Батыр Бауыржанның ауылы ерлеп тұр

немесе жаңарған Жуалы ауданы

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша бүгінде Жамбыл облысында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Әсіресе бұл бағыттағы бастамалардың бағдарын тауып, тірлігін тіктеуде аудандардың сіңіріп жатқан еңбегі орасан. Міне, осындай ауқымды жұмысты жүйелеп, сүт кластерін дамытып отырған бірден-бір аудан — Ер Бауыржан Момышұлының ауылы Жуалы ауданы.

Жуалының ірімшігі-ай!

Негізгі асыраушы саласы мал шаруашылығы болып табылатын елді мекенде қазір бірнеше өнеркәсіп орындары жұмыс істеуде. Атап айтсақ, «СМТС» ЖШС жергілікті шаруалардың сүтін жинап, түрлі өнім шығаруда. Серіктестік басшысы Лечи Оздамировтың айтуынша, кәсіпорын бүгінде шетелдік тәсілмен түрлі өнім өндіруде екен.

— Бізде тек таза табиғи өнімдер шығарылады. Аудан тұрғындарынан жиналған сүттерден «чечил», «голландтық», «ресейлік», «пошехондық» сары ірімшіктер, сары май мен өсімдік майын өндіреміз. Сонымен қатар, лимонад, квас секілді алкогольсіз сусындардың 8 түрін әзірлейміз. Қазір жалпы 15 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 35 000 теңге, — дейді басшы.

Осылайша аудан тұрғындарынан сиыр сүтін литрін 75 теңгемен алып, бірнеше пайдалы әрі дәмді астарды әзірлейтін өндіріс орны өз табыстарын арттырумен қатар аудан экономикасын көтеруге де айтарлықтай үлес қосып отыр.

Елді мекендегі тағы бір ірі кәсіпорын — «Бурное сүт компаниясы». Бұрынғы, яғни 1951 жылы ашылған «Бурное ірімшік зауытының» негізімен жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жаңаша атаумен 2014 жылы тіркелген. Мұнда табиғи ірімшік пен сүт өндірумен қатар, ультражоғары термоөңделген табиғи сүт шығарылады. Ауданның 72 тұрғынын жұмыспен қамтып отырған серіктестікке 12 ауылдық тұтыну кооперативтерінен, 25 шаруа қожалықтан және 15 жеке кәсіпкерден шикізат, яғни сүт өткізіледі. Бұл өндіріске тамақ өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға арналған Hazard Analysis and Critical Control Points жүйесі енгізілген.

«Бурное сүт компаниясы» биылғы есепті кезеңде 1768 тонна сүт, 109,4 тонна ірімшік, 38,8 тонна сары май, 703 тонна ультражоғары термоөңделген сүт өндіріпті. Енді бұл серіктестік биыл мен келесі жылға Ресей федерациясынан жеткізілетін ірімшік түрлерін, қаймақ, сүзбе, кілегей секілді дайын өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ауылдық округтерде 2 сүт қабылдау пунктін ашып, 2 танктоңазытқыш орнатуды және өз шикізат фермасын, сүт-тауарлық фермалар құруды да қолға алмақшы. Шығарылған өнімнің сапасын арттыру да басты назарда.

Ал «Мешенов З.Е.» жеке кәсіпкерлігі елімізде тұңғыш рет сүт өнімдерін өндіру ісіне «MOZZARELLA» әзірлеуді 10 күн бұрын енгізіпті. Кәсіпкер Орынбасар Мешенов:

— «MOZZARELLA» әлі күнге біздің Қазақстанда өндірілмейді. Бұл италияндық қатты ірімшік Алматыға Балтикадан әкелінеді. Оның нарықтағы құны 1500 теңге. Ал біз 1250 теңгемен сатылымға шығара бастадық. «Моцарелланы» шығара бастағанымызға 10 күндей-ақ болды. Сұраныс жаман емес. Оны өндірмес бұрын құрамын, әзірлеу тәсілдерін ұзақ іздедік, зерттедік. «Моцарелладан» бөлек сүзбе ірімшік (брынза) және сары ірімшіктер дайындаймыз. Өнімдерімізге сұраныс жоғары болғанымен, тауарларымызды арттыруға қаржылай жетіспеушілік қолбайлау болып тұр. Мемлекет тарапынан берілген жеңілдікпен жер алып, жаңа цех салдық. Соңғы үлгідегі құрылғыларды шетелден әкеліп, орнаттық. Осы жабдықтауларымызға көп қаржы жұмсалды. Дегенмен, кәсібіміз тұралап қалған жоқ. Бұл — отбасылық бизнес, өз кәсібімізді өрлету үшін бар күшімізді салудамыз, — дейді.

Иә, талпыныс барда табыс толастамасы анық. Өнімнің мол сұранысы сапасының жоғарылығын байқатса керек. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға разылығын білдірген кәсіпкер отбасымен бірге алда талай істі тындыратындарына сенімді.

Балаларға базарлық аз емес

Жуалылық жастарды спортқа тартып, салауаттылықты насихаттауға негізделген спорт кешені аудан орталығынан 2 жыл бұрын салынып, 2015 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген. Бұл кешен №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен тұрғызылыпты. Құны 265 971 495 теңгеге салынған ғимарат 200 орындық. Оның ішінде бокс, гір спорты, дзюдо, қазақ күресі, қол күресі, волейбол секілді 8 секция бар. Мектеп директоры Данияр Әбіловтың айтуынша, қазір 750-дей бала осындағы спорт түрлеріне қатысып жүр. Бүгінге дейін бұл мектептің оқушылары спорттың әр түрінен Қазақстан, Азия, Әлем чемпиондары болған. Солардың бірі Әйгерім Ошақбай қыздар арасындағы Болгарияда өткен әлем чемпионатынан 3-орын иеленген. Қазақстан Республикасы чемпионатының, Сербияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған Әйгерімнің бокспен айналысқанына 5 жыл болыпты.

— Боксты бала күнімнен жақсы көрдім. Бұл спорт мектебінде жаттығуға барлық жағдай жасалған. Жаттықтырушыларымыз да әрқайсысымызды өз баласындай жақсы көріп, білгенін үйретеді, — дейді 18 жасар боксшы қыз Әйгерім.

Аудан орталығынан шалғай, таулы аймақта орналасқан Қошқарата ауылындағы орта мектептің тозығы жеткені талайдан айтылып жүр еді. Енді бұл мектепке жаңадан, бүгінгі заман талабына лайық 2 қабатты ғимарат салынуда. Мердігер «Жігер 2004» ЖШС тұрғызып жатқан мектеп 180 орындық. Яғни балалар мұнда 2 ауысымда оқиды. Ауыл әкімі Мелдібек Айдасовтың айтуынша, жаңа мектептің құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтау көзделуде екен.

— Бұйыртса, жаңа мектеп ғимаратын тамыз айының соңына дейін өткізу жоспарланған. Бұл мектепке Қошқаратамен бірге Ақтасты, Құстоған елді мекендерінің де балалары келіп, оқитын болады. Бұрынғы мектебіміз 2 корпусты, ескі ғимарат еді. Оны жөндеп, бір жағынан, бұрын 50 орындық болған балабақшамызды 100-ге жеткізіп, орналастырмақпыз. Ал жартысын ауылға келген жас мамандарға жатақхана ретінде бермекпіз, — дейді.

Ал Жуалы ауданы бойынша әзірге жалғыз жекеменшік балабақша «Еркемай» 20 бүлдіршінді тәрбиелеп отыр. Аудан орталығынан алыстау орналасқан аймақтағы тұрғындардың балалары үшін салынған. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп, ойын арқылы оқытып, күніне 5 мезгіл тамақтандырып отырған қызметіне ата-аналар тарапынан төленетін ақы — 7500 теңге.

— Бұрын мектепте қызмет етіп жүргенімде бірге жұмыс істейтін келіншектердің балаларына алаңдап, жұмыс аралығында барып келуге үлгере алмай жүргендерін көретінмін. Содан үйлеріне жақын маңнан балабақша ашуды ойладым. Бұрын өзіміз тұрған үйімізді балаларды тәрбиелеуге лайықтап, жөндеуден өткіздік. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алдық. Керекті құралжабдықтармен жабдықтап, ойын алаңын жасақтадық. 20 балаға арнап дайындағанбыз. Бастапқы күні 10 бала келсе, ертесіне олардың қатары 15-ке толықты. Сөйтіп, 3 күннің ішінде 20 балаға жетті. Әуелгі ашылған кезде төлемақысы 6000 теңге еді. Азықтүліктің қымбаттауына байланысты жуырда 7500 теңгеге өзгерттік. Ата-аналар тарапынан берілетін төлемақы тек балалардың тамағы үшін. Ал балабақшаның өзге шығындары мемлекет тарапынан қамтылып отыр, — дейді балабақша меңгерушісі Алтынай Шәмшиева.

Мұндағы ата-аналарға тағы бір қолайлы жағдай — балабақшаның аптасына 6 күн жұмыс істейтіні. Бір ғана топ болғандықтан, 1 тәрбиеші мен 1 тәрбиешінің көмекшісі бар. Және аспазшымен қосқанда, аталмыш балабақша 3 адамға ж ұ м ы с көзін тауып беріп отыр. Ал мейірбике қызметі келісімшарт арқылы аудандық емханадан көрсетіледі екен.

«Кәсіп ашуда ештеңеден қорықпау керек»

Егемен еліміздің әлеуметтікэкономикалық жағдайын жақсарту үшін қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көп қолдау көрсетіліп отыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. Осындай қолдауларды тиімді пайдаланып, өз тірлігін дөңгелетіп о т ы р ғ а н кәсіпкердің бірі — Гүлмира Әсемова. Ол — табиғатынан берілген тігіншілік қабілетін кәсіпке айналдырған іскер.

— Әжем қолынан тігіншілік келетін кісі еді. Кішкентайымда сол әжемнің қасында жүріп, мен де тігінге құмарттым. Бұл қабілетімді байқаған әжем әкеме айтып, тігін машинасын әпергізді. Міне, сол машинам одан бері 40 жыл өтсе де, осы тігін цехымда тұр, — дейді Гүлмира Тұрсынбайқызы. Гүлмира жеке тігін цехын ашу жобасын 5 жылда әзірлеп, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен тігін шеберханасын ашқан. Өндіріс орнын заманауи тігін машиналарымен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтыған. Қазір негізінен қыз-келіншектердің киімдерін тігуде. Сондай-ақ, ер адамдарға арналған киімдерді дайындауды да жоспарлауда. Той көйлектерін ақылы уақытша пайдалануға (прокат) да береді. Қазір 5 тігінші келіншек күнделікті орындаған жұмысына қарай тиісті жалақыларын уақытылы алып отыр.

Кәсіпкер Гүлмира Тұрсынбайқызы: — Кәсіп іздегенге табылады. Қазіргі уақытта мемлекет те өз ісін ашып, жүргіземін дегенге жақсы қолдау көрсетуде. Тек ерінбеу керек және сенім болса, қол жетпес мақсат болмайды, — деп, өз ісін жаңадан бастаймын деушілерді ештеңеден қорықпауға шақырды.

ТҮЙІН: Иә, Батыр Бауыржан атаның ауылы осылайша көпке үлгі тірлік қылуда. Бұл, әрине, облыс, ел экономикасының ертеңгі жемісі екені анық. Бұдан бөлек, бағдарлы бастамалары аз емес елді мекен әлі талай биіктен көрінетініне сенімдіміз және жаңарған Жуалы Жамбыл өңірін жаңаша түрлендіреді деп күтеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