Қырық жастың ерекшеліктері

Сенбі, 07-Қаңтар 2017 / 12:03
Айдары: Діл
Қырық жастың ерекшеліктері

Лауазымды қызметтерге үміткер тұлғаға қойылатын талаптың бірі – жас ерекшелігі. Соның бірі – қырық жас. Қырық жастың нендей қасиеті мен сыры бар? Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) де пайғамбарлық қырық жасында келген. Сахаба Абдулла бин Аббас (р.а.) мынадай дерек айтқан:

«Алла елшісі (с.ғ.с.) қырық жасында пайғамбар боп (адамзатқа) жіберілді. Меккеде он үш жыл уахи түсіп отырды. Сосын һижрет етуге әмір етіліп он жыл тұрды. Дүниеден озғанда алпыс үш жаста еді[1]».

Бұл риуаятта Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріндегі ең маңызды үш кезеңнің уақыттары айқын айтылуда. Пайғамбарлық – қырық жасында келді. Меккеде – он үш жыл, ал Мәдинада – он жыл тұрды. Бақилыққа аттанғанда – алпыс үш жаста еді.

Кейбір адамдар бұл сандар шамалап айтылған, нақты емес деп болжайды. Оның себебі ретінде, Жәбірейіл (ғ.с.) періште уахи алып келгенде рамазан айы болатын, ал Пайғамбар (с.ғ.с.) рабиул-әууал айында туылған. Осы есеппен нақтырақ айтқанда, уахи келген уақытта Пайғамбар (с.ғ.с.) жасы қырық жыл, алты ай болуы керек. Демек, Меккеде он үш жарым жыл тұрған. Мәдинаға пайғамбарлықтың он төртінші жылы рабиул-әууал айында һижрет етті. Мәдинаға толық он жыл тұрып, һижраның он бірінші жылы рабиул-әууал айында дүниеден өтті,-деп тұжырымдайды.

Алайда, Абдулла бин Аббас (р.а.) есепке ерекше нақты адам ретінде, Айша (р.а.) анамыздың:

«Алла елшісіне (с.ғ.с.) ең әуелі уахи шынайы түс боп келді[2]»,-деген сөзін негізге ала отырып, Пайғамбарлықты сол уақыттан есепке алады. Ал, бұл құбылыс рамазаннан алты ай бұрын дәлірек айтқанда рабиул-әууалда басталған бола-тын. Осыған сүйенер болсақ, Пайғамбарлық кем де артық емес қырық жаста келгені мәлім болады.

Бұған қоса, Әнас бин Малик (р.а.):

«Алла Тағала оны қырық жасында пайғамбар етті[3]», – деген сөзі жоғарыдағы риуаяттарды қуаттай түседі. Бұл бір мәселе.

Ал, мұнда бізге керегі мәселенің екінші тұсы. «Отызында орда бұзбаса, қырқында қамал алмайды» деген қазақи нақыл мәселенің шетін аша түседі. Демек, қырық жас адам өмірінде өзіндік сырға ие. Құран Кәрімде де:

«…Ал, қашан кемеліне келіп, әрі қырық жасқа толған кезде: «Раббым! Маған өзіме және ата-анама берген игілігің үшін шүкір етуімді және Өзің разы болатын ізгі амал істеуімді жүрегіме кіргізіп, нәсіп ет. Әрі менің үшін ұрпағымды ізгілерден ет. Мен күнәдан бас тартып, Өзіңе тәубе еттім. Мен – мұсылмандарданмын»,-деді[4]»,-делінген.

Қырық жас – ақыл толысқан, мінез-құлық қалыптасқан, ой-парасаты кемелденген жас. Сонымен бірге, әр істің мән-жайын жан-жақты пайымдай білетін кезең.

Осы арада, адамның ойы мына бір жайтты айналып өте алмасы анық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырық жаста толмай жатып тектілігі, беделі, бекзат мінезі және ой ұшқырлығы өзгелерден оқ бойы озық тұрғанымен Меккедегі басшылық жұмыстарға араласпады. Меккедегі билік әр рудан құралған ақсақалдар қолында еді. Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әулеті Бәну Һашимнен бұл басшылық құрамда немере ағасы Әбу Толиб болды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырықтың қырқасына шыққан соң тек Мекке шаһарын немесе араб халқын емес, тұтастай әлем билік тізгінін қолына алды. Осы орайда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын оқыған адам «өмірімнің қырық жылы зая кетті. Сірә, бұдан былайғы уақытымда да мардымды шаруа тындыра алмаспын» деген сияқты ойдан арылуы қажет екендігін айтқым келеді.

«Ештен кеш жақсы» дегендей қырық жаста адам жеке басына жіті есеп беріп, өткенді саралап болашаққа қатысты анық қадамдарын айқындап алғаны жөн. Осылайша, өз бойындағы ұйқыда жатқан қабілеттерін іске қосып, қоғамына пайдалы қыруар шаруаны еңсеруі әбден мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жиырма үш жылдық қысқа уақытта адамзат тарихын түбегейлі өзгертті. Міне, бұл үлкен істен алдынғы дайындықтың қаншалықты маңызға ие екенін аңғартады. Әрине, Алла Тағала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осыншама ұзақ уақыт дайындамай-ақ әп-сәтте жан-жақты қабілетті ете алады. Бұл шексіз құдірет Иесінің қалауындағы дүние. Бірақ, адамзатқа үлгі болуы үшін, Жаратушының жер бетіндегі орнатқан заңдылығын ұқтыру үшін сіз бен біз ғибрат алуымыз үшін осылай етті.

[1] Бұхари, Ахмед

[2] Бұхари

[3] Бұхари

[4] Ахқаф сүресі, 15-аят

Руслан ҚАМБАРОВ

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз