Қазақтың қаладан кеткісі келмейді

Сенбі, 14-Қаңтар 2017 / 11:41
Қазақтың қаладан кеткісі келмейді

немесе уақытша тіркелудің машақаты


Тіркеуді тоқтата тұрып, қоғамдық комиссия құру керек

123Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында қоғамда наразылық тудырған уақытша тіркеу мәселесіне қатысты пікірін білдіріп: «Кінәлілерді атыжөнімен атағаны дұрыс болған екен. Әйтпесе, ІІМ жауапкершілікті Үкіметке артып үйреніп қалған. Олардың өз шешімдерінің салдарын болжай алмайтындығы ғана көрініп қалған жоқ. Бұл ведомствоның жұмыс істеу стандарттарының ескіргені байқалды. Олар түсіндірудің орнына қорқытып-үркітеді, ерік берудің орнына мәжбүрлейді, ақпараттық технологияларды енгізудің орнына қағазбастылықты күшейтеді. Салдарынан қоғамдағы жағдайды өздері тұрақсыздандырып алды. Олардың шамасы келетініне күмәнім бар. Сондықтан, тіркеуді тоқтата тұрып, Жер Кодексін қарау кезіндегі сияқты Қоғамдық комиссия құру керек», — деген ұсыныс жасады. 


Жақында елімізде азаматтардың белгілі бір жерге келгенде міндетті түрде уақытша тіркеуге тұруы керектігі туралы заң қабылданып, ол қалың жұртшылық арасында үлкен пікірталастың туындауына түрткі салды. «Әкімшілік заңбұзушылық туралы» Заңның 492 бабына сәйкес, азаматтардың бір жерге тіркеусіз 10 күннен артық тұруға құқығы жоқ. Ал Азаматтық кодекстің 16 бабында: «Тұрақты мекенжай — азамат тұрақты тұратын қала не ауыл», — деп көрсетілген. «Әкімшілік заңбұзушылық туралы» Заңның 492-493 баптары бойынша, осы тіркелу ережесін бұзған меншік иесі де, жалдаушы да жауапқа тартылады. Аталған жәйтті түсіндірген ІІМ Көші-қон департаменті өкілдері: «Тұрғынға тіркеусіз тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Заң бойынша әлгіндей заңбұзушылық байқалса, ол адамға алғашқы рет ескерту жасалады. Азамат бір ай уақыт өткеннен кейін де талапты орындамаса, 10 АЕК немесе 22 690 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша ХҚКО-да тіркеле алады. Азаматтың берген деректері ақпараттық жүйеге енгізіледі. Кейін оның мекенжайы өзгергені туралы ақпарат жеке куәлігіндегі чипке енгізілген соң, ол ІІМ жүйесіне келіп түседі. Бұл деректер Әділет министрлігінің жеке азаматтар туралы мемлекеттік деректер қорында сақталады.

14931729-group-of-people-waiting-in-line-back-view-stock-photo-queue

Азамат тіркелген кезде міндетті түрде ХҚКО-ға өзі келуі керек. Сондай-ақ, пәтерді жалға берген пәтер иесі де құжатты рәсімдеуге қатысуы керек немесе азаматтың қолында сенімхат болуы шарт», — дейді. Ал заңгерлер болса: «Заңбұзушылық туралы хаттама толтырылса, азаматтар оған келіспейтіндігін айтып, хаттамада соны көрсетуі тиіс әрі өзіне қорғаушы тағайындауды талап ете алады. Мұндай жағдайда айыппұл тек әлгі хаттама сотта қаралғаннан кейін ғана тағайындалады. Ал қорғаушы тағайындалмаса, шығарылған қаулы күшін жояды. Азаматтар олай етпесе, істі полиция қарайды. Мұның айырмасы — азаматтар сотта өз пікірін ашық айта алады, ал полицияға сөзі өтпейді. Сосын, «Мемлекеттік алымдар туралы» Заңға сәйкес, ондай алым сомасы құқық қорғау орындарында тұрақты тіркеуге тұрғанда ғана төленуі тиіс. Ал заңда жаңадан енгізілген уақытша тіркеу туралы өзгеріске байланысты пәтер беруші де, пәтер жалдаушы да дәл сондай көлемде алым қаржысын төлесін деген бап жоқ. Оның көлемі бір қарағанда онша көп те емес, бар болғаны 241 теңге ғана. Бірақ ондайлар саны кем дегенде жүздеген мың адамдарды құрайтынын ескерсек, қаражат көлемі қаншалықты болатынын бағамдай беруге болады.

Сондықтан бұл талап — буынсыз жерге пышақ ұру, яғни заңға томпақ келеді», — деген уәжді алға тартады. Айыппұлдың өзіне келсек, заң талаптары бұзылған жағдайда, уақытша тұрып жатқан жерінде тіркелмегендерге 7 АЕК, яғни 16 мың теңге айыппұл салынса, дәл осындай заңбұзушылықпен екінші рет ұсталғандар енді 13 АЕК, яғни 29500 теңге айыппұл төлейді. Пәтершілерді тіркеуге қоймаған пәтер иелері 10 АЕК, яғни 22600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлік фирмасы болса, айыппұл көлемі 15 АЕК-ке дейін (34 мың т е ң г е ) артса, ірі кәсіпкерлік субъектілер 50 АЕК көлемінде (113500 теңге) айыппұл төлеуге мәжбүр болады. ІІМ өкілдері заңға енгізілген өзгерістерді жанын салып қорғап жатқанмен, онда миға қона бермейтін, көп жағдайда онда бір қайнауы ішінде кеткен дүмбілез, шикі шешімдер бар екенін жасырудың қажеті жоқ. Заңға жүгінсек, мәселен, егер сіз Өскеменде тіркеліп, бірақ қазір Алматыда өмір сүріп жатсаңыз (ол ХҚҚОдан берілген тұрақ-жай анықтамасында көрсетілуі тиіс), учаскелік инспектордың сізге айыппұл тағайындауға қақысы жоқ. Кейбіреулер жұмыс орнында да тіркеле алады, бірақ ол үшін әлгі тіркелетін мекенжай жұмыс берушінің меншігі болуы қажет. Егер бастықтың өзі ғимаратты жалға алып отырса, ол жұмысшысын тіркей алмайды.

15940639_1330487936994058_4940141184061149347_n

Егер бір қалада иә ауылда тұратын азаматтар бір-біріне туыс иә жақын достар болса, олар ешқандай айыппұл төлемейді. Егер азамат өзі бір жерде тұрақты тіркеліп, бірақ басқа бір жерде уақытша жұмыс істеуге ауыстырылса, әлгі адам ХҚҚОға барып, одан уақытша тіркеу қағазын алуы тиіс. Бұл уақыт бір жылға дейін созылса, азамат тіркеу мерзімін ХҚКО-да ұзартуы керек. Ұзақ уақыт емделуге иә оқуға барушыларға да осындай заң ережесі қарастырылған. Дегенмен, жаңа заңнан пәтер жалдаушылармен қатар студенттер, нәпақасын басқа жерде жұмыс істеуден тауып жүрген еңбек мигранттары зардап шегетін сынды, әсіресе, жұмыс болмағандықтан, қалаға келіп, вокзалдар мен базарларда тәшке сүйреп жүрген ауылдық азаматтар. Бұрын бір жерде тұрақты тіркелгендігің туралы анықтамаң болса, соның өзі жеткілікті болса, енді ол кезең келмеске кеткен сияқты. Өйткені студенттер мен еңбек мигранттары бір айдың ішінде тіркеуге тұрып үлгірмеулері мүмкін ғой. Ал бұл ХҚКО қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлықты туындатып қана қоймай, тер төгусіз «арзан ақша» табуға сара жол ашуы ғажап емес. Себебі қайсыбір сайттарда: «Ешқайда шығып әуре болмай-ақ тіркеуге тұра аласыз. Ол жұмыстың ауыртпашылығын біз өз мойнымызға аламыз», — деген жарнама берушілер қазірдің өзінде табылып жатыр. Осы жерде миға қонбайтын бір нәрсе, әлгі мекенжайда азаматтың қанша уақыттан бері тұрып жатқанын полиция қызметкерлері қалай анықтайтыны: ол үшін құмалақ сала ма, бал иә болмаса карта аша ма, осы жағы белгісіз. Есесіне, учаскелік инспекторларға өзіне ұнамайтын көршілері мен пәтер жалдаушыларды ұстап берушілердің құдайы берері анық. Ал заң өкілдеріне жалға берушіні де, жалдаушыны да әлгілердің көршілерінің «сыбырлауы» бойынша айыппұлға жығу оңайлайтын болады.

????????????????????????????????????

Шындығына келсек, бұл — БҰҰ мен Конституцияның азаматтық және саяси құқық туралы Халықаралық пактісін дөрекі бұзу, азаматтардың ел ішінде еркін қозғалу бостандығын шектеу деу орынды. ІІМ органдарының аталған шара соңғы кездері белең алып кеткен терроризм мен экстремистік топтардың іс-әрекетіне тосқауыл қою мақсатында қолға алынып жатыр дегеніне де илана қою қиындау, өйткені әлгіндей қауіпті жолды таңдаған содырлар көші-қон қызметіне өз еріктерімен барып, ондағылармен өздерінің қай жаққа баратындықтары мен алдағы жоспарлары туралы ойларымен бөліспейді ғой. Сондайақ, дамыған елдердің азаматтарына ел ішіне енуге бір айдан аспайтын уақытқа рұқсат беру де алынып тасталынды. Сірә, бұл мемлекетіміздің имиджін көтеріп, атақ-даңқын шығарып, алда өтетін «ЭКСПО — 2017» көрмесіне қатысу арқылы елге мол қаражат әкелетін туристерді тартумен байланысты болса керек. Әлбетте, заңға енгізілген жаңалық көші-қон процесін қадағалауға, жеке кәсіпкерлігін ашпай-ақ, басы артық үйін жалға беруден дәулетін арттыруды көздейтін ашкөздерге тосқауыл қояры анық. Бұған ешкімнің таласы жоқ, әлбетте. Десек те, қазіргі заңға енгізілген жаңалықтың сонау орыстандыру бағытында жүргізілген Кеңес дәуірі кезіндегі саясатты әрі қарай жалғастыру сияқтыдай көрінетіні бар. Өйткені, ол кездері ірі қалаларға байырғы халық өкілдерін жолатпау үшін биліктегілер сырттан келгендерді жұмысқа алу үшін тұрақты бір жерде тіркелуін, тіркелу үшін жұмысы болуы керектігін алға тартып, қоғамда бірін-бірі жоққа шығаратын «рогатка заң» жұмыс істеген-ді. Мына заң да соның өзі болмаса да, ұқсастықтары бар. Әзірге ХҚКО іші араның ұясындай құж-құж қайнап тұр. Дені қазақ. Бәрінің де табан тіреген қаладан кеткісі келмейді.

Ермек Сахариев

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз