«Қытай жобасының» астарында не жатыр?

Бейсенбі, 12-Қаңтар 2017 / 13:12
«Қытай жобасының» астарында не жатыр?

Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген келеңсіз оқиға өткен жұмада орын алды. Қалыңдық іздеген қытайлық «күйеу жігіттер» ақпан айында Астананы бетке алмақ ниеттерін білдіріпті. Енді жетпегені осы еді. «Естімеген елде көп».

Қазақстандық «ақ боз атты серісін» күткен бойжеткендердің аңсаған армандарын жүзеге асыруды көксеген, оңай олжа табудың қамын жеген таныстыру агенттіктері, еліміздің ішін қойып, енді шетелмен байланысқа шыққаны көрініп тұр (Ресей өзіміз болып кеткендіктен, оны шет жұрт деуге тіліміз бармай отыр.). Бұл жолғы таңдаулары шығыстағы көршімізге түскенін қарасаңызшы. Ол үшін айшылық алыс жерлерге ұшудың, жүйткіген пойызбен айлап сапарлаудың да қажеті жоқ. Интернет деген «сиқыршы» кез келген өтініш пен қалауды орындауды өз «мойнына алғаны» оларды да құтыртып отырғанын аңғармау мүмкін емес. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жүрген таныстыру агенттіктері «жеңгетайлық» жұмыстарын ашық насихаттай бастады. Соңғы мәліметке сенсек, алғашқы үміткерлердің анкеталарын аспан асты еліне жіберіп те қойыпты. Әлеуметтік желі арқылы шуылдап, «мұндай игі шараға» өз қарсылықтарын білдіргендердің дені тек қазақ азаматтары ғана болып шықты. Өзгелердің жүйкесі мықты ма, әлде әліптің артын бағып отыр ма, ол жағы бізге беймәлім. Біздің білуімізше, қазірге дейін қытайлық жігіттермен 50 шақты қыз танысуға ниет білдіріпті. Біз жарнама болып кетпеуі үшін «қытай мен қазақ арасын жақындастыруды» көксеген таныстыру агенттігінің атын құпия ұстауды жөн көрдік. Бірақ заманауи технологияның арқасында және жарнамаларының таралымынан олардың офистері мен басшыларын оңай таптық. Бізге қойған талаптары: суретке түсіруге болмайды, сұхбат берушінің аты құпия болмақ. Келістік. Әңгімені бастамас бұрын, елді ала тайдай шулатқан оқиғаның жай-жапсарын тарқатып көрейік. Біріншіден, бұл бастама «Қытай жобасы» деп аталады. Неге Қытай жобасы? Оған нақты жауап алу қиын болып тұр. Екіншіден, бұл жобаға қатысу ақылы. Үшіншіден, Қазақиядағы жүзден аса ұлттың кез келген қыз-келіншегі өз «бағын» сынай алады. Осылайша бағдарламаларын жіліктеп-жіліктеп тастау оңай. Бірақ одан ұтарымыз аз. Біз одан да отырып қылған қыздардың «бақыты» үшін жаңа жоба жасап, Қытаймен арадағы байланысты «нығайтып» жатқан неке агенттігінің бастығымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.

— … ханым, сіз басқарып отырған неке агенттігі Қытайдың сүр бойдақтарымен байланыс жасап, Қазақстандағы отырып қалған қыз-келіншектерді бақытты етуді алдына мақсат етіп қойды дей ме? Сол жайлы өз аузыңыздан естіп білсек деп едік.

— Бұл біздің жұмысымыз ғой. Неке агенттіктері дамыған елдердің бәрінде бар. Өмірде сан-түрлі жағдайлар орын алып жатады. Жалғызбасты әйелдер көп. Опық жеп қалған қыздар да аз емес. Олардың жұп құрап, бақытты болуы керек емес пе? Олардың қамын біз жемесек, кім жейді? Осы мақсатта қаншама жылдардан бері жұмыс жасап келеміз. Нәтижесі де көңіл көншітеді.

— Сөзіңізді бөлейін. Жұмыстарыңыздан мін іздеп жатқан жоқпыз. Біздің білгіміз келгені бұл жолғы бағдарламаларыңыз не үшін «Қытай жобасы» аталғандығын аша кетсеңіз?

— Біз агенттік болғаннан кейін шетелдермен байланыс орнатуға мүдделіміз. Әлемдік тәжірибеге арқа сүйейміз. Шынын айтайын, қазақстандық қыздармен танысайық деген ұсыныс әу баста қытайлық бойдақтар тіркелген элиталы клубтан шықты. Олар да адам баласы. Ойлана келе келісімге келдік. Біз біреуді зорлап, болмаса күштеп апарып қоспаймыз ғой. Әркімнің жүрек қалауы біледі. Ұнамаса қоя қояды. Өздеріңіз білесіздер, шығыс көршімізде қыздар тапшы, 1 әйелге 4 еркектен келеді, ал бізде, керісінше, 1 еркекке 8 әйелден келеді. Бұл да ойланатын мәселе. Бізді сынап жатқандар мұны да ескерсе деймін.

— Жарайды дейік, сонда агенттікке тілек білдіруге ниетті әйелдерге қандай да бір талаптар қойыла ма?

— Әрине, онсыз бола ма? Бұл жобаға қатысқысы келетін әйел адамның жасы 18 бен 40 аралығында болуы керек. 18 жасқа толмаған, бір баласы бар болса да, ештеме етпейді. Қатысамын дегендерге шектеу жоқ. Кім біледі, бақтары жанып кетер.

— Сонда қытайлық жігіттер қазақстандық қыздарды қалай таңдайды?

— Ол енді оңай ғой. Мысалы, біз оларға бір-бірінің анкеталарын жібереміз, онда барлық жеке басының мәліметтері болады. Денсаулыққа қатысты да анықтамалар тіркеледі. «Қыздың жолы жіңішке» дегендей, қыз енді оларды өзі іздеп бармайды ғой. Анкеталармен жіті танысқан, қандай да бір қызды ұнатқан, қызығушылық танытқан жігіттер ғана келеді. Онда да біздің іріктеуден өткендері ғана. Кім көрінгенге құшақ жая бермейміз. «Қытайлық күйеулер» көшеде жүргендер емес. Мұны біліп қойған дұрыс. Әрқайсысының жоғары білімі бар, бірнеше тілді меңгерген және тұрмыс жағдайы жақсы.

— Сонда сіздердің бұл жобаларыңыздың құны қанша?

— Бірден айтайын, Қытай жобасына қатысу ақылы. Бірақ соншалықты қалтаға салмақ салмайды. Агенттік клиенттеріне 15 мың, клиент еместерге 25 мың теңге. Ақы төлеген қыздарға неке агенттігінің мамандары бір ай бойы Қытайдың мәдениеті мен әдетғұрыптарын үйретеді. Сөйлесу, жүріп-тұру, тамақтану, өзге де елене бермейтін нәрселер қамтылады.

— Олай болса неге тепе-теңдікті сақтамайсыздар? Қытайдың ғана дәстүрі оқытылатыны қалай? Неге қытай жігіттері қазақтың тарихымен жете таныспасқа?

— …

— Жарайды. Құпия болмаса «Қытай жобасына» қатысып жатқандардың арасында қай ұлттың әйелдері көп?

— Сөзіңіздің астарын түсіндім. Біз де әлеуметтік желілерді қарап отырамыз. Байқауымызша, қазақтың азаматтары көп қарсылық танытуда. Оларды да түсінуге болады. Бірақ әйел бақытын терең сезінуін қалар едім. Осы қазақтардың өзі «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» демеуші ме еді. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Ашып айтайын, жобаға кез келген ұлттың өкілі қатыса алады. Әркімнің жеке өміріне өз құқы бар…

— Кешіріңіз, сөз саптасыңыздан Қазақстан көп этносты халық дегенді аңғарып отырмын…

— Дұрыс аңғарғансыз. Неге біз көп ұлтты Қазақстанда тұратын орыс, украин, белорус, ұйғыр, татарларды ойламаймыз? Олар бұл жобаға қызықпайды деп кесіп айта аласыз ба? Айта алмайсыз. Сондықтан қазақтың қыздарын қытаймен таныстырып жатыр деп байбалам салу — жала. Тағы айтамын, бұл шараның саяси астары жоқ, мақсатымыз әйелдерді бақытты ету ғана.

— Сұрағымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Р.S.: Сөз соңында мынаны айта кеткіміз келеді. Таныстыру агенттіктері танысқысы келетін қыз-жігіттерге мейрамханада әдемі романтикалық кеш ұйымдастыруды қолға алып жатыр. Сонымен қатар боулинг пен түрлі көрмелерге баруды да қарастырған көрінеді. Қазақстан азаматшасын ұнатқан күйеу жігіт қалыңдығын еліне өз ақшасына алып кетеді екен. Сондай-ақ, жұптар қаласа, шетелде тұрады, немесе қазақ елінде қалуға да ерікті. Бұл, әрине, заң емес. Таныстыру агенттіктерінің бекіткен ережесі. Біз осы мақалаға орай, белгілі журналист Серік Жанболаттың әлеуметтік желіге қалдырған пікірін ұсынуды жөн көрдік. «Қытайдың оқыған, тоқыған, мықтымықты жігіттері қазақ қыздарына үйлену үшін Астанаға келе жатыр дей ме? Расында да Қытайда бала санын шектеудің салдарынан ұлдардың көп туғаны анық. Жалғыз баланы еркек кіндік, яғни мұрагер жасаудың небір айла-тәсілін қолданған ғой. Миллиард адам қойсын ба, сол айлаамалдарының бір пайызы нәтижелі болғанның өзінде қанша ер бала дүниеге келеді десеңізші! Сөйтіп, қазір Қытайда қыздарға қарағанда ұлдар саны көп. Олардың шетелден үйленетін жан іздейтін себебі бар. Ал бізде, жалғызбасты аналар мен отырып қалған қыздар баршылық. Бұл ресми санақсыз-ақ белгілі дүние. Қыз баланың біреуге жар болып, бала сүю — арманы. Сондықтан ертең оларды қытайға тұрмысқа шықпаңдар деп қанша үгітте, ұрыс, айқайла — түк те шықпайды. Талай қазақ қызының оларға қосақ болып кететіні анық. Ең қиыны ол емес, ең қиыны сол қытайлардың ертең Қазақстан азаматтығын алу құқына ие болатындығы емес пе? Және олар күйеу баласың деп анау-мынау жұмысқа жегіп, мініп алатын әлсіздер емес, шетінен сен тұр, мен атайын, білімді, мықты жігіттер. Сондықтан біздің қыздар бір ғана талап қоя алса керек, қытай жігіттері ислам дінін қабылдауы тиіс. Мұсылман баласына ғана тұрмысқа шығамын десін. Ол қытай балаларын қазаққа мойын бұрғызатын жалғыз жол осы ғой деймін. Әйтпесе, өз ішімізден бөлек отау тігіп, диаспора қылып тұтастырмаудың басқа жолын көрмей отырмын. Осылай дұрыс болмай ма?»

«Ватсап» желісінде пайда болған өлең

Қу қытайдың таусылмады кеселі,

Қайда жүрсе еселенер есебі.

Сол құрғырлар қалталарын қампайтып,

Біздің елге келе жатыр деседі.

Қызымызға көз салады келген соң,

Құрғыр ақша көп нәрсені шешеді.

Біздің қыздар байлығына қызықса,

Бізге дұшпан жиен саны өседі.

Елімізде қара қытай қаптаса,

Еркіндіктің алау оты өшеді.

Ояныңдар, жігіттері қазақтың,

Оянбасақ, ұлт тамырын кеседі.

Қазақ қызын өзге ұлтқа бермеген

Сары Алмаздай ағаларым кешегі.

Қолдан келсе қояйықшы тосқауыл,

Енді бізге жетпегені осы еді.

Ата-бабам қорғап қалған кең далам,

Қытайлардың емес шығар төсегі!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

2 Comments on “«Қытай жобасының» астарында не жатыр?

  • Дəмегүл

    Шет елге қыз беру ешқандай заңда көрсетілмеген. Бұл жасалып жатырған əрекеттері заңсыз. Прокуратура қайда қарап отыр. Надзор қайда прокурор мырзалар?

  • Шет елге куйеуге шыкса сол шет елде турсын деген зан шыгару керек. Казакстан азаматтыгын бермеу керек. Сонда коремиз шет ел азаматтарынын уйленгенин.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз