Астанада «KIOSH-2016» халықаралық конференциясы және көрмесі ашылды

Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай VI Қазақстандық халықаралық конференциясы мен Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2016» көрмесі өз жұмысын бастады.

 Конференцияның мақсаты – кәсіпорындарда жарақаттың азаюына, өндіріс нысандарында апат қаупін төмендетуге, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін шығынды азайтуға, кәсіби аурулардың алдын-алуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру.

Іс-шараға  ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Халықаралық еңбек ұйымының, Ресей, Монғолия, Қырғызстан еңбек инспекцияларының өкілдері және т.б. қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова Үкімет пен ҚР ДСӘДМ жұмыс орындарында қауіпсіз әрі денсаулыққа зияны жоқ еңбек жағдайларын жасауға айырықша мән беріп отырғанын атап айтты. Өйткені, бұл – үйлесімді еңбек қатынастары мен еңбектің өнімділігін арттыруға арналған базалық негіз болып табылады.

«Ресми деректерге сүйенсек, 2015 жылы тексеруден өткен 1,6 млн. өндіріс жұмысшыларының 367 мыңы, немесе әрбір төртінші азамат қауіпті әрі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Өткен жылдың нәтижелері бойынша 675 мың адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін қосымша еңбек демалысы, үстемақылар, қысқартылған жұмыс күні және т.б. түріндегі өтемақы алды. Аталған мақсаттарға жұмыс берушілер 103 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 7%-ға ұлғайған», — деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Министр өткен жылы еліміздің өндіріс орындарында еңбекті қорғау мен оның қауіпсіздігін басқарудың замануи жүйесін құруға бағытталған жаңа Еңбек кодексі әзірленіп, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін еске салды. Мемлекет еңбек заңнамасын бұзған жағдайдағы үшін жауапкершілікті күшейтумен қатар, жұмыс берушілердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі белсенділігін ынталандыратын жағдай жасайды. Сонымен, 2016 жылдан бастап жұмыс берушілердің еңбек жағдайларының сәйкестілігін ерікті түрде мағлұмдауы енгізілді. Бұл – мұндай кәсіпорындарды мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеру көлемін азайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге, Еңбек кодексінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде бірігіп іс-шаралар атқару үшін жұмыс беруші мен жұмысшы тараптары өкілдерін біріктіруге негізделген өндірістік кеңесті құру көзделген.

«2017 жылға қарай өндірістік кеңестер зиян әрі қауіпті еңбек жағдайларындағы барлық кәсіпорындарда құрылатын болады, ал 2020 жылға қарай – барлық орта және ірі кәсіпорындарда құрылады», — деді Тамара Дүйсенова.

Ол сонымен қатар, Қазақстанда ЭЫДҰ және Халықаралық еңбек ұйымының қауіпсіздік стандарттарына сай кәсіби қауіп-қатерлерді басқару тетіктері кезең кезеңімен енгізілетінін атап айтты. Лайықты жұмыс жағдайларымен қамтамасыз ету мақсатында өтіп кеткен қайғылы оқиғаларға байланысты әрекет жасаудан оның алдын алуға өту шаралары жүзеге асырылатын болады.

«Біз 2030 жылға қарай өндірістік жарақаттану мен кәсіби сырқаттану көрсеткіштері айтарлықтай азайып, әлемнің дамыған елдеріндегі деңгейге жетеді деген үміттеміз», — деді Министр.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов конференция қатысушыларына еңбекті қорғау және қауіпсіздік жағдайларын жақсарту мақсатында жүргізіліп отырған жұмыстар туралы хабарлады.

«Зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарын қысқарту және өндірістік жарақаттану жағдайларын кезең кезеңімен қысқарту мақсатында соңғы 5 жылда жұмыс берушілер 12 мыңға жуық өндіріс нысандарында еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау жұмысын жүргізіп, 1400-ден астам кәсіпорын еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша халықаралық стандарттарды енгізді», — деді ол.

Сонымен бірге, жұмысқа байланысты оқыс оқиғаларды талдау нәтижесі көрсеткендей, өндірісте жыл сайын 2 мыңнан астам оқыс оқиғалар орын алатындығын, оның ішінде 300-і өлімге әкелетіндігі белгілі болып отыр.

«Өндірістік жарақаттың ең жоғарғы көрсеткіші Қарағанды облысына тиесілі (294 адам), Шығыс Қазақстан облысында (216 адам), Қостанай (153 адам), Павлодар (164 адам) және Алматы қаласында (137 адам). Ең көп зардап шеккендер құрылыс саласында және тау-кен металлургия кешенінде (646 адам) екені анықталып отыр», — деп атап айтты Ақмәди Сарбасов.

2015 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруі барысында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласында анықталған бұзушылықтар бойынша 1504 нұсқама беріліп, 79,8 млн. теңгеге 647 айыппұл салынды.

«Жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатерге байланысты анықталған бұзушылықтарды жоюға дейін 27 өндіріс нысандарының, 7 бірлік жабдықтар мен механизмдердің жұмысы тоқтатылды және 376 лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Құқық қорғау органдарына 1974 материал жіберіліп,  оның ішінде 180-і бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді ол.

2 күндік шара аясында өндірісте еңбектің қауіпсіз шарттарын қамтамасыз етуге экономиканың әсер етуі; еңбектің қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша заңнаманы сақтай отырып кәсіпорындарда ішкі бақылауды жүзеге асыру; жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету; өндірісте болатын жазатайым оқиғалардың алдын-алу үшін кәсіби тәуекелдерді басқару мәселелері қарастырылатын болады.

Форум аясында 2 дөңгелек стол ұйымдастырылады:

  • Қазақстанның қауіпті өндірістік объектілеріндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік: проблемалары мен перспективалары
  • Жеке және ұжымдық қорғаныстың құралдарына арналған Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудың өзекті мәселелері: үрдістері мен перспективалары.

Сонымен қатар, форумда саладағы ең үздік маман атағын анықтайтын «Қорған» ұлттық салалық конкурсының қорытындысы және республиканың жұмыс берушілерінің арасында еңбектің қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша «Сенім» конкурсының нәтижесі белгілі болады.

Естеріңізге сала кетейік, «KIOSH» көрмесі – тәжірибе алмасу және өндірістік қауіпсіздік саласында соңғы жылдары жеткен жетістіктерімен бөлісуге арналған Қазақстандағы жалғыз арнайы алаң. Көрмеде құрылыста, көлікте, энергетикада, химиялық өндіріс, тау-металлургиялық, мұнай-газ салаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған  өнімдер мен қызметтер толық ұсынылған.

Жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік қорғауы мен еңбек қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне назар аудару мақсатында Халықаралық еңбек ұйымы 28 сәуірді Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні етіп жариялаған болатын.

Ресми интернет-ресурсы «Министрлік жаңалыктары»

 27 Сәуір 2016