«Тірі депутатты алғаш рет көріп тұрмыз»,–деді халық

Сенбі, 21-Қаңтар 2017 / 08:59
«Тірі депутатты алғаш рет көріп тұрмыз»,–деді халық

ШЕНЕУНІКТЕР ТАС БӨЛМЕСІНЕН ШЫҚСЫН

— Депутаттардың халықпен кездесуге кеткенінен көпшілік хабардар. Қай жақтан оралдыңыз? Елжұртыңыз, сенім артқан халқыңыз аман ба?

— Мен Оңтүстік Қазақстан облысына бардым. Ол жақтағы Сайрам ауданында «Қара бұлақ» деген мал базары бар. Үлкен базар. Егер «Қара бұлақта» малдың бағасы болмаса, сонау Өскеменде малдың нарқы құлап жатады. Бұл теңеуімді білетін адамдар артық көрмейді деген ойдамын. Өйткені төрт түліктің барлығы осы «Қара бұлақтан» бастау алады. Саудаланады. Әсірелеп айтсам, «Қара бұлақ» малдың Қазақстандағы биржасы секілді. Осы «Қара бұлақ» базары мың шақты адамға жұмыс беріп отырған жер. Қазақтың бүгінгі көңіл күйін осы базар арқылы да білуге болады. Сол жердегі халық «тірі депутатты алғаш рет көріп тұрмыз» деп шулады. Біз оған сендік. Себебі ақ жағалының қайсысы малдың тезегін басқысы келеді. Бәрінің жылтыраған мекемеге барғысы келіп тұратыны өтірік емес қой?

Халықпен жүздесу барысында нені аңғардыңыз? Қоғамдағы хал-ахуалды біліп отыру үшін ел ішіне жиі барған дұрыс-ау осы?..

— Әсіресе, шенеуніктерге. Тас бөлмеден шығып, маңайда не болып жатқанын біліп отыру үшін… Жеке өз басым, халықпен жүздесе келе көңілге түйгенім көп. Олардың жан айқайларын түсінуге де болатындай. Шыдамды ғой ел-жұрт. Олар айтса айтқандай, қолдау жоқ қой жергілікті жерлерде. Өсірген малымызды делдалдар арқылы өткізіп, кім көрінгенге жем боламыз деп отыр. Малдың терісін, жүнін өңдейтін мекеме жоқ. Ол да үлкен уайым. Ветеринарлар халыққа пункт салып қолдау білдірудің орнына, «сендер малдарды егіп жатырсыңдар» деп, күнде полицияға жетелейтін көрінеді. Немесе «ұрланған мал етін сатып жатырсыңдар» деп дөң-айбат көрсетуге көшкен. Осылайша халықтың ит рәсуәсін шығарып жатқанын көрдік. Базарды жабамыз деп жатқандар жайлы да естідік. Сонда халықты етпен қамтамасыз етіп отырған жерді, біреулер нәпақасын тауып жатқан базарды жабу ақылға қона ма? Шенеуніктердің не ойлағанын осыдан кейін түсініп көр.

— Әкімдер бұл жайттан хабарсыз болар? Қолда мүмкіндік болып тұрғанда ескертпедіңіздер ме?

— Сондай оймен Оңтүстік Қазақтан облысы әкіміне кіріп, бұл мәселенің бәрін айттық. Кейін Қазығұрт ауданы мен Ақмола облысына ат басын бұрдық.

— Сөзіңізді бөлейін, оңтүстік өңірдің әкімі мен аудан әкімдерінің жасап жатқан жұмыстарына көңіліңіз толды ма? Жалпы әкімдер қалай жұмыс жасап жатыр?

— Аудан әкімдері қасымызда жүрді. Жас жігіттер екен. Бәрі бізбен бірге жүріп, халықтың қалай шулағанын көзімен көріп, көңілдеріне түйді деген ойдамын. Бәлкім «Нұр Отанмен» жүрсе, кей кемшіліктерді көрмей қалулары да мүмкін ғой. «Түрі игіден түңілме» демей ме қазақ. Көзінде от бар жастардың халықпен жұмыс жасағысы келіп тұратыны байқалып отырды. Ал облыс әкіміне келер болсақ, оңды жаңалықтар бола ма деген үміттемін. Бәрін жақсы қолға алып жатқан секілді. Жалпы Шымкентте проблема көп қой. Халықтың 70 пайызы жер үйде тұрады екен. Соны ескеріп жатқаны ұнады. Маңайдағы Индустриалды паркіне бардық. Адамдарды жұмысқа тартуда. Ел көрген азамат қой. Түркияда елші болды. Сол жақтан көргендерін, өз елінің игілігіне жұмсауға талаптанып жатыр ғой деген ойдамын. Жалпы Түймебаев менің екі туып, бір қалғаным емес. Көзбен көргенімді айтып жатырмын. Жағыну үшін емес.

— Үкіметтің тікелей тапсырмасымен өңірлерді аралау барысында халықтың күнкөрісімен жіті таныса алдыңыз ба? «Бізде бәрі ғажап» дейтіндердің сөзі рас па екен?

— Халық малмен ғана күнелтіп отыр. Ашындыра беруге болмайды. Алайда еш қолдау жоғын айтып еңірегенде етектері көз жасына толады. Бір дәлел келтірейін, Ақмола облысын аралап жүргенде бір кәсіпкердің Үкіметтен көк тиын алмай, өз күшімен қазақтың ақ бас сиырын төрт жүз басқа жеткізгенін көрдік. Ныспысы — Ыдырыс. Оның айтуынша, мал басы үш мыңға толмай, оларға субсидия берілмейді екен.

ХАЛЫҚТЫ АШЫНДЫРА БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ

— Сонда қалай, Берік Сәлімжанұлы, осы 2017 жылдан бастап мал басына субсидияны көтеру жайлы Парламентте сөз болып еді ғой?..

— Иә, 2017-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту конфессиясында шошқаның субсидиясын 19 есеге, тауықтікін 1,5 есеге көтерді. Ал жылқы мен сиырды керісінше 1,5 есеге кемітті.

— Мұны қалай түсінуге болады?

— Мен кезінде бұған шыдамай Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағам. Еліміздің 70 пайызы жайылымдық жер, 50 пайыз халық ауылда тұрады, ел халқының 90 пайызы мұсылман деп… Айтқан сөзім желге ұшқандай күйде жүрмін қазір… Өкінішке орай, біз шошқа қораны айналып шыға алмай жүрміз.

— Тіркеу жайлы шуды халықтың арасында жүріп естіген боларсыз, қалай қабылдадыңыз?

— Иә, халық арасында тіркеу жайлы дау-дамай көп. Біздегі жақсы нәрсенің бәрін атқарушы билік өкілдері өңін айналдырып, құбыжық етіп көрсетуге бейім. Түсіндіру жұмыстары жоққа тән. Соның салдары ғой бәрі. Оның арты мынау… Осы тіркеу туралы қалың жұрттан сөз естіп қайттым, несін жасырайын. Дегенмен халықтың айтуы дұрыс.

— Заңды қабылдаған өздеріңіз ғой, кімге өкпелейсіздер енді?

— Көпшілік жұрт та «заңды қабылдадыңдар, енді жауап беріңдер» деп жатыр. Ақталғым келмейді, бірақ біздің фракция бұл заң жобасына қарсы болған негізі. Азекең (Азат Перуашев) осы заң жобасы қаралғанда: «Сіздердің айтып жатқандарыңыз жақсы. Терроризм деп жатырсыздар, бірақ біз бұған қарсымыз. Террористер ешқашан тіркелмейді. Ертең тіркеу көптің арасында түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Соны естен шығармайық», — деген. Сонда бізге: «Сендер не, терроризмді қолдағалы отырсыңдар ма?» — деп бәрі шу ете қалған. Сөйтіп, бізден жау жасағысы келген кейіп танытқандар да болды. Сонда отырғандардың көбі тіркеу онлайн жүйесінде жүргізіледі деп айтқаны есімде. Қане сол айтқандары. Жағдай қанша қиын болып жатса да, біздің халықтың тәубешілдігі мен сабырлылығы мені қайран қалдырады.

— Берік Сәлімжанұлы, сізге күнде қолымыз жете бермейді, жұмысыңыз көп, сондықтан мүмкіндікті пайдаланып бір тосын сауал қойсам деп едім. Күні кеше министр Бишімбаев, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Майлыбаев ұсталды. Шенеуніктердің осындай ісәрекеттері неден туындап жатыр деп ойлайсыз? Оларға не жетпейді осы?

— Қанша ауыз бар, сонша пікір айтылады ғой. Өз басым бұл екеуімен де араласып көрмеппін. Сондықтан сырттарынан бірдеңе деу қиын. Егер әріптестерім болса, бірдеңе деп ойымды айтар едім. Әйтсе де асыптасып жатқан осындай адамдардың жемқорлықпен ұсталып, қара бет болуы ұят. «Өлімнен ұят күшті» дейді ғой атамыз қазақ. Басқа бірдеңе деуге дәтім бармай тұр.

— Уақытыңызды бөліп, жедел сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , , , ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Баланы бақытты етудің 5 жолы

Facebook парақшамыз