Азғындық — мемлекетімізді күйрететін зауал

Қайран ата-бабаларым өз ұрпағын иманды, арлы, намысты етіп тәрбиелеу үшін бар-жоғы үш ауыз сөзбен аталы уәжін айтқан: ұят болады, обал болады, жаман болады. Осы үш ауыз сөзде қаншама құдірет бар десеңші! Шүкір, салт-дәстүрін сақтаған, қаймағы бұзылмаған қалың қазағымның ортасында, көп балалы отбасында дүниеге келдім. Ауылда ол кезде қай үйге барсаң да, он шақты бала өсіріп, шұрқырап жататын. Екінің бірі “Батыр ана” деген құрметті атаққа ие еді. Менің анам да, Аллаға тәуба, осы атаққа ие болып, бала, немере, шөбере, шөпшектің қызығын, 90-нан асып қарттықтың рахатын көріп отыр. Ол кезде «Бала алғызыпты», «Қыз екі қабат болып қалыпты» деген оқыс әңгімені естімей өстік. Қыз тәрбиесіне ел, ауыл болып қатаң қарады. ҰЯТ, ОБАЛ, САУАПТЫ жадымызға құйып өстік. «Қыз өссе, елдің көркі», «Қыз қылығымен» «Қызға қырық үйден тыю…» деген нақылдардың мәнісін біліп бойжеттік. «Рухыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле. Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле», «Ер бұзылса — отбасы бұзылады, әйел бұзылса — ұлт бұзылады», «Қыз — елдің ар-намысы…» деп қазақ бабам қолмен қойғандай, даналығымен безбендеген жоқ па?!

Ең жаманы — етіміздің үйренгені

Аллаға шүкір, Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр. Шү-кіршілік етейік, іргелі ел болдық. Мақтанатын істеріміз көп. Елбасымыз күні-түні халқы үшін тынбай қажырлы еңбек етіп жатыр. Мемлекетіміздің қамқорлығы ұшан-теңіз. Сонда ол жақсылықтар кім үшін? Әрине, мұның бәрі халқымыздың жарқын болашағы үшін. Бірақ… иә, бірақ осы жарқын болашағымыздың шырқын бұзып жатқан келеңсіз, келеңсіз болғанда жан түршігерлік оқиғалар көңіліңді нілдей бұзып, жан дүниеңнің астан-кестенін шығарып жатыр. Бұрын байқамай келдік пе, әлде жергілікті заң орындары білдірмей келді ме, соңғы он шақты күндегі қазақ халқының дәстүріне мүлдем қарама-қарсы оқиғалар бүкіл елді дүр сілкіндірді.
«Кәмелетке толмаған пәлен қыз жүкті болып қалыпты» деген қасірет арқалаған хабарлар Шымкентте, Атырауда, Астанада, Жамбылда дегендей, жалғасып жатты. Дегенмен, ресми мәліметке сүйенсек, соңғы үш жылда “көкек аналарға” қатысты мұндай қылмыстық істер Астана, Атырау, Көкшетау, Ақтөбе сынды өңірлерде де қозғалған екен. Оның ең шырқау шегі Атырау облысында 37 жасар келіншекке 4 жыл бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шығарылса, Астанада сәбиін қоқысқа тастаған 16 жасар қыз 1 жылға темір торға тоғытылған. ОҚО-да 28 жасар келіншектің тірідей 4 перзентін саудаға салуы жаға ұстататын, адам жаны шошитындай сұмдық хабарлар да бұрын орын алған екен. Жігіттен намыс кетті, қыздан ар кетті… Екі әйел алуға заң жоқ, заңды бекіту керек еді. Жұмыссыз, панасыз жүрген қызымен жасты қыздарды алып алып, бала туғызып, фамилиясын да бермей, айуаннан ары қорлағандар қаншама, шетелге сатылып, өз жұртына жете алмай жүргендер қаншама, заң жоқ… Егер заң болса, олай қорламас еді. Сондай-ақ бұл — заңның солқылдақтығы! Кейбір діндарсымақ имансыздар да «талақ» деп талай қыздарымыздың обалына қалды.
Алайда бұл оқиғалардан да асып түскен қатыгез аналар қызылшақа сәбиін матаға, полиэтилент қапшыққа немесе қорапқа салып, айдалаға тастап кетіп жатса, Т.Рысқұлов ауданындағыдай әжетхана шұңқырына босанып кету оқиғасы бүкіл елді дүрліктірді. Оныншы сынып оқушысы көлікте босанып, нәрестені тас жолдың жиегіне лақтырып жіберген зұлымдығы тіптен шектен шықты.
Әрине, бұл жан түршігерлік оқиғалардан бұрын да «судан таза, сүттен ақ» болған жоқпыз. Алғашқы дабылды сұмдық хабарлар тізбегіне үңілсек, жаның шошиды. Бірақ біз оған көңіл бөлген жоқпыз. Мысалы, өгей әкелері зорлап, қорлаған бейкүнә қыздарымыз… Шетелдіктердің қолтықтарында кетіп жатқан аруларымыз… Зорлықшыл мыңдаған педофильдердің ылаңдары… Мыңдаған суицидтер… Бұндай оқиғаларға есірткімен уланған, арақ-шараппен суарылған, бетімен кеткен ұл-қыздарымызды қосыңыз.
Иә, біз, қазақтар дүниежүзіне бұрын-соңды әлемде болмаған сұмдық қылмыстармен танылудамыз. Өзекті өртеп, көзге жас үйірер масқара, жүректі ауыртар ұят, ауыр оқиғалар орын алуда. Осы және осыған ұқсас қылмыстар мен оқиғалардың алдын алу үшін, ағайын-ау, не істеуіміз қажет? Балабақшадан, мектептен бастап имандылық сабақтарын, ислам тәрбиесін ендіріп, біліммен қатар тәрбиеге баса назар аударатын, етегімізді жинайтын кез келген сияқты. Асыл дініміз бен уағыз-насихатқа кедергі келтірмей, имандылық сабақтарын қолға алу әсте экстремизм мен терроризмнің таралуына жол беру емес! Кедергі мен қарсылық керісінше қарсы әрекетті туғызады. Кеңес үкіметі кезінде дінге қысым болды, тыйым салды. Ақыры не болды? Адамдар жасырын намазын оқыды, оразасын ұстады, үкіметке іштей қарсы болып, наразылық танытты.

Біз бәріміз де кінәліміз!

Бұл сорақы, сұмдық оқиғалар тек бұқараны емес, билікті ойландыруы тиіс. Иә, иә, иә-ә, жоғарыда болған оқиғаларды заңмен де, күшпен де тоқтата алмайсың. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз біліммен қатар тәрбие берілмесе, онда шынайы тәрбие болмайтынын ескерткен. Әр оқиғаны оқыған сайын жүрегім жылайды, “ойпырай, не болып барамыз, не істеу керек, ойбай-ау, неге бұлай…” деген сұрақтар жанымды жейді. Бұл — бізге жария болғаны, қаншама біз білмейтін сұмдықтар бар. Апта сайын жүрек тітіркенетін қасіретті хабарлар сопаң етіп шығады. Менің жанымды ауыртатыны — бұлар үйреншікті болып барады. Ең жаманы осы! Табаламайық, айналайындар, жұмылайық, не істеу ке-рек? Бұдан жаман күнімізде сан ұлттар мен ұлыстарды бауырымызға сыйдырған, жетімін жылатпаған ел едік қой. Неге осыншама тозып, рухсызданып, имансызда-нып барамыз? Ақсақалдарымыз қайда? Еркектеріміз қайда? Мен анамын, әжемін, не істейін? “Жаным — арымның садақасы” дейтін ұлттың перзенттеріміз. Қандай ұсыныстарыңыз бар, ау, ағайын? Ауру асқынып барады, емделу жолын іздейік, АЗАМАТТАР! Бұл — қоғамның, отбасының, Ұлтымыздың ҚАСІРЕТІ, бәріміздің қасіретіміз! Имансыздықтан, Рухсыздықтан, Немқұрайдылықтан, Заңның солқылдақтығынан пайда болған дерт.
Бұл — жеке отбасының ғана емес, қоғамның үлкен трагедиясы! Оны жария қылып, отбасының суретін желіге салу — шектен шығу. Бұл қыз әлі жас, бұдан әрі де өмір сүруі керек. Анасының қателігін, иә, қылмысын тиісті органдар анықтай жатар. Кәмелетке толмай аяғы ауыр болған қыздың кінәсі жоқ! Байқұс қыз өте терең психикалық соққы алғаны анық. Одан да оны азғырып, бір отбасының шаңырағын ортасына түсірген кім? Соны тауып, жазғырып, айыптаңыздар!
Перзентімізді осындай имансыздыққа, зұлымдыққа тәрбиелеген біз, ата-ана, одан қалды билік, мемлекет кінәлі. Бәріміз де бір-бірімізді кінәламас бұрын ойланайық. Елімізде зина жасағандары үшін қатаң заң қабылданбай, заң жүзінде зинақорлар жазаланбай, бала тастау, жетімдер көбейген үстіне көбейе береді.
Иман жоқ жерде адам айуанға айналады. Алла Тағала «зинаға жоламаңдар, ол зор күнә» деп бекер айтпаған. Балаларға Алланы, оның Пайғамбарын (с.а.с.) танытса, осы ұлы тәрбие. М.Әуезовтің «Бесігіңді түзе» дегені осы. Иман жоқ. Рух азғындады… Өрімдей қыздың өмірі бұзылды… Осындай жағдайларды, тағы да қайталап айтамын, жарияламаған дұрыс. Баяғыда жаман нәрсемізді көрсетпеуші еді, естімеуші едік. Ал қазір жария еткен сайын тасжүрекке айналып бара жатқандаймыз.
Осы ұялы телефон, компьютер, ғаламтор қазаққа сор болды. Балаларынан сырт қалған ата-ана әбден бүлініп, шегінен асқанда «аһ!» ұрды. Бұл тым кеш еді. Олар өздерінше өз өмірлерін сүріп жатыр. Міне, қасіреттің көкесі осы! Балапандарымыз өзге зұлымдардың ойыншығына айналды. Осындағы небір ұятсыз көріністер, хайуани өзара әрекеттер балаларымызды ерте жастан қоздырып, бұзып, иман қорғанын тас-талқан етіп, оларды осындай жағдайға жеткізді. Бізді балаларымыздан айырды. Олар бөтен, жат адамдарға айналды.
Бұған шеше де, қыз да, жігіт те, қоғам да кінәлі. Бұл — біздің қасірет, бұл — қазақтың қасіреті. Алла бәріне төреші. Алдымызға шыққан ешкім жоқ. Ертеңіміз не болатынын кім білсін? Сондықтан пәлен деп асылық айтпайық, ағайын. “Ел болам десең, бесігіңді түзе” деген. Бесігімізді қолға алайық! Жығылғанды жұдырықтауға шеберміз! Қазір ешкімді ешкім түсінуге тырыспайды. Құдай сақтасын, қателестің бе, жабылып жер-жебіріңе жетеді. Бұндай қоғамда адам қайтіп түзелсін, қатесін түзеу үшін де демеу керек қой. Бұндай жағдайға қалай тап болды? Осыған ой жүгіртейік, ендігі тәрбиемізді батыл қолға алайық.
“Мынау қыз екен, жолда туған”. “Ал мынау соның әке-шешесі” деп, жерден жеті қоян тапқандай суреттерін жариялап жатырсыңдар. Сенің ол суреттеріңнен жұртқа пайда келді ме? Жоқ. Ол әулеттің басқа адамдарын ойладыңдар ма? Кірерге тесік таппай жүрген шығар олар? Егер сол фамилияның бір адамы шыдай алмай өліп кетсе ше?! Кінәлі сезінбейсіңдер ме? Анау суреттерді жариялап жатқандар, бөпені өлтірген апаның әр жақ, бер жағы сияқты. Жауызданып кеткенбіз. Әйтпесе “бөпені терезеден лақтырып жіберді” деген тақырыптың өзі ауыр. Жоқ, бұл аз бізге. Бізге миы шашылып жатқанын көргіміз келеді. Еш айыбы болмаса да, әкесін көрсетіп, масқара, масқара деп айқайлау керек.
Бір нәрсені ескерейік. Соңғы кезде өзімізден сәл төменді, жығылғанды тұқыртуға шебер болып бара жатқан сияқтымыз. Мәселе масқаралаумен шешілмейді. Белгілі жорналшы Базар Қилыбаев: “Мен түсінігі жоқтардан қорықпаймын. Жүрегі жоқтардан қорқамын”, — деген екен.

Не істеу керек?

1. Себебі не, неге?! Рухани азғындық, имансыздық, әлеуметтік теңсіздік, заңның солқылдақтығы, жауапсыздық… осылай кете береді…
2. Кім кінәлі?! Бәріміз, қоғам, билік, отбасы, мектеп…
3. Не істеу керек деген сұрақ мазалайды..

Алдымен ғаламторда осы сауалға жауап бергендердің уәждеріне үңілейік.
Кінәліні тауып, жауапқа тартып, іс барысы қоғамдық бақылауға алынса… Осылай басқаларға сабақ болатындай жағдай қалыптастыру керек. Бұларды ақтауға болмайды, олар өмір заңдылығын бұзды, оларға кешірім жоқ, хайуандар да олай істемейді, бұлар адам емес, оларды іштегі жындары басқарып отыруы мүмкін, себебі олар бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс істеді.
«Тана көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді» деген мәтел жақсы болды ғой жұртқа. Дәл сол уақытта не болғанын кім біліпті?.. Ананы жауыз деп айтуға, кінәлауға болмайтын сияқты. Түсіністікпен қарайық, ағайын! Бәзбіреуді табалай бергеннен ештеңе өзгерте алмаймыз…
Мүмкін, бұған кінәлі біреуіміздің ініміз, біреуіміздің ағамыз, не болмаса үйдегі отағасы — күйеуіміз де болуы мүмкін ғой. Дәл қазір ешкімді жақтау мүмкін емес. Екі жыл бойы қызымен жатқан әке… Үш жасар қызды зорлаған еркек… Не естіп, не көрмей жатырмыз? Егер сол анасының орнында сіз болсаңыз, не істер едіңіз?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қоғамның талқылауына түскен бұл мәселеге айтқан ойын келтірейік.
«Әке әкелік міндетін атқарып, балаға рухани тәрбие бермесе, ана аналық парызын орындап, мейірімін төкпесе, бала ата-ананың қамқорлығын сезінбесе, үлкендерге құрмет көрсетіп, батасын алуды үйренбесе, онда сол отбасының ойраны шықпайды деп кім айта алады? Кейбір қарындастарымыз болмашы тұрмыстық сынаққа сабыр ете алмай, бауыр еті баласын тірідей далаға тастап, болмысымызға жат мінез танытып жатқаны жанымызға батады.
Жастарымыз асығыс шешім қабылдауға бейіл тұрады. Неге? Мұның себеп-салдарын айтқанда, қайтадан сол тәрбиені, имандылықты, ізгілік пен сенімді тағы сөз етеміз. Шығыс даналығында: «Бос арбаның сылдыры көп», — деген сөз бар. Тамыры терең тартпаған талдың да жел шайқаса құлауға шақ қалатыны секілді, тұла бойы иманға толмаған адамның ғұмыры баянсыз болады. Қаладағы кейбір ата-аналарымыз уақытының көп бөлігін жұмыста өткізеді. Былайша айтқанда, өз үйіміздің «квартирантына» айналдық. Әрине, ақша кімге қажет емес. Бәріне керек. Алайда үйдегі баланың тәрбиесі одан да маңызды екенін әбден ескеруіміз тиіс.
Ақпарат құралдарынан сәбиін көлікте босанып, далаға тірідей лақтырып жіберген қарындасымыз туралы қайғылы хабарды мен де естідім. Денем тітіркеніп, мазасыз ұзақ күй кештім. Әрине, өкінішті жағдай. Қызды қырық үйден тыя білген халықпыз ғой. Баяғыда бойжеткен қыздар отбасын құру туралы анасымен, жеңгесімен сырласатын. Қазір бұл үрдіс азайып барады. Өкінішке қарай, ұл-қыздарымыздың тәрбиесі екінші орында қалып қойды. Баласын тірідей өлімге қиған сол қарындасымызға қаражат, киім, баспана, тағы басқа нәрсе жетпей жатыр деп айта алмас едік. Жастарымызға жетпей жатқаны — рухани азық, иман, тәрбие. Өйткені Ислам — екі дүние бақытының кілті…»
Биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарованың пікірі де көкейге қонады.
«Мен өткенде жапондардың қызды қалай тәрбиелейтіні туралы бір мақала оқыдым. Жапон қыздарын әкелері өте қатал тәрбиелейді екен. Өйткені ертеңгі күні оған күйеуімен тұру жеңіл болады. Күйеуінің мінезі ашулы, қаталдау болса, үйіне қайтып бара қоймайды. Бұрын қазақтың тәрбиесі де сондай болған ғой. Кейінгі кездері қыз баланы тым еркелетіп жібердік деп ойлаймын. Бір жағынан, жігіттерге сенбеу деген қорқыныш та бар. Ата-аналарға кеңес ретінде айтарым — қыздарының өмірін ойлайтын болса, отбасы болуына кішкентайынан бастап үйрету керек. Қыз баланың негізгі мақсаты — уақытында тұрмысқа шығып, уақытында ана болу…»

Түйін орнына:
Тәрбие отбасынан басталады

Маған әлем күңіренгендей болды, намысшыл халқым жылап, ата-баба сүйегін сырқыраттық-ау!.. БАҚ өкілдері жан ұшыра жазып, барлық арналарда көрсетіліп, талқылауда… Енді не істелініп жатыр, көрсетейік, жазайық, науқаншыл болмайық.
«Не істеу керек?» деген сауалға қарапайым адамдардың да, дін қызметкерінің де, ғалым-ның да, біздің де жауабымыз бір арнадан табылғандай. Ең бастысы балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз. Мемлекет те, діни орындарымыз да, ата-аналары-мыз да, ұстаздарымыз да жауапты. Әсіресе аналарымыздың жауапкершілігі батпандай ауыр. Тәрбие отбасыдан басталады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеніміз» абзал. «Ұлды отыз үйден тыю, қызды қырық үйден тыю» деп бабаларымыз босқа айтқан жоқ. Алдымен қазақи салт-дәстүрлеріміздің өмірімізде, отбасында қолданайық. Ұл-қызымыздың көкірегіне есі кіре бастағаннан иман дәнін егейік! Осы бір тінді өмірбақи үзбей, өзек етелік. Отау көтерер жастарымызға ата-аналық парызын үйретелік. Қысқасы, зор бетбұрыс қажет. Онсыз азғындауға бет бұрған, іріп-шіруге айналған қоғамымызды емдеу оңай емес. Ел анасы ретінде бәріңді мемлекетімізді жайлап алған дерттермен, азғындықпен, зұлымдықпен күресуге шақырамын. Себебі өзіміз өмір сүріп отырған мемлекетіміз қауіп құшағында. Бірлесіп жұмыс істесек, қоғамымыз тез арада сауығатынына шәгім жоқ.

Сәуле Мешітбаева,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері