Бөлінгенді бөрі жейді

Ақпарат құралдарындағы сирек кездесетін хабарлар мен ел ішіндегі көз көріп, жадымызға ұялап сіңісті болған жағдайларды күнделікті тіршіліктің қамымен арпалысып жүрген біз сияқты пенделер өз деңгейінде қабылдап жататыны белгілі. Біздер үшін елім деп келген қандастарымыздың жағдайлары жаман емес, өкімет оларға мүмкіншілігінше көмек беріп жатқан көрінеді. Ал әзірше атажұртына келе алмаған қандастарымыздың жағдайлары туралы мағлұмат жоқтың қасы. Сондықтан олардың атажұртына қайтуға құштарлығы жоқ шығар деген ойлардың да болуы мүмкін. Шынында да солай ма, жоқ әлде оның басқа себептері бар ма деп ойлап жүрген ешкім жоқ сияқты. Өзіміз шетте туып, бөтен елде өспеген соң, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін сияқтымыз. Шындығына жүгінсек, шыр етіп жерге түскенен тағдырдың талқысын көріп өскен осы бауырларымыздың ішкі жан дүниесін сезініп, сыртқа шығармайтын мұңы мен сырын ұғамыз ба? Атажұртым деп келген ағайындарға нағыз қазаққа тән туысқандық ыстық сезім көрсетіп жүрміз бе деген сұрақтың кейде көңілді мазалайтыны рас. Өкініштісі, ақ пейілімен, қуанышты көңілімен өз Отаным деп қазақ жеріне аяғын алғаш басқан кезде алдынан кеудеден итеріп, бетін суық лебіз қарығандай болып бірінші «оралмандар» деген бауырмалдық сезімнен жұрдай, жылусыз, қақаған қыстың аязындай жүректің түбіне мұз қатыратын сөз қарсы алады. Қазақта «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген даналық бар. Алыстан аңсап келген қандастарымызға жүрегін жылытып, көңілін хош етіп, өзектен теппей, бауырға басатын теңеу сөз табылмағаны ма? Осы атауды енгізгендер «оралмандар» деген сөздің мағынасын өздері ұға ма екен? Тіпті, орысша ойлап айтқанның өзінде бұл «оралмандар» сөзі, «возвращенцы» деп, өз жұртын менсінбейтін жағымсыз қылықтарымен, не болмаса пайда қуып басқа жерге кетіп, кейін қатесін ұғып қайтып келгендерге арналған сөз ғой бұл. Өз жұртынан кезінде қасіретті жағдаймен шетке босып кеткен қандастарымыздың өз Отанына келген ұрпақтарын бұлай атау барша қазақтың намысына көлеңке түсіріп отырған жоқ па? Соны ұғатын кез жетті. Бізден басқа бір елде осындай масқаралық жоқ.

Көрші отырған орыс мемлекеті ешқашанда қандастарының мерейін түсіріп көрген жоқ. Олар қайта шет жерде, басқа елдің азаматтығын алып өмір сүріп жатқан орыстардың өзін «отандастарымыз» (соотечественники) деп қастерлеп, олардың құқын, тілін заңмен қорғайды. Сонымен қатар, өз еліне келем деген орыстарға қаржы аямай көмек жасауға дайын. Ал біз болсақ, өз елімізге келген бауырларымызды жақын тартып, ыстық құшағымызға алып, «отандастарымыз», «қандастарымыз» деп айтуға өреміз жетпей жүр. Олардың бізбен қаны, жаны бір болғандықтан, атажұрттағы Отанының толыққанды иелері болуға құқы бар емес пе? Содан да болар, қандастарымыздың қоғамдық өмірге белсенділік көрсетпей, кейбір жағдайларда жасқаншақтау мінез байқатып, пікір алмасуға сараңдық танытатыны. Қандастарымызды «оралмандар» дегеннен туған менсінбеушілік олардың жұмысқа орналасу, әлеуметтік мәселелерді шешу, азаматтық алу кездерінде кездесіп қалатыны бар. Олар қазақтың өршіл намысынан айрылмаған, табиғи ұлттық жігерлерінің арқасында шет жерде арқасүйері жоқ болғандықтан, өздерін өздері сүйреп, өмірдің қиыншылығын көрген жандар. Олардың жастарының білімге, өнерге, кәсіпкерлікке құштарлығынан біздің жастар көп нәрсені үйренуіне болады. Бірақ бізде сол бауырларымыздың шет жерде жүріп алған білімдері мен олардың дарындарына жол ашып, қол ұшын берудің орнына оларға үрке қарайтындарын қалай ұғуға болады? Тек, Ресей мен өз елімізде жоғары оқу орнының дипломы барларға жол ашық. Өз еңбектерімен, қайсарлығымен жоғары білім алған қандастарымызды алалау күнә ғой.

Алыстан келген бауырларымызды жер-жерлерде ел арасында надандықпен «қытайлықтар», «мұңғұлдар», «ауғандар», «қарақалпақтар» деп кемсіту қалыптасуына не дерсің. Тіпті, қалаларда пәтер жалдаудың өзінде алалау орын алған. Ал, бір қызығы, Ресей жақтан келген қазақтарға осындай атау тағылмайды, өйткені біздің орысша (олармен ортақ) тәрбие алуымыз ұлттық жігеріміз бен қаншылдығымызды санамыздан өшіргендігі болса керек. Келешекте қуатты, дамыған ел болуды мақсат ететін болсақ, мемлекет құрушы қазақ халқының өзіндік ұлттық санасына бабалардан қалған намыс пен ар тазалығын, жігерлік пен қайсарлықты, адамгершілік пен бауырмалдықты, қанағатшылдық пен төзімділікті, ізгілік пен кең пейіл жомарттықты қадірлейтін қасиетін сіңдіруге күш салуымыз қажет. Біз өзімізді ешкімнен төмен ұстамауымыз қажет. Өйткені қазақ халқының табиғат берген байлығы мен қасиеті мол. Біз сол бір қазақтың басынан өткен тағдырының қасіретінен жалыны өшіп, шоғы күлге айнала бастаған тегімізге тән құндылығымыз рухани жігеріміздің (ұлттық пассионаризм) ұшқынын алаулаған отқа айландыруымыз қажет. Ол үшін бізге әлемдегі барша қазақтың ұлы мақсаты атажұрттағы отау құрған мемлекеттің шаңырағының биік, қабырғасының берік, тәуелсіздігінің жұлдызы мәңгі жарқырап жануына атсалысу болуы қажет. Яғни, «әр қазақ — менің жалғызым» деп ұрандағанда біз қазақ жерімен шектелмей, бүкіл дүниежүзіндегі әр қазақтың намысын қорғайтынымызды айтуымыз керек. Қазіргі шетте жүрген қандастарымызды мүмкіндігінше тездетіп ата жұртына қайтарудың қамын жасауымыз керек. Сондықтан бүгіннен бастап қоғамдық сананың өзегі — мемлекетшілдік сезімін әр қазақтың көкірегіне ұялату үшін барша қазақтың ынтымағы мен бірлігін нығайтуымыз қажет. Бабалардың «Бөлінгенді бөрі жейді» деген даналығын естен шығармайық.

Болат Дүйсембі, қоғам қайраткері