Таразда ұлттар достығына арналған өнер фестивалі өтті

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты өнер фестивалі өтті. Аталмыш шараға оқу орнында білім алып жатқан түрлі ұлт өкілдері қатысты.

Фестивальдың мақсаты – ана тіліндегі еркін шығармашылыққа жағдай жасау, жастарды төл мәдениетке, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген сүйіспеншілікке баулу, оған құрмет көрсету, мәдени жетістіктерді сақтап, көбейту.DSC_5684

Қатысушылар өз ұлттарының мәдениеті, салт-дәстүрімен таныстырып қана қоймай, вокалдық және би номерлерін ұсынып, өлеңдер оқыды. Сондай-ақ ұлттық тағамдар әзірлеп, дайындау тәсілдерімен таныстырды.

Екі күнге созылған фестиваль аясында 9 ұлт өкілдерінен құралған топ өз өнерін ортаға салды. 6 жанр бойынша көркемдік нөмірлер көрсетілді. Атап айтқанда, хор және вокалды топтар, жеке орындау, хореография, дәстүрлі музыкалық-хореографиялық композиция және қолөнер туындыларының көрмесі.DSC_5686

«Қазақстанның Тәуелсздігінің 25 жылдығын тойлай отырып, Елбасының сара саясатының арқасында дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан игілікті істерін насихаттау басты міндетіміз. Егемен еліміздің барлық табыстары мен жетістіктері – ұлты мен діни сеніміне қарамастан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып»  отырған отандастарымыздың мызғымас достығының нәтижесі. Барлық алға қойған мақсаттарға ел азаматтарының бірлігінің арқасында ғана қол жеткіза аламыз», – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.

Фестиваль соңында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар» Алғыс хаттармен марапатталды. Олар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласында өтетін мәдени шарада өнер көрсетеді деп күтілуде.

 ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі.