Ұлылар атында ордeн, мeдальдар нeгe жоқ?

Сенбі, 07-Қаңтар 2017 / 03:16
Ұлылар атында ордeн, мeдальдар нeгe жоқ?

Еліміздің марапаттарын сөз етуге тура келіп тұр. Өйткені мемлекеттік мәртебесі бар марапаттардың да тарихтан алатын орны ерекше. Ұлттық рухты ұлыларды ұлықтау арқылы да оятуға болады. Демек, біз тарихымызды келер ұрпаққа орден, медальдар арқылы жеткізе алар едік. Ал бүгінгі күннің мемлекеттік марапаттары арасында өткеннен белгі беретін түрлері жоқтың қасы.

Негізі, мемлекеттік мәртебесі бар ордендер мен медальдарға қазақтың біртуар тұлғаларының есімін беру мәселесін көтеріп жүргендер сирек болса да бар. Дейтұрғанымен, олардың барлығы ұсыныс күйінде қалып отыр. Нәтиже жоқ. Адам атына берілген бір ғана орден бар. «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордені. Кім-кімге де «оның қасында ақберен батырларымыздың есімдері жазылған орден, медалдар неге жоқ» деген ой келіп жатса, ол заңды. Айтпақшы, Бауыржан Момышұлы атындағы орден бар. Бірақ, ол мемлекет тарапынан беріліп отырған жоқ. Ондай наградалардың мәртебесі мемлекеттік қаулымен заңдастырылып, салтанатты жағдайда тапсырылғанда ғана биіктейді. Әзірге төсбелгі есебіндегі дүние ғана.

Құптарлық бастама ретінде «Халықаралық экология және инженерия ғылым академиясы» қоғамдық қоры шығарып отырған «Д.Қонаев», «Қ.Сәтбаев», «А.Байтұрсынов» атындағы ордендерді айтқан болар едік. Бұлар жекелеген ұйым, одақ секілді ынталы топ тарапынан ғана шығуда. Олардың, жоғарыда айттық, тағы ескерте кетейік, мемлекеттік дәрежелері жоқ. Мемлекеттік марапаттарын патриоттық тәрбиеге айналдырып отырған елдер әлемде көп. Солардың ішінде көршіміз Ресей саясатына еріксіз қызығасың. Оларда сонау патшалық дәуірден бастау алатын марапаттар бар. Нақтырақ айтсақ, Александр Невский ордені. Революция кезінде қолданыстан шығып қалған бұл орден 1942 жылдан бастап қайта беріле бастайды. Одан басқа Ресей Суворов, Кутузов, Нахимов, Ушаков, Жуков ордендерін шығарды. Білетін боларсыздар, ордендерге аты берілген қолбасшылардың Жуковтан басқасы Ресей империясына қызмет еткен тұлғалар.

Міне, орыстар ұлыларын қалай ұлықтап, мақтан тұтады десеңізші! Тағы бірқатар мысалдар келтіре кетейік, өзбектерде «Әмір Темур», болгарларда «Георгий Димитров», монғолдарда «Сухэ-Батор», «Шыңғыс хан» ордендері мен АҚШ-та «Александр Агассиз» медалы бар. Тізіп шықсақ, мысалдар көп. Тек арасында біз жоқпыз. Алаштың да арғы-бергі тарихындағы баһадүр, хан, билерін түгендеп шықпасақ та, орден, медальдарға есімдерін беруге лайық жандар жетерлік. Мәселен, неге Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Әлихан Бөкейхан сынды тұлғалардың атында мемлекеттік марапаттар шығармасқа?! Бұл ұрпақты бабалардың ерлік дәстүрін ұмытпауға тәрбиелейтін құралдардың бірі деп білеміз.

Әскери қайраткер, полковник Ким Серікбаев отандық БАҚ-тарға берген мәлімдемесінде:

— Егер біз жастарға үлгі, патриоттық тәрбие болсын десек, бұл бастаманы қолдауымыз тиіс. Негізі аталған мәселені көтеріп жүргенімізге біраз жылдың жүзі болды. Бірақ, ол іске аспай келеді. Батыр бабаларымыздың атында орден берілуі тиіс. Мәселен, Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай бабаларымыздың атында неге орден болмасқа? Әбілқайыр хан, Есет батыр, айта берсек, батырларымыз көп. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселе деп ойлаймын, — деген болатын.

БІЛГЕНІҢІЗ АРТЫҚ БОЛМАС

ҚР ордендері: «Алтын Қыран», «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Epi», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті», «ҚР ерекше еңбегі үшін», «Барыс», «Даңк», «Парасат», «Достық», «Құрмет»;

ҚР медальдары: «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат»;
ҚР Құрмет атақтары: «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы», «Алтын алқа» және «Күміс алқа».

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз