Түп-тамырымен шетел асқан дәрілік шөптерге кім тоқтау салады?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында сенаторлар біршама заң жобаларын ратификациялады. Олар: Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы Келісімді және іске асыру тәртібі туралы атқару Хаттамасы; Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамасы; Сондай-ақ заңнамаға өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Онда 14 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Отырыс барысында сенаторлар Үкімет мүшелеріне сауалдарын жариялады. Депутат Мұрат Бақтиярұлы «Өсімдіктер әлемін қорғау туралы» заң қабылдаудың қажеттігі жөнінде және емдік шөптерді қорғаудың кешенді шаралары туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Депутатпен осы сауал төңірегенде болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ел Премьер-министрі Б. Ә. Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалыңыз өзектілігімен елең еткізді. Даламыз табиғи емдік өсімдіктерге өте бай. Бұл тараптағы ұрлық-қарлық, шетелге заңсыз шығып жатқан емдік шөптер де сауалыңызға арқау болыпты. Әңгімені осыдан бастасақ.

— Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде туған жердің табиғатын, оның байлығы мен әралуандығын сақтау жайында толғамды ой айтқан болатын. Мұның өзі ендігі арада байтақ даламыздың өсімдік және жан-жануарлар әлемін сақтау, жердің құнарын арттыру, өте сирек кездесетін дәрі-дәрмектік емдік өсімдіктерді кәдеге жаратуда бейберекетсіздікке жол бермей, олардың жойылып кетпеуін қамтамасыз етудің үлкен жауапкершілігін алға тартады. Қазір мамандарымыз елімізде жалпы бір жарым мыңға жуық дәрілік өсімдіктердің түрлері өсетіндігін, олардың тек қырыққа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екендігін айтып отыр. Өкінішке орай, осыған қарамастан, оңтүстік өңірлерде ғана өсетін емдік дәрі-дәрмек жасауда таптырмас бағалы мия тамырын жинау тоқтамай тұр.

— Нақты қандай фактілерге жүгінер едіңіз?

— Мысалы, тек қана Қызылорда облысы бойынша екі жылдың ішінде 1800 тонна қызыл мия тамыры Қытайға жөнелтілсе, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна мия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетіліпті. Соның нәтижесінде мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде. Тағы бір мәселе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары болып саналатын дәрілік сасық керуектің (ферула вонючая) майын (сағыз) шетелге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, олардың барлығы да Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген.

— Сол сасық керуектің нарықтағы бағасы қанша? Ол туралы мәлімет бар ма?

— Осы іспен айналысу барысында сұрастырып білдік. Сасық керуек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пәкстан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде осы өнімнің бір келісі 100150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда дәрілік зат ретінде аса жоғары бағаланатын сасық керуек аяусыз жиналып, қазіргі уақытта бұл өсімдік мүлдем жойылып кеткен көрінеді.

— Сонда біздің елде дәрілік шөптерді дайындайтын фирмалар құрылмаған ба? Әлде олардың жұмысына көңіліңіз толмай ма?

— Фирмалар бар. Олардың жұмысында шикілік бары байқалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында сасық керуек дайындау үшін көптеген фирмалар құрылған және олар өнім дайындауға шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарта бастаған. Дәлел ме? Мысалы, тек 2009 жылы ғана ауғанстандық мыңнан астам азамат туристік визамен келіп, 7000 келі шикі өнім (сағыз) дайындап, сыртқа жөнелтіпті. Ал 2016 жылы 14 тоннадан астам шикізат (сағыз) Ауғанстанға жіберілген. Осындай заңсыз әрекеттерге байланысты аса бағалы дәрілік өсімдіктер мүлдем азайып, жойылып кету алдында. Сасық керуектің құм және шөлді (аридтік) аймақтарда өсетіндігін ескерсек, оны құрту жердің тозуына, құмдардың көшуіне алып келетіні сөзсіз.

— Сонда Қызыл кітапқа енген өсімдік әлемін қорғауға тиіс ғылыми-зерттеу институттары, тіптен, мемлекетіміз қайда қарап отыр?

— Ең сорақысы сонда болып тұр ғой. Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институты заңсыз табиғи өсімдіктерді жинап, экспортқа шығарып жүрген фирмалармен келісімшарт жасап, қаржы алып отыр. Осы құжат олардың заңсыз әрекетіне жол ашып беруде. Қазақстан бойынша дәрілік өсімдіктерді жинап, пайдалану мәселелері заңдық тұрғыдан реттелмегендіктен, ол «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп тұр. Өйткені жергілікті жерлерде бақылау жоқ. Міне, сондықтан да, түрлі емдік және дәрілік өсімдіктер соңғы бірнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, шетелге сатылып келеді және оның жабайы өсетін таралымы жойылып, табиғи экожүйелерге үлкен залал келуде. Біздің мамандарымыз дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіретін және оны терең өңдейтін технологияларды пайдалануды жолға қоя алсақ, ел экономикасына миллиондаған табыс әкелуге болатындығын айтады. Мысалы, көрші Өзбекстанда мия тамырын қолдан өсіріп, терең өңдейтін АҚШ, Жапония, Қытай инвестициясына салынған 20 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар мия экспортының 70% астамын терең өңдеп сатуда.

— Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлына қандай ұсыныспен шығып отырсыздар? Заңға өзгерту енгізу ойларыңызда бар ма?

— Бізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заң бар да, өсімдік әлемін қорғау туралы арнайы заң жоқ. Сондықтан да қысқа мерзімде «Өсімдік әлемін қорғау туралы» Заң қабылданса, табиғи емдік-дәрілік өсімдіктер осы заңмен қорғалар еді. Оның еліміздің бай табиғатын сақтауға толық мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондықтан әлі де кеш емес деген оймен Үкімет басшысының назарын аударып отырмыз. Менің бұл депутаттық сауалымды әріптестерім Д. Назарбаева, И. Адырбеков, М. Алтынбаев, Н. Әбіқаев, Л. Кииновтер де қолдап отыр.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК