Дана әйел

Бірде жағдайы өте жұпыны,жұмысы да қарапайым,табысы да мардымсыз бір жігітке қайын атасы келіп: «Сен менің қызымды үлде мен бүлдеге орап еркелете бергеніңді қой. Үйдегі тамақты, етті де əдейі азайтып тұр. Ішкені алдында,ішпегені артында болған адам нығметтің қадірін түсінбейді», — дейді қабағын шытып. Жігіт мына сөзге таң-тамаша болып, не деп жауап берерін білмей тұрып қалады. Себебі, жігіттің айлығы шайлығына да жетпей қалатын кездер де болатын. Таңданысын жасыра алмаған ол мән-жайды әйелінен сұрамаққа бекінеді. Сөйтсе, жұбайы төркініне барған сайын жағдайларының өте жақсы, ас та төк ғұмыр кешіп жатқандарын айтып, ата-анасының алдына тосқан небір жылы-жұмсағын жеуден бас тартып, тыйылып отыратын көрінеді. Әйелі бұл амалға күйеуінің абыройы үшін əрі тағдырына риза болғандығы себепті ғана барғандығын айтады. Қайын атасының алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны үшін күйеуінен кешірім сұрайды… Неткен дана әйел!

Иә, еркектің қара басын қадірлі етіп, төрге сүйрейтін де, я болмаса қор қылып көрге апаратын да әйел!

Марфуға Шапиянның ФБ парақшасынан алынды