МЕН САҒАН ҚАРЫЗДАРМЫН ЖАРАТУШЫ РАББЫМ ИЕМ

 

Мен Саған қарыздармын, Алла!
Жырғалтып жорға мінгізгенің үшін.
Ырғалтып жарды сүйгізгенің үшін.
Алшаң да басып жүргізгенің үшін.
Алшыдан қалпақ кигізгенің үшін.

Гауһардан қымбат көз бергенің үшін.
Алқалы топта сөз бергенің үшін.
Иманды досқа кез келгенім үшін.
Мұсылман болып өзгергенім үшін.
Мен Саған қарыздармын, Алла!

Жеті қат көкті төбеме шатыр еткенің үшін.
Әр гүлін дархан даламның әтір еткенің үшін.

Жер үстін маған жайлаған тұрақ қылғаның үшін.
Күн көзін маған жайнаған шырақ қылғаның үшін.

Өзіңді таныр жүрек пен сана бергенің үшін.
Негізгі тамыр – бауыр мен бала бергенің үшін.
Мен Саған қарыздармын, Алла!
Күзің мен қысың, жаз бенен көктемің үшін.
Іздеген ісім арман боп жеткенім үшін.

Атамды менің Адам ғып жаратқаның үшін.
Жаһанға бізді жұрт қылып таратқаның үшін.

Мұхит пен көкті біздерге жол еткенің үшін.
Мейіріміңді мейлінше мол еткенің үшін.
Мен Саған қарыздармын.

Сағынам Алла, бағынам, табынам, Алла,
Құлшылықтарын құлыңның қабыл ал, Алла!