Жүректен шыққан жанайқай жүрекке жетті

Әңгіме былай болды…

Арғы демалыста түнге қарай ватсаптағы жеке тобымызға продюсеріміз Әлия Құдайбергеновадан «дабыл» келіп түсті. Алдында ғана журналистеріміз Шымкентке іссапармен кеткен. Екі отбасының жағдайларын көзбен көрген соң, бейнетаспаға түсіріп жіберген ғой. Соны көріп, жүрегі ауырған Әлекең: бұларды қалайда хабарға түсіруіміз керек. Түсіріп ғана қоймай үй алып беруіміз керек! деп талап қойды.

Бұған дейін де талай жанға пайдамыз тиді ғой. Бірнеше отбасының Алланың қалауымен, көптің көмегімен, біздің септігімізбен баспаналы болғаны да рас. Бірақ, жетекшіміздің төрт күннің ішінде екі бірдей үй алып беру туралы талабы артықтау көрінді (бірақ, оны өзіне айту қайда?!).

Бұйрық түскен соң бәріміз іске кірістік. Әркім танитын дәулетті адамдарына хабарласты. Пост жазды. Достарына өтініш білдірді. Бірінші күні жолымыз болмады. Жүз мың теңге, екі жүз мың теңге береміз деушілер шыққанымен, баспананың мәселесін шешетін адам табылмады.

Екінші күні де қыз-жігіттер тыным таппай іздеуді жалғастырды. Түске дейін тым-тырыс. Түс ауа арамыздағы үлкеніміз Амангелді ағамыздан жақсы хабар жетті. Толқын есімді таныс кәсіпкері: Алла разылығы үшін көмектесейін. Алдымен ол отбасының жағдайын көзімізбен көруіміз керек депті. Құдайға мың да бір шүкірімізді айтып, іздеу жұмыстарын ары қарай жалғастырдық.

Үшінші күн. Кешегі кәсіпкердің жігіттері ертемен барып, ана кісілердің жағдайын көріпті. Сол жерде бірден іске кірісіп, айналасы екі- үш сағаттың ішінде ұнатқан үйлерін алып беріпті. Бес бөлме. Сегіз сотық жері бар. Суы, газы қосылған. Осы жаңалықты естігенде қыз-жігіттердің өздері баспаналы болғандай қуанғандарын-ай (Журналистердің жағдайы белгілі ғой. Сол бұйрық беруші басшымыздың өзінің үйі жоқ. Қыздармен бірге пәтер жалдап тұрады. Кәсіпкерлерді «қылғындырып» жүрген Абекеңнің үйі болса банкте «тұтқында» тұр).

Кешке жұмыстан қайтып бара жатырмыз. Мен осы бір үйдің мәселесін шешкенімізге де тәуба деп келемін. Абекең телефонынын ақтарыстырып, іздеу жұмыстарын ары қарай жалғастырып жатыр. Музыкант адам ғой (Кезінде Амангелді Сәндібаевтың «Жібек жолы» деген тобының аты дүрілдеп тұрғанын аға буын білуі тиіс). Әшейінде көп сөзге жоқ ағамыздың қызыл тілінен май тамады:
«Оразада жасаған жақсылықтың сауабы мол», «Алла саған жүз есе ғып қайтарады», «Батасын аласың, екі дүниеде де абыройлы боласың» деп адамның жүрегін езетін сөздерді жаудырып жатыр. Жүректен шыққан жанайқай жүрекке бәрібір жетеді ғой. Бір кезде Уәли деген танысы: ертең келейін. Содан кейін көре жатармыз деп жауап берді. Е, Алла! Өзің жар бола көр! дедік іштей.

Ертесіне түсірілім болды. Уәде берген Уәли келді. Жүрегі жұмсақ, қолы ашық азамат екен. Сол жерде екінші баспананың мәселесін шешіп берді. Көп балалы отбасына басқалай да көмек беретінін айтты. Балалардың қуанғанын көрсеңіз ғой…

Қасиетті Ораза айында екі отбасы баспаналы болды. Ақшалай да көмек көрсетілді. Қызылордадан бір апамыз қиналып хат жазған екен. Айтқали досым сол жерде ол кісінің есеп-шотына қомақты қаржы аударып жіберді.
Осылайша, продюсеріміздің талабы артығымен орындалды.

Аллаға — Мадақ!
Жомарт жандарға — алғыс!
Ораза қабыл болсын!

Бейсен Құранбектің фейсбуктағы жазбасынан