Анаң өмірге бір-ақ рет келеді!

Сен дүниеге келмей тұрып, анаң сені армандап, Құдайға жалбарынып сені бер деп тілеп жүрді. Тілегі қабыл болып, құрсағына сен біткенде, қалай қатты қуанғанын сен көрген жоқсың! Сен ол жерде өсіп, ұлғайып жатқанда, оның ең үлкен уайымы сен болдың. Әр қадамын санап басып, әр сөзін ойлап сөйлеп, әр асын талғап ішіп, саған ана болудың жауапкершілігін тартты. Айы, күні жеткенде, сен үшін өмірін қиюға шақ қалғанын сен білген бе едің?
Дүниеге келген соң да сен оған тыныштық бермедің. Қарның ашады, жылайсың, ауырасың, былғанасың, шаш-тырнағың өседі. Тауқіметін анаң тартты. Талай рет ыстығың көтерілгенде, сол анаң «Құдайым-ау! Балам ауырғанша, өзім ауырайыншы» деп сенің саулығыңды тіледі. Сонша машақат тартқызсаң да, анаң саған мейіріммен, күлім көзбен қарайтын. Сөйтіп жүріп, ер жеткенше анаңның самайына ақ қырау түсірдің.

Енді сен үлкен болдың. Әйелің, бала-шағаң, қызметің бар. Қымбат көлік мінесің. Ал анаң болса қартайып, қалжырап қалды. Бүкіл өмірін сен үшін жұмсады. Мінезін қарасаң, дәл сенің кішкентай күніңдегідей. Бала сияқты. Болмашы ғана нәрсеге мәз болып қуанады. Ауыр сөз айтсаң, ренжіп қалады. Тез жылай салады. Әлі де ойлайтыны сенің қамың.

Енді кезек саған келді.
Сен де оның қабағына қара!
Әдемі көйлек әпер!
Үйге келе жатқанда бірер келі тәттіден ала сал!
Бір сөз айтса, «Түһ сіз де бір» деп кейіме!
Сөз қайтарма!
Баратын жеріне көлік күткізбей өзің апар!
Жүзіне мейіріммен, күлімдеп қара!
Ол отыратын бөлмені жылы ұста!
Тоқ болсаң да, анаңның көңілі үшін бір шыны шай іше сал!
Анашым саған не істейін деп қайта-қайта сұрай бер!

Әйеліңе де оған жақсы қара деп тапсыр. Сен жоқта оның көңілін қалдырмасын. Ас-суын уақтылы қамдап берсін.
Айтқандарын екі етпесін!

Бүгін сендердің біраз достарың анасынан ажырап қалған.
Енді олар қанша тілесе аналары қайтып келмейді.
Сүйемін десе аналарының басқан ізін де таппайды.
Өйткені ана өмірге бір-ақ рет келеді!
Аналардың қадірін білейік ағайын!

Құрметпен, Асылбек Әуезханұлы