Ұлы далаға кемел туризм қажет

Жексенбі, 15-Қаңтар 2017 / 09:50
Ұлы далаға кемел туризм қажет

Өткен жылы Малайзияның Алматыдағы консулы бірнеше журналисті Малайзияға саяхаттауға апарды. Жалғыз біз емес, 19 елден журналистер шақырған екен. Әсіресе Германия, Қытай, Үндістан елдерінен келген журналистер өте көп болды. 10 күнге созылған саяхатымыз Туризм және Мәдениет министрлерінің қатысқан ресми есеп беру және Малайзия елі, малай ұлтының, Малайзияда мекен еткен этностардың ұлттық ерекшеліктерін таныту мақсатында ұйымдастырылған үлкен концертпен ашылды. Тіпті, жергілікті «MUD» театрының Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдың қалай пайда болғанын, астана бол қалыптасқанынан толықтай ақпарат беретін ағылшын тіліндегі мюзиклы көрсетілді. Бір-ақ күннің ішінде малай ұлты туралы түсінігіміз қалыптасты. Журналистер үшін жасаған дайындықтың жоғары деңгейде болғанын бірден байқайсыз. Әлбетте, осындан кейін Қазақстан туризмін қалай дамытуға болады деген сұрақ мазалады. Ұлттық колорид бізде де бар ғой. Осы тұрғыда туризм саласын зерттеп жүрген «Тамшы» қоғамдық қорының директоры Қазбек Қашқабаевпен сұхбаттасқан едік.

— Қазбек мырза, сіздіңше, Қазақстанда туризм саласы қандай деңгейде?

— Қазақстандағы туризмді екіге бөлуге болады: ішкі және сыртқы туризм. Ішкі туризм деп ірі қалалардың төңірегінде апта соңы, демалыс күндері қала сыртына, табиғат аясына шығып келуді айтамыз. Мысалы, астаналықтар Бурабайға барып келеді дегендей. Сонымен, бізде туризм жоғары деңгейде дамыған деп айта img_2175алмайсыз. Департамент «бізге жылына үш мың мен он мың арасында туристер келді, кетті» деп бір мәлімет бере салуы мүмкін. Әр туристің нені жақсы көретіндігін, неге қызығатындығын, уақытын қалай өткізгісі келетіндігін білу туризмді дамытудың бірден бір кепілі. Бізде мұны зерттейтін институт жоқ. Мысалы, Еуропада көптеген мұндай институттар бар. Олар азиялықтарды не қызықтыратынына аса мән береді. Осы жолда ізденістер жасап, зерттеу жүргізеді. Германия, Швейцария секілді дамыған елдерде көшеде, қоғамдық орындарда түкірсең, қоқыс тастасаң, полиция сізге айыппұл салады. Ал бізде ондай нәрсе жоқ. Сингапурда арнайы институт бүкіл әлем елдерінің ерекшеліктерін зерттеп, кітаптар жазып, баспадан бірнеше дүркін шығарған. Америка, Түркия, Нидерланд, Жапония т.б. елдер шетелдік туристі қалай таңдандыруды арнайы зерттейді. Тәжірибе алмасу мақсатында сондай бір зерттеу институтында істейтін Арын Байрактарұлы деген профессор, филологпен хат арқылы байланыстым. Ол кісі «сен жаз, біз көмектесеміз» деді. Ол кісі Түркия туралы жазған екен. Қазақстанға сырттан келген турист қандай «мәдени шокқа» түседі? Не нәрсеге таңданады? Осы сұрақтар төңірегінде біраз материал жинадым. Шоқан Лаумалин деген әлеуметтанушыға жазғанымды көрсетіп едім, ол «әлі піспеген» деді. Себебі бұл еңбек ағылшынша болды. Одан кейін бір агенттікке көрсетіп едім, олар қызығушылық танытпады. Соңғы он жылдың ішінде көптеген шетелдік азаматтармен жұмыс істедім. Кореядан, Тайландтан, Түркиядан, Еуропадан қонақтарым келді. Олар бұл жаққа келгенде сондай ерекше бір нәрсе көргілері келеді екен. Менің соған көзім жетті.

altai

— Шетелдіктер неге таң қалады?

— Әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері бар ғой. Әркім әр нәрсеге таңғалады. Еуропалықтар біздің бес саусағымызбен ет жегенімізге таң қалады. Шындығында, ата-әжелеріміз қолмен тамақ жеудің ләззатын рахаттана айтады. Мысалы, қасықпен жеу Еуропаға тән шығар. Бірде жапондармен Шымкентке баратын болдық. Оларға билет алып, пойызға міндік. Бір кезде бізге төсек жапқыш әкеліп еді, жапондар «Бұл не үшін берілді?» деп сұрады. «Біз он сағат жүреміз, ұйықтауымыз керек, демаламыз», — дедік. Оларда ондай жоқ екен. «Сонда қанша шақырым жүреміз?» — деп сұрады менен. Біз 700 шақырым дедік. «Біз мұндай шақырымға 2,5-3 сағатта жетіп барамыз, сіздерге әлі бұндай пойыз жетпеген бе?» — деп таңғалып. Сол секілді түріктер мен ағылшындар жылқы етін жемейді. Олар да жылқы малын құрметтейді. Ата-бабамыз «Ер қанаты — ат» деп, жылқыны досындай көріп ерекше қадірлеген ғой. Ағылшындар «қазақ сол досын жеп қояды» деп айтады. Ағылшындар жылқы өлсе, оны салтанатты түрде жерлейді. Оларда атқа арналған сыйлықтар бар, аттың шежіресін шығарады. Олар аттарына киім-кешек, аяқкиім тігеді. Ал біз атты ерекше қадірлеп, ер-тұрманын сәндеп, атты баптасақ та, оған киім тігіп, шежіре жазбаймыз. Қазақтар Еуропаға барғанда осындай дәстүрді көріп, таңданады. Олардың бәрі ғажап, барлығы бай. Бірақ олардың бәрі еуропалықтарды қызықтырмайды. Олар Шығысқа ғашық. Әсіресе біздің таңғажайып салт-дәстүрімізді көріп, ән-күйімізді тыңдап, ұлы даламызды, ежелгі қалаларымызды тамашалап, бай дастарханымыздан дәм татқанда, аузын ашып, көздерін жұмады. Әттең, біз інжу-маржандарымызды, асылдарымызды тиісті дәрежеде көрсетіп, насихаттай алмай жүрміз! Мен біздің елімізде де туризмді дамыту үшін өзге халықтарды не қызықтыратынын зерттейтін институт ашса ғой деп армандаймын. Мысалы, көшеде бір қазақты ұстап алып, мәдениетімізге тән нәрсені ата десеңіз, домбыра, қамшы, шапаннан басқа не біледі? Асыл мұраларымыз шаң басқан мұрағаттарда қатталып текке жатпай, өзгелерге мақтанып көрсете алатындай күйге жетсе ғой.

— Көбіне қонақжайлылығымызбен мақтанамыз. Ал сол қонақжайлылықты бағалайтын арнайы өлшемдер бар ма? Сіз қазақ қонақжайлылығына қаншалықты баға берер едіңіз?

— Туризм қонақ күту деген ұғымнан басталады. Турист деген — қонағымыз. Оны күтіп, баптап, жағдайын жасап, шығарып салудың өзі зор мәдениет. Қазақ қонағына ат мінгізіп, шапан жауып жібереді. Бұл босқа шашылу емес, қанымызға сіңген дәстүр. Қазіргі таңда туризмнің шыңына жеткен елдер — Грекия, Италия, Түркия. Олар да төменгі сатыдан бастап жоғары қарай өрледі. Дәл сондай даму деңгейіне оп-оңай қол жеткізе салған жоқ. Біздің де аймағымыз ландшафт жағынан туризмге ыңғайлы. Енді туризмнің қай саласын дамыту керек деген сұраққа жауап іздеу маңызды. Грекия, Италия секілді елдерде туризм саласы теңізбен байланысты. Ал бізде экотуризмді дамыту пайдалы болмақ. Себебі табиғаты шырайлы, керемет таулы аймағы, сарқыраған суы — барлығы да табиғи түрде өзгеріссіз жатыр. Германиядан, Швейцариядан келген саяхатшылардың өзі осындай табиғи ландшафтқа тамсана көз салады.

— Экотуризм дегеніміз не?

— Бұл — туризмнің жаңадан дамыған бір түрі. Түбірін экология деген сөзден алады. Яғни еш зиян келтірілмеген, өзгеріске ұшырамай табиғи қалпын сақтаған аймақтарға жасалатын саяхат түрлері. Мұның шығу негізі табиғат аясын тазалау мақсатымен басталған. Ерікті адамдарды жинап, табиғатты ластықтан тазарту көзделген. Кейіннен кең таралып, табиғи аймақтарды тазалаудың соңы туризмге, коммерцияға айналған.

bc4558501146ad31f424f01004941311-big

— Осы саланы дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

— Экотуризмнің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Жасыл туризм, ландшафтық туризм, номад туризм және балалар үшін экотуризм. Бұл бағыттар көбейе береді. Жасыл туризм ұғымын осыдан жеті жыл бұрын Түркия маңынан шыққан еріктілер анықтаған. Түркияның оңтүстік аймағында жылына отыз миллион турист келеді екен. «Сол отыз миллионның ең болмағанда бір миллионы неге солтүстік аймаққа келмейді?» деген сұрақ туындаған. Түркияның солтүстік аймағының ландшафты таулы аймақ, жасыл табиғат, сарқыраған су, бірақ климаты кішкене салқындау. Сөйтіп, олар біздің бұл ландшафт кімдерге ұнайды, кімдерге жақын, кімдерде бұндай ландшафт жоқ деп зерттеген. Анталия аймағына келетін туристерді зерттеп, араб түбегінен аз келетінін анықтаған. Содан жасыл туризмді дамытуды мақсат еткен бес азамат Түркияның таулы аймағында орналасқан, ортасында кішігірім көлі бар Йешилкоуды жарнамалауды ұйғарып, мұнда 5 жылда үш миллион турист әкелуді мақсат етеді. Сөйтіп, араб түбегіне барып, бір жыл арабтарды зерттеген. Арабтар нені жақсы көреді? Қай аймақта демалғысы келеді? Анталияға неге аз келеді? Сөйтсе, арабтар салқынды, таулы аймақты, жасылды жақсы көреді екен. Біздің Алматының ландшафы осыған жақын, сәйкес келіп тұр. Неге біз осы секілді өзге халықтарды зерттеп, елге шақыра алмаймыз?

— Алматыдағы Көлсай көлі қандай керемет! Талайды тамсандырған Алатауы қандай?! Климаты қоңыржай. Ал осындай ғажайып мекенде орын тепкен Алматының қазіргі ауа райы ластанған дегенге келісесіз бе?

— Ол барлық үлкен қалалардың мәселесі. Бұл түйткіл Токиода да, Лондонда да бар. Жаппай урбанизацияның салдары деп ойлаймын. Халық қалаға шоғырланады. Автокөліктер қалаға зиян келтіреді. Мемлекеттік деңгейде ЖОО, академиялар, қаланың әкімшілігі мәселенің шешілу жолдарын іздестіру керек деген ойдамын. Алматының төменгі жағы болмаса, таулы аймағы таза ғой. Егер біз келушілерге сапалы қызмет көрсете алсақ, әсем табиғатымызды әдемілеп таныстыра алсақ, аз-мұз кемшіліктерге өзгелер көз жұма қарайды деп үміттенемін.

— Бастамаңыз қала әкімі тарапынан қолдау табады деп ойлайсыз ба? Сізден басқа мұнымен айналысып жатқандар бар ма?

— Экотуризмге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр, онымен айналысатын қандай ұйымдар бар деп іздедім. Экотуризмді, соның ішінде номад туризмді дамытып жатқан бір неміс әйел бар екен. Ол кісі бір аймақты жалға алған. Еуропалық туристерді киіз үйлер, ескі көшпенділердің салт-дәстүрін көрсете отырып қызықтырады. Ал жасыл туризм, ландшафтық туризм қазір бізде енді дамып келеді. Апта соңында адамдарды жинап, тауға апарады. Таудың ғажайып табиғатын тамашалайды. Шетелдік азаматтарға дәл сондай бағытта қызмет көрсетіп жатыр. Көптеген турагенттіктер қонақтарды үлкен «Джиптермен», аттармен немесе жаяу тауға алып шығады. Қала әкімшілігі бұл бастамаға оң көзқарас танытады деген ойдамын. Алматы қалалық туризм департаментінің басшылығымен байланыстамын. Ол кісілерге Алматы ландшафтын түрік әуе жолдарында, Дубайдағы ірі қонақүйлерде көрсету үшін бейнеролик жасауды ұсындық. Сонымен қатар «Әл жазира», «Әл араби» телеарналарында жарнама жасасақ деген ұсыныс тастадық. Бір жылда Алматыны араб түбегіне танытуды мақсат еттік. Екінші ұсынысымыз — консультативтік бюро ретіндегі жұмыс істеу. Қаладағы үш жүзге жуық ірі агенттіктерге араб түбегімен қалай жұмыс істеу керек екенін, қандай мәселелерге мән беру керектігі туралы ұсыныс бердік. Ол кісілер бұған қатты қызықты.

— Жалпы Қазақстанда, әсіресе Алматы аймағында экотуризм дамыса, араб өлкесі ғана емес, африкалықтар да қызығуы мүмкін бе?

— Әрине, Қазақстан географиясының өзіндік ерекшеліктері бар. Құдайға шүкір, бейбітшілікте тату-тәтті ғұмыр кешіп, дамуға бет алған елміз. Инфақұрылымымыз бар. Бұл көптеген халықты қызықтырып, Қазақ елін көруге асығады. Қазақстан туралы әлемде ақпарат аз. Біздің елімізді көруге асығатындар жетерлік. Мен сізге бір оқиға айтып берейін. Англияда оқып жүргенімде мынадай оқиғаға душар болдым. Бірде кешкілік пойызбен бір қалаға бардық. Түн ортасында бір кафеге кірсек, жұрт бізден «қытайсыңдар ма» деп сұрады. «Қазақстаннан келдік, қазақпыз», — дедім. Сонда бір кісі: «Мен «National geographic» журналынан оқыдым. Сендер күн шықпай жатып ұйқыларыңнан оянып, алтыннан жасалған кітаптарыңды ашып оқып, содан соң ғана тіршіліктеріңді бастайды екенсіңдер ғой», — деді. Сол сәтте дискуссия басталып кетті.

Біз спорттық олимпиадалардан қаншама мәрте алтын алып, көк байрағымызды көкте желбіретіп жүрсек те, біз туралы мүлде білмейтін осындай халықтардың көп екені бізді таң қалдырды. Сол Англияның Лондон қаласында 2012 өткен олимпиадада жерлестеріміз алтыннан алқа тағып, жеті рет әнұранымыз шырқалған жоқ па?

000115d

— Түркияға барғанда туристерге көрсетілетін қызмет сапасы, әсем табиғаты сені еріксіз баурап алады да, «мен мұнда тағы да келемін» деп ойлайсыз. Шетелдіктер де Қазақстанға осылай ғашық болып, қайтадан сапарлап келуі үшін не істемек керек?

— Тайландтан келген профессорлар осы жерде туризмдік сервис дамымаған деді. Бұған байланысты зерттеу институты құрылу керек. Бізде туризмге байланысты факультетте қонақүй мәдениетін оқытады. Алайда жергілікті мәдени құндылықтарға байланысты оқулық болмағандықтан, ілгері жылжи алмай жатырмыз. Мысалы, Түркияда азиялық туриске бөлек, еуропалық туриске бөлек қызмет көрсетеді. Себебі әр елдің менталитеті әртүрлі. Бұған да мән беруіміз керек.

— Мысалы, Тайланд пен Малайзияның табиғатында анау айтарлықтай айырмашылық жоқ. Малайзия отбасылық туризмге көп көңіл бөлсе, ал Таиланд керісінше. Ал Қазақстан қандай ерекшелікті таңдау керек?

— Қазақстан туризмінің дамуына түрткі болатын негізгі фактор экотуризм деп ойлаймын. Себебі қазақ даласында адам аяғы баспаған жерлер өте көп. Табиғи балаң қалпын сақтаған ландшафтар арнайы тәсілдермен игерілсе, жарнамасы жоғары деңгейде жасалатын болса, біздің елге қызығушылар аз болмайды деген ойдамын. Маңғыстаудың ұшы-қиыры жоқ жазықтары, Қызылқұмның құмдары, Алтайдың орманы мен таулы қыраттары, Алатаудағы табиғи қорықтар т.б. атай берсек, таусылмайтын табиғатымыздың кереметтерін әдемілеп паш ете білуіміз керек. Қажет болса, тіпті, арнайы мамандарды шет мемлекеттерде оқытуды да ойластырған жөн. Бейнетаспаға түсіріп, шет тілдердегі ақпараттық материалдарын дайындау сынды қыруар жұмыстар да бар. Осының барлығын әкімшілік пен жеке іскер азаматтардың бірлесуі арқылы атқарар болсақ, экономикамызға өте үлкен пайда келтірер еді деген пікірдемін.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбaттacқaн — Бaуыржан Карипов

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki
, , ,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Абайдың бірінші қара сөзі

Facebook парақшамыз