Шерхан Мұртаза: Бір кем дүние

Сейсенбі, 24-Қаңтар 2017 / 07:20
Шерхан Мұртаза: Бір кем дүние

Жеңешемнің жауабы

Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты.

Абысындары:

– Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда “Батыр Ана” атанар едің, – дейді ғой.

Разия:

– Құдай берсе тастамаймыз,

Бермесе қақсамаймыз, – дейді.

Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті.

Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін.

Бір кем дүние

Дуананың жирен қасқасы

Қасиетті қарт Қаратаудың қойнында Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. Қан­ша дәулет бітсе де бай қуанар егізге де­ген­­­дей, байекем сол сәйгүлік жирен қас­қалар жүзге жетсе екен деп армандапты.

Бірақ, Құдайдың құдыреті, биелері қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.

Сондай күндердің бірінде бай ауы­лына ел кезген бір дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты жирен қасқа! Бай жігіттерін жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан сорақылық бола ма?!

Сөйтсе, дуана – жай дуана емес, қы­зыр шалған әулие кісі екен, таудан ар­қы­рап аққан асау өзенді бөгеп тастап, жи­рен қасқасымен өрге шапшып, бай ау­ы­лын қарғап кетіпті. Бай дәулеттен айы­ры­­л­ып, қайтып мал-мүлік құтаймай қой­ыпты.

Тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы осылай аяқталған деседі.

Біреуі-ақ жетпеген.

Арман

Балалық шаққа

Қайта алмайсың.

Бір кем дүние.

Құдайға сыйынған құстай ұшады,

Адамға сыйынған мұрттай ұшады.

Нысап

Кедей – бай; бай – Құдай болсам дейді.

Нысапсыздық жаман.

Бір кем дүние.

Құдырет

Бидайын алып, сабанын қойған Құдай.

Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай…

Бір кем дүние.

Қайдан…

Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.

Бір кем дүние.

Қалтай айтқан

– Журналист – это қаранар,

Но мизерный гонорар.

Бір кем дүние.

Асқанға – тосқан

Толдым деген төгіледі,

Жеттім деген жығылады.

Бір кем дүние.

Құнықпа

Алтын өзі тотықпайды,

Адамдардың жанын тотықтырады.

Бір кем дүние.

Өкінішті

Атадан алтау тусаң да

бір жалғыздық.

Бір кем дүние.

Тым… тым…

Патшаға тым жақындама,

Тым алыстап та кетпе.

Ол да от сияқты:

Тым жақындасаң күйіп өлесің,

Тым алыстасаң үсіп өлесің.

Бір кем дүние.

Маймыл ғұрлы жоқсың ба?

Жазушы Дидахмет Қалтайға:

– Машина сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правом жоқ, – дейді.

Сонда Қалтай:

– Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл ғұрлы жоқсың ба?! – деген ғой.

Дәнек

Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаң­ғаққа ұқсайды.

Ондайлар көп қой.

Бір кем дүние.

Өгей шеше

Краткость – сестра таланта, мачеха гонорара.

Ойшыл қарға

Түнімен – жаңбыр.

Таңертең – қар.

Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.

Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?

Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:

– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.

Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.

Оны біз түсінбедік.

Бір кем дүние.

Өлтіру оңай, тірілту қиын

Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?

Бір кем дүние.

“Халық жаулары” дегендердің көбі солай өлтірілді.

Әңгі есек

Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ. Кейбір әкімдер, байлар сондай.

Бір кем дүние.

Ақымаққа – шапалақ

Серік Үмбетов – Жамбыл облысының жаңа әкімі болып келгенде, ең алдымен Қарахан күмбезіне барып, дұға оқытты.

Содан кейін Мыңбұлақтағы Бауыржан Момышұлы музейіне барып, тағзым етті.

Ауыл әкімі:

– Мен Бауыржанның туысымын, – деп таныстырды өзін. Сонда:

– Туысы болсаң, мына музейдің төбесінен неге тамшы ағып тұр? Айналасы неге лас? – деді облыс әкімі.

Бір кем дүние.

Дауыл

Астананың желі күшті. Біз тұрған он алты қабат үйдің шатырын дауыл ұшырып әкетіп жатыр.

Ең сапалы деген үй.

Бір кем дүние.

Аңсау

– Ах-ау, Гүлдерайым, Күн мен Айым, ұшуға қанатым жоқ, неғылайын…

– Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе, бармас па ем қалқатайға әлденеше…

Бір кем дүние.

Сталинге не жетпеді?

Басқа – басқа, Сталинге не жетпеді десеңші, Жоғарғы Кеңеске сайлау кезінде ылғи да 99,09% дауыс алушы еді, 100%-ға жетпей-ақ қойды.

Бір кем дүние.

Хрущевтің екі беті

Сталиннің көзі тірісінде оған бір ауыз қарсы сөз айта алмаған Хрущев ұлы көсем өлгеннен кейін оны жерден алып, жерге салды.

Сөйтіп, Хрущев өлген соң Неизвестный деген суретші оның моласының басына қойған ескерткішті – бір беті – ақ, бір беті – қара бояумен бояпты.

Бір кем дүние.

Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей:

– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз,

Жайлаған алты ай жазға сарыла қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан,

Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді.

Бір кем дүние екенін білген ғой.

Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.

Бір кем дүние.

Имансыз болма

Біреулерге Құдай бәрін береді.

Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт қыбыласы сай.

Бірақ Иман жоқ.

Ең сорлы адам сол.

Бір кем дүние.

Қисық заң

Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.

Бір кем дүние.

Жоғалған тіл

“Болашақ” деген шығып, бай балалары шетелде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанында­ғыларға аманат айтты:

– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан “Аллаһу акбар” деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін “Фатиханы” оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние…

Құр алақан

Жарты әлемді жаулаған тағы бір жаһангер – Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті.

Бір данышпан алақанына бір шөкім топырақ салған соң ғана қолы сылқ етіп табытқа түсіпті.

Сөйтсе Ескендір тірілерге:

– Ей, жарандар, мен дүниенің жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар, – деп алақанын ашып көрсеткені екен.

Қайран дүние, тіршілікте кім тойған…

Адамның ашқарақ көзі топыраққа ғана тояды.

Бір кем дүние…

Мұрагерсіз патша

Баяғыда бір патша, өзі құдай емес, құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.

– Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, – деп армандайды.

Сонда бір уәзірі ақыл айтады.

– Бұл өмірде армансыз әйел болса сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, құдай бұйыртса, ұл бала табады, – дейді.

Содан соң патша жер-жерге шабар­мандар шаптырады.

Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.

Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:

– Бұл байғұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, кім біледі, мүмкін жолымыз болар, деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.

Патша алдына келгенде, патша сұрайды:

– Шыннан арманың жоқ па? – деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:

– Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! – деп қойып қалыпты.

Бұл да бір кем дүние.

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

Қанағат қарын тойдырады…

Араны ашылған, ашқарақ тойым­сыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.

Адалдықтың қазығы – қанағат.

Бір кем дүние – зор кем дүние.

Жекеннің орманы

Журналшылар да түйе сияқты: арқалағаны – алтын, жегені – тікен.

Газетте жұмыс істеп жүргенде ЦК-дан талай таяқ жедік.

“СҚ”-да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарамағында біраз болдым.

Жарықтық, газеттің келесі нөміріне кезекші болғанда, бетті оқып отырып:

– Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жібергенде иіскеп-иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп, шыңғырып-шыңғырып жіберсе, қатені түзетіп, редактордан сөгіс алмас едік, – деп армандап отырар еді. Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ.

Бір кем дүние.

Жырық астау

Арап нәсілді Александр Пушкиннің алтын балық туралы інжу-маржандай әдемі ертегісі бар. Балықшының ауына Алтын балық түспей ме. Сөйтсе алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:

– Мені босат, не тілейсің соның бәрін орындаймын, – дейді ғой.

Балықшы:

– Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді… – дейді.

Алтын балық:

– Үйіңе қайта бер, тілегің орында-лады, – дейді ғой.

Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.

Тойымсыздық.

Шөлдеген жұлдыз

Шілде айында Қазан шаһарында да күн ысиды. Сондай бір кезде атақты ақын Ғаб­долла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сыра­ханаға кіріп, бір саптыаяқ сыра сұраса, сатушы:

– Отыз бес тиын, – депті.

Сонда Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып:

– Пиво тура отыз бес тиын, қалғаны тура бес тиын, и-и, дүние-ай… – деп қиналса керек.

Өзін Пушкин, Лермонтов сияқты алыптардың қатарына қосып:

“Три звезды в небе – Пушкин, Лермонтов и Токай”, – деп жүрген Тоқайдың қалтасы тесік екен.

Бір кем дүние…

Жүзді азырқанған жазушы

Ертеректе, Жазушылар одағының үйінде бір жазушының мерейтойы өтіп жатты. 90 жасқа толған той иесі көпшілікке алғыс айтып, мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан біреу:

– Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! – деп айқайлады.

Той иесі қаһарланып:

– Ей, найсап! Жүзден артық сан білмейсің бе?! – деп ренжіді.

Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті.

Бұл да бір кем дүние.

Әттең қанаттың келтесі-ай

Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір қопал құс. Оның қасында кішкентай тұрымтай, жағал­тайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қар­шы­ға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.

Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде, тары піскенде, бөдене ау­лайды. Тіпті кейде асыранды тауық­тардың балапандарына да түсетін кездері бар.

Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақай­ларын шегіртке, шыбын-шіркей­лерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байғұс бар даусымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түс­кен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратыл­маған. Әттең қанаттың келтесі-ай…

Бір кем дүние.

Мұндайда:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер, – деген мұңды өлең еске түседі.

Бұл да бір кем дүние.

Шыңғыс ханның моласы қайда?

Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан Таңғұт елінде әлдеқандай жұмбақ ажалдан кеткен дейді тарих.

Ең жақын адамдары Шыңғыс хан­ның денесін қара жерге көміп, үстінен мың жылқы айдатып, таптап тастаған дейді. Оны көміскен адамдардан тірі куә қалдырмай, бәрін өлтіріп тастаған.

Бұл, сірә, Бұрхан тауының бір сілемі көрінеді.

Енді бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып жіберіп, соның табанына терең қазып, Шыңғыс ханның сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, Орхонды қайтадан өз арнасына қоя берген.

Шыңғыс ханның сүйегі өзеннің табанында жатыр деседі.

Таяуда бір “көріпкел” қазақ Шыңғыс ханның қай жерде жатқанын мен білемін деп, баспасөз арқылы бөсіп еді. Әлі ештеңе жоқ.

Шыңғыс хан бұл фәниден өткелі мың жыл болайын деп қалды.

Жаңа техникамен қаруланған жапондар да іздеп жүр. Нәтиже жоқ.

Бір кем дүние деген осы.

Кенесарының басы қайда?

Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұрпағы – Кенесары хан Астананың қақ ортасында, Есіл өзенінің жағасында оңтүстік-батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.

Скульптура авторы – Нұрлан Далбай деген азамат.

Тұғыр салғыш кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.

Кенесары ханның басында айыр­қалпақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.

Ал шын өмірде Кенесары өз жасақ­тарымен Ақмола атты патша қамалына қарсы беттен, яғни оңтүстік-батыстан солтүстік бетке қарай шабуыл жасаған.

Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мылтықпен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.

Бәрі дұрыс. Бірақ кейін-кейін патша­ның сансыз әскеріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құр­мақшы еді. Бірақ патша губер­наторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манап­тарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып, Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.

Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік таудың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыздар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жіберген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.

