Қытайдың проблемасына айналған бас құрау: «жоспарлы туу» саясатының «жемісі»

Жұма, 13-Қаңтар 2017 / 16:17
Қытайдың проблемасына айналған бас құрау:  «жоспарлы туу» саясатының «жемісі»

Бұл күндері халық санының аса молдығымен әлемді алаңдатып отырған Қытай елінде 1949 жылы коммунистер билік басына келген тұста мөлшермен 480 миллион адам болған екен. Осыдан кейінгі жылдарда «Төраға Мао Зы Дұңның» «адам болса барлығы да болады» ұраны астында жылдам көбейе берген. Кейбір сарапшылар Мао Цзе Дунның халық санын көбейтуді ойлағандағы жалғыз мақсаты «АҚШ, Англия секілді алпауыт капиталист елдермен болашаққата болатын соғыстарда жеңіп шығып, коммунизмге тез жету үшін» болған деседі. Осылайша шығын көрмей өсе берген қытайлар 40 жылға таяу уақытта 1 миллиардқа таяғанда барып үкімет шұғыл шара қолдануға мәжбүр болды.

t016fc0c0c30830bef0

1983 жылдан  бастап жолға қойылған «жоспарлы туу» саясатының негізінде қытай отбасыларында бір бала, аз ұлттар жанұясында ең көбі үш баланың болуы керектігі алғашында мемлекеттің саясаты ретінде атқарылса, 2001 жылдан бастап «ҚХР Қонституциясының халық саны және жоспарлы туу туралы бабы» болып ресми түрде заң шеңберінде атқарыла бастады. 1983 жылдан былайғы ширек ғасырда бұл саясаттың да кемшіл тұстары Қытай қоғамына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Үкімет бұл арада «ұл баланы ғана ұрпақ жалғаушы деп қарап, жат жұрттыққа жаралған қыздарды аса ұната бермейтін қытай менталитетін ескермеген еді. Осыдан t0135c9a621de9b4c58кейінгі жерде емханаларда іштегі баланың жынысын айыру мен жасанды түсік жасатудың «көрігі» қызып сала берді. 1990 жылдардың басында Қытай баспасөзінде «жылына орта есеппен 30 миллион әйел жасанды түсік жасататыны» туралы ресми ақпарат айтылып жатты. Яғни іштегі баланың жынысы қыз екендігі белгілі болған заманда алдыртып тастайтын адамдар аса мол еді.  Қытай  Мемлекеттік статистика мекемесі жариялаған мәліметтерге қарағанда «жоспарлы туу» жүзеге асырылғаннан бері 100 миллионнан астам «жалғыздар» дүниеге келіпті. Сөйтіп, өзімшілдігі шектен асқан, тек қана ақшаны танитын, дәстүр мен дінге пысқырмайтын, нағашы атасы мен нағашы әжесі, өз ата-әжесі және әкесі мен шешесі секілді алты адамның ортасында өскен «ханзадалар мен ханшайымдардың» санының тепе-теңдігінің алшақтауы қоғам назарын аудара бастады. Әрі осы қарқынмен дами берсе 2020-2040 жылдар аралығында үйлену жасына жеткен азаматтар арасында еркектер әйелдерге қарағанда  35 миллион адамға артық болып шығады екен. Яғни таяу арада Қытайда 35 миллион еркек қатынсыз қалмақ…

Бұл цифрлар Қытай елінде «адам болса барлығы боады» ұранымен көбейіп, «аз туу, сапалы туу» ұраны астында 30 жыл атқарылған «жоспарлы туу» саясатының «жемісі» болып есептелмек.

Үйлену Қытай жігіттерінің қиыншылығына айналып барады

Жоғарыда сөз етілгендей үйленуге қабілетті бойдақ еркектердің санының күрт өсуі бүгінгі Қытай қоғамының бас ауруына айналды. Lady.163.com сайты қоғамдық институттармен бірлесе отырып, 2015 жылы ғаламтор қолданушылар арасында «некелесу дағдарысы» туралы бір сауалнама жүргізген. Әрі осы зерттеулерінің нәтижесін «халық санын зерттеуші» мамандар еңбегімен бірлестіре отырып, жеті бөлімнен тұратын t01c241388c12333c3b«Қытайдағы отбасы жағдайына талдау» атты кітапты жариялаған. Бұл қимылға 100 мыңнан астам адам белсенділік танытқан екен. «Некелену мәселесі» бөліміндегі қортындыға қарағанда 86,1 пайыз қыздар бас құраған кезде қалалы жерде баспаналары болуын, күйеуге тиюдің алғышарты ретінде қараса, 52 пайыз жігіттер қыз жаққа берілетін «жол-жоралғылардың» өрескел қымбаттап бара жатқандығына наразылық танытыпты. Мұның мысалы Қытайда 1980 жылдардың кезінде қалыңдықтың жақындарына киім-кешек немесе киімдік бұл, мата ұсыну салты болса, 1980 жылдардың соңында құда-құдағиларға қол сағат тарту ету модаға айналыпты. Ал халықтың тұрмысы оңала бастаған 90-жылдардың басында қол сағаттың орнын бағалы алқа-моншақтар мен алтын әшекейлер алмастырса, кейін келе тек қана ақша ұсыну салтқа айналыпты. Әрі бір-бірімен бәсекелестік артқан сайын құдаларға ұсынылатын қаржының көлеміне шек болмай бара жатқан көрінеді.

Қытайдағы бойдақ жігіттердің санының артуы мен қоса кәрі қыздар да көбейіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, қалалық жердегі «үлгілі отбасыларында» тәрбиеленген жалғыз қыздар өз теңдерін таба алмай жатыр. Себебі, миллиондаған сүр бойдақтың басым бөлігі «ауылдың кедейлері» екен. Қаладағы ғимараттан пәтер сатып  алмақ түгілі, ауылдағы саман үйге қолдары енді жетіп жүрген, аты-жөндерін де түзу жаза алмайтын шала сауат жігіттерге, «дидарын күн шалмаған профессор қыздар» қалай тұрмысқа шықпақ? Ал байдың мырзалары мен қалталы ақсақалдар қатынға бастарын қатырып жатпайды. «Қала сайын қатын алып ұрпақ қалдыру» немесе үлбіреген ерке тоқалдарын ертіп жүру бүгінгі байлар тұрмысының қалыпты көрінісі есептеледі.

t014941dca192b78068

Жоғарыда айтылған бірнеше себептермен, қазіргі қоғамдық жағдайды бірлестіре қарағанда, бойдақтар санының артуына – кедейшілік пен жұмысбастылық, түрлі тұрмыстық ауыртпалықтар мен қысымдардың барған сайын молаюы әсер етуде. Кейбір сарапшылар жастардың уағында бас құрай алмай жатуының тағы бір себебін азаматтардың қоғамдық ортада өзара қарым-қатынасқа шорқақтығы, ғаламторға тәуелділіктің артуы секілді қосымша себептермен де байланыстыра қарап отыр.

Қыз тапшылығын шешу жолындағы мемлекет саясаты мен жүргізіліп жатқан шаралар

Қытай билігі соңғы 4-5 жылдың көлемінде өз азаматтарына екіден балалы болуларына рұқсат ете бастады. мұндағы мақсат ер-әйел санының тепе-теңдігін оңалту болса, екіншіден қарттар санының барған сайын артуы еді. Мамандардың болжамы бойынша 2040 жылдарға барғанда Қытайдағы қарттардың саны 400 миллионға жетпек. Осыған орай қоғамда көрнекі орынға көтерілген «қыз тапшылығын» түрлі жолдармен шешу мәселесі де бүгінгі күннің басты тақырыптарының біріне айналды. 1990 жылдары Қытайлар жаппай нарықтық экономикаға көшіп, шетелдермен қоян-қолтық аралас басталып кеткеннен кейін аспан асты елінде t01a1d6c1df221cd067инвесторлармен қоса «шетелдік келіндер мен күйеулер» де пайда бола бастады. Бұндағы «шетелдік келіндер» негізінен Қытайға көршілес Вьетнам секілді елдерден келгендер еді. Ашық таратылған мәліметтерге үңілсек, 1990-2001 жылдар аралығында шетелден келіншек алған қытай жігіттер 23762 адамнан 72778 адамға артыпты. Бастабында 2,62 пайзбен баяу жылжып келе жатқан көрсеткіш уақыт өткен сайын ұлғайып 12,5 пайыздық жылдамдыққа жеткен. Бұған талдау жасаған мамандар «егер осы қарқынмен ұлғая берсе 2060 жылға барғанда үйленуге қабілетті адамдардың 50 пайызы өз сыңарларын шетелден табатын болады» деген болжам айтты. Осы арада «тапшылықты» шетелдіктермен құдаласу арқылы шешуге қарсы танытушы адамдардың да бар екенін айта кеткен жөн. Олар ең әуелі «қан тазалығын сақатуды жөн санаса» екіншіден қытай сұлуларының шетелдіктердің етегінен ұстап кетіп жатқанына да тосқауыл қоюды айтады. Қоғамдық сауалнамалардан белгілі болғаны – Бейжің, Шаңхай секілді ірі қалалардағы әрбір жеті қыздың біреуі шетелдік жігітке тигісі келетіндіктерін ашық айтыпты. Оның себептері де алуан түрлі. «Қытай жігіттермен салыстырғанда қалталы да сымбатты» келетін шетелдің «нағыз еркектері» қытай аруларына физикалық және физиологиялық тұрғыдан да ұнайтын көрінеді…

Алайда, қытай есепшілеріне сенсек алдағы уақытта шетелдік қыздармен бас құрайтын еркектер, шетелдікке тұрмысқа шығатын қыздарды жеті еселейтін болады…

Қытайда Вььетнамнан келіншек алған жігіттердің «ертегідей өмірі» ғаламтор бетін шарлап кетуімен қоса, қыз таныстыратын агенттіктердің де жарнамасы самсап тұр. Оларға сенсеңіз бағалары 30000-200000 юань (қазіргі бағаммен 4500-29000 АҚШ доллары) аралығында болатын Ветнамдық қыздардың «күйеуін құрметтеп, ата-енесін сыйлайтын, күйінің келісінше туа беретіндігі мен көзі жұмылғанша төркініне қашып кетпейтіндігіне» жеңгетайлық жасаушы агенттіктер кепілдік береді екен… Десе де, осыған қарама-қарсы, «Вьетнамдық келіндердің, келген жерін тақырға отырғызып қашып кетіп жатқандары» туралы ақпараттар да желдей еседі. Аузы күйген азаматтар «жеңгетейлардың» зым-зия ғайып болатындығына да налып жүр.

20121292051609

Осылайша Қытай үкіметі әр отбасына екі балалы болуға жол қоюмен қоса, ел ішінде Тибет, Ішкі монғол, Шыңжаң секілді өңірлердегі аз санды ұлттардың қыздарымен қытайлардың аралас неке құруын дәріптеп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Шыңжаңда аз ұлттың қызымен ресми некеге тұрған қытайларға жергілікті орын қазынасының есебінен аз дегенде 10 мың юань «тойлық» ұсыну керектігі міндеттеле бастады. Бұнымен қоса 2000 жылдардан бастап аз ұлт балаларын ішкі Қытайдың үлкен қалаларына апарып орта білім беретін мектептің соңғы үш жылын оқу саясаты да қарқынды жүргізілуде. Бұнда 70 пайызға жуық «сүйкімді де зерек» қыз балалар «комиссия назарына інініп» жатыр. (яғни, ұлдар азырақ, қыздар көбірек қыбылданады) Ел ішінде осындай «ішкі саясатқа» пәрмен берген Қытай билігі, шетелден келіншек алатын азаматтарын да түрлі жолдармен ынталандыруға қатты кірісіп кетті. Қазір «шетелдік келін» тақырыбы мен олардың «сұлу сымбаты, тез арада қытай тілін меңгеріп алумен қоса босаға аттай салып басы бақырдай ұл тауып бергендігі» туралы әңгімелер ғаламторды қойып мемлекеттік теле арналардан түспей тұрған тақырыптардың біріне айналып кетті. Бұған қоса шетелдіктердің қалыңмал сұрамайтындығы да «адамшылықтың асқар шыңы» ретінде дәріптеліп жатыр.

           t01e22a239c0f08a4d7     t01d8457466812f3084

Жақында Қытайдағы бір сайт «әйелдерінің саны еркектерінен анағұрлым артық әрі сұлуларының молдығымен әйгілі» болып тұрған 5 мемлекетті атапты. Фото суреттермен астастыра отырып жазылған мақаланың уәжіне қарасақ: 1-орында Латвия, 2-орында Эстония, 3-орында Украина, 4-орында Белоруссия, 5-орында Қазақстан екен. Таныстырудағы өзге елдерді қоя тұрып волеиболшы Сәбина Алтынбекованың суретімен қоса Астананың көрністерімен көмкеріле берілген Қазақстан туралы қысқаша жазбаны сол күйінде аударсақ былай дейді:

«Қазақстан орта азиялық мемлекет. Онда еуропалық және монғол текті адамдар тұрады. Жергілікті адамдары ұзын бойлы, қарақат көзді келеді. Бұл жер сұлулар мекені, сондықтан достардың аралап қайтуына татитын жер есептеледі. Десе де, Қазақстан қыздары ұяң да қарапайым келетіндіктен, қолына фото аппарат ұстаған кез-келген туристің өздерін фотоға түсіргендерін ұната бермейді. Қазақтар да ислам дінін ұстанады, алайда біздегі дүңгендер секілді қатал емес»,- деп сипаттаған екен.

 Әңгіменің түйіні мынау: Соңғы кездері Қытайдың қайсы сайты болмасын, «Қазақстан сұлулары» туралы t014ddcf98c5af4af94тамсана жырлауды әдетке айналдырып бара жатыр. «Әлемдегі еркегі тапшы, әйелдері сымбаты келетін 10 мемлекет» t016b9c59cce836af1a(мемлекеттер саны әр сайтта әр түрлі көрсетілседе) деп таныстырса да, әйтеуір қай-қайсысынан болсын Қазақстанда 23 жастан асқаннан кейін-ақ кәрі қыздар санатына қосылатын сұлулардың өте мол екендігін ұмыт қалдырған емес. Осылайша мемлекеттік ақпарат көздері өз еліндегі бойдақ жігіттерінің назарын шекараның сыртына қарай аударуға жанын салып кірісіп кетті. Ал осындай ақпараттық соғыс жүріп жатқан кезде, біздегі жеңгетайлардың «еркелерін апарып ер қолына табыс еткісі» келетін «аңқылдақтығы», қытайларға «іздегенге сұраған» болып шыққалы тұр. Біздегі жарнамаларға сенсек: «Қытайдың қалталы азаматтарына таныстырмақшы» көрінеді. Ал қалталы қытайлар өз елінде де қыздан тапшылық көріп жатқан жоқ. Тек қана «шетел қыздарының дәмін байқайды да» түкіре салады. Немесе еліне апарып «тегін үй қызметшісі» етеді де, жалыққан күні бүйрек, бауыр секілді ағзаларын ақшаға жарататын болады. Мүмкін сол саудалап жіберілген ағзалардың ақшасына шетелдегі (яғни біздегі) агенттіктерге тағы бір қызға тапсырыс беретін шығар…

                           t016192308c31b38bd3  t01b20a602b0e13e397

ТҮЙІН: Қытайдың көздеп отырғаны – неше он миллиондаған ауылдағы тұрмыс деңгейі төмендігінен қатын ала-алмай жатқан жігіттерін шетел асырып үйлендіріп, сол орынға «тастай батып, судай сіңіп кетуі» болмақ. Сондықтан қытай бойдақтары «аш отырып ас таңдамайды». Яғни, баяғының қиқар шалдары айтатын «Тесік моншақ жерде қалмас» деген қыжыртпаны қатты ұстанады. Оларға  «алдында бесігі бар» әйел заты болса да жетіп жатыр. Жезөкшемен болса да некелініп алып, барған мемлекетінің азаматтығына кіре беру басты армандары…    

Ерқазы Сейтқали

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , ,

2 Comments on “Қытайдың проблемасына айналған бас құрау: «жоспарлы туу» саясатының «жемісі»

  • Бағдал Ақынұлы

    Аспанасты елінің саясатын жіліктей отырып, нақпе-нақ мәліметтерді мысалға келтіре отырып өте түсінікті жазылған мақала екен. Журналист Ерғазы бауырымыздың тым сирек жазатыны болмаса, әрбір жазғандары мәлімет деректерге толы өте түсінікті болатындығы оқырмандарына ұнайды деп білем. Жақсы жаазылған мақала өз оқырманын табары сөзсіз. Бауырымызға шығармашылық табыс тілеймін!

  • Айсұлу

    Масқара. Атамнан үлкен бабам айтып кетіпті қара қытай қаптайтын заман келгенде қазағым басыңды бет бұрған жаққа ала қаш деп. Өзі сәуегей, молда кісі болған. Сол заман келіп жетті ма деп қорқып отырмын…..

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз