Құндылық туралы баллада

Бейсенбі, 12-Қаңтар 2017 / 21:50
Құндылық туралы баллада

Қоғам қанша құбылса да, құбылмасын құндылық.

Қарға бойлы Қазтуғандар, айтып кеткен жыр қылып.
Қорадағы қойын сатып, қамын ойлап бір күннің,
Қайран қазақ бара жатыр, бір жығылып, бір тұрып.

Қайта алдық егемендік, ғасырлардан ғасыр сап.
Құба белде көп тарландар, қалды бірақ тасырқап,
Қудың қазған құдығына құлағанда құландар,
Құлағында құрбалақалар ойнап жатыр асыр сап.

Қырандардың түғырында қарқылдайды қарғалар.
Қыр басына ат шықпайтын, шығып алды арбалар.
Қулығына құрық салсаң, бойламайтын жылпостар,
Қарық қылам қазақты, – деп, бар әлемге жар салар.

Құрғап қапты қайран елім, аққу жүзген айдының.
Қара бұлттай сейілмеді, жүректегі қайғы -мұң.
Құлан таза айрыла алмай, санадағы құлдықтан,
Қанша қазақ шегіліп жүр арбасына қайғының.

Қиналады қандастарым, суға толмай тоғаны.
Қашан – дағы жарамсақтың мәртебесі жоғары.
Қанша таза жүремін деп, тырысқанмен пенделер,
Қу құлқынның құрығынан құтылғандар жоқ әлі.

Қоңырқай боп өтсе – дағы, бар тұрмысың, тірлігің.
Қалық қазақ керек енді мызғымастай бірлігің.
Қойдай тасты аспанға атқан батырлардың ұрпағы,
Қарақшы мен парақордың атын ерттеп жүр бүгін.

Қасқыр болды қой дегенім, таңдай қағып таң қалма.
Қалай шыдап тұра аласың, қандас айғай салғанда.
Қандай жауап береміз біз, бабалардың алдында,
Қыл көпірмен ұзақ жүріп, мәңгі орынғанға барғанда.

Қаршығаға жем болады, қашан – дағы тұрымтай.
Қанымызды теспей ішті, сырттан келген сұмырай.
Құлқынының құны болған, жерін сатып басқаға,
Құлдар кетіп бара жатыр, туған жерге бұрылмай.

Қылғып жұтты бар байлықты, түйең менен жылқыны.
Қылтан тұрып тамағына, бітелмей – ақ құлқыны.
Құзғын менен тазқараға, қара қарға қосылып,
Қарағайды шортан шалар, заман болды бұл күні.

Қолын жайған қайыршыны, қонақ етті Тұраным.
Қор қылды ғой есерсоқтар, қазағымның жыр -әнін.
Қымызыңды біреу ішіп, арақ беріп орнына,
Құрсағында құрып жатыр, ел қорғайтын ұланым!!!

Қалай бұдан құтыламыз, не істедік япырмай?!!!
Қорамсақта қалған жебе қалар ма екен атылмай.
Қарызға алған қымбат өмір, кетер ме арзандап,
Қайыршының қолындағы сылдыр қаққан бақырдай.

Қалам ұстап, найза орнына қамығамын кейде мен.
Қалай Алаш азат болар, сана болмай егемен.
Қосетекті қыздарымды қорлағанда басқалар,
Қалмақ қырған Қабанбайдай, қан қақсатсам деген ем!

Қарсы шыққан бұтақтайын, қисық шыққан еменге.
Қыңқ етпеймін, бәзбіреулер қарсы шықпа дегенге.
Қақыратып қабырғамды сөксе – дағы бір – бірлеп,
Қазақ болмай кетейін мен, үн шығарсам егер де.

Қай заманда күң толғатса, құлақкесті құл туар.
Қазағыма қажет боп тұр, қабыландар біртуар.
Құса болып мен өтермін, бірақ ҚАЗАҚ АРУЫ,
Қыннан шыққан қылыштай ғып, алтын айдар ұл туар!!!

©Сәбетқазы Нұрсила

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Баланы бақытты етудің 5 жолы

Facebook парақшамыз