Төлен Әбдік қазақ қоғамындағы жағымпаздық дерті туралы ашық айтты

Дүйсенбі, 02-Қаңтар 2017 / 11:25
Төлен Әбдік қазақ қоғамындағы жағымпаздық дерті туралы ашық айтты

 Халық пен биліктің арасында байланыс жоқ, бір-бірінен алшақтап кетті деп айыптап жатады. Солай болса, сіз қай жақтасыз? Егер халық жағындамын десеңіз, халыққа қатысты тағдырлы мәселелерге араластыңыз ба?

– Байланыс жоқ деп айту артық болар, біраз халық пен биліктің арасы алшақтап бара жатқанын амалсыз мойындауға тура келеді. Оны ел өміріне зер салып, халықпен кездесіп жүргендер, тәуелсіз басылымдарды қадағалайтындар аңғарады. Билік қоғамдағы күрделі проблемаларды айтуға мүдделі емес. Тек жақсылықты айтып, елді тыныштандырғысы келеді. Бірақ одан халықтың жағдайы жақсармайды. Барлық жерде халық өз мүддесі үшін күресу арқылы ғана билікті көндіре алады.

Қазір халыққа қарап, ақылсыз балаға ақыл үйреткендей ұялтып сөйлеп, ұстаздық жасаудың қажеті жоқ.  Сыртта ХІХ ғасыр емес, ХХІ ғасыр. Халықтың бізден ұялатын жөні жоқ, біз халықтың алдында ұялуымыз керек. Қазақтың мүддесін қорғап, билікке батырып сөз айта алмай жүргеніміз үшін, шындық үшін шырылдаудың орнына, басшыларға бас ұрып, жауырды жаба тоқып жүргеніміз үшін, сол үшін дәме етпес дәме ететініміз үшін, тағы сол сияқты…

Мен президент әкімшілігінде жұмыс істемеймін. Онда істейтін, мен білетін жігіттердің ішінде елге жаны ашитын азаматтар жоқ деп айта алмаймын. Қазақ ұлтының азаттығы үшін мерт болған Алаштың азаматтарына арналған, ақшасы бөлінген, макеті дайын ескерткішті  Астанада орнату туралы ұсынысын өткізе алмай: “Мынадай іске шамамыз келмесе, бұл арада неғып жүрміз”, – деп күйзелген  жігітті білемін. Бірақ олардың қолында үлкен тізгін жоқ.

 – Сіз өткен жолғы бір әңгімеңізде: “Мынау сұмдық болды, елімізді бұрын-соңды болмаған жағымпаздық дерті жайлап барады”, – деген едіңіз. Кімдерге қарап түңілдіңіз?

– Бұл менсіз де айтылып жүрген белгілі әңгіме ғой. Мұхтар Шахановтың үлкен қоғамдық проблемаларды көтерген “Қырғыз эвересі” атты кітабы жарық көрді. Соның ішінде Орталық Азия елдеріндегі жеке басқа табыну, жағымпаздық секілді келеңсіздіктерге арналған тарау бар. Сонда түрікменбашы Сапармұрат Ниязовты құдайға теңеп өлең шығарған ақын туралы сөз болды. Әрине, кезінде бұған көбіміз күлген болатынбыз. Бірақ көп ұзамай өзіміздің де басымызға келетінін байқамаппыз.

Министрлер мен облыс басшыларын былай қойғанда, мекеменің директорларына шейін “Президенттің тапсырмасы бойынша” демей, сөз қозғамайтын болды. Президент тікелей тапсырма бермесе, түк істемей отыратын секілді. Мақала жазса болды, мемлекет басшысы көкке көтеріп мақтау нормаға айналды. Сәл-пәл болса да ыңғайсыздану деген жоқ. Әрине, басшыны сынағаннан гөрі, оның мақтау тиімді. Бұл арада президенттің өз басы туралы әңгіме жоқ. Әңгіме қоғамдағы этика жайында. “Мешке деген жақсы ат емес” деген сөз бар. Ал жағымпаз одан асқан жағымсыз.

… Өркениетті елдерде мемлекет басшысына ашықтан ашық жағымпаздану, мақтау үрдісі жоқ. Интернетке қанша үңілсем де, Обаманы, Саркозиді, Меркельді, тіпті, бізге жақын Ресей президентін құдайға, пайғамбарға теңеген роман, поэма жазған белгілі ақын-жазушыларды кездестірмеппін.

Бұл ауру қоғамды ілгері бастырмайды, әлемдік қауымдастық алдында беделімізді түсіреді, күлкі қылады. Осы арада президенттің: “Ау, ағайын, қойыңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар”, – деген бір ауыз сөзі керек сияқты.

 HALYKSOZI.KZ

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз