Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «қазақ тілін құртады екен» деген алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды…

Білім беру жүйесі – сынға көп ұшырайтын саланың бірі және онда болып жатқан реформалар ауыртпалықсыз өткен емес. Ағымдағы жылғы наурызда Қазақстанда Білім берудің және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.  Ал, бұдан бір ай бұрын — 10 ақпанда Білім және ғылым министрі лауазымында отырған Аслан Сәрінжіповті Ерлан Сағадиев ауыстырған болатын.

Қазір ата-аналар жолдаған петицияға Сағадиев бес күндік оқу аптасының енгізілуі, білім берудің үштілді жүйесіне көшуі және оқу жылының ұзартылуы туралы түсініктеме беруде. Бұл өзгерістердің бәрі  білім беру мазмұнын жаңарту туралы мәселе қозғалған мемлекеттік бағдарламада қарастырылған.

Осы орайда NUR.KZ порталы елдің көкейінде жүрген сауалдарды Білім және ғылым министріне қойып, сұхбат алды.

— Ерлан Кенжеғалиұлы, 1 қыркүйектен бастап, Қазақстан кезең-кезеңімен білім берудің жаңа жүйесіне көшпек. Осыған орай жаңартылған білім беру мазмұны туралы айтып өтсеңіз.

— 80-шы жылдардың ортасында көптеген дамыған елдер білім берудің жаңа түріне көшу туралы қорытындыға келді. Ол білімнің санына ғана емес, функционалдық сауаттылығына негізделуі тиіс болды. Яғни, адамның қаншалықты білімділігі емес, қаншалықты біліп, істей алатындығы және алған білімін қалай қолдана алатындығы маңыздылыққа айналып отыр.

1988 жылдан бастап ЭЫДҰ елдері бірінен соң бірі мектептерде жаңартылған білім беруге көше бастады. Бұл үдеріс 90-шы жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды өлшеудің бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол – PISA деп аталады.

Осылайша Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары елімздегі кейбір мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде 1- сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшуге төрт жыл жобаланып отыр.

— Бағдарламада нақты қандай өзгерістер болмақ?

— Бұл мәселені екі мысалмен түсіндірсек болады. Біріншісі, тың игеру жылдары қанша гектар жер игерілді? Бұл ҰБТ-ға тән сұрақ. Бұған жауап ретінде нақты даталарды, фактілерді және көрсеткіштерді білу қажет. Екіншісі, сәуле мен толқынның арасалмағы қандай? Жауаптың нұсқалары: дыбыс және амплитуда, жылдамдық және жиілік және т.б. Бұл жоғары оқу орнына түсу үшін жастар тапсыратын функционалдық сауаттылық тестінің қарапайым үлгі сұрақтары.

Осы арқылы жастардың физикадан базалық білімі бағаланады және бастысы – ой деңгейі мен логикасы сарапталады. Осылардың бәрі — Болашақ ҰБТ сұрақтарының түрлері. Міне осы сұрақтар білім жүйесінің бұрынғы ескі мазмұнымен жаңартылған мазмұнның айырмашылығын көрсетеді.

— НЗМ-де оған түспес бұрын белгілі бір емтихан тапсырған балалар оқуда, оларда материалдық-техникалық база өте жақсы, мұғалімдердің жалақылары жоғары.  Ал енді қарапайым мектептер жаңа бағдарламаны игеріп әкете ала ма? 

— Біріншіден, осы бағдарламаны тәжірибе ретінде жүргізіп жатқан 30 пилоттық мектептің бәрі қарапайым, қатардағы мектептер, оның ішінде ауылдық және шағын жинақты мектептер де бар. Олардың қол жеткен нәтижелері қалған басқа мектептерде де бұл бағдарламаны толығымен игеріп кете алатынын көрсетіп отыр.

Жаңартылған мазмұн сынақтан өткізілген мектептерде және Назарбаев зияткерлік мектептерінде біраз жылдар ауқымды жұмыстар жасалды.  Білім берудің жаңартылған мазмұнын сынақтан өткізуге мониторинг өткізілді. Ата-аналар да, балалар да риза. НЗМ-де конкурста 1 орынға 15 үміткерден келеді. Сондықтан осындай бағдарлама (оқу жүйесі) Қазақстанда барлық 7500 мектепке енгізілмек.

Екіншіден, мұғалімдерге әдістемелік материалдардың толық ресурсы дайындалды, олар: оқу бағдарламалары, күнделікті сабақ жоспарлары, оқулықтар, мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдар.  Бұл материалдардың барлығы әр жаздағы біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге берілетін болады.

Үшіншіден, аталмыш мектептердің материалдық-техникалық базалары айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Басты мәселе оқулықтардың мазмұны туралы болып отыр. Әрине, мен сізбен толық келісемін, мектептердің материалдық базаларын жаппай жаңартып отыру керек, салып алу керек, жақсартып отыру керек, бұл мәселені біз әкімдіктердің алдына және үкімет алдына қоятын боламыз.

Төртінші, Назарбаев зияткерлік мектептерінде бүгіннің өзінде 80 оқытушы-тренер дайындадық. Олар қазіргі уақытта ұлттық біліктілікті арттыру орталығы «Өрлеудің» 540 оқытушы-тренерін және басқа мектептердің 140 оқытушысын жаңа оқу жүйесімен жұмыс істеуге кәсіби біліктілігін дайындауда, ал 760-тан астам тренер бастауыш мектептің 73 мың мұғалімін жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жаз маусымында оқытатын болады. Бұл жұмыс еліміздегі өңірлердің 280 мектебінде өткізілетін болады.

— Яғни біз  дайынбыз демексіз ғой? 

— Ия, біз дайынбыз деп айтауға негіз бар. Мұның бәрі бостан бос, ешбір дайындықсыз істелініп отырған жоқ. Өткен үш жылда 52 мың оқытушы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттырудың деңгейлік курстарынан өтті, осыдан кейін олар еңбекақысына қосып үстемеақы алды.

Яғни, оқытушылар тиісті дайындықтан өтті. Біраз жылдар бойы мықты дайындық жұмыстары жүргізілді. Ол өз жемісін беріп отыр, ал қазір балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтудың деңгейін 5 жыл ішінде 36%-дан 82%-ға жеткіздік. 2019 жылға қарай жасөспірімдерді балабақшамен қамту 100 пайызға жетеді, яғни балалар мектепке дейін де арнаулы дайындықтан өтеді.

«Жаңа министр келіп тағы да эксперимент жасауға кірісті» деген әңгімелер бар. Бірақ олай емес. Елімізде маған дейін көптеген жылдар бойы білім жүйесінде жаңа мазмұнға көшуге дайындық жасалды дер едім. Эксперименттік мектептерде жаңа бағдарлама бойынша оқыған балалар бірнеше дүркін оқуын бітіріп шықты. Президентттің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс 15 жыл бұрын басталды. Маған дейін істеген барлық министрлердің жұмыстарын, бастамаларын толыққанды енгізу сәті менің үлесіме тиіп отыр.  Баршамыз оларға үлкен рахмет айтуымыз керек.

— Сіздің бес күндік оқу аптасын енгізуге байланысты жазғы каникул уақытын қысқарту туралы мәлімдемеңіз халық арасында кеңінен талқыға түсіп, әртүрлі пікірлер туғызуда.

— Жаз – оқушылардың асыға күтетін мезгілі. Әрине сенбі де солай. Сенбіде демалу болған жоқ. Бұл күн балаға да, ата-анаға да керек. Барлық өркениетті елдер бір апта оқу жүктемесінен кейін толық демалып, ата-анамен әңгімелесудің қандай маңыздылығы бар екендігін түсінеді. Бір күн бұған жетпейді. Біз отбасылық тәрбиеге, баланы қосымша дамытуға уақытты екі есе ұлғайтып отырмыз. Спортпен, музыкамен, өнермен айналысуға мүмкіндік көбейеді.

Жаңа бағдарлама сенбіні босатуға мүмкіндік береді. Жалпы алып қарасақ оқушылар бірінші сыныптан бастап сенбі есебінен 34 күн қосымша демалыс алады. Әрине, мұғалімдер сағаттары үшін, өз пәндері үшін алаңдайтынын жақсы түсінеміз. Бірақ бұл арада ешқандай алаңдаушылық қажет емес, үйткені елімізде мұғалімдер жетіспейді, халық саны өсуде, сондықтан ешкім жұмыссыз қалмайды. Қазір ең бастысы – бағдарламаны жаңарту және оқу сапасын көтеру керек.

Енді жазғы каникул туралы. Бастауыш сыныптар тек 30 мамырға дейін оқып, толық үш ай демалады. Негізгі және жоғары сыныптарда оқу жылы бар болғаны 10 оқу күніне ұзарады. Сондай-ақ, сенбі күндерінің есебінен жастарға 34 қосымша демалыс күндері болатынын ескерген жөн.

— Оқу жылын 10 күнге ұзартпай-ақ бес күндік оқуға көшуге бола ма?

— Оқу бағдарламасы бұл жүздеген әдіскерлердің, мұғалімдер мен ғалымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі екенін түсіну қажет. Бала белгілі бір тақырыптар мен деңгейлерді меңгеруі тиіс. Мысалы, физика пәнін алып қарайық. Бағдарламаны қысқартқысы келетіндер: оптика бөлімін алып тастаңдаршы десе қалай болмақ?

Бұл тақырыпты меңгермеген оқушы жарықтың қасиеті, жарықтың сынуы, оның спектрлерге жіктелуі туралы білмес еді. Әр деңгей алдыңғы тақырыптармен тығыз байланысты. Сегізінші сыныпта жақсы оқу үшін, жетінші сыныптың білімін толық меңгеруің қажет. Бәрі бір-бірімен байланысты. Артық ештеңе жоқ.

Мен өзім Алматы қаласындағы физика-математика мектебінде оқыдым. Жазғы каникул деген аты болмаса, демалуды білмедік. Жазғы каникулға Сканави жинағы бойынша математикадан 300 есепті шығару тапсырмасы берілетін. Бұны 90 күнге бөлетін болсақ, күніне кемінде 1,5 сағат уақыт кетеді.  Қазір бұған бір сәт те өкінбеймін.

Менің ата-аналарға айтарым: балаларды жақсы көріңіздер, бірақ олардың болашағы бүгін олардың қаншалықты тырысып оқып, білікті болуына байланысты. Малкольм Гладуэллдың «Гении и аутсайдеры» кітабын оқыңыздар, онда адам өз ісінің шебері болу үшін оған 10000 сағат уақыт жұмсау қажет екені айтылады. Меніңше, бұл кітаптың аудармасы бар. Білім саласының басқа мамандары да осыны айтады.

Біздер мұғалімдермен, мектеп директорларымен бес күндік оқуға көшу мәселесін бірнеше рет талқыладық, ортақ шешімге келдік. Сенбі күнгі демалыс олар үшін өте маңызды, бұл – олардың көптен бергі арманы.

Қазақстанның үштілді білім беруге көшетіні туралы айтылғанына көп болды, бірақ кейбір сарапшылар, ата-аналар біздің мектептеріміз бұған дайын емес деген пікір айтуда.

— Әуелі үш тілде білім беру көлемін түсініп алайықшы. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үш тілді оқыту енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәйкес, тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі, оның өзі тек 2019 жылдан оған керекті ұстаздар дайын болғаннан соң басталады.

Бұл аптасына 8 сағат. Сөйтіп бүл қазір емес, тек төртінші жылда басталатын жұмыс. Ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және басқа да пәндер қазақ тілінде өтеді. Барлығы 18 сағат. Тек ұстаздар үшін айтып жатырмын.

Егер тек инвариантты сағаттарды алатын болсақ, 22 инвариантты компоненттің 14 сағаты қазақ тілінде, оған дене шынықтыру пәнінің 3 сағатын қосыңыз. Сонымен қатар, таңдау бойынша пәндер бар. Олар да ана тілінде өтеді. Орыс тілі мен әдебиеті, дүние жүзі тарихы оқыту тіліне қарамастан, орыс тілінде оқытылады. Орыс тілінде оқытатын мектептердің жағдайы да осы шамада. Олардағы өзгерістер де тек төртінші жылда ғана. Онда да жоғары сыныптарда.

Қалған сыныптарда бұрынғы базалық принциптер өзгермейді. Әрине, жоғары сыныптарда үш тілде білім алуға дайын болу үшін балалардың тіл үйренуге көбірек күш жұмсайтыны анық. Біз негізгі мектептерге де үш тілде оқыту мүмкіндігін береміз. Бірақ ол мектептердің дайын болуына қарай жүзеге асады. Ал мұғалімдерді жаппай даярлау осы жылдан басталады.

Қазірдің өзінде, шын мәнінде, бізде осы бағытта өңірлерде көптеген жұмыстар атқарылуда. Шығыс Қазақстан облысының жетістіктеріне қараңыздаршы. Қызылорда, Ақтөбе облыстарында қаншама іс тындырылды. Біз жетістікке жететінімізге күмәнданбаймыз.

— Көптеген адамдар қазақ тілінің жағдайына алаңдаулы.

— Біз орындауға кіріскен мемлекеттік білім бағдарламасында мемлекеттік тілді үйренуге басымдық берілген, бұл біздің ісіміздің маңызды бағыты. Оның үстіне жаппай қазақ тілін үйрету міндетін қойып отырмыз. Үштілділіктің мәні де осында. Орыс тілінде оқытатын мектептерді қоса алғанда, барлық мектептерде қазақ тілі және әдебиетімен қатар Қазақстан тарихы да қазақ тілінде оқытылады. Белгілі бір тілде пәнді оқытпай сол тілді жете меңгеру қиын екеніне көзіміз жетті.

Бүгінгі басты проблема — қазақ тілінде оқығанымен, мектеп бітірген балалар қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Ол үшін әдістемені өзгерту қажет. Осындай жұмыс екі бағытта жүргізілуде. Біріншісі – оқытудың жаңа технологиялары. Елімізде бірнеше мамандар тобы осындай технологияларды әзірлеуге кірісіп кетті. Бұл жөнінде алдағы уақытта толығырақ айтып береміз.

Екінші бағыт – қазақ тілін үйрететін әлемдік деңгейдегі әдіскерлер даярлау. Біз әлемдік орталықтармен, атап айтқанда, Германия, Израиль және т.б. елдермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл елдер біздің жас әдіскерлерімізді 6-12 айлық курстарға қабылдайтын болады. Кейін екі бағытты біріктіреміз. Осының бәріне бір жарым жыл кетеді. Біз 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі өзгере бастайды деп үміттенеміз. Негізгі міндет – 2020 жылға қарай, елбасы айтқандай, барлық мектеп бітірушілердің қазақ тілін еркін меңгеруге жеткізу.

— Ал ағылшын тіліне келсек, Қазақстанда ағылшын тілін білетін мұғалімдер жеткілікті ме?

— Қане санап көрейік. Жоғары сыныпта төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін 32 мыңдай оқытушы қажет. Қазір елімізде 365 мың мұғалім бар.  Егер әрбір жиырмасыншы мұғалім төрт жыл ішінде жаңа жүйеге икемделе алса, онда қажетті мұғалімдер санының жартысы қамтамасыз етілгені.

Мен өз басым олардың саны бұдан да көбірек болатынына сенемін. Сондай-ақ, жыл сайын 12-13 мың жас маманды жұмысқа қабылдаймыз. Егер олардың үштен бірі ағылшынша білсе, қалған жартысын толықтыратын болады. Бізде үш жылдан астам уақыт бар. Әрине, біз қысқа мерзім ішінде педагогикалық білім беру жүйесін қайта құру бойынша қыруар жұмыс атқаруымыз қажет. Жалпы, мұғалімдерді даярлауға көп қаржы салынады.

Тілдерді оқытудың жаңа технологияларын естен шығармаған жөн. Егер бес мың мектепті (оқытушылардың 90%) интернетпен қамтысақ, бұл міндетті ойдағыдай шешуге әбден болады.

— Жалпы, осының бәрі не үшін қажет, мақсаты не?

— Президент Нұрсұлтан Әбішұлы дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы мақсат қойды. Бұл алға кеткен елдердің ішінде Эстония мен Израильдің деңгейі. Яғни, бұл жоғары технологиялық, жоғары білімді, халықаралық деңгейде сервис жүйесі дамыған қоғамға айналу жолы. Осы жолда, ағылшын тіліне байланысты тағы бір дерек айтайын.

Гарвард аспиранттары әртүрлі тілдерде жазылған медицина оқулықтарын зерттей келе, кейбір тілдердегі оқулықтарда адам органдары туралы керекті ақпараттың 30% жоқ екенін анықтаған. Мысалы, сіз дәрігерге барасыз, бірақ ол сіздің сырқатыңыздың себебі мен емін дәл таба ала ма? Сіз осыны ойлайсыз.

Елдегі дәрігерлерге бірде сенеміз, бірде сенбейміз. Ал Корея, Германия және Израиль елдері сияқты медицинаға тиісті сенім білдіру үшін медицина ағылшын тілінде болу керек. Академиктер Төрегелді Шарманұлы Шарманов, Камал Сәруарұлы Ормантаев және т.б. белгілі ғалымдардың пікірін тыңдасақ, медициналық білімнің 30 пайызы бес жыл сайын жаңарып отырады екен.

Ешбір ел мұндай ақпарат ағымына теңесе алмайды. Жаппай жаңа білімге көшуді тек өз тілімізде жүргізуге ешбір елдің, ешбір бюджеттің күші жетпейді. Сол сияқты жиі жаңалықтар ақпараттық технологиялар, био-нанотехнологиялар, робото-техника, машина жасау, басқа да көптеген салаларда болып жатыр. Үзбей дамып отырған жаһандану қай мемлекетке болса да басқа таңдау жасауға мүмкіндік бермейді.

Әлемдік зерттеулерді қарасаңыздар ағылшын тілін жақсы білсе адамдардың табысы артып, жастардың жұмыссыздығы азайып, бизнес-климат жақсарады. Ал медиктер адамдарды бүкіл әлемдегідей ана тілінде қабылдауы қажет.

Қазақстандық оқушылардың тілді меңгерудегі оқу жүктемелері шектен тыс көп болмай ма?

— Бәрі ғылыми зерттеулерге негізделуі қажет. Әлемдегі зерттеулер 7 жасына қарай екі тілді және үш тілді балалардың миындағы нейрондық байланыс саны монотілділікке қарағанда неғұрлым жоғары екенін көрсеткен. Бұл қандай да бір қосымша білім берусіз. Бала туғаннан бастап барынша жүктемесі жоғары ортаға келеді және 7 жасқа қарай оның әлеуеті монотілді құрдастарына қарағанда жоғары болады. Баланың өзі оны байқамайды.

Бұл спорттағы сияқты: спортпен шұғылданатын бала жүктемеге үйреніп кетеді және оның бұлшық еттері тығызданып, күші көп болады, оның шыдамдылығы шыңдалады. Сондай-ақ оның миы автоматты түрде жаттығады.

Ағылшындар 20 жыл бұрын барша әлем ағылшын тілінде сөйлейтінін түсіне отырып, міндетті екінші тілден бас тартты. Бірақ жоғарыда айтылған зерттеулер нәтижелері жарияланғаннан кейін олар әрбір мектепке міндетті түрде екінші тілді енгізді. Көптілділік математикаға қабілетті арттырған. Жалпы, көп тілді балалар әлем тәжірибесіне үңілсек басқалардан табысты болады. Біздің балаларымыз әлемдегі көп тілділікке барынша дайын балалардың бірі екенін біз бұрын орыс тілін, қазір ағылшын тілін игеру ісінде көріп отырмыз.

— Балаларға 12 жасқа дейін ана тілін ғана үйрету қажет деген пікір бар.  

— Бұл мұқият зерделеуді қажет ететін пікір. Ол Жапония елінің тәжірибесінен туған пікір. Алыстан қарасаң ол ұтымды-ақ. Бірақ басқа көп мәселеге көңіл аударуымыз керек. Жапония негізінде бір ұлтты ел. Ал Қазақстан — көп ұлтты ел, Еуразия кеңістігінде 100-ден артық ұлттар өкілдері өмір сүруде. Біздің балаларымыз туғаннан бастап осы көп ұлтты ортада өсіп өнеді.  Бұл бір.

Екіншіден, ЭЫДҰ ұжымының зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда тек қазақ мектебінде оқыған жастардың сауаттылық деңгейі орыс мектебін бітірген құрдастарынан 1,5 жылға төмен. Монотілділік осының бір себебі. Осыдан біз қазақ тіліндегі оқудың сапасын жақсылап арттыруымыз керек. Бір сөзбен айтсақ, қазақ тіліндегі оқулықтар сапасын Жапониядағы оқулықтар деңгейіне жеткізуді мақсат етуіміз керек. Қазір біз осы жұмысқа кірістік.

Үшіншіден, әрбір баланың, олардың ата-аналарының жеке армандары бар. Болашақта баларының Гейтс немесе Цукербергерлер болуын армандайтыны — табиғи нәрсе. Кейбір ата-аналар өз перзенттерінің әлем спортында жеңімпаз болуын армандайды. Ал осындай арманына жеткендерге қарасақ, олар арман жолын ерте жасынан бастағанын көреміз.

Мысалы, мәнерлеп сырғалаудан әлем чемпиондары жаттығуды өте ерте, үш жасынан бастайды екен. Осы айтқанымызды жоғарыдағы монотілдік идеямен жалғастырсақ, бізге 12 жасқа дейін бокспен айналысып, онан кейін мәнерлі сырғанауға көшіп, әлем чемпионы болу ұсынылып отыр. Бұл өзіміздегі де, әлемдегі де қазіргі жағдайға сәйкес емес.

— Сіз ашық хаттарға, петицияларға, өтініштерге қалай қарайсыз?

— Иә, барша халықтың пікірін тыңдап, оларды түсіну өте қажет.  Біз – ашық министрлікпіз.  Біз айтып отырған салада жүйелі проблемалар аз емес, сондықтан оны шешудің жолдарын жүйелі түрде қарастыру керек. Қоғамның, ата-аналардың, ұстаздар қауымының пікірлерін мұқият қарауымыз керек.

Қоғамды алаңдатқан мәселелерді әлеуметтің өзімен ақылдасып шешу керек. Бес күндік оқу жүйесін енгізу — халықтың айтқан пікірімен санасудың үлгісі. Әлі де қоғамда білім жүйесінің өзекті мәселелері талқыланатыны сөзсіз. Осыларға байланысты ата-аналарға айтар өтініштеріміз де бар. Біздің бағдарламаларымызбен мұқият танысыңыздар. «Қазақ тілін құртады екен» деген алып-қашпа әңгімелерге сенбеңіздер.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бізден қазақ тілін шынайы, мемлекетте барлық деңгейде жаппай қолданатын тіл етіп, оқу жүйесін осыған бейімдеуді талап етті. Білім министрлігінің және министрдің осы талапты бұлжытпай орындауы — олардың басты міндеті.

“Дат” газетінде елбасы атына жолдаған хатта “малшы, жалшы, құрылысшы, күзетші, базарларда отырған халыққа ағылшын тілі көк тиынға керек емес” деген уәж бар. Сонда қалай ағылшын тілі тек Қазақстандағы элитаның еншісіне тиген артықшылық болғаны ма?

Біздің мақсатымыз қазақ, орыс тілімен қатар ағылшын тілін тек аз ғана топ емес, бүкіл жұрт білетіндей оқу жүйесін қалыптастыру. Осылай болса, тек санаулыларымыз ғана емес, бәріміз өскелең талаппен өмір сүруге жол ашамыз.  Және де өз төл мәдениетіміз бен ана тілімізге сүйене отырып қазіргі заманның өскелең талаптарына мейлінше бейімделуге жол ашамыз.

Осы хатты жолдаған, петицияға қол қойған азаматтардың ішінде балаларын орысша немесе ағылшын тілінде оқытып, шет елге білім алуға жібергендері де бар. Олар саны біреу-екеу ғана емес. Осыдан өз балаларын басқа тілде оқытып, «қазақ тілі жойылады» деп байбалам салғандарды қалай түсінуге болады?

Тағы бір айтарым, балаларымыздың болашағы тек қана мектептің емес, ата-аналардың да қолдарында. Білім — өскелең ұрпақтың тағдыры.  Петицияларға қол қойған сәтте ойланыңыздар: ертеңгі күні сіздің балаңыз білімді болмай, жұмыс таппаса, ол ешкімге керек болмайды, сол кезде сізді аптап ыстықта оқымауға үгіттеген белсендіні қайдан табасыз?

Сол кезде сіздің балаңыз сізге рахмет айта ма? Петициялар болады, оларды еске алу — министрліктің міндеті.  Дегенмен тіл реформасын жүргізу ісінде біздің халықтың осыған дайындығы басқаларға қарағанда әлдеқайда жеткілікті.  Халқымыз осыны жақсы түсінеді.  Мен соған сенемін.

Дереккөз: Nur.kz