Әлиханның тойына мемлекет араласуы тиіс

Биыл Алаштың ардақтысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атамыздың туғанына 150 жыл. Жыл басынан бері еліміздің  аймақтарында түрліше деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде. 20 сәуірде елорда төрінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына және тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және ҚР Ұлттық мұрағатымен бірлесіп өткізген шараға ҚР Парламенті Сенаты және Мәжіліс депутаттары, ТҮРКСОЙ өкілдері, Қожа Ахмет Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары, Жапония мен Түркияның Қазақстандағы елшіліктері, тарихшы ғалымдар мен Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары қатысты. Еліміздің белді білім ордаларының біріне айналып үлгерген айтулы университетте өткізілген бұл жиналыс ұлт көсемін ұлықтау мақсатын толық орындап шыққанын мақтанышпен айтқан жөн. Алыс-жақыннан келген ғалымдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан Әлихан Бөкейханның қайраткерлігі мен басшылық қызметі, қазақ журналистикасы мен көсемсөзінің негізін қалаушы болғандығы, ұлттық ағартушылық және қоғамдық гуманитарлық ғылымдардағы үлесі, сондай-ақ қазақ әдебиеті мен руханиятының зерттеушісі бола білген дара қасиеттері төңірегінде түрлі баяндамалар жасалып, құттықтау сөздер айтылды. Ардақты тұлғаның 150 жылдығы биыл ЮНЕСКО деңгейінде тойланбақ. Осындай айтулы датада ұлық көсем төңірегіндегі зерттеулер мен деректердің жариялануы әлихантану саласына жасалып жатқан үлкен қадамдар еді.
Осы арада аталмыш конференция туралы «ретті баяндауды» доғара тұрып, «БҰҰ жағынан көңіл бөлініп, түркі тілдес бауырлас елдерде әспеттеп жатқан тұлғаны, өз жұрты қаншалық қадірлеп жатыр?» деген сауал төңірегіне аз да болса ой жүгіртіп көрмекпіз.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы мырза баяндамасының алдында бірнеше мәселелерге айрықша тоқтала кетті. Ғалымның айтуынша, Сенат депутаттарының Ә.Бөкейханның тарихи тұлғасын көрнекілендіру бойынша үкіметке жолдаған сауалына вице-премьер Дариға Назарбаева жауап қайтарыпты. Онда «Астана қаласының сол жағалауына орын тепкен мектептердің біріне Әлиханның атын беру, ескерткішін орнату және саябақ ашу мәселесі белгіленген тәртіппен пысықталуда» делінген көрінеді. Мәскеу қаласындағы Ә.Бөкейханның топырағын Астанадағы ұлттық пантеонға жерлеуді пысықтау жөнінде Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырмалар беріліпті. Ә.Бөкейханов туралы фильм түсіру, мемориалдық кешен орнату және Қарағанды қаласының орталық көшелерінің біріне есімін беру жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігіне тиісті шаралар қабылдауға байланысты тапсырмалар жүктелген. Осыларды тізбелей келген Сұлтан Хан Аққұлы мырза 2015 жылдың желтоқсан айында ЮНЕСКО-ның 38-сессиясында қабылданған қарардан кейін, ЕҰУ-дағы Алаш зерттеу институтының мұрындық болуымен, ғалымдардың басын қосып, Әлиханның 150 жылдық мерейтойын өткізу туралы жоспарлар әзірлегендіктерін де айтып өтті. Онда Ұлттық банк тарапынан Әлиханның портреті салынған монета шығару, «Қазпошта» тарапынан марка әзірлеу, Алматыдағы метрополитенге, сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында орналасқан ЖОО-лардың біріне есімін беру, ол кісі туралы бірнеше сериялы фильм түсіру секілді игі бастамаларды ортаға салған екен. Өзі де Әлиханды тереңдей зерттеп жүрген ғалым осынау пікірлерін құзырлы мекемелерден келген «үлкен кісілер» ескерсе деген оймен айтқандығын да жасырған жоқ.
2016 жылы ұлт көсемінің туылғанына 150 толды. Оны ЮНЕСКО деңгейінде атап өту туралы шешім қабылданды. Ал Әлихан бастаған Алаш ардақтылары армандап кеткен тәуелсіз қазақ елі бүгін есін жинап, еңсесін тіктеп, даму жолына бет бұрды. Яғни әлем таныған тәуелсіз мемлекет болғанына ширек ғасыр толды. Осы еркіндік жолында жандарын қиған Алаш арыстарының қай-қайсысы болсын, қазақ үшін ерекше орын алар тұлға болса, сондағы көш бастаған санаулы адамдардың бірі әрі бірегейі Әлихан Бөкейхан екені талассыз шындық. Енді осындай ұлы көсемді өзіміз ардақтап, оны кейінгі ұрпаққа сан қырынан таныту бүгінгілердің борышы екендігі және бар. Осы тұрғыдан Әлиханның мерейтойын атап өту ісінде Қазақ үкіметі тым салғырттық танытып келе жатқандығы көзі қарақты қауымға белгілі жағдай. Жоғарыда сөз етілген мәселелерді жеке адамның шаруасындай етпей-ақ мемлекет ерте қамдап, тиісті шешімдерін шығарулары керек еді ғой. Сол ғалымдарды министрлік өздері жинап, ақылдаса отырып шешімдер қабылдаса, сырттан келіп тыйым салатын біреу бар ма еді? Әлде құзырлы мекеменің қожайындары Әлихан Бөкейханның толық ақталып шыққанына күмәнмен қарай ма? Астананың жаңа қала аумағынан үлкен бір көшені неге Әлиханның атына бермеске? (Ескі қала жағындағы бірнеше жүз метрлік шолақ көше Әлихан Бөкейхан атымен аталады да, өзге ұлт тұлғаларының атында неше шақырымық даңғылдар бар).
Биыл жыл басынан бері шығармаларының көп томдығын баспадан шығару үшін Әлихан атында қор құрылған да болатын. Естігеніміз, аталған қорға жиналған қаражат бір студенттің шәкіртақысындай ғана екен. Осыған қарап отырып, аты-жөні алашты қойып, аймағына беймәлім талай ақынсымақтың жинақтарын «Әдебиеттің маңызды түрлерін шығару» дегенге сәйкес бағдарламалар арқылы «жарылқап» келген «жомарт» министрліктер неге үнсіз қалды деген ойдың елбеңдей беретінін қайтерсіз… Осы жерде көңілге медеу болатыны — ел ішінен шыққан қолы ашық азаматтардың демеушілік көрсетіп жатқаны. Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының осы жылдың басында үш тілде шығып, Түркияның Гази университетінде тұсауы кесілген «Әлихан Бөкейхан» атты кітабының жарық көруіне Жеңіс Түркия (Қытайдан елге оралған) атты кәсіпкер қаржылай көмек берсе, «Алихан Букейхан творец истории» атты орыс тіліндегі монографияның бірінші томының басылуына қол үшін берген Әбдімәжит Сыдықбек есімді азамат екен. Кезінде бір-бірін жебеп, ғылым-білім жолына түсуіне ақшалай көмектерін берген жайсаң жандардың себепкерлігімен талай қазақ азаматы ұлт үшін қызмет еткені бар. Бұл да болса сол дәстүрдің жалғасындай еді. Мүмкін осынау жолдарды оқыған адам «Әлиханның 150 жылдығы түрліше деңгейде өтіп жатыр емес пе? Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қаржы бөлетіндігі туралы да мәлімдеп қойған» деген «жарапазанды» еске алатын болар.

Алайда сол өтіп жатқан қимылдардың барлығы саналы азаматтардың бел шешіп араласуымен болып жатқан іс. Үлкен шара өткізуге, ірі ескерткіштер мен нысандарға ұлт көсемінің атын беру, кино түсіру секілді жұмыстар мемлекеттік деңгейде қолға алынбаса, оған жеке азаматтардың шамасы жете бермесі тағы белгілі. Әлихан туралы «әттеген-айларды» газетіміз бұдан бұрын да қаузап келе жатыр. Себебі ұлы тұлғаны қадіріне жете ардақтап, өсіп келе жатқан ұрпақтар санасына сіңіру жолында жұмыс істеу әрбір қалам ұстаған қауымның парызы болмақ.

Ерқазы Сейтқали

«Қазақстан-ZAMAN» газеті