Ал Астана қаласының қақ орта­сында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл, тас бейне.

Ары-бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейкаларда отырғандар.

Көбісі хан Кененің өз басы әлі табыл­мағанын білмейді.

Бұл да бір кем дүние.

Өкінішті дүние.

Соғыс жетімі

1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатыр­мыз. Өзі бір “кампанбыз”. Қалың қара­ғай түбіне шағын дастархан жайыл­ды.

Әсіресе, жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата:

– Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей, майданда қаза тапты, әттең… – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіре­мейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды.

Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім.

Соғыстан қалған жетім.

Бұл да бір кем дүние…

Ауыл иттері

Ахмет Байтұрсынов:

– Қинамайды абақтыға жапқаны қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен, өз ауылым­ның иттері үріп, қапқаны, – деп еді-ау.

Әттең дүние-ай, 1937 жылы біздің әкейді де өз ауылымыздың шолақ белсенділері нақақтан жала жауып, ұс­татып жіберді де жоқ қылды ғой. Обалы кімге? Қорлықты көп көрдік қой.

1937 жылы “халық жауы” деп ұс­талып, атылған, айдалған, асылған­дардың бәрі кейін ақталды.

Бірақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тірілген жоқ.

Бір кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.

Баукең солақай емес

Тараздағы драма театрының жа­нында Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылған.

Бұл өте бір Иманды іс болды.

Тұла бойы сыйдиған еңселі ескерт­кіш.

Бәукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр, депті.

Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Бәукеңнің қылышы оң қол жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..

Сызып тастап түзететін жазу емес, қи­сық-қыңырын түзете салатын бояулы су­рет емес, шойыннан құйылған ескерткіш.

Әттең, бір кем дүние.

Тасбақаның көз жасы

Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайым­сыз жан иесі бар болса, ол тас­бақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүй­ген бір мақұлығы сияқты көрінуші еді.

Сөйтсем, кинодан көрдім, тасба­қадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.

Теңіз тасбақасы баласын жұмырт­қадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқа туып, құмға көміп кетеді екен.

Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құр­лыққа ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге оралады. Міне, сұмдық сол сәттен басталады. Тасбақа жұмырт­қасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.

Адам сондай болғанда, басқа жырт­қыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.

Ал енді жегіштерден аман қалған жұмыртқалар құмның қызуымен ай-күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содыр сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жыртқыш құстар да шүйлігеді.

Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жарат­қанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.

Теңізге жеткені – жетті, жетпегені желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқы­нына түседі.

Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.

Оспанханның “ңөңі”

Баяғыда Оспанхан марқұмның бір әңгімесін жариялап едік. Ұмытпасам, әңгі­менің аты “ңөң” болатын.

Содан енді ойлаймын: жарықтық Осе­кем әулие екен-ау, деп.

Қазіргі мына заманда “ң”-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң “жанағы, жанағы” деп сөз арасына “арам” сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі.

Басқаны былай қойғанда, осы за­мандағы қоғадай көп партиялардың дөкейі “ң”-ға тілі келмейді екен. “Жанағы, жанағы” дейді. Және екі сөзінің бірі “жанағы”.

Ерте-ертеде большевиктер көсемі Ленин жарықтықтың “р”-ға тілі келіңкіремеуші еді. Бірақ оған бұл сақаулық бір түрлі жарасып тұратын.

Енді қазіргі көсемдердің бірі жанағы, женістен женіске жете берейік! – деп соғады. Бір кем дүние деген осы.

Жамбылдың жолбарысы

Жарықтық Жамбыл – Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:

– Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, – деп еді-ау.

Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.

Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. “Күндіз бар да түнде жоқ” күн де орнында. “Түнде бар да күндіз жоқ” ай да баяғыдай.

Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.

Бір кем емес, орасан кем дүние.

Әдебиет порталынан

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Баланы бақытты етудің 5 жолы

Facebook парақшамыз