Мәжіліс спикері «жатыпішер» бизнеске жағдай жасауды доғаруды ұсынды

 ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин бәсекеге қабілеті жоқ бизнеске жылы жағдай жасауды доғаруды ұсынды.

«Әрине, мемлекеттік қолдау отандық өнім шығаратын кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді. Осы бағытта бірқатар қадамдар жасалды. Бұл жағдай жергілікті қамту үлесін арттырды. Бірақ осындай қолдаудың арқасында тек жайлы жағдайда өмір сүретін бизнестер пайда болды. Мемлекеттік сатып алумен, мемлекеттік мердігерлік арқылы ғана жұмыс жасайды. Бұл нәпақасынан айырылған кезде, бәсекеге мүлдем қабілетсіз болып шығады», – деді Нығматуллин «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында.

Мәжіліс төрағасы Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргенін және қазақстандық тауарларлы саудалау отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне тәуелді болатынын еске салды. Сондықтан бизнесті тікелей қолдағаннан гөрі, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына жағдай жасаған жөн. Ол үшін мемлекет пен бизнестің серіктестігін жетілдіріп, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру қажет.

Нығматуллиннің айтуынша, мемлекеттік реттеу кейде жағымсыз жағдайларға алып келеді. Бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін шенеуніктер белгілі бір компания мүддесіне қолданатын кездер болады.

Дереккөзі: ҚазАқпарат