Қамырдан өз қолыңмен керемет сыйлықтар жасауға болады

Жексенбі, 12-Ақпан 2017 / 12:02
Айдары: Өнер әлемі
Қамырдан өз қолыңмен керемет сыйлықтар жасауға болады
Мектеп бітіргеннен кейін колледждерге немесе техникалық және кәсіби білім беру орындарына барып оқитын түлектер саны жылдан-жылға артып келеді. Неге дейсіз бе? Біріншіден, бүгінгі колледждердің жабдықталуы университеттерден кем емес. Екіншіден, университеттерге мектеп бітіре салып түскеннен гөрі колледжден кейін түсу жеңілірек. Колледж студенттері оқу орнында ғана емес, қалалық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейлерде өтетін түрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға да белсене қатысады. Бұған қоса, колледждер түлектерге тек жұмысшы мамандықтарын игертіп қана қоймай, заман талабына сай стилист, дизайнер немесе зергер сынды мамандықтарды да оқытады. Бүгін біз сіздерді Вера Васильевна Аминевамен таныстырсақ дейміз. Ол Туризм және қонайжайлылық индустриясы колледжіндегі қамырдан түрлі бұйымдар жасауды үйрететін «Табиғат және фантазия» атты үйірменің жетекшісі. Кейіпкеріміздің өзі де осы оқу орнының түлегі (кезінде ол сауда-кулинария мектебі деп аталған). Жас күнінде Вера Васильевна дәрігер болғысы келген екен. Алайда, өмірлік ісі медицинадан алшақ болып шықты. Бірде сауда-кулинария мектебінде оқитын құрбысы Вераны ашық есік күніне шақырады. «Келген бетте-ақ осы мектепте оқуға тиіс екенімді түсіндім. Жақсы аспаз – ең мықты дәрігер. Адамды ас-ауқатпен де емдеуге болады ғой. Осылайша, адамдарды емдейтін, оларға көмектесетін мамандықты таңдадым. Тек сәл ғана бағытын өзгерттім», – деп еске алады бүгінде Вера Васильевна. Арада жылдар өткенде үлкен қызы мамандық таңдауда қиналады. Сонда анасы қызына дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. «Қызыма өзімнің аспаздың оқуын оқығанымды айтып, кондитер болуды ұсындым. Кезінде өзім бітірген кулинария мектебіне алып келдім. Қызым оқуға түскеннен кейін арада біраз уақыт өткенде, үлгерімі жөнінде сөйлесейін деп директордың орынбасарына бардым. Ол кісі мені колледжде шебер болып қызмет етуге шақырды. Оған дейін балабақшада кішкентай балалармен ғана жұмыс істегендіктен, студенттермен жұмыс істей аламын ба, жоқ па деген күмәнім болды. Бірақ, директордың орынбасары бастап көруімді өтінді. Міне, содан бері 23 жыл өтіп кетті. Сүйікті ісімнен әлі де қол үзген жоқпын. Қазір зейнеткерлік демалыстамын. Бірақ, аптасына екі рет үйірмені жүргізуге және гүлдерге су құюға келемін. Біздің колледжде гүл өте көп», – дейді Вера Васильевна. 1996 жылы колледж директоры қызметкерлерін курстарға жібереді. Вера Васильевна қамырдан түрлі бұйымдар жасауды сол кезде үйренді. Нәтижесінде осы үйірмені ашылды. «Үйірмеге бала жинау үшін алдымен өзім сабақ берген студенттерді шақырдым. Басында бір топ жігіт келіп, қамырдан әртүрлі бұйым жасап жүрді. Ал басқа студенттер мұның қызық екенін байқап, шетінен келе бастады да, біртіндеп қатарымыз көбейді. Қазір 10-15 бала қабылдаймын. Бүгінде студенттер дуальді оқу жүйесі бойынша оқитындықтан, кейде үйірмеге барлығы бірдей келсе, енді бірде сабағымызда бір-екі бала ғана отырады. Соған қарамастан, жұмыс істейміз, бағдарламадан қалмаймыз. Студенттер жасаған бұйымдарын үйлеріне алып кетіп, ата-аналарына көрсетеді. Кей ата-аналар көрсе көз тоятын дүниенің өз баласының қолынан шыққанына сенбей де жатады», – деп күледі Вера Васильевна. Үйірменің сабағы бағдарлама бойынша өткізіліп, сабақ жоспарын директор бекітеді. Кейде студенттердің қиялын ұштау мақсатымен өзіндік жұмыстар да болып тұрады. «Былтыр күзде балалармен бірге қамырдан жасалған бұйымдардың көрмесін жасадық. Онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар емделетін ауруханаға бардық. Содан кейін колледжде қайырымдылық көрмесін ұйымдастырып, қамырдан жасаған бұйымдарымызды саттық. Одан түскен қаражатты өз арамыздағы бір баланың еміне бердік», – дейді Вера Васильевна таныстыра жүріп. Ұстаз қамырдан мүсін жасау туралы үнемі ізденіп оқитынын айтады. Қазір немересі көмектеседі екен. Мәселен, интернеттен түрлі бұйымдардың суретін тауып береді. Соның негізінде идеяларын жинақтап қояды. «Біз жұмыс істейтін қамырды дайындау үшін ұн, тұз және су керек. Мұны колледж береді. Аздап өсімдік майын да қолданамыз. Қамырдан жасалған заттарды тек сәндік бұйым ретінде пайдалануға болады. Қабырғаға ілетін композициялар, табақтар мен тақталарға жапсыратын бұйымдар жасалады. Кейбірі пісіреді, енді бірі түрлі-түсті етіп бояйды. Бәрі де балалардың қиялына байланысты», – дейді тәжірибесімен бөліскен ұстаз. Біз барғанда Вера Васильевна өзінің шәкірттерімен бірге жеміс салынған себет (алма және алмұрт) пен молшылық белгісі – мүйізді дайындады. Бұл бұйымдарды пісірді. Ал «Алмасы бар картинаны» кептіріп, бояды. Вера Васильевна үшін бұл үйірме тек сүйікті ісі ғана емес, сонымен бірге көне заманда болып, ұмытылып кеткен өнер түрі туралы айтуға берілген мүмкіндік. Педагог көптеген шеберлердің өздерінің құпиясын толық ашпайтынын да жасырмайды. Бірақ, өзі балалардан ештеңені жасырған емес. «Қазір сыйлық сатып алмайтын болдым. Бәрін өзім қолдан жасаймын. Ерекше сыйлық болып шығады, көпшілік таңғалысын жасырмайды. Өйткені, көпшілік қамырдан тек бәліш пісіруге болады деп ойлайды. Ал үйірмеге қатысатын балалар кәсіпкерлікке бейім. Мысалы, Денис деген студентім болған. Ол осы үйірмеде жасаған бұйымдарын сатып жүріпті. Өзінен сұрағанымда, ең арзанын 1500 теңгеге сатқанын айтты. Таңданысымды жасыра алмадым. Өйткені, өзім әлі сатып көрген емеспін, тек сыйлап келгенмін. Дегенмен, балалардың пысықтығына қуандым», – дейді Вера Васильевна. Үйірменің болашақ кондитерлерге берері мол. Қамырдан түрлі заттарды жасап үйренгеннен кейін мастикамен жақсы жұмыс істейді. Ал кондитерлер одан әрлейтін заттарды жасайды. Вера Васильевнаның үйірмесіне қатысатын студенттер торттарды еш қиналыссыз сәндеп, күрделі бұйымның түр-түрін жасайды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Әлеуметтік желідеміз

YouTube Vk

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) 60 қасиеті

Facebook парақшамыз