иманғалиды бүгінгі биігіне бастаған соқпақтар тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болған жоқ. Тар жол, тайғақ кешудің сойқан сынақтарынан қамыстай майысқанымен, емендей сынбай өтті. Табаны Алматының топырағына тигелі «жаптым жала, жақтым күйе» дейтін дімкәс-күстаналаудың қисапсыз құқайларын көрді.

…Баяғыда Гурьевте қызметте жүргенінде қылшылдаған жап-жас Иманғали өз көзқарастарын қорғап, әлдебіреулерге жақпай қалатын. Бір күні бастығы шақырады. Барса, мұның атына біреу домалақ арыз түсіріпті. Ол кезде өрімдей, артық етсіз арық еді. Арды аяққа таптағысы келген әлгі әңгүдік арызқой Иманғалиды: «Өкпе ауыруына шалдыққан сияқты» – деп бөсіпті.

Амал қанша, кейде дені-басы кіршіксіз сау адамның да қызба намысты ауыздықтай тұрып, өзінің саулығын дәлелдеуге тура келетін кездері де болады. Иманғали барлық медициналық тексерулерден өтіп, денсаулығының құлан-таза екенін дәлелдеп береді.

Бірақ, мұндай әділетсіздікке қатты қапаланады. Сол кезде бастығы: «Иманғали, сенің өмірің енді басталып келеді. Мұндай әділетсіз жазғырулар бүкіл ғұмырыңда қыр соңыңнан қалмайтын болады. Көпшіліктің алдында жүргесін, сенің түймедей мінің – түйедей болып көрініп тұрады. Осыған үлкен сабыр мен пайымды парасат керек» – деп еді. Тура сөздің тарланы Ақтамберді жыраудың:

Дұшпаннан көрген қорлығым,

Сары су болды жүрекке,

Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке,

Жауға қарай аттандым,

Жеткіз деп, құдай, тілекке! – дегені рас екен…

…Әбағамның, Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясында» Шыңғысханның ел-жұрттан безіп, тау мен тасты паналап жүргенде қасына еріп, қабағына қараған ең сенімді жолдасы Қасар мерген деген әккі аңшы бар. Бертін билігі аспандап, хан сайланған Шыңғыс досының шақыруымен салулы төсек, салқын үй, жанға жайлы, ұрты майлы хан сарайына келсе де, Қасар мерген: «Сый-сыяпатыңа Тәңірі разы болсын, тауыма қайтам!» – дей береді. Шыңғыс қаған тауына сұранған досына: «Тауыңда нең қалып еді?» – дегенде, Қасар мерген: «Жақпар тастың арасынан шалқи соққан желде қу тезектің түтінін иіскеп отырып терлеп-тепшіп ішетін арқардың күйік дәм сорпасын сағындым, жамбасымды қыз-қыз қайнатып, қыдықтап жататын аю терісі бөстегімді сағындым, екі аяқты отқа қалап емін-еркін қақырынып-түкірініп отыратын қара лашығымды сағындым…» – дейді…

«Жала» дейтін жабысқақ «жарқанат» Иманғали ашқан есіктің әрқайсысынан табылды. Ауылдағы ағайынның назын көтергенімен, көз көріп, құлақ естімегеннің «Біткен іске білте тағып», нақақ қаралағанына қаны қайнап, шыдамы түгесіліп-күйінген кездерінде: «Қалған көңіл – шыққан жан» деп, Қасар мергендей кіндік кескен кең мекеніне қайтып-ақ кеткісі келетін кездері болды…

Жан-жағынан жау қаумалап, қызғаныштың қыңсылаған қызыл иті дұшпанының шынтақ айналмас тар ішін тырмалағанда, немесе, әңгүдік-әуейілер топырақ шашып, дәйексіз бәле жапқанда Иманғалидың да жүйкесі тозып, жүрегі сыздайтын сәттері, сірә, аз болмаған шығар…

Бірақ, жеме-жемге келгенде, әрбір пенде қамқорлыққа мұқтаж екен. Дүние жұртының тізесін дірілдеткен қаһарлы Шыңғыс қағанның өзі өзін-өзі қорғауға да, басқалардың мұны қорғауына да сүйенген. Шыбын жаны қымбат баһадүр былайша толғанады: «Атқосшыларын шақырып, төбенің басына ақ шаңқан киіз жайғызып, төсек салдырады, жел жағына өзінің ер-тұрманын қойғызады. Төсегін шыр айналдыра жылқының қылынан жаңа есілген қыл арқан тастайды. Жылқының тер иісі мен қылтанақ қылынан қашпайтын мақұлық жоқ көрінеді. Қараңғы түнде үрей тудыратын ібіліс-пәлекеттер де айғыр жылқының ащы тер иісіне жуый алмайды деседі.

Бұл осындай қара түнде қапысын тауып кете ме деп қауіптенетін оқыс пәлекеттерінен жылқының күлімсі иісімен қорғанады да, жұмыр бастылар тарапынан келетін қатерден шыр айнала қоршап алып, таң атқанша кірпіктерін бір ілмейтін қырық жасауылы қорғайды, ал, алда-жалда олардан келер пәле болса, оны әрі құралайды көзінен ататын мерген, әрі қараңғы түнде құмырсқаның жорғалағанына дейін сезе қоятын саққұлақ аңшы Қасар досы бір өзі көріп алады...»

Қазір заман бөлек болғанымен, адам баяғы. Алып та жығады, шалып та жығады. Ауыл қазағының тәрбиесін көріп, тәлімін емген Тасмағамбетовтің адамдық, азаматтық, кісілік, қайраткерлік келбеті – бас қағанның Қасар мергенінен қалыс қалмайды. Иманды ұяда үлкенге – құрмет, кішіге – қамқорлық жасап, ырыстың – ынтымаққа ғана апаратынын пайымдап өскен Иманғали: «Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас», – дейтін ата-бабаларымыздың ғұмырлық һәм ғасырлық ғибраттарын жүрегіне сіңіріп, болмысына бойлатқан сыралғы саңлақ…

Жиырма жыл бұрын әлімжеттік еткен әкірең елдің тілерсегі сынып, тізесі бүгілген соң, қазақ жұрты есін жиып, етегін жинады. Миллионға жақын қандастарымыз атажұртына тұяқ тіреді. Өзіміздің де өрісіміз кеңейіп, өсіп-өндік.

«Мылтықтың түзуі – мергенінен, мергеннің түзуі – көргенінен» дегендей, қылшылдаған шағынан қамқорлығына алып, бауырына тартып, «қанаттыға – қақтырмай, тұмсықтыға – шоқыттырмай» қолтығынан демеп, тәлім-тәрбиесін талмай үйреткен ұлағатты ұстазы, қамқоршы-сүйеніші Елбасының жаңа еркіндік алып, жас баладай жәутеңдеген жұрты үшін етігімен су кешкен хал-қауқарын көріп, Елбасын қорғауға һәм қолдауға міндетті екендігін түйсінді…

Менің аңыраған ашаршылықтан әупірімдеп аман қалған Жаманқұл атам: «Жұтаған ауылдан алдымен ит кетеді екен...» – дегенді жиі қайталайтын. Қазіргі Қазақстан – кететін ел емес, жететін елге айналды. Лайым, қазақтың дәулеті шайқалмасын! Елдің дағуа-тыныштығы бұзылмасын!..

«Қаршыға екі ілмейді, хан екі айтпайды!». Елдің бірлігі мен Елбасының ірілігін бек бағалаған Елорданың әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың берік ұстанған тұғырнамасы осы!

Алтыншы түйін

…Шырт ұйқымнан оянғандай болдым…

Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ә.с.) : «Өтіріктің ең сұрқиясы – түсінде өзі көрмегенді «көрдім» деп айтқан» – депті. Түсім бе, өңім бе – анығы белгісіз, ғажайып бір уақиғаны басымнан кештім. Бұл – есті елестің көлеңкесі ме, әлде, қалың қиялдың жарқылы ма, кім білсін, түсініксіз бір тылсым… Ғұмырымда ұшыраспаған бір ақсақал көкшалғын таудың етегінде маған әңгіме айтып отыр. Көкем де емес, нағашым да емес, ұстазыма да ұқсамайды, ауылымда да мұндай кісіні кездестірмегем…

Кенет, дөң үстіне ақбоз ат мініп, тағы бір ақбозын жетегіне алған, Абылайханның айбатты айыр қалпағын киген қария шыға келіп, біздің бағытқа қарай жорғалатып, атын тепсініп келе жатты…

Тағы бір сәт мен әлгі жетектегі ақбоз атқа жеке отырып, айыр қалпақ қариямен селбесіп, кері қайтқалы жатыр екенмін деймін. Әңгімешіл ақсақалмен қайыр-қош айтысып, тұлпарымды тебіне бергенде: «Қарағым, құдай үшін істер ісіңді ұмытпағайсың!» – деп қалды…

Түкке түсіне алмадым: «Әлгі ақсақал кім? Бұл ненің белгісі?..»

…Арада алты айдай уақыт өтті. Жолым түсіп, топырағын баспаған Атырауға баратын болдым. Таяуда ғана менің курстас досым, әнші-сазгер Табылды Досымов кенет дүниеден өткен еді. Кім білсін, пейілі теңіздей, пайымы мұхиттай марқұм Табылды досымның рухы шақырды ма, әлде, қарашаңырағына арнайы түсіп, құран бағыштағым келген ниетімнің түзулігі ме, әйтеуір, Атырауға ықыласым ауып, жолым ашылды.

Табылдымен бес жыл бойы құлын тайдай тебісіп, бірге оқыдық. Шәй дескеміз жоқ. Неге екенін білмеймін, маған ылғи да: «Алтын құрдас!» – деп, кең құшағын ала жүгіретін. Денесі де, ниеті де, істері де кең, әрі ірі жігіт еді. «Табылды мен ұсақтық» дейтін ұғымдар – бірін-бірі тебетін аттас зарядтардай, кереғар түсініктер болатын.

Құдайдың құдіреті, осындай шалқар денеден – соншама нәзік те сұлу саздар шығады деп кім ойлаған? Тәкежанның дауысы ерекше еді. Өзі болар-болмас ауытқып, тілін тістегендей етіп шырқайтын әнді. Мұның өзі үлбіреген ғажайып үйлесім табатын. Студенттік серілік кезеңде Табыл әндерін маған да, досымыз Серік Жанболатовқа да қайта-қайта айтқызғанды ұнататын.

Тәкеңнің бауырмалдығы мен кішіпейілділігі қандай еді! Менімен жасы қатар болса да, қалт еткен оңашада қамқоршы ағамдай: «Ей, он екінің оғланы, қарның ашып жүрген жоқ па? Тиының бар ма?» – деп, сұрайтын…

Иә, дүниенің жалғандығы рас қой, әйтпесе, осындай ғазиз жанды қалайша қиып жібереді?.. «Арғымақтың құйрығы әрі жібек, әрі қыл. Ер жігіттің белгісі әрі мырза, әрі құл» – деген тұжырым менің Тәкежаным туралы айтылған, әсте?!.

Жүрегі таза, жаны жайсаң, жақсы жандарды үш нәрсеге ұқсатып теңеуге болады екен. Алдымен, жақсы адам – шамға ұқсайтын көрінеді. Өйткені, шамның жарығы айналасындағыларға тегіс шашылады. Сосын, инеге теңейді. Ине – киімнің бәрін жамап-жасқап, тігіп-бүтіндейді. Ақырында, жақсы адамдар – жеміс ағашы сияқты. Жемісі мол ағаш басын жоғары ұстамайды, ибалы келіндей иіліп тұрады. Басқалар оның тәтті жемісін таласып жеп, ырзығын пайдаланады…

Табылды дәп осындай айналасын жан шуағымен жылытқан азамат еді. Оның ауызынан: «Жоқ!» немесе «Болмайды!» деген сөздер шықпайтын. Шын мәнісінде, қол ұшын бере алмай, қиналып-қысылса: «Сен сәл сабыр қылшы, шешілмейтін мәселе болмайды ғой?!.» – дейтін…

Бірде Алматыға келгенде, Тәкең достарымызға аудан орталығынан екі қабатты «қатқан» үй салғанын айтты. Бәріміз қуанып, құттықтадық. Көп ұзамай, түннің жарымында Атыраудан маған телефон соғып: «Ей, алтын құрдас, қазір менің кімнің үйінде әкемнің төріндей шалжиып жатқанымды білесің бе?» – дейді. Мен: «Екі қабатты қатқан үйіңде шығар?» – дедім. Ол: «Жоқ, таба алмадың. Айтсам – сенбейсің…» – деп, қуақыланды да, дауысын бәсеңдетіп: «Иманғалидың үйінде…» – деді.

Имаш аға Тасмағамбетов Атыраудағы әкім кезінде Табылдыны арнайы шақырып алып, лайықты қызмет беріп, әлгі екі қабатты қатқан үйді тұрғызуына да тікелей ықпал етіпті. Күздің ызғарлы бір түнінде қолынан гитарасы түспейтін менің сол ақжарқын, алып досым ешкімге ескертпей, ескегін алып, Жайыққа түсіп кетіпті…

Атыраудың аспанын алғаш көргенімде, есіме әдебиет алыбы Мұхтар Әуезовтың өзі: «Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі досым, інім Зейнолла! Дос, аға көңілден тілейтінім – сенімен бірге жүру, өзара бірге еңбектену...» – деп, арнайы естелік-тілек жазған менің ұстазым, академик Зейнолла Қабдолов түсті. Атырау университетіне Халел Досмұқамедовтың атын әперген Зейнолла ағамның балаша қуанып: «Атырауға келіп көр, бұл университеттің ғимараттарының әдемілігіне көзің тоймайды!» – дегені санамда қалып қойыпты.

Кәсібім мен нәсібім басқа болса да, Зейнолла ағамның «әдемілерін» әдейі барып, тамашаладым. Облыс әкімшілігінің алдындағы Иманғали Тасмағамбетов тұғырына қондырған Бейбарыс Сұлтанның ескерткіші ерекше сезімге бөледі…

…Кешкісін үлкен кісіге сәлем беруге бардық. Дидары жарқын Ділдә апам күлімдеп қарсы алды. Жұпар аңқыған шұбат алдырды. Апам ақылға ағып тұр: ойы орамды, сөзі жайлы. Бос сөз, арзан тіркес жоқ.

«Қарағым, елдің амандығынан артық қазына болмайды. «Үріккен ел қоныс таңдамайды, үріккен мал өріс таңдамайды» – деген, елдің іргесі тыныш болсын! Біз көрген бейнетті енді ешкімге көрсетпесін!» – деген аналық ақпейіл жүректен жарып шыққан мағынасы терең, маржан сөздерін есітіп-елітіп, ел жатқанша отырдық. Иә, көкірегі көмбе, ақылы дария қариялары бар қазақ халқы, шын мәнісінде, бақытты ғой. Ділдә апамның кейбір нақыл сөздерін ешбір энциклопедиядан шам ұстап іздесең де таба алмайсың. Аман болшы, асыл ана, аяулы апатайым!..

…Сөзі гауһар, жыры жауһар атышулы Жиембет жыраудың табанына тірек, тіліне тиек болған Индерде марқұм досым Табылдының артында қалған жұбайы мен балаларына көңіл айтып, Тәкежанды еске алып, қайтадан Атырау қаласына бет түзедік. Көңілім әлем-жәлем құлазып, құмдарға қарай қаша берді. Табылдының бейнетаспасын көріп, ән шырқаған дауысын есітіп, сағыныштан тамағыма өксік тығылды. Көңілім алай-дүлей, өрекпіген жүрегім атша тулады…

Жайықтың екі жағы құт қонысымыз: қырық мың қылыш қидаласқан қырғындардан аман шығып; тура келген тоқтаусыз оқты Тәңірі қағып, тірі қалған; қайраусыз қара семсердей делі – қайтпас, белі – қайыспас ер атанған; елі – ер болған, жері – кең болған; басы – бұғаусыз, аяғы – тұсаусыз; берекесі – мол, бірлігі – зор сайыпқыран аталарымыздың – тұқымы текті Қасымхан бастаған қазақтың қабырғалы жеті ханының – қабырлары жатыр, Сарайшықта…

Туған топырағын қорғап, ғазиз бастарын ажалға тіккен бабаларымның тайқы тағдыры жаныма аяздай батып, жүрегіме шаншудай қадалды. Жаужүрек Махамбет:

«Ат жігіттің – майданы,

Қылыш – жанның дәрмені,

Өлім – Хақтың пәрмені!» – дегенді қалай дөп айтқан?!.

Сапарлас досым Аспандияр Бақсиықұлы: «Имаш ағаның Сарайшығына сәлем берейік!» – деді. Рас, бұл – перзенттік парызымыз.

Айбыны асқақ Абылайхан: «Шешеннің сөзі өлмейді, тектілердің ісі, ізі өшпейді! Бұтаққа су, ұрпаққа Рух бермесең – көгермейді!» дегенде, арғы алапат бабасы Күлтегіннің киелі рухынан қуат алған шығар-ау…

Көшпендінің қасиетін танып, алаштың айбарын қалқан қылған Нұрғалидың намысты ұлы – Иманғали да кешегі «Ұлтшылдық – ұлтты тәуелділіктен, кіріптарлықтан азат етудің жалғыз жолы» – деген Шоқайдың Мұстафасынан мәмілеге машықтанып, күнделікті күйбеңнен биік, ұлтының ұлы мақсаттарына ұмтылуды мұрат тұтыпты. Имекеңнің парасат-пайымы – қызметке кесірін тигізбей, мансаптың менмендігін білгізбей, пәнидің бәтуасыздығын парықтауға жетіп, хандардың қасиетті көзіндей Сарайшық дүниеге келді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», тарихтың тарлан тұлғаларына бағыштап, құран түсірдік…

…Кенет, көлігіміз кілт кідіріп, оңға бұрылды. Қалың ойға көміліп отырып, басымды әйнекке соғып алдым. Ә дегенше, нән қорымның қақпасына тоқтадық. Сасқалақтаған жүргізуші жігіт: «Өзім де түсінбей қалдым, тежеуішті баспасам да, мәшинем кілт тоқтады?!.» – деп, абдырап, ақталып жатты…

Аспандияр бірден: «Мұнда Нұрғали ата жатыр ғой, Иманғали ағаның әкесі!» – деді. Нұрғали атаның бейітін көргенде, көз алдыма не түсім, не өңім екендігі белгісіз, басымнан кешкен ғажайып уақиғадағы: «Қарағым, құдай үшін істер ісіңді ұмытпағайсың! – деген қария келді. Дәп сол ақсақал…

…Аллаһ тағала бір күні Мұса пайғамбардан: «Әй, Мұса! Мен үшін жасаған амалың бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Мұса (а.с.): «Уа, Раббым! Сен үшін намаз оқыдым, ораза ұстадым, садақа бердім, сәжде жасадым. Саған мақтау айттым, кітабыңды оқыдым, сені еске алдым«, – деп жауап береді. Мұны естігенде, Аллаһ тағала: «Әй, Мұса! Бұның бәрі өзің үшін: намаз – сенің жолкөрсетушің, ораза – қалқаның, садақа – өзіңе көлеңке, сәждедегі айтқан тасбихтарың – жұмақта өзіңе саялы ағаш болады. Кітабымды оқуың – сәнді сарай мен хор қызына қолыңды жеткізеді. Мені еске алуың – өзіңе сәуле болып жарығын төгеді. Ал, сонда таза Мен үшін не істедің?..» – дейді. Мұса пайғамбар сасқалақтап: «Уа, Аллаһ тағалам! Сен үшін жасалатын амал болса, білдірші, мен соны жасайын?!.» – деп сұрайды. Сол кезде Ұлы Жаратушымыз: « Әй, Мұса! Мен үшін біреуді өзіңе дос тұта білдің бе?!.» – дейді. Сонда барып, Мұса пайғамбар (а.с.) Аллаһ тағаланың жақсы көрген пендесін – жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігін түсінеді…

Түс-тылсымның тереңі, бәлкім, Имекеңнің халықтың зор құрметі мен асқақ абыройына бөленуінің құпиясы – қай жұмысты да жұлқына көтеріп, жұмыла атқаруында екендігіне меңзеді ме екен?!. «Хақ сүйгенді, халқы сүйер» деген бұрынғылар, Тасмағамбетовтың темірдей тәртібі мен кәсіби іскерлігіне көзі жетіп, көңілі сенген жұрты ыстық ықыласын аяған емес. Мұса пайғамбар (а.с.) жайындағы уағыз-әңгіме – біздің осы білік-болжамымыздың шындықтан шетін кетпегендігін айқындайтындай.

…Жоғарыдан Көк аспан құламаса,

Өршіл рухың – Ақ тұлпар сұламаса,

Төмендегі Қара жер айырылмаса,

Бойда қуат-қанатың қайырылмаса…

Сен – тұяғы Тәңіршіл Көк түріктің,

Жасымағын! –

Өзісің тектіліктің!

Жаралғансың шыққан Күн шапағынан,

Бұлттар үркіп, жасампаз атағыңнан!

Мақтауыңа жетпеспін жырлап қанша,

Жайсаң ғұмыр кешесің Күн батқанша!!!

…Нұрғали атамыздың бейітінің басында ұзақ отырып, Құран оқыдым.

Атырау қаласына тұяқ іліндіріп, Ділдә апама хабарластым. «Апа, Нұрғали атаның басына барып, құран оқып қайттым» – дедім. «Қабыл етсін! Қара шалым бір аунап түскен екен! Алла разы болсын!» – деген Ділдә апамның дауысы тарғылданып кетті…

…Баянсыз бір дүние…

Жетінші түйін

…Мен әке-шешемнің еншілес баласымын. Аяулы анашымннан ертерек айрылдым. «Жалғыздық – Құдайға жарасқан!» деп, шариғаттың жолымен әкеме серік таптық. Қаланың тар пәтер, тағылау болмысын жатырқаған әкем: «Әзірет Сұлтан бабамның қасиетті топырағы ғой» – деп, кемпірін ертіп, қазақтың қайым хандарының пырағы байыз тапқан киелі Түркістанға тұруға ниет қылды…

…Сексен жастың сеңгіріне жеткен әкем қақаған қыстың жарық түсе қоймаған, алакеуім, қараңғы бір қасат таңында Түркістаннан Алматыға телефон соқты. Ақсақалы бар үйдің беймаза уақыттағы тықырға секемденіп отыратын әдеті. Кәлиманы қайталап, тұтқаны тыңдадым. Сөйтсем, өзімнің көкем: «Балам, мен Нұрсұлтанның дәу көк байрағын көрдім!» – деп, мәз-мейрам. Қазақ: «Күлсең – кәріге күл» – демей ме, жасы келген адам болғасын мен де: «Құтты болсын, көке! Көрімдігіңіз дайын!» – деп, жатырмын.

Ал, әкем ақылы толысып, парасаты тазарған ақсақалдың әңгімесін жалғастыра берді: «Кеше көк жәшіктен Нұрсұлтанның келбетін анық көрдім. Білуімше, Нұрсұлтан шаршаңқырап, жалғызсыраңқырап жүрген сияқты! Ел басқару, жұрттың бәрінің көңілінен шығу, ғасырлар бодауында жүні жығылып, жүрегі шайлыққан қазақты сілкінтіп-оятып, ел қатарына қосу – Нұсұлтандай сайыпқыран ғана көтере алатын алмас семсер. Бұл семсердің салмағын игеріп, жүзіне сақ болмаса, қиып түсуі де лезде. «Патшаға тіл тигізу – күнә», дейді шариғат. Патша – миллиондардың арасынан таңдаған Хақтың сүйген құлы ғой…»

Мінеки, менің сексеннен асқан әкемнің әуезді әңгімесі осындай. Сөйтсем, көкемнің көзі Астанадағы ең үлкен ел байрағын теледидардан шалып қалыпты. Егде кісі соған қатты тебіреніп, түнімен кемпіріне қайталап айтып, таңсәрісінде шыдамай, телефон шалған екен. Талас жоқ, Астана төріндегі зәулім көк байрақ – ұлтты жақсы көрудің, ұлты үшін масаттанудың, ұлттың рухын асқақтатудың жарқын көрінісі.

Ақорданың әкімі Иманғали менің әкеме туралығымен, шыншылдығымен ұнайтын. Турасын айтқанның – туғанына жақпайтыны белгілі. Әкем кейде: «Шындық ұстарадан да өткір: не қолыңды кеседі, не жолыңды кеседі. Имашжан, арандап қалмаса болар еді!» – деп, мазасызданып қалса, келесі бір күні болашағынын зор үміт күткен Имекең туралы айрықша шабытпен: «Түйеге мінген – құдайға жақын!» – деп, қутыңдап қалатын. Мұндай сәттерде жаз күніндей жадырап, домбыраны сұратып алып, жанға жұмсақ бір әуендерді шертіп жататын.

«Тоқсанға жасқа жеткенімде, мен Нұрсұлтанның Астанасына барып, асқақ Арқаның салқар самалын жұтамын, ерке Есілдің суына шомыламын, айбатты Ақорданы көремін, қазақтың Көк байрағын сүйемін!» – деп жүргенде, тоқсан жасқа тоғыз ай жете алмаған менің ардақты әкем Әнуарбек, шындығында, көзі ашық, көкірегі ояу, нағыз «ақылды қария – ағып жатқан дария» еді…

Ұлы отан соғысында тізеліктен қан кешіп, ет бауыр жақынның да, қанды көбе жолдастың да қазасын көп көрген, тар заманның талай тауқыметтерін тартқан, аштық жанына тиіп, жалаңаштық жамбасына батқан аяулы әкетайым нанның қиқымын теріп жейтін; жәндікті жәбірлемейтін; кісіні күстәналамайтын; қара тиынды қанағат тұтатын; қазақтың кемшілігін көргісі келмейтін; ешкімді бөтенсіп, бөліп-жармайтын; Нұрсұлтан Әбішұлының аты шыққан жерде: «Билік айту оңай, біліп айту қиын» – деп, ерекше жақсы көріп, тебіреніп отыратын…

Отты көрген, көпті «терген» әкем Нұрсұлтан Әбішұлының, әсіресе, ардагерлерге көмегіне ризашылығын әр шәйдың үстінде қайталап: «Нұрсұлтан – тегін адам емес!» – деп, рухтанып отырушы еді…

Сенім – қымбат та қастерлі қасиет. Елінің сенімін ақтауы үшін Елбасы да – жақын серіктеріне сенім артады. Елбасының ел тізгінін ұстаған осынау жиырма жылында сеніміне секем түсірмей, сөзімен әрі ісімен толық ақтаған серіктерінің бірегейі – Иманғали Тасмағамбетов. Менің әкем: «Сардар құласа, сарбаз тозады» дегенді, Иманғалидан артық ешкім түсінбеді-ау!» – деп, жиі қапаланып отыратын. Әттең, сағатты сатып алғаныңмен, уақытты сатып ала алмайтын ащы ақиқаттың кермек дәмі у мен зәһәр татиды…

…Мен соңғы кезде әкемді көп ойлап, түсімде жиі көретін болдым. Мағынасы терең әңгімелері тым-тым алыстан, белгісіз бір құпия әлемнен құлағыма еміс-еміс талып жеткендей болады. «Сұңқар ұшса –тұғыры қалады, шынар құласа – түбірі қалады» деген рас екен, таяу күндері әкемнің көзі тірісінде айтқан: «Ынтымағының ыдырап, ауызбірлігінің ада болғандығынан – мәжнүн қазағым үш ғасыр жатқа таланып, бөтенге кіріптар болды ғой…» – дегенін қасымда тұрғандай тұп-тұнық, ап-анық естідім… Іле-шала аса қуатты, зор дауыс былай деді:

Бір биенің екі емшегі,

Бірі кетсе – сүті жоқ.

Бір түйенің екі өркеші,

Бірі кетсе – күші жоқ!!!

Мыңжан БАЙЖАНИН

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk