Отбасын құрудағы негізгі мақсат – ұрпақ жалғастығы

Отбасын құрудағы негізгі мақсаттардың қатарына ұрпақ жалғастыру һәм оның тәрбие мәселесі де кіреді. Жастар осындай ниетпен неке қиятын болса, ол некенің берекесі тасып, шаңырақ шаттыққа толады. Өкінішке орай, кей жұптардың түпкі ниеті бұлай болмай тұр. Ал, ниеті бұрыс болған некенің арты жақсылыққа апармасы анық. «Жастар не үшін ажырасады?» деген сауалдың бірден-бір жауабы осы болса керек.

Әсілі, ұрпақ жалғастыру дегеніміз – көп балалы отбасы статусына қол жеткізу. Яки, бұл мақсат әуелден-ақ күн тәртібіне қойылуы шарт. Отбасында бір бала болса, ол өзін-өзі мына әлемде жалғыз сезінеді. Сол бір баланың тәрбиесіне көңіл бөле білген ата-ана екі баланың да жағдайын жасай алады. Үшінші бала, төртінші бала, ары қарай тіпті оңай. Олар бір-бірімен ойын ойнаса да, болашақта бірігіп іс қылса да, көптігінен еш жамандық көрмейді. Сол себепті бала санын арттыру жолында ер мен әйелдің арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, сенім аса маңызды.

Алайда, кей ер азаматтардың ойлағаны тіпті басқа. Көлік мінсем, үй сатып алсам, жақсы қызметке тұрсам деген секілді арман-мақсат жүрекке орнығып алса қиын. Ондай жігіттерге дүниенің бәрі оңай да отбасын құру шаруасы әсте мүмкін емес. Осылайша өмір өте береді, өте береді.

Жас қыздардың санасындағы мақсаттар да осыған ұқсас. «Әуелі карьера құрып аламын» деген қателік талай әйелдің әдемілігін ұрлап, бақытын құртып жіберген. Мұндай науқасқа шалдыққандар бала тумақ түгілі, алдымен келін болуды да ойламайды. Күндіз-түні ойлайтыны – ақша мен қызметтегі абырой-бедел. Баяғы қызыл дипломның қамы. Одан қалса магистратура, докторантураның әлегі. Әлбетте, әркімге оқып-білген дұрыс. Бірақ қыз бала үшін жоғарғы оқу орнында төрт жыл сабылғаны да жетіп жатыр. Негізі әйелді бақытқа бөлейтін іс – бала сүю, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп шығару. Карьераның көкесі осы.
Шариғатымызда кез-келген адам баласы үшін оның ризық-несібесі әлдеқашан жазылып қойылғаны айтылады. Бабаларымыз «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп қалай орынды айтқан. Міне, сенім дегеніміз осы.

Бірақ та «енді не істеу керек?» деген заңды сұрақ туады. Оған жауап: Расымен де бақыт іздеген жан болса, бір Аллаға тәуекел деп, айналадағы сыпсыңдарды елемей, қорықпай, болашаққа батыл қадам басу керек. Тағы бір қайталап айтып өткен жөн шығар, отбасын құрудағы ең негізгі мақсаттардың бірі – көп балалы отбасы статусына қол жеткізу. Ерге де, әйелге де.

Бас аман болса, үй де саласың, көлік те мінесің. Бірақ жастық шақтың күш-қуаты сол кеткенімен кеткен. Өкініп қалмайық.

Азамат Битан