«ҚазТРК» жайында қысқаша…

Сенбі, 11-Ақпан 2017 / 14:46
«ҚазТРК» жайында қысқаша…

Кемелбек Ойшыбаев кемелдендірем деп мақсат қойған «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына басшы болып күні кеше белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин тағайындалды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев таныстырған жаңа басқарма бастығы Ерлан Қариннен ел не күтеді?

Қазіргі Қазақ еліндегі Саясаттану саласында шашасына шаң жұқтырмаған мүйізі қарағайдай маманның бірегейі осы Ерлан Қарин десек ешкім аузымызға қақпақ бола қоймас. Керісінше, соңғы қызметі ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры лауазымынан ауысып, жарты ғасырдан астам тарихы бар отандық телевизияның қара шаңырағы, 95 жыл толған Қазақ радиосы мен аймақтық арналар топтасқан аса ауқымды корпорацияның тізгінін ұстау – оның қырық жасында алған қамалы деп білеміз. Ұлт идеологиясын насихаттай алатын бірегей орын «Қазақстан» телерадиокорпорациясы соңғы кездері сынға жиі ілігіп жүр. Тіпті, күні кеше Дәурен Абаевтың төрағалығымен өткен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісінде сөз болған мәселенің бірі ел болашағына балта шауып, дүбәра ұрпақтың өсуіне сеп болып отырған қазіргі қазақ телевизиясының жағдайы – «Қазақстан» арнасына да қатысты. Әсіресе, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің телеарнаны жартылай жалаңаш, арзанқол өнерпаздардың жаулауы, радиода да мән-мағынасы жоқ әндердің қайта-қайта берілуі ұрпағымызға зиян деуі өте орынды.

Осы орайда жоғарыдағы Ерлан Қариннен ел не күтеді деген сұрағымызға қайта келейік. Саясаттың жілігін шағып, майын ішкен азаматтың ұстанымым сол екен деп арна мен радионы саясиландырып жібермесі анық. Дегенмен, шалғай ауылдардағы ағайынның да көзайымы болып отырған бірден-бір арнадан қоғам «оң өзгеріс» күтетіні айқын. Күнделікті бағдарламалар арасындағы анонстарға сүйенсек, «Төте сауал», «Мәселе» сынды жаңа төл туындылар жуық арада жарық көрмек. Ендеше, жаңа басшы өзі қызметке келмей тұрғанда жоспарланып қойған су жаңа бағдарламаларға қолдау көрсетіп, сондай-ақ, ұлттың үні болған Қазақ, «Шалқар» радиоларының, «Балапан», «KazSport» арналарының да ел ықыласына бөленуі жолында адал қызмет етеді деп сенеміз. Рейтингке жұмыс істеуге әдеттеніп бара жатқан арнаның жағдайын Ерлан Қарин реттейді деген де үміт бар. Бірақ, «айтуға оңай», әрине.

«ЕлАна»

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , , , ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз