Досай КЕНЖЕТАЙ: Анадолыда мүдделер мен мақсаттар тоғыспайынша, тыныштық болмайды

— Түркияда орын алып жатқан оқиғалар туралы не айтасыз?

— Анадолы — түркі жұрты. Кешегі азуын айға білеген Осман империясының орнындағы Түркия Жүмхуриетінің негізін Ататүрік қалаған республикалық, зайырлы, демократиялық және құқықтық мемлекет. Мағжан Жұмабай атамыздың «Алыстағы бауырыма» деген арнауында айтылғандай, Түркия мен Қазақстан тегі, тарихы, ділі мен тілі, діні бір ел. Алғаш тәуелсіздік алғанымызда алдымен қолдап, қуанған да осы ел болатын. Сондықтан бұл елдегі кез келген жағдайға алаңдауымыз орынды. Тарихи тұрғыдан алғанда Түркия барша мұсылман елдерінің көшбасшысы. Кезіндегі Османлы халифатының да орталығы. Сол үшін де іштен және сырттан жасалған небір саяси, әскери, экономикалық, идеологиялық қысымдар мен қитұрқы қақпандарға жауап беріп, өзінің тарихи, өркениеттік болмысын сақтап келе жатқан дәстүрлі, тәжірибелі және демократиялық мемлекет.  Кешегі 15 шілдедегі жағдай бізді де алаңдатып отыр.  Мәселе төңкеріс әрекетінің дер кезінде тоқтатылуының, әлемде үлкен жаңғырық туғызған құбылысқа айналуында жатыр. Түркиялық және әлемдік сарапшылардың тұжырымдарын салыстыра отырып, мұның себебі мен мақсаты туралы ортақ пікір айтуға ертерек секілді. Түркия саясатының тұжырымдары осы құбылысқа қатысты өз қоғамын да әлемдік қауымдастықты да рационалды түрде қанағаттандырып отырған жоқ. Жаппай қылмысты, күнәһар іздеу науқаны «төңкеріс» артынша басталған «қуғынсүргін» құбылысы әлемді де, Түркия қоғамын да сендіріп отырмағаны белгілі…

— Түрік елін исламды берік ұстанған, әлемдік тәжірибедегі демократиялық құндылықтарға ие ел ретінде елестетуші едік. Сонда осынау зайырлы мемлекет қайда беттеп бара жатыр?

— Түркияның ішкі және сыртқы саясаттағы, сонымен қатар ислам әлеміндегі орны белгілі. Ұстанымы мен геосаяси қызметі де маңызды. Қазіргі таңда жаһан «Таяу Шығыс» проблемаларындағы Түркияның рөлін де 1жақсы түсінеді. «Әділет және Даму» партиясы — Түркия Республикасының саяси тарихындағы өтпелі кезеңді көтеріп келе жатқан билік партиясы.  Соңғы 10-15 жыл тек Түркия үшін ғана емес, жалпы әлемдік саясаттың жаңа белесі десек те болады. Ол сонау Америкадағы 2001 жылы 11 қыркүйекте орын алған «егіз мұнара» оқиғасымен де тікелей байланысты.  Мемлекеттің дін қатынасы тарихындағы қордаланған мәселелер де осы тұста пісіп жетілді деуге болады: зайырлылық ұстанымының нақты ғылыми анықтамасы мен тәжірибесі арасындағы алшақтық; Түркия қоғамының діни практикалық жағдайындағы тариқаттар, жамағаттар, мазһабшылық, яғни  алауисунни тартысы; күрдтер мен терроризм, сепаратизм; Шығыс аймақтық әлеуметтікэкономикалық  қабаттары; Сирия және босқындар мәселесі, Таяу Шығыстағы күш сынасу қабаттарында орталықтандырылған ғылыми саяси шешімдердің артқы санатта қалуы; сонымен қатар саяси идеологиялық дилеммалар мен ескі диалектикалық жіктер мен тепе-теңдіктер социологиясы және т.б. Міне, осыларды таразылағанда Түркияны үлкен трансформациялық жаңа экзистенциялдық парадигмалар күтіп отыр деуге болады. Тарихи сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, зайырлылық ұстанымы негізінде дамуын жалғастыруын тілейміз.

— Сонда Түркияда дін мен саясаттың арасындағы жақындық пен алшақтық «зайырлы» деген сипаттан басқашалау болғаны ма?

 — Бүгінгі жағдай — кешегі ахуалдардың нәтижесі. Бұл дін мен саясат қатынасы мәселесі  әбден пісіп жетілген «шиқан» сияқты ұзақ уақыттың жемісі. Саясат негізінен зайырлылық ұстаным бойынша дінге араласпауы керек еді. Бірақ ақша, ықпал, билік және саясат қойсын ба… Жалпы, бүгінде саясат дінсіз елестетілмей қалған. Ол сонау ескіден келе жатқан дилеммалар: сунни-алауи жақтастары: Солшылдар мен оңшылдар… Жалпы кез келген діни топ пен билік арасында алшақтықтан гөрі жақындық айқын көрінеді. Кешегі «төңкерістен» соң «Қызылай» алаңындағы тариқаттар «самасы мен уирді» соның көрінісі ме деп ойлаймын… Жалпы билік құндылыққа, дінге жанашырлық танытса, оны кез келген саясатқа қолданбауы керек еді. Бұл Түркиядағы «зайырлылық ұстанымының» ұстынынан ажырауы сияқты көрінеді.

— Кезектегі «төңкеріс» жағдайына қарағанда, біраз адамдардың қазіргі биліктің ұстанымына наразылығы бар секілді. Бұл ел Ататүріктің идеяларына әлі күнге құрметпен қарайтын болар?

— Мұнда кешегі Ататүрік салған ұстанымдар мен идеялардың сабақтастығы туралы алуан пікірлер бар.  Бұлар республикашылдық ұстанымдары… Зайырлылық пен республикашылдық біртұтас. Меніңше, осы екі арада қазіргі тұста қайшылықтар бар сияқты. Қазіргі күнде жаһандық саясат аспектісі болып отырған дін ислам тақырыбы да бұл елді айналып өте алмас еді…

— Неліктен қысқа уақыттың ішінде туризм дамыған аймақтан терроризм өршіген ошаққа айналды?

— Бұл жерде Таяу Шығыс пен жаһандық саясаттың да ықпалы бар. Жаһандық терроризм орталығы да ауып кетті… Түркия осы геосаясатта «коридор» қызметін атқарып отырғандығы мәлім. Демек, Түркияда да қаншама мүдделер мен мақсаттар бір арнаға тоғыспайынша немесе келісімге келмейінше, бұл жағдай сақталатын түрі бар. Ел қаншама жылдан бері терроризммен күресіп келеді. Күрдтер мәселесі, «Өжалан» синдромы белгілі жағдай..

 — Ел билігі терроризммен қаншалықты күресіп отыр деп ойлайсыз?

— Мен соңғы екі жылда Таяу Шығыс,  ДАИШ мәселесін зерттеп жүрмін. Сонда байқағаным, мәселеге Орта Азия және Қазақстан тұрғысынан қарағанда, қазіргі жаһандық тақырып болған құбылыспен Түркия саясатының тонның іші бауындай байланысы бар екендігін көрдім. Қазақстандағы барлық  ДАИШ-ке бағытталған жолдар Түркияға барып тоғысып жатыр. Көптеген шетелдерден осы лаңкестерге барып қосылып жатқан содырлардың да алғаш табан тірейтін жері осы ел екен. Қазір осы мәселеде геосаяси жағынан да негізгі орталық болып отыр. Терроризм емес, олар үшін  бизнес, не күш салыстыру орталығы сияқты көрініс бере бастады. Екі ел аралық келісім болған күннің өзінде осы Қазақстаннан кеткен «жиһадшылардың» Түркия үкіметі тарапынан құрықталғандығы туралы мәлімет көрген жоқпын әліге дейін. ДАИШ, бұл — жаһандық жоба, онда көптеген мүдделер тоғысып жатыр. Ал енді бір мемлекет ретінде, оның үстіне әлемдегі алпауыт ұйым саналатын НАТО-ның бір мүшесі болып отырған қуатты ел үшін мұндай «май шелпек» жобадан өз сыбағасын ала алмауды елестету мүмкін емес сияқты…

— Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали

«Қазақстан-ZAMAN» газеті