Түскі ұйқының пайдасы

Жексенбі, 08-Қаңтар 2017 / 12:15
Түскі ұйқының пайдасы

Испания мен Италияның түстігін жайлаған халықтың дәстүрсалты ұқсас келеді. Басқасын айтпағанда, сиеста деп аталатын дәріпті ғадет екеуіне де ортақ. Испан лұғатында түскі ұйқы деген мағынаны білдіретін сиеста сөзі әлем тілдеріне әлдеқашан еніп кеткен. Ешбір өзгеріссіз, қаз-қалпында.

Испанияның астанасы Мадрид қаласында жұмыс уақыты 9:00-де басталады. Алайда халық отырған орнында шегеленіп, сәскеге дейін қимылсыз қатып қалмайды. Сағат тілі 10:30-ды көрсеткенде кофе ішуге далаға шығады. Дәл осы уақытта көше бойында үйездеп отырған адамдарды көптеп кездестіресіз. Айтылмыш мәуріт көпке созылмайды. Үлкенді-кішілі шара аяқ кофелерін баптап ішкен жұрт бip кезде жапыра түрегеліп, қайтадан жұмыс орындарына ағылады. Бұлжымас pәciм. Қанға сіңіп, буынға түскен мінез.

Қызметкерлерге жасалатын алабөтен кеңшілік мұнымен бітпейді. Tүcкi ас 2-3 сағатқа дейін созылады. Жай мызғып алу емес, ұйқыны қандырып алуға болатын уақыт. Ececiнe, міндетті жұмыс қас қарайғанда бір-ақ бітеді. Британияда прайм-тайм бағдарламалары 19:00, ал Испанияда 22:00-де басталатыны содан. Отбасы мүшелерінің алды-арты жиналып болғанша ымырт жабылып, сам жамырайды деген сөз.

Ел экономикасының шабандығын ойлап уайым жеген испан саясаткерлерінің жұмыс уақытын өзгерту туралы мәселе көтеріп жатқаны бекер емес. Соңғы уақытта түскі асты 1 сағатқа дейін шегеріп, әлемнің басқа елдері сияқты 9-6 моделіне көшу қажеттігін айтып жүргендердің дауысы зорайып келеді. Сиестаның тума жұрты өстіп бүлініп жатқанда оқшау аралдар иесі Жапония игілікті рәсімді шамасынша енгізіп бағуда. Деректерге сенсек, корпоративтік құрылымдарға байланған жапондар орташа есеппен 6 сағат 22 минут ұйықтайды екен. Бұл — әлемдегі ең төменгі көрсеткіш. Британдықтар 6 сағат 49 минут, ал канадалықтар, мексикалықтар және алмандар кем дегенде 7 сағат тынығады. Жанкешті жапондар жылына бір мәрте берілетін тиесілі демалыстарын да қағыс қалдырады. Теңіз жағасында байыздап жүргенше, мұрнынан шаншылып жұмыс істегенді ұнатады. Tәpiзi, таң азаннан қара кешке тынымсыз бейнеттенетін қызметкерлердің денсаулығы сыр бермес үшін жапон компаниялары түскі ұйқыны насихаттауға көшкен. Мәселен, Токиодағы GMO Internet компаниясы кеңсеге дивандар орнатса, Осакадағы Омеда Бизнес қызметкерлері тақау төңіректегі қоғамдық ұйқы орындарына баруға міндеттелген.

Әлбетте, бұл — заңмен бекітілген низам. Жапонияның денсаулық министрлігі қызмет бабындағы барлық адамдардың түскі астан кейін 30 минут ұйықтап алуын қоштайды.

Түскі ұйқының пайдасы көл-көcip. Осы тарапта жүргізілген ғылыми зерттеулер де күмән қалдырмайды. Күндізгі уақытта аз-маз мызғып алатын адамдардың жүрек ауруына сирек шалдығатыны белгілі боп отыр. Жақында AAAS (Advancing Science, Serving Society) өткізген Сан Диего конференциясы атаулы тұжырымды тағы да бекітті. Калифорния университетінің профессоры Мэтью Уолкер мен оның әріптестері жүргізген зерттеу түскі ұйқыға айрықша мән беретін жандардың есте сақтау қабілеті жоғары болатынын анықтаған екен. Доктор Уолкердің айтуынша, адамның миы түскі ұйқыдан кейін үйренуге, жаңа ақпарды сіңіруге мейлінше бейім тұрады.

«Жаһан» журналынан алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз